ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 08.11.2023
Просмотров: 38
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Абай мен Дулаттың рухани жақындығы
XX ғасырдың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атақты «Абай жолы» эпопеясында аға сұлтан Құнанбай өз елінің барымталарда аты шыққан батыры Қодар мен оның келіні – Қамқаны шариғат жолына жатпайтын іс істеді деп, Семейдің имамдарының пәтуасы бойынша түйеге асып өлтіргені жазылған. Бұл оқиғалар Абайдың нәзік жүрегіне жағымсыз әсер етіп, қатты ауырады. Осы кезде Абайдың әжесі Зере мен Ұлжан ананың ауылына екі қонақтың келгені, ол қонақтардың бірі қоңсылас қонған сыбан руынан шыққан ақын-жырау Дулат Бабатайұлы болса, бірі Байкөкше ақын. Ф.Ғ.Д. профессор Мұхтар Әуезов Дулаттың шығармаларының жағымпаз сарай ақындары тұрмақ, Шортанбай, Махамбет, Нысанбайлардан мүлде бөлектігін, екі жақты қанауға түскен халқының мұңын мұңдағанын, жойылған хандық билікті қалпына келтіруді көксеген мемлекетшілдігін,басқа жырауларға қарағанда саяси-әлеуметтік сарындары мен өлең құрылыстарының қуаттылығы мен көркемдігінің ерекше екенін байқаған. Батыс елдері классикалық поэзия деп атаған өлеңдердің қазақ топырағындағы алғашқы шоғырын Дулат шығармаларынан көргендіктен әрі екі ақынның сөз үндестіктеріне қарап Абайдың ұстазы екенін білген. Әуезов «Абай жолының» 1942 жылы шыққан басылымында Дулатты жасырын есімі «Барлас» деп атамай, өз аты-жөнімен жазған. 1947 жылдар мен 1959 жылы ҚКП ОК-інің әдебиет, тарих бойынша өкілдері Дулаттың шығармаларында ұлтшылдық пен діни сарын көп, халыққа таралмасын деп саяси қаулы шығарады. Сталиндік саяси зұлматтың тікелей өзін көріп, оның қанды шеңгелінен бір құдіреттің арқасында аман қалған М. Әуезов сол оқиғадан кейін ұлы ақынның өмірі мен XIX ғасырдың энциклопедиясындай болып суреттелген ғажайып туындысы – «Абай жолы» эпопеясына зияны тимеуі үшін Дулаттың есімін «Барлас» деп кейінгі басылымдарда дереу өзгерткен. Осы сапарында Дулаттың бала Абайды өз өлеңдері мен ұлтымыздың бай ауыз әдебиетімен сусындатқанын М. Әуезов эпопеясында былай суреттеген: «–Ал, балам, әжең мен екеуімізді қажай беруші едің, әңгіме, жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын,–деді.
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар, келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі – Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отыратын өзге үлкендердей емес, Барлас іле сөйлеп кететін ақ жарқын, ашық. Осы үйге ылғи да келіп жүрген ауыл адамы сияқты.
Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді. Барлас жырын бітіріп, қол жуғалы қамданған уақытта, Абай:
– Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен?–деп, бағанадан бері өзін сүйсіндірген ақынның атын білмек еді. Әріден келе жатқан деседі-ау, балам, бұның түбін.
Ертеңіне жүруге ыңғайланған екі ақынды Абайдың тілегі бойынша Ұлжан жібермеді.
Асықпай, әлі біраз күн қонақ болып, жатып кетіңдер,– деді.
Абай күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Осы жолы Абай әрі өзі, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермей ұстап еді. Бұл уақыттарда жас бала Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. Үйрене келе, түнде Барластың қойнына кіріп те жатады. Күндіз барынша күтеді. Бала Абайдың ұғымтал, зеректігіне қатты риза боп, шын сүйсінген Барлас бір оңашада жай ғана тақпақтап:
– Шырағым, ер жетерсің,
Ер жетсең, сірә, не етерсің?
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң шынға жетерсің, – деп еді.
Барлас ақын бала Абайдың бойындағы мол дарын-қасиетті сол кезде-ақ байқаған болатын.»
Дулат өмір сүрген кез қазақ даласын патшалық Ресей империясы отарлауға белсене кірісіп, халықты екі жақты қанауды үдеткен заман болатын. Заман ағымын жете білген Құнанбай Абайды медреседен сауатын ашқан соң, Семейдегі «Приходская школадан» орысша үш ай оқытады. Өз бетінше одан ары талаптанған Абай орыстың алдыңғы қатарлы ағартушыларымен танысып, олар арқылы батыстың әдебиетімен танысқан.
Дулат заманында тек қана жыршылық, жыраулық дәстүр орын алып, ақындық мектеп қалыптаспаған еді. Жыраулық дәстүрден оза шығып, ақындық мектепті күшейтіп, жыраулар мен жаңа заманға сай ақындық мектептің арасын жалғастырған көпір Бабатайұлы екендігі даусыз. «Ұлы орыстық» шовинизм мен кейбір рушыл жалған ғалымдар тоңмойындықпен бұны мойындамаса да, Абай Дулаттан өлеңнің жазылу үлгісі менмкөркемдік жүйесінмүйренгенін, көптеген тақырыптарда үндестігін әдебиетші ғалымдар айтып та, жазып та кетті.
Дулат Бабатайұлының Абай заманына дейінгі жыраулық мектептен жоғарылығын, жазба әдебиет деңгейінде жазуға көтерілген ақын екенін әдебиеттанушы ғалымдардың барлығы бір ауыздан мойындады. Дулаттың ол биікке жету жолы – отаршыл Ресей империясының шенділері мен соның зұлым саясатын іске асырып отырған жергілікті билеушілерді қатаң сынап, халқымыздың басындағы ауыр халге күйініп, аз да болса ел қорғаған батырлардың ерлігіне сүйініп, отарлық бұғаудан елін қалай құтқару керектігіне қатты толғанған шерлі ақынның қатты күйзелісінен шыққан қуатты сөз құрылымдарын жаңаша сипатпен, соны сөз тіркестерімен, бұрын болмаған теңеулермен өрнектеп, ерекше құбылыс болды. Осыдан келе, бұрынғы Бұқар, Ақтанберді, өзінің
замандастары Шортанбай, Махамбет сияқты жыраулардың шумақ-шумағымен төгіп тастайтын өлеңдері сияқты емес, өлеңді шоғыр-шоғырға бөліп, әр бөлімге бір ойды, келесі бөлікке басқа ойларды сыйдырып, он бөлімде он тақырыпты айтып, бәрінің соңғы жолдарын ұйқастырып аяқтайтын өлең құрылымын, яғни, қазақ әдебиетінде бұрын кездеспеген жазба поэзияны Д. Бабатайұлының ақындық қуаты тудырды.
Сындарлы сын мен өткір әжуаға толы «Орыстың көрсе ұлығын, Қыздандағы қылықты. Ұлық кетсе қазаққа, Қорқау қасқыр құлықты» деген сияқты ащы кекесінді өлеңдер жаза отырып Дулат қазақ сатирасының негізін салды. Дулаттың аға сұлтан мен биге айтқан осындай сөздері Абайдың Күлембайға деген өлеңімен үндес. Бабатайұлының сол замандағы орыс өкіметінің отаршылдығын, жергілікті ел билеушілердің көптеген жағымсыз қылықтарын, кейбір арам сопыларды, тіпті, көрінгенге көз сүзген тіленшек жалқауларды аяусыз сынаған өлеңдерінің жалғасын Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен анық көреміз. Дулат пен Абайдың көптеген өлеңдерінде бір психологиялық көңіл күйдің екі түрлі бейнеде бірдей берілуі жиі кездеседі. Мысалы:Дулат: Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай, — десе, Абай: Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой, — деп, ойшылдарымыз әр нәрседен қалған көңілдерін бірдей суреттейді. Абай мен Дулаттың басқа шығармаларында да, яғни саяси, діни, сатиралық т.б.тақырыптардағы өлеңдерінде мәтіндік ұқсастықтар мен ой жақындықтары өте көп. Олай болатыны, жас шамаларында біраз алшақтық болғанымен, екі ойшыл да белгілі бір кезеңде қатар өмір сүріп, бір заманды бастан кешіп, уайымы мен қайғысы, үміті бір болғандықтан екі ақынның шығармаларында ой үндестігінің жақын болуынан мін іздеуге болмайды. Кеңес өкіметінің идеологиясы Абай жазба поэзияның үлгілерін орыстың Пушкин, Лермонтов, Крылов сияқты ақындарынан үйренді деп, қазақ халқын теріс оқытып, қазақ халқында тарих та, әдебиет те болмаған деп, өз қағынан жерітіп, Дулат шығармаларын өз халқына қасақана жеткізбеді. Десе де, туған ұлтын сүйгендіктен Қазығұрт тауының бауырында туып-өскен, әдебиетті сол заманның тарихи оқиғаларымен байланыстыра зерттеген ғұлама ғалым Құлмат Өмірәлиев Кеңес өкіметінің кезінде-ақ басын басын бәйгеге тігіп, Абайдың негізгі ұстазы өз топырағындағы Дулат екендігін екі ақынның өлеңдері арқылы дәлелдеп беріп, Бабатайұылының шығармаларының толық жинағын 1991 жылы «Замана сазы» атты кітабын шығарды. Осы еңбегі үшін Құлмат марқұмға Аягөз өңірі үлкен қарыз.
Д. Бабатайұлының «Ақтанға» деген өлеңінде жетім баланың аянышты тағдырын айта келіп, оның жігіттің дүрі болып жетілуін тілеуі – ақынның туған халқының басындағы отарлық бұғауды, одан құтылып, еркін ел болуын аңсағанынан туса, «Еспенбет» дастаны елі мен жерінің ертеңі үшін күресетін ерлерін бағалап, сыйлап, оларды жаппай қолдауға үгіттеуінен туған.
1880 жылы «Өсиетнама» деген атпен Мәулекей деген татар шатыс діншіл ақын өзінің діни идеологиялық сарындағы қуаты төмен өлеңдерін Дулаттың сахарадағы даңқын пайдаланып, атақты ақынның шығармаларына қосып, Бабатайұлының атынан бастырып жібереді. Мәулекейдің осы «көмегінің» кесірі маржан сөз бен философиялық ой тереңдігігі болып саналатын Дулат поэзиясының көркемдік қуаты мен өткір көтерілген кейбір тақырыптарын әлсіреткен. Осы кітаптағы Мәулекейдің діни бағыттағы өлеңдерімен Дулаттың «Ешенге» деген өлеңі бір-біріне мүлде қарама қайшы екені көзі қарақты оқырмандарға бірден байқалады. Дулаттың осы өлеңімен Абайдың «Мал құмар көңілі бек соқыр, Бүркіттен кем бе жем жесі» деп, дін өкілін сынағаны қатты үйлесіп тұр. Екі ақын да дүмше молдаларды сынағандарымен, дінге деген көзқарастары дұрыс болғанын мына бір өлеңдерінен байқаймыз: «Ақылы жоқ молдалар, Иман алмақ тиынға. Оңайлықпен келмейді, Иман деген қиында», деп Дулат аз уақыт бұрын толғап кетсе, Абай: Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес, деп бірінің ойын бірі қайталап, жетілдіре түскен. Дулат шығармалары 1930 – 50 жылдар аралығындағы оқиғаларға арналып, баса жазылса, 10 жасында дарынын байқатқан Абай жігіттіктен өткен соң барып, 30 жастан аса күрделі тақырыптарға бара бастаған. Әсіре қызылдықтан, бос мақтаннан, жалқаулықтан жирендіріп, өнер-білімге, тәрбиелілікке үндеген мысал өлеңдерді алғаш жазған да Дулат болатын.
Жазба әдебиетке қойылатын барлық талап-талғамдармен, яғни, образдардың әр түрлілігін, бұрын қолданылмаған сөз тіркестерді, тосын теңеулерді, бейнелей суреттеулерді, «айшығы айқын» сөздерді «өрнексіз қылып, баттамай», орнымен қолдана отырып, өлеңдерінің буындары үшін тақырыптан тыс бірде-бір артық сөз қоспаған. «Сары алтынның буынан» жаралып, «тұманың тұнық суынан» қайнап шығып, «меруерттей сөзбен шашылған» Дулат өлеңдері кейінгі дарындарға «ақындық әсер қуатымен» «жыр арнасы суат» болды. Ұлы даламыздың шапқан аттай жыраулық өлең өнерін классикалық поэзияға жалғап кеткен Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жылдық «тойында» ұлылардың үндестігіне, рухани жақындықтарына баса мән беріп, жазба поэзияның ірге тасын қалаған Дулат Бабатайұлының қазақ өлеңін классикалық деңгейге жеткізген Абай бастаған ақындарға өлеңді қалай жазудың жолын нұсқап, артына көркемдік үлгі қалдырғанын айту біздердің парызымыз.
Шығармааларында азаттық ойларын баса айтып, Алаш идеясының бастауында тұрған Дулат Бабатайұлының атына өзі туған Аягөз өңірі тұрмақ, байтақ Шығыс аймағынан, Алаш астанасы болған Семей қаласынан бір көшенің аты бұйырмай отырса да, ұлы Абайдың ұстазының артына қалдырған бай рухани мұраларын баспасөздер арқылы жаңғырта отырып, еліміз бойынша ұлықтауға бастамашы болуымыз керек-ақ…
Ақын Дулат Бабатайұлының шығармашылығына «Азаттық жырының ақтаңгері» атты арналған әдеби кеш
Күні:
Тақырып: «Азаттық жырының ақтаңгері»
Мақсаты: оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи мәдени және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынас. шәкірттерді туған жерге деген сүйіспеншілікке, Отан тыныштығын қорғауға тәрбиелеу.
Міндеті: ұлттық әдебиеттерге деген оқырмандардың қызығушылығын арттыру және қолдау көрсету.
Эпиграф: «Дулат – бар ақындық қуатын ел-жұртының санасын өлеңмен оятуға ат салысқан тарихи тұлға» Мұхтар Әуезов
Көрнекілігі: Дулат Бабатайұлының портреті, слайд, бейнебаян, кітаптар, шығармалар, қанатты сөздер, пікірлер, т.б.
Барысы:
Қойылым(атасы мен немересінің әңгімесі): Атасы –Төлегенов Ермек Немересі – --------------7«Ә» сынып оқушысы
Шығарма жаза алмай қиналып отырған 7-сынып оқушысы. Теледидар көріп отырған атасы, қолында газет. Теледидардан дауыс естіледі: Д. Бабатайұлы «Аягөз, қайда барасың?»өлеңі оқылады:
Немересі:Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз, қайда барасың?..
/Немересі қаламын тастай сала атасының қасына келіп:
Немересі:
- Мен бұл өлеңді білемін, ата! Кеше ғана Әдебиет сабағынан өткен болатынбыз. Дулат Бабатайұлының өлеңі.
Атасы:
- «Сорғалаған нөсердей, Жырын тыңда, Дулаттың...»(немересіне жақындай түсіп). Иә, балам, бұл – Дулаттың жазған өлеңі. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы туған елінің тарихи бір кезеңін жырлаған. Сен біледі екенсің. Ендеше Дулаттың кім екенін білетін шығарсың.
Немересі:
-
Иә, ата, бірақ толық білмеймін.
Атасы:
-
Сын сәттерде халқын адастырмай ақ жолға бастайтын, бағыт беріп, бағдар көрсететін Темірқазық сынды бітімі бөлек, тұғыры тиянақты алып тұлғалар болады. Қазақ үшін осындай өрелілік өлшемі, биіктік мұнарасы – ХІХ ғасырдың ғажайып өкілі, от тілді, орақ ауызды жыр тұлпары – Дулат Бабатайұлы