ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 49
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Жоспар:
І. Кіріспе:
«Мұқағали Мақатаев – қайталанбас дара тұлға»
ІІ. Негізгі бөлім:
«Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі Отан, туған жер» тақырыбы
ІІІ. Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
І. Жұмыстың сипаттамасы
Ғылыми жұмыстың мақсаты: Мұқағали ақынның Отансүйгіштік тақырыбындағы шығармаларын зерттеу, өлеңдерінің өзіндік табиғатын даралай, саралай отырып, өзгешелігіне көңіл бөлу.
Ғылыми жұмыстың міндеттері:
-
Мұқағали ақынның Отансүйгіштік тақырыбындағы шығармаларын зерттеу -
Ақындық кредосын (ойының түп қазығын) табу, зерттеу.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы
Мұқағали ақынның ақындық әлеміндегі Отанға, туған елге, жерге арналған өлеңдеріндегі ойларды қосымша ғылыми зерттеулермен жұмыс істеуге, ақындық кредосын (ойының түп қазығын) табу, зерттеу.
Зерттеу әдісі
Бұл жұмысты жазу барысында ғылыми әдебиеттермен жұмыс, жинақтау, жүйелеу, түсіндірмелі әдістер, зерттеулер қолданылады.
І.Кіріспе:
«Мұқағали Мақатаев – қайталанбас дара тұлға»
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев - Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі. Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді.
Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады.
Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін бір шоғыр жыры Ә.Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған.
Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.
Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да "Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана" деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.
Мұқағали Мақатаев қаламынан "Қарлығашым, келдің бе?", "Дариға жүрек", "Аққулар ұйықтағанда", "Шуағым менің", "Өмір-дастан" т.б. жыр жинақтары туған. Қырық бес жасында қайтыс болған соң, Мұқағалидың екінші өмірі - өлмес ғұмыры басталды. Ақынның артында қалған мол мұрасы: "Соғады жүрек", "Шолпан", "Жырлайды жүрек", "Өмір-өзен" т.б. жыр кітаптары, "Қош, махаббат!" атты прозалық кітабы оқырманның қолдан-қолға түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.
Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.
Мұқағали Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
-
1948 - 49 ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті; -
1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы; -
1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады; -
1949 - "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады; -
1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды; -
1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды; -
1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады; -
1960-62 - "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі; -
1963-1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді
ІІ. Негізгі бөлім:
«Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі Отан, туған жер тақырыбы
Туған жер - адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап - ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған дала. Отан оттан да ыстық.
Ал біздің халқымызда Отанын, атамекенін ардақтау сезімі өте терең. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата - бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген, өз елі үшін жанын да, барын да аямаған.
Халқымыздың осы қасиеті жанымызға ана сүтінен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Өйткені Отан біз үшін оттан да ыстық
Өзі өскен еліне, туған жеріне Отанына жыр арнамаған ақын жоқ.
Мұқағали атамыз көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. Мұқағали атаның әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады.
Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онды мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мен өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен.
Туған жеріне, өз Отанына арнаған өлеңін әдебиеттік оқудан жаттап, жатқа айтқан кезде бойымызды патриоттық сезім билеп алғандай болады. Міне, ақынның құдіреттілігі осында екен ғой деп ойлаймыз.
Мұқағали атамыздың әсерлі жырлары әр қазақтың жүрегін жаулап алды. Сондықтан да осындай ақынына халқы «Ғасыр ақыны» деген ат берді.
Мұқағали атамыздың жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы бар да , аты санамызда мәңгіге қалады.
Мұқағали мұрасы, маржан поэзия – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлейтін мұрасы.
Туып өскен, кіндік қаны тамған жер – туған жер, отан жайындағы ақын өлеңдері өз алдына бір тақырып. Отанға деген махаббат, сүйіспеншілік, ақынның «Үш бақытым» деп аталатын өлеңінде былай беріледі:
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен. –
деп, Отан дегеніміз ең асыл үш бақытының біріне жатқызады.
Ақынның өлеңдерінің табиғатының ерекшелігі, ақын нені жырласа да өзіне ғана тән өзіндік үні естіліп тұрады. Өлеңдерінде асқақ рух, қажырлылық, жігерлілік, батырлылық сезімдері үндесіп жатады. Осы тұрғыда асқан шеберлікпен жазылған патриоттық сезімді оятатын «Отан туралы» деген өлеңін алып қарайық:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған...
Бұл да бір Мұқағали поэзиясындағы Отанға деген адал махаббат, сүйіспеншілік баяндалған. Отанның қадіріне жете білу мен оған адал қызмет ету оның өлеңдерінің басты идеясы болды. Мұқағали отаншылдықты ту етіп көтерді, адамдарды Отанды сүюге үндеді, Отанды сүюді тек сөз жүзінде қалдырмау қажеттігін алға тарты. Оның «Оңай сөз ғой Отанды сүйем» деген өлеңін алып қарайық:
«...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»...
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем». –
деген өлең шумақтары арқылы Отанға деген сезімді тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу қажеттігін айтып, жалғандықтан сақтандырды. Мұқағали поэзиясында Отан тақырыбындағы өлеңдер көптеп саналады. Әр өлеңі әр басқа әуенмен, әр басқа сарынмен жазылған. Әр өлеңінде Отанға деген сағыныш, махаббат, Отанға табыну сезімдері ұштасып, табысып жатыр.
М.Мақатаев өлеңдеріндегі туған жер тақырыбында да жазылған өлеңдері аз емес. Ал, ақынның «Апырмай, туған жер-ай» деген өлеңін алып қарасақ:
Апырмай,
Туған жер-ай!
Теңдесер кім,
Бұл жерге сен болмасаң, келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім. –
деген өлең жолдары арқылы Туған жердің құдіретін жыр ете келе:
Кел демеді, немесе кет демеді,
Несін маған, білмеймін, өкпеледі?!
Сені сүйген жүректі, туған өлкем,
Сен өсірген біреулер жек көреді. –
деп жалғастырып, туған жерге жат болып кеткен адамдарға деген өкпе-ренішін білдіреді.
Ақын өлендерін бір-бірінен бөліп жару мүмкін емес. Оның осы тақырыпта жазылған ерекше патриоттық сезімде жазылған
Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың.
Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры мен тағдыры айтылады.
Поэзия! Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын.
ІІІ. Қорытынды
Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»
Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Қорыта келе айтарымыз, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті.