ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 1071
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдануда қажеттілік болмай қалған не медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындауда қажеттілік туындаған кезде сот жүзеге асырады.
4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда, сот мәжбүрлеп емдеуде болған адамға қатысты қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психоневрологиялық ұйымға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.
97-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғаннан кейiн жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу уақытында өзінің әрекеттерi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен ауырған адамға, егер ескіру мерзімі өтіп кетпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшін негiздер болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот оған жаза қолдана алады.
2. Психикасының бұзылуы қылмыс жасағаннан кейiн басталған адам емделген жағдайда, жаза тағайындау немесе оны орындауды қайта бастау кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт бас бостандығынан айырудың бiр күнi үшін не қамаққа алудың бір күні үшін психиатриялық стационарда болған бiр күн есебiмен жаза мерзiмiне есептеледi.
98-бап. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары
1. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 3) және 5) тармақтарында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлерiне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
2. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 4) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
3. Сотталған адамның стационарлық емдеудi талап ететiн психикалық жай-күйi өзгерген кезде сотталған адамды психиатриялық стационарға немесе өзге де емдеу мекемесiне орналастыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен және негiздер бойынша жүргiзiледі.
4. Аталған мекемелерде болған уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Сотталған адамның көрсетілген мекемелерде одан әрi емделуiне қажеттілік болмай қалған кезде оны шығару Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен жасалады.
5. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолданылуын тоқтатуды жазаны орындаушы органның ұсынуы бойынша, психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде сот жүргiзедi.
Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
98-1-бап. Мәжбүрлі төлем
Жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кінәлі адамнан осы Кодекстің 98-2-бабында белгіленген тіркелген ақшалай сома түріндегі мәжбүрлі төлемді сот Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген тәртіппен өндіріп алады.
Ескерту. 7-бөлім 98-1-баппен толықтырылды - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
98-2-бап. Мәжбүрлі төлем мөлшері
Мәжбүрлі төлемді сот Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген тәртіппен:
1) қылмыстық теріс қылықтар үшін – бес айлық есептік көрсеткіш;
2) онша ауыр емес қылмыстар үшін – он айлық есептік көрсеткіш;
3) ауырлығы орташа қылмыстар үшін – он бес айлық есептік көрсеткіш;
4) ауыр қылмыстар үшін – жиырма айлық есептік көрсеткіш;
5) аса ауыр қылмыстар үшін – отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өндіріп алады.
Ескерту. 7-бөлім 98-2-баппен толықтырылды - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
Ерекше бөлiк
1-тарау. ЖЕКЕ АДАМҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
99-бап. Адам өлтiру
1. Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату –
сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өлтiру:
1) екi немесе одан көп адамды;
2) адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын;
3) кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;
4) кінәлі адамға жүктiлік жағдайда екенi көрінеу белгiлi әйелдi;
5) аса қатыгездiкпен жасалған;
6) басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған;
7) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
8) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан;
9) бұзақылық ниетпен;
10) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан;
11) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша;
12) жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тіндерiн пайдалану мақсатымен жасалған;
13) бірнеше рет жасалған;
14) көрінеу кәмелетке толмаған адамды;
15) қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдай кезiнде немесе жаппай тәртiпсiздiк барысында жасалған адам өлтiру –
мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жас баланы өлтіру –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкін тәркілеп немесе онсыз, бас бостандығынан өмір бойына айыруға жазаланады.
Ескерту. 99-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019
№ 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
100-бап. Жаңа туған баланы анасының өлтiруi
Анасының өзiнiң жаңа туған баласын босану кезiнде, сол сияқты одан кейiнгi кезеңде психикасын күйзелтетін ахуал болған жағдайларда немесе есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуы жағдайында өлтiруi –
төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
101-бап. Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру
1. Жәбiрленушiнiң зорлық-зомбылығынан, қорлауынан немесе ауыр балағаттауынан не өзге де заңға қарсы немесе бейморальдық әрекеттерiнен (әрекетсiздiгiнен), сол сияқты жәбiрленушiнiң жүйелі түрдегі құқыққа қайшы немесе бейморальдық мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы күйзелтетін ахуалдан болған кенеттен туындаған қатты жан күйзелiсi (аффект) жағдайында жасалған адам өлтiру –
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайлар кезiнде жасалған, екi немесе одан да көп адамды өлтiру –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
102-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру
Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру –
екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
103-бап. Қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттiшаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру
Қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру –
үш жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
104-бап. Абайсызда қазаға ұшырату
1. Абайсызда қазаға ұшырату –
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда екi немесе одан да көп адамды қазаға ұшырату –
бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
105-бап. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу
1. Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу –
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға қатысты;
2) екі немесе одан көп адамға қатысты;
3) адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы немесе қылмыстық топ жасаған;
4) телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 170-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.