Файл: Рыбы алыптастырушы баалау дістері, оларды тиімді олдану жолдары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 45
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Дене шынықтыру және спорт факультеті
БӨЖ
Тақырыбы: Қалыптастырушы бағалау әдістері, оларды тиімді қолдану жолдары
Бағалаудың өлшемдік технологиялары пәні
Орындаған: Рысметов Султанбек
МДШ-021 тобы
Тексерген: Жамила Дуйсенова
Бүгінгі білім беру жүйесінің ерекшелігі - білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту, арттыру, қалыптастыру. Біз оқушының білімін, біліктілігін, дағдысын бағалаудан оның құзыреттілік қасиетінің қалыптасуын бағалауымыз керек, қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзыреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Сол себептен оқытуға деген көзқарас өзгеріп отыр, оқыту нәтижесін бағалауда да жаңа бағытқа ие болуда.
Еліміздің білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан оқытудың Кембридждік Бағдарламасы Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулін ұсынады. Бұл модуль бағалауды екі түрде қарастырады: суммативті (жиынтық) бағалау және формативті (қалыптастырушы) бағалау. Яғни мұғалімдер оқуды бағалаумен қатар оқыту үшін бағалауды пайдаланғанда, бағалау оқудағы аса пайдалы құралға айналады.Жиынтық (суммативті) бағалау бұл білімді жалпылау, қорытындылау кезінде, тараудың немесе модульдің соңында, немесе таным үрдісінің қандай да бір сатысында оқушының жетістіктерін бағалау үшін қолданылады. Әрбір бөлім соңында өткізіледі (бақылау жұмысы немесе қорытынды сынақ жұмысы), оқушыларға әрбір бөлім бойынша өз білім деңгейлерін көрсетуге көмектесіп, мұғалімге оқушылардың жетістіктері туралы қорытынды пікір жасауға және қорытынды бағаны қоюға мүмкіндік береді. Бағалаудың бұл түрі қалыптастырушы бағалаумен салыстырғанда оқушынының қызығушылығын оята қоймайды және баланы алға жетелеуді көздемейді.
Қалыптастырушы бағалау үдерісі
Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады, оқушылардың дағдыларының қалыптасу және білімді меңгеру деңгейін көрсетеді, оқудағы қиындықтарды анықтап, оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Бағалаудың бұл түрі оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді.
Қалыптастырушы бағалау – оқушының оқу нәтижесінің үнемі ілгерілеп және дамып отыруына ықпал ететін, мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында кері байланысты қамтамасыз ететін үдеріс.
Оқыту мен оқуды тиімді түрде ұйымдастыру үшін әр оқушының ілгерілеуі мен ағымдағы түсіну деңгейін үнемі анықтап отыру маңызды. Бұл қалыптастырушы бағалау барысында жүргізіліп, оқушының оқу жетістіктері туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.Қалыптастырушы бағалау оқыту мен оқудың біртұтас құрамдас бөлігі болып табылады, оны қосымша жаттығу мен тест тапсырмалары деп қабылдамаған дұрыс.
Қалыптастырушы бағалау үдерісі төмендегі кезеңдерден тұрады:
-
Оқушыларды анықталған оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерімен таныстыру. -
Оқушылардың нені және қандай деңгейде түсінгендігін анықтайтын дәлелдемелердің көрсеткіші бола алатын тиімді орта тудыру немесе олардың басқа іс-әрекеттерін ұйымдастыру. -
Оқушының дамуына ықпалын тигізетін тиімді кері байланыс беріп отыру. -
Оқушыларды бір-біріне өзара оқыту көзі бола алатындай етіп ынтымақтастыру. -
Оқушы өз оқуы барысында өзін «жасаушы/құрушы» ретінде қабылдау.
Тиімді оқыту және оқу мақсатында оқушылардың түсіну деңгейін анықтау үшін олардың оқу мақсаттарына жеткендігінің немесе алға ілгерілеуінің деңгейі қадағалануы тиіс. Мұғалімнің іс-әркетіндегі қалыптастырушы бағалау үдерісі төмендегі кезеңдерді жүзеге асыруды талап етеді:
-қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру және жоспарлау;
-қалыптастырушы бағалау әдістерін таңдау;
-оқыту мен оқу үдерісінің бөлігі ретінде қалыптастырушы бағалау жүргізу;
-қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау;
-кері байланыс ұсыну;
-қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау негізінде оқу мен оқытуды түзету.
Қалыптастырушы бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру
-
Әр сыныпта сабақ беру үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасындағы барлық оқу мақсаттарын қамтуы керек. Пән бойынша оқу жоспарында барлық оқу мақсаттары үшін ұсынылатын жаттығулар берілген.
Бағалау үдерісін тиімді түрде өткізу үшін мұғалімге:
-
оқу мақсатына сәйкес бағалау критерийлерін нақты құрастыру; -
тапсырмаларды бағалау критерийлеріне сай құрастыру және дескрипторларын анықтау; -
оқушыларға тиімді кері байланыс беру ұсынылады.
Сабақта қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыру үшін жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерімен қатар, оқушыларға ауысып отыратын топ құрамында жұмыс істеу ұсынылады.
Бағалау критерийлері оқу мақсатында не көрсетілсе, тек соны ғана бағалайды және Блум таксономиясында берілген алты ойлау дағдыларының деңгейлерін - білу мен түсіну, қолдану, талдау, жинақтау және бағалауды көрсетеді. Мұғалімнің бағалау критерийлерін оқу мақсаттарына сәйкестендіріп, нақтылап дайындауы маңызды.
Одан кейін мұғалім бағалау критерийлерін сәйкестендіріп, оқушылардың жеке ерекшеліктерін, оқу мазмұнын ескеріп, тапсырма және оның дескрипторларын құрастырады. Дескрипторлар тапсырманы орындаудағы оқушы қадамын нақтылайды, нәтижеге жету жолын анықтайды, сондықтан дескрипторлар оқушыларға түсінікті болуы қажет.
Қалыптастырушы бағалау әдістері
1. «Бұрыштар» тәсілі: Мұғалім оқушыларға сұрақ ұсынады және мүмкін төрт жауабын сыныптың төрт бұрышына орналастырады. Оқушылар өзіне дұрыс деген жауаптың қасына барып тұрады, таңдаған жауаптарын топтық жұмыста тұжырымдайды және өздерінің көз қарастарын дәлелдейді.
2. «Ойлан-жұптас-бөліс». Берілген тапсырма (сұрақ) бойынша әрбір оқушы жеке жұмыс жасау арқылы өз ойын қорытып, жұп болып пікірлерімен бөліседі; бұл бүкіл топтық талқылауға ұласады.
3. Stop-кадр. Stop-кадр — бейнефильмнің бір сәтімен (кадр) жұмыс. Кадрды экранда тоқтатып қойып, сұрақтар қою арқылы оқушыларды диалогқа тартуға болады. Сыныпта жұптық жұмыс ұйымдастыруға да болады: оқушылардың біреуіне кадрды көрсетіп, екіншісіне осы көріністі толықтай сипаттап беруін тапсыруға болады, екінші оқушы оған нақтылау сұрақтарын беру арқылы көмектесуіне болады.
4. Дыбыстау. Фильмнен өткен тақырыпқа байланысты немесе оқушылардың деңгейіне сәйкес келетін үзіндіні дыбыссыз көрсетіп, оқушылардың рөлге еніп, дыбыстауын тапсыруға болады. Алдымен үзіндіні дыбысымен көрсетсе де болады. Дайындалуға оқушыларға жеткілікті уақыт беру қажет.
5. Серпілген сауал. Тақырыптың түсіну деңгейін арттыруға және талқылау дағдыларын дамытуға қол жеткізу үшін сыныптағы оқушылардың арасында бірінен-біріне сұрақтарды «лақтыру»: мысалы, «Асан, Айнаның пікіріне қосыласын ба?», «Айна, Асанның жауабын тағы қалай толықтыруға болады?», «Асан, айтылған пікірлерді бір сөзбен қалай тұжырымдауға болады?»
6. «Сұрақты қағып ал». Мұғалім сұрақ қойған кезде оқушыларға бұршақ салынған қапшықты лақтырады. Бұл сұрау үдерісіне кинестикалық сипат береді және оқушыларды өз еркімен жауап беруге итермелейді. Оқушы жауапты білмеген жағдайда сұрақты басқа оқушыға лақтыруына мүмкіндік беріледі. Сұрақтардың қиындығына қарай оның басиапқы салмағын белгілеуге (ұпай арқылы) болады. Мысалы, қағып алған оқушы жауабын білмей, қапшықты басқа оқушыға лақтырса, сұрақтың құны 1 ұпайға кемиді. Бұл тапсырманы шағын топтардың арасында да қолдануға болады; мұнда мұғалім қапшықты кезекпен топтарға лақтырады.
7. «Допты лақтыру» Мұғалім доп лақтырып сұрақ қояды. Допты қағып алған оқушы сұраққа жауап беріп, өзінің сұрағын қояды. Егер оқушы сұраққа жауап бере алмаса, допты басқа оқушыға береді. Бұл әдіс теориялық сұрақтарды бағалауға, тілдік мақсаттардың орындалуына көмек береді.
8. «Сөзді тап». Қобдишаға тақырыпқа қатысты түйінді сөздер жазылған қағаз қиындылары салынады. Бір оқушы қобдишадан қиынды қағазды алып, 1 минутта ондағы сөздің өзін атамай сипаттап түсіндіруі керек. Сөзді тапқан оқушы келесі сөзді алып түсіндіруді жалғастырады.
9. «Конверттегі сұрақ». Әрбір оқушыға арнап конверт дайындаңыз және оқу мақсатына сәйкес 2-3 сұрақ жазып, конвертке салыңыз. Конвертті оқушыларға таратып 2 минут уақыт беріңіз: оқушы стикерде өз атын, сұрақтардың жауабын жазып конвертке салады және конвертті келесі оқушыға жібереді. Барлық оқушылар жауап бергенше конверттермен алмасады. Соңында стикерлерді жинап, бірнеше жауапты дауыстап оқыңыз (аттарын атамастан); сынып жауаптардың қаншалықты дұрыс болғанын талқылайды
10. «Пікір алмасу» (Showdown). Әрбір топ тақырыпқа қатысты 5 сұрақ дайындайды. Әрбір сұрақты стикердің бірінші жағына, ал жауабын екінші жағына жазып, келесі топпен стикерлерін ауыстырады. Топ басшысы стикердегі сұрақтарды оқиды, топ мүшелері жауаптарын жазып дайындайды. Көшбасшы белгі бергенде, барлығы өз жауабын ашады және жауаптарды талқылап, дұрыс жауаппен салыстырады.
11. Элективті тест. Мұғалім алдын ала әрбір оқушыға A, В, С, D, Е арқылы белгіленген түстері сәйкес ақ, сары, көк, қызыл, жасыл стикерді таратады. Әрбір сұрақты қойғаннан кейін 20 секунд кідіріп, сыныптан тест жауабына сәйкес әріпті көтерулерін сұрайды. Өзін-өзі және бірін-бірі бағалауды жүзеге асыру үшін дұрыс немесе дұрыс емес жауаптарды диалог құру арқылы талқылайды.
Қалыптастырушы бағалаудың ерекшеліктері - оқушының күнделікті білім сапасы, білім алудағы олқылықтарды күнделікті түзеу, оқушының қиындық тудыратын сұрақтарын анықтау және оны жою, оқушының бағалаудан алған жағымсыз әсерінің азаюы, психологиялық жайлы ортаның болуы, бағалаудың әділдігі, анықтылығы және ашықтығы, өзін-өзі бағалау дағдылары. 2013-2014 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үш тілді саясатына сәйкес географияны барлық сыныптарда қазақ тілінде оқыту енгізілген болатын. Осыған дейін өзіндік көзқарасы, дүниетанымы, ойы өзге тілде болып келген оқушы үшін қазақ тілінде географиялық білімді қабылдау, оны талдап, жүйелеу үлкен қиындық тудырады. Тек қана тілді игеру барысында қиындықтарға тап болып жататын оқушылар үшін пәнді өзге тілде түсініп кету көп күш-жігерді талап ететіні мәлім. Бұл тек оқушы үшін емес пән мұғалімі үшін де жан-жақты ізденісті, шығармашылықты талап етеді. Сондықтан да қалыптастырушы бағалауда мұғалім жұмысты қадамдап жоспарлап, табысқа жету алгоритмін құра білуі керек. Қадамдап жоспарлау кезінде оқу материалының аралық деңгейін анықтау мақсатында, бағдарламалық материалды қайталауда әрі қорытындылауда төменде берілген қалыптастырушы бағалау техникасын орынды жоспарлап, қолданған жөн.
І. Қорытындылау үшін немесе сұрақтар үшін үлестірмелер тарату
1 бетінде:Өтілген материал (тарау, тақырып) негізгі идеясын атаңыз және қорытындылаңыз.
2 бетінде:Өтілген материалдардан сізге не түсініксіз болғанын анықтаңыз және сұрағыңызды ойластырыңыз.
Мұғалім екі жағында тапсырма жазылған үлестірмелерді жиі пайдалануына болады.
ІІ. Қолмен белгі беру
Түсінемін және түсіндіріп бере аламын (Бас бармағын жоғары көтеру арқылы)
Мен әлі түсіне алмай отырмын (Бас бармағын жанына қарату арқылы)
Мен әлі сенімді емеспін (Қолын бұлғау арқылы)
ІІІ. Тест түрлері
Мини тест (Бір дұрыс жауабы болады)
Элективті тест (Оқушылар А,В,С,Д карточкаларын көтеру арқылы)
Формативті тест (шағын топта отырып талқылау арқылы жауап беру)
Тұжырымдар беру(иә, жоқ деп бір сөзбен жауап беру)
Сонымен қатар тесттерді оқушылардың өздеріне де құрғызуға болады.
ІV. Формативті сұрау және пәндік тіл қалыптастыру
Таныстырылым, бейнефильм, диаграмма, кесте, сурет, рольдік және іскерлік ойын, мәтінді талдау, ақпараттық графика әдісі, т.б. жұмыстардан кейін мұғалім «Неге? Не себепті? Не үшін?»деген сияқты сұрақтар бере отырып, оқушыға көмекші сөз тіркесін ұсынып отыруы тиіс.