Файл: aзacтaн Pecпyбликacы Білім жнe ылым миниcтpлігі Aбaй aтындaы aзa лтты пeдaгoгикaлы yнивepcитeті Филoлoгия жнe кптілді білім бepy инcтитyты.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 126
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тіл – халықтың қазынасы. Этнолингвистикалық зерттеулер халықтық арналардан сусындай отырып ұлт болмысын ашумен ғана шектелмейді, олар әдеби өрлеу, мәдени өркендеу, қоғамдық-саяси даму секілді этникалық айқындағыштардың да негізгі шарттарын түсіндіруге ат салысады, сондықтан да «тілдің тарихы мен халық тарихының байланысы – екі жақты байланыс. Тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы және оның иесі – халық тарихымен, сол халықпен бірге жасасып келе жатқан оның тілінің тарихымен байланысында зерттеу соншалықты қажет» [7, 20-б.].
Қазақ терминографиясын зерттеуші ғалым Е.Әбдірәсілов та «ғаламның тілдік бейнесіне» анықтама беріп, оның «ғаламның ғылыми бейнесімен» сабақтасар тұсын арнайы ақпараттық сөздіктердің дүниеге келуімен дәйектейді: «Когнитивтік тіл біліміндегі тілдік бірліктерді ұғымдық тұрғыдан қарастыратын саласы тұрғысынан бұл ұғым тілдің қоршаған ортадағы берудегі мүмкіндігін әрі тіл ретіндегі орнын айқындап беруге ұмтылады» [8, 72-б.].
Қазақ этнотанымдық зерделеуінің ерекше үлгісін көрсеткен ғалым Қ.Жұбанов тілдік фактілер қатарында әдеби мұралардың лингвистикалық талдауларын ұсынды. Зерттеулеріндегі негізгі мақсатын ғалым былай деп көрсетеді: «Қазіргі қазақ атанып отырған халықтың өткендегі тұрмыс-тіршілігін білу үшін Қазақстан жерінде өмір сүрген бұдан бұрынғы халықтардан қалған және олардың атақты жеке адамдарына қалған ескі әдебиет мұраларына да қарау керек», яғни, бүгінгі күннің бейнесін ұғыну үшін кешегі күнді түсіну қажет, бүгінді қабылдау үшін ескі мұраларға мән беру қажет, себебі, «ескі әдебиет мұрасы халықтың тарихын танытатын материал болады» [9, 299-б.], - дейді. Жоғарыда берілген үзіндіден халықтың болмысын тану үшін тілдік зерттеулердің, этнографизмдерді талдаудың, олардың мәніне үңілудің маңызын түсіндік.
Этнографиялык (этномәдени) категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі – әлемдегі барлык халықтарға тән құбылыс. Осы когнитивтік түзілістердің этникалық реңкі, пошымы, жөн-жосығы этностың тіршілікқамы жүйесі мен қоғамдық тіршілік объектілерін игерудің технологиялық ерекшеліктеріне және осыған қатысты қалыптасқан әлеуметтік қатынастардың құрылымдық және функционалдық сипатына тығыз байланысты. Бүкіл дәстүрлі әлеуметтік организмге нәр беретін этникалық мәдениеттің энергетикалық жанды нүктелері іспеттес этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі этностың шаруашылық-экономикалық, мәдени, экологиялық, әлеуметтік тәжірибелері түзілген қойма сияқты. Бұл жүйе этностың сан ғасырлық, этногенетикалық тұрғыдан алғанда, тіпті, бірнеше мыңжылдык тарихи (әлеуметтік, экономикалық, мәдени, саяси, экологиялық) тәжірибесінің когнитивтік нәтижесі болып табылады.
Дәстүрлі этномәдени ортада қалыптасқан әрбір категориялық-ұғымдық бірлік тиiстi табиғи немесе қоғамдық объектінің (нәрсенің, кұбылыстың, құрылымның және т.с.с.) кеңістіктік-образдық моделі болды. Сол сияқты көшпелі этномәдени ортада да калыптасқан этнографиялық категориялар, ырымдар, атаулар, яғни, когнитивтік түзілістер адамдардың тіршілік мүддесінің объектілері – қоршаған табиғи ортадағы, әлеуметтік болмыстағы құбылыстар мен олардың қажетті элементтерінің образдық модельдері болып табылады. Яғни, қоршаған ортаның ( әлеуметтік және табиғи ) әр түрлі жай - күйін, касиеттерін бейнелейтін сан алуан тиісті метафоралық образ-модельдер калыптасты және олар реттеуші әрі бағыттаушы функция атқарды. Өйткені, қоғамдық қатынастардың барлық салаларымен өзара қым-қуыт себеп-салдарлық байланыстағы бұл «модельдер», түптеп келгенде, адамдардың тіршілігін сан салалы реттеуші функция атқаратын институционалдық механизмнің кұрамдас тетіктері болды.
Когнитивтік түзіліс – образдарды мәні, мағынасы, қолданыс аясы және ерекшеліктері жағынан жалпы және салалық деп екі топқа бөліп қарауға болады. Мұндай жүктеу антропологиялық жіктеу негізінде алынады. Осылайша, «барлық қоғамдық қатынастар саласының немесе қоғамдық харекет атаулының субьектісі адамның кісілік, сондай-ақ адамдаралық байланыстарға қатысты жалпы мәнді қасиеттерді, нормаларды, принциптерді бейнелейтін көбінесе этикалық және эстетикалық және кейбір әлеуметтік, рухани, институтционалдық когнитивтік түзілістер ғана жалпы мәнге ие» [10, 17-б.]. Демек, олар жалпы топқа кіреді. Мысалы, күнделікті өмірде қолданылатын адал, жомарт, сараң деген сияқты сөздер жеке кісінің қасиетін, оның белгілі бір көзқарастарын негізіндегі сапалық қырларын көрсетеді. Сондықтан да бұл сөздер ортақ этикалық қасиеттерді білдіріп жалпы топқа жатады. Ал енді сапалық топқа жататын когнитивтік түзелістерге тоқталсақ. Ал бай, би, күйеу, қалыңдық деген сияқты когнитивтік түзілістер тұлғаның жалқы қасиеттерін бейнелейді. Дегенмен, бұл сөздер тіркестердің құрамында келіп жалпы мәнді түзілістер қатарына жатуы мүмкін. «Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық», «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сияқты тіркестерден бұл сөздердің жалпы мәнді этникалық когнитивтік түзіліс ретінде жұмсалып тұрғандығын аңғаруға болады. Осы іспеттес тұрақты сөз тіркестері көшпелі этномәдени ортадағы тұлға мен тұлғааралық байланыстағы ерекше мәнді жалпы этикалық нормаларын және принциптерін бейнелейді.
Этнографизмдерді жіктеудің тағы бір түрі – этнолингвистикалық арналар. Ол алты арнадан тұрады:
1) Баламалар – бұлар тіліміздегі негізгі атаулардың стилистикалық бояуын қалыңдатып, бейнелі түрде суреттеп айту. Мысалы, мақтаны – ақ алтын, комбайн – дала кемесі, арыстан – орман патшасы. Бұлардан бөлек наным-сенім, ырым-тыйымдарға байланысты пайда болған баламалар да бар: көңіл айту, қара жамылу, бетін ашу деген сияқты. Сонымен қатар, ат тегеуге байланысты және табуға байланысты қойылған бірнеше этнолингвистикалық баламалар бар: қасқыр – ұлыма, найзағай – жасыл, шешек – қорасан, т.б. атауларды келтіруімізге болады. Мұндай этнографизмдер тіл табиғатына, этностық дүниетанымға тікелей қатысы бар ерекше құбылыстар болып табылады.
2) Тұрақты теңеулер – бір зат пен екінші бір затты немесе бір құбылыс пен екінші бір құбылысты суреттеу, теңеу, балау арқылы оларды тану, бағалау, сипаттау, өлшеу, т.б.сияқты мақсаттардан туындап, көпшілігі дайын күйінде, тұрақты қолданылатын тіркестер. Мұндай тіркестер тілімізде көптеп кездеседі және олар тақырыптық, мағыналық жағынан, құрамы мен құрылысы тұғысынан сан алуан болып келеді. «Бұлардың бәрі немен және нені қалай салыстырса да айналып келіп адамның іс-әрекетін, сын-сымбатын, қалып-күйін, т.б. қасиеттерін сипаттауға бағышталады» [11, 22-б.]. Мұндай тұрақты теңеулерге екі иығына екі кісі мінгендей, құлаққа ұрған танадай, жағын пышақ жонығандай, т.б.
3) Фразеологизмдер. Тақырыбы, мағынасы, тұлғасы жағынан әр түрлі болып келетін тұрақты тіркестердің үлкен бір саласы. Тіліміздегі тіркестердің жалпы саны он бес мыңға жуықтайды. Фразеологизмдердің құрамындағы сөздер өзінің дербес мағынасынан айырылған, тіркес құрамында мүлдем басқа мағынаға ие болған сөздер: қанына ұрық екті – бойына жақсылық сіңірді, пышақ кескендей – бірден, кенеттен, ала құйындатып сөйледі – әсірелей, еліре сөйледі, т.б. Сонымен қатар, бір ғана сөз арқылы жасалған бірнеше тұрақты сөз тіркестері әр түрлі мағынаны білдіруі мүмкін: бас алды – дән салды, масақтанды, бас алмады – бас көтермей істеді, бас араздық – өшпенділік, бас асау -–басына жүген кигізбейтін асау мал, бас-аяғы жиналды – түгел келді, бас байлады – тәуекел етті, бас-басына тозды – бытырады, шашырап кетті, т.б. Мұндай тіркестердің ауыс мағынада қолданылуын түсіндіріп, айқындап беру – этнолингвистика үшін ең қиын мәселелердің бірі. Себебі, мұндай сөздер бір тілден екінші тілге тікелей аударылмайды, мағынасын жеткізген кезде де өзінің тұпнұсқа түріндегідей мән-мағынасын, стилистикалық реңкін жоғалтып алуы мүмкін.
4) Мақал-мәтелдер – этнолингвистикалық арналардың ең құнарлы бөлігі. Тілімізде қырық мыңға жуық мақал-мәтелдер бар, егер оларды фразеологизмдер сияқты бір жинаққа біріктіріп, жүйелеп, мағыналық топтарына қарай жіктеп, ретпен орналастырсақ, онда тіліміз үшін жасалған үлкен еңбек болар еді. Әрбір мақал-мәтелдің бойына этнос болмысына, оның рухани және заттық мәдениетіне, салт-дәстүріне, дүниетанымына, наным-сеніміне, әдет-ғұрпына, т.б. байланысты мол мағлұматтардың жинақталғанын ескерсек, олардың этнос болмысын танып білудегі рөлін бағамдай беруге болады.
5) Жұмбақтар табиғаты баршамызға мәлім. Ол ой-өрістің кеңеюіне, астарлы сөздің сырын ұғынуға, тапқырлыққа баулитын, сөзді тұспалдап, жасырып жеткізуге үйрететін, бір затты екінші бір зат ұқсастырып, балап айтуға баулып, ми қызметінің жақсаруына көмектесетін құбылыс. Жұмбақсаталған нысанға сәйкес сайланған баламаның мотивін тек ұлттық дүниетаным, этностық таным негізінде ғана анықтап түсіндіруге болады.Жұмбақтардың шешуін тек қазақы түсінікке ғана негізделіп жасалған.
6) Этнографиялық арналардың ең үлкен саласы – ауыз әдебиеті. Әр түрлі бұлақтардан бастау алып, тарамданып келіп,этнолингвистикалық кең арнаға құятын салаларға ауыз әдебиеті үлгілері де жатады. Бұларға жанры және тақырыбы, құрылымы мен құрамы, мағынасы мен мазмұны әр алуан болып келетін халық есінде сақталып, рухани қазына болып, ұласып, ауысып келе жатқан:
-
авторы белгілі нақыл сөздер; -
халық тұрмысы мен дүниетанымына қатысты мәліметтер; -
той-думан, жиындарға байланысты рәсім-салтанат үлгілері; -
көріпкелдікке, сәуегейлікке байланысты әңгімелер; -
жеңіл әзіл, қалжың, зілсіз күлдіргі сөздер тәрізді тұрмыстық жеңіл жанрлар жатады
Кейбір фразеологиялық түзілімдер қазіргі күні қолданыста активті түрде қолданылғанымен, негізгі түпкі мағынасы, шығу тегі, этнолингвистикалық сипаты көнеленіп, ел арасында түсініксіз халге ұшырағандары болады. Үлкендердің үйге қонақ келіп, жедел түрде ас дайында қажет болған кезде әйелдеріне не келіндерге «тамағыңа тас түсіп кетті ме?» деп айтып жатқанын жиі естиміз. Бұл тіркестің мағынасы астың кешеуілдеп жатқанын, тамақтың піспей кеткенін білдіретідігін баршамызға белгілі. Дегенмен, осы этнографизмнің түбіне үңілер болсақ этностың тіршілігінен сыр шертетін біраз дүниені байқауға болар еді. Қызып тұрған тасты сүтке салып, оның тез пісіруге болады. Мұны бабаларымыз «тасқорықтық» деп атаған. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» де бұл сөз мағынасы осыған саяды: «Отқа әбден қыздырылған тасты салып жіберіп пісірілген сүт» [12, 787-б.]. Берілген мәліметтерден ұғынатынымыз – қазанға тас салу оның ертерек пісуіне көмектеседі. Ал біз талдауға алып отырған «қазанға тас түсу» тіркесінде керісінше кеш пісу деген мағынаны беріп тұр. Осы жерде пәнаралық байланыс жасасақ. Физика ғылымының термодинамика деген саласы бар. Ньютон деген ғалымның заңы бойынша, егер сұйықтыққа темір шар салып қойса, онда ол белгілі бір градусты ұстап, қайнамай тұрады екен. Осы жерде халқымыздың даналығына тағы бір таңқалмасқа болмас. Мұндай заңдылықтарды халқымыз ежелден-ақ білген көрінеді. Қазанға ас қайнатып жатқан кезде шұғыл іс шығып, бармасқа болмайтындай болып қалғанда астың тасып, күйіп кетпесі үшін қазақ әйелдері қазанға тас салған екен. Әр қазанның басында жұдырықтай тастар жиналып тұратын болған. Қажет кезінде оны суға тазалап жуып жіберіп, қазанға салып жіберген, сонда ас бір температураны ұстап, тасымай тұрған. Қазіргідей техника дамымаған, отты баяулата салу оңай болмаған жағдайда бұл таптырмас шешім болса керек, әрі тағамның бұзылып, ысырап болуынан сақтаған. Міне, осындай этнографизмдердің когнитивтік мәніне үңілу бүтін бір этнос тіршілігіне байланысты маңызды ақпараттарға жетелеп, зерттеу жұмыстарына арқау бола алады.
Этнографизмдерді бұлайша жіктеу олардың қолданылу мәніне байланысты болды. Этнолингвистикалық зерттеудің тағы бір түрі – этнолингвистикалық этюдтер. Этнографиялық этюдтер дегеніміз – этнос болмысын танып-білу үшін сол этнос тілін терең зерттеу нәтежиесінде әрбір мағыналық негізгі бірлікті және оған қатысты деректеді сатылы түрде берілетін түсініктемелер мен анықтамалар, мәліметтер және топшылаулар жүйесі. Жоғарыда этнографизмдерге келтірілетін түсініктемелердің сатылы түрде берілетінін айттық, ол саты мына тізбек бойынша жүзеге асады: негізгі этнографизмдер – туынды этнографизмдер – қатысты атаулар (тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және ауыз әдебиеті үлгілері). Мұндай этнолингвистикалық жұмыс түрі мен мақсатына қарай, жинақталған ақпараттардың көлеміне байланысты қысқа немесе көлемді болуы мүмкін. Мысалы, дермене деп аталатын қазақ даласында өсетін ерекше емдік шөптің бір түрі бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «дермене» сөзіне былай түсініктеме берілген: «Дермене – сантонин дәрісі алынатын жусан тәрізді жабайы өсімдік» [12, 199-б.]. Бұл жерде дерменеге қысқаша ғана түсініктеме берілген. Ал енді «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» еңбегінде дерменеге былай түсінік берілген: «Дермене – қазақтың дәстүрлі емшілігінде қолданылған, жусан тұқымдасына жататын, көп сабақты өсімдік. Дермене тамыз-қыркүйекте гүлдеп, қарашада жеміс береді. Дермене Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Қаратаудың етегінен Сырдарияның бастауына дейінгі далалы аймақта көп өседі. Дерменені ертеде жергілікті тұрғындар кептіріп, жүрек талмасы және ішек құрты ауруларына қарсы ұнтақтап шайға, тамаққа қосып науқасқа ішкізген. Басқа жерлерде мүлдем өспейтін дерменені қазақтар керуен жолдары арқылы сырт елдерге шығарған екен. 1830 жылы дермене құрамынан сантонин деп аталатын зат анықталған соң, оның тауарлық құны арта түсті. Дермененің 50 пұтынан 1 пұт сантонин алынған екен. Оның бағалы болғаны сондай, қазақ жерінде 6-8 тиын тұрса, Германияда 19 сомға дейін жеткен. 1838 жылы дермене өскен алқапты орыс көпесі Савинков жалға алып, арнайы зауыт салған. ХІХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап Орынбор арқылы Нижегород, әрісі Германия, Англияға тасымалданатын негізгі шикізат болған. 1847 жылы 785 пұт, 1859 жылы 3142, 1862 жылы 16 695 пұт тасымалданған. 1869 жылы Ташкентте, 1875 жылы Орынборда дерменені өңдеп дәрі жасайтын зауыт салынған» [10, 633-б.]. Жоғарыда берілген мәліметтерде дермененің қасиеті біршама ашылған, дегенмен емдік шөптің бүкіл қасиеті толық ашылды деп айта алмаймыз. «Дермене» сөзін өсімдікке байланысты қолданылған этнографизм дейтін болсақ, оның болмысын толық ашатын этнографиялық этюдтардың бірнешеуін кездестіре аламыз. Мысалы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Рысбай Сәтімбековтың 2015 жылы 26 ақпанда «Ана тілі» ұлт газетінде жарияланған «Дермене жусаны» [13] атты мақаласын этнографиялық этюд ретінде қарастыруымызға болады. Сонымен қатар, бәрімізге бала күннен белгілі Д.Исабековтың «Дермене» шығармасында да емдік шөптің қасиеті туралы біршама мағлұматтар беріліп өткен. Бұл жерде ескеретін бір жағдай бар, этнографиялық этюдта берілетін мәліметтердің барлығы бірдей дәлелденген, ғылыми түрде бекітілген деректер бола бермеуі мүмкін. Ондағы деректер этностың ғасырлар бойғы өз тәжірибиесі нәтежиесінде қалыптасқан, сан рет сыналып, орныққан ақпарат болуы мүмкін.