Файл: Білім беру объектілеріне ойылатын санитариялыэпидемиологиялы талаптар.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 09.11.2023
Просмотров: 183
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
84. Физикалық және химиялық реагенттерді пайдалана отырып, зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін физика мен химия кабинетіндегі демонстрациялық және оқу зертханалық үстелдерге электр энергиясын жүргізу, химия кабинетінде (орталықтандырылған сумен жабдықтау болғанда) су және кәріз жүргізу көзделеді.
Химия кабинетінде сыртқа тарту шкафы жабдықталады.
85. Тәжірибелер жүргізу үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер, қышқылдар мен сілтілер таңбаланады, жауапты адамның бақылауымен арнайы бөлінген сейфте сақталады.
86. Оқу шеберханаларында мамандандырылған верстактарда және үстелдерде жұмыс істеу кезінде өздерінің мақсатына сәйкес арқалығы жоқ көтеріліп-бұрылатын отырғыштар қолданылады.
87. Шеберханалар шуы аз жабдықпен жарақталады, шу мен діріл деңгейлері нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келеді.
88. Спорт залдарының жанындағы киім шешетін орындар киімге арналған шкафтармен немесе ілгіштермен және орындықтармен жабдықталады.
89. Спорттық төсеніштер мен снарядтардың жабыны (қаптамасы) ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға жол беретіндей бүтін болады.
90. Секіруге арналған шұңқырларды үгінділер қосылған таза құммен (тас, бұтақтар, жапырақтары жоқ) толтырады, секіру алдында іші қопсытылады және тегістеледі. Шұңқырлардың ағаш ернеулері жердің бетімен бір деңгейде болуы тиіс, олар брезентпен немесе резеңкемен қапталады.
Жүгіру жолдарының бетінің қатты, жақсы құрғатылатын жабыны болуы, нығыз, шаңданбайтын, атмосфералық жауын-шашынға төзімді жоғарғы қабаты болуы тиіс.
91. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су құятын қолжуғыштарды орнатуға жол беріледі.
92. Объектілердің санитариялық тораптарында унитаздар, қол жуатын раквиналар, қолды жууға және кептіруге арналған құралдар, қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштар орнатылады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған унитаздар жабық кабиналарда орналастырылады, білім беру объектілерінің мектеп алды сыныптары үшін балаларға арналған унитаздар орнатылады.
Объектілердің оқу және тұрғын корпустарындағы санитариялық аспаптарға қажеттілік осы Санитариялық қағидаларларға 6-қосымшаға сәйкес көзделеді.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін санитариялық құралдардың орнатылуы және оларға қажеттілік сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес нормаланады.
93. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін сатып алынған өнімдердің (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп және жазу құралдары, төсек-орын жабдықтары, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз) оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.
6-тарау. Объектілерде тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
94. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тұруына арналған объектіні бөлек тұрған ғимараттарға, ішіне-жапсарлас салынған ғимараттарға, сондай-ақ оқу корпустарымен көрші ғимараттарға орналастыруға жол беріледі.
Жатын үй-жайлардағы ауданы 1 орынға кемінде 4 м2, полиемиелит және енжар параличтен зардап шеккен балаларға арналған мектеп-интернаттарда 4,5 м2 көзделеді.
ТжКБ, ОБКБ және ЖОО білім алушыларына арналған жатақханаларда 1 адамға кемінде 6 м2 аудан көзделеді.
95. Үй-жайлар олардың функционалдық мақсаттарына сәйкес жиһазбен жабдықталады.
Төсек-орын жабдықтары, жаңа және ескі киімдер мен аяқ киімдер, қатты мүкәммал қорларын сақтау үшін қойма үй-жайлары көзделеді.
96. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тәулік бойы болатын объектілерде шомылдыру төсек-орын жабдықтарын, іш киім мен орамалдарды бір уақытта ауыстыра отырып, кесте бойынша жеті күнде бір реттен сиретпей жүзеге асырылады.
97. Төсек-орын жабдықтарын, орамалдарды ауыстыру ластануына қарай, бірақ аптасына бір реттен сиретпей жүргізіледі. Лас киім-кешек кір жуатын орынға қаптармен (клеенкалы және мата) жеткізіледі. Матадан тігілген қаптар жууға тапсырылады, клеенкалы қаптар қолдануға рұқсат етілген жуу құралдарымен өңделеді. Таза киім-кешек жуылған қаптарда жеткізіледі. Төсек-орын жабдықтары жылына кемінде бір рет камералы дезинфекциялауға жатады.
98. Бір жатын орынға кемінде үш төсек-орын жабдығының болуы көзделеді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тұратын орны ұйымдастырылған объектілерде төсек-орын керек-жарақтары мен төсек-орын жабдықтары таңбаланады, жеке гигиенаға арналған заттар (тіс щеткалары, тарақтар, жөкелер) әр балаға жеке бөлінеді. Жеке тіс щеткалары, жөкелер жуынатын бөлмелердегі ашық ұяшықтарда сақталады.
99. Кір жуу объектінің кір жуатын орнында жүзеге асырылады, таза және лас киім-кешектің қарама-қарсы ағыны болмайды. Кір жуатын орын болмаған жағдайда кір жуу басқа кір жуатын орындарда бір орталықтан жүргізіледі.
Инфекциялық аурумен ауырған адамның киім-кешегі жуу алдында таңбаланған ванналарда дезинфекциялауға жатады.
100. ТжКО, ОБКБ және ЖОО білім алушыларына арналған студенттік жатақханаларда 4-6 адамға 1 себезгі, 1 қол жуатын раквина және 1 унитаз орнатылады. Әйелдердің жеке гигиенасы кабинасы 50 адамға шаққанда 1 кабина есебінен көзделеді және унитазбен, бидемен, себезгімен және қол жуатын раквинамен жабдықталады.
7-тарау. Объектілердегі тамақтану жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
101. Объектілердің ас блогтарына осы Санитариялық қағидалардың талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын нормалау құжаттарының талаптары қолданылады.
102. Тамақ ішу арасындағы интервал 3,5 – 4 сағаттан аспауы тиіс.
103. Тәрбиелеу және білім беру объектілерінде білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тамақтандыру нормалары ("брутто" массасында) "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысымен регламенттелген.
104. Объектіде перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық ұтымды, үйлестірілген мәзір жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің болу ұзақтығы, жас санаты ескеріледі, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді.
105. Жалпы білім беретін ұйымдардың бірінші ауысымының білім алушылары үшін бір-екі рет тамақтану – екінші таңғы ас немесе екінші таңғы ас пен түскі ас, екінші ауысымның білім алушылары үшін – бесін ас, ұзартылған күн топтары үшін – екінші таңғы ас, түскі ас және бесін ас көзделеді. Балалар тәулік бойы болатын кезде кемінде бес рет тамақтану көзделеді.
106. Жасқа байланысты граммен тағам порцияларының массасы осы Санитариялық қағидаларға 7-қосымшада көрсетілген.
107. Осы Санитариялық қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес тамақ өнімдерін ауыстыруға жол беріледі.
108. Мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмейді.
109. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант енгізіледі. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті екі-жеті күнтізбелік күнде бір рет енгізіледі.
110. Таңғы ас тағамнан (бірінші немесе екінші) және сусыннан (компот, кисель, шай және шырындар) тұрады. Жұмыртқаны, шырындарды, жемістерді, сары маймен немесе ірімшікпен бутербродтарды таңғы асқа енгізуге немесе жеке қабылдауға жол беріледі.
Түскі асқа салат, бірінші, екінші тағам (негізгі тағам еттен, балықтан немесе гарнирі бар құс еті) және үшінші (компот, кисель, шай және шырындар) кіреді. Пісірілген және жас көкөністерден оңай жасалатын салаттар дайындалады.
Бесін аста мәзірге тоқашпен және кремі жоқ кондитерлік өнімдермен бірге сусын (сүт, қышқыл сүт өнімдері, кисель, шырындар) енгізіледі.
Кешкі ас көкөніс (сүзбе) тағамынан немесе ботқадан, негізгі екінші тағамнан (ет, балық немесе гарнирі бар құс еті), сусыннан (шай, шырын, кисель) тұрады.
Қосымша екінші кешкі ас ретінде жемістер немесе қышқыл сүт өнімдері, тоқаш немесе кремі жоқ кондитерлік өнімдер енгізіледі.
111. Күн сайын тамақ ішетін залда объектінің басшысы бекіткен мәзір ілінеді, онда тағамдардың атауы, әр дайын тағамның шығымы көрсетіледі. Мәзірде көрсетілген тағамдар мен аспаздық өнімдердің атаулары пайдаланылған рецептуралар жинақтарында көрсетілген атауларға сәйкес келуі тиіс.
112. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 1-нысанына сәйкес деректер тез бұзылатын тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттардың бракераж журналына енгізіле отырып, олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар бар болған жағдайда жүзеге асырылады.
Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар қоғамдық тамақтану ұйымында сақталады.
113. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тамақтандыруда көрсетілген тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын зертханалық-аспаптық зерттеулер нәтижелері болған кезде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы ұйымдарда, білім беру ұйымдарының оқу-тәжірибелік және бақша учаскелерінде, жылыжайларында өсірілген өсімдіктен алынған азық-түлік шикізатын пайдалануға жол беріледі.
114. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ас блогының өндірістік үй-жайларында болуына және оларды тағам дайындаумен, көкөністерді тазалаумен, дайын тағамды таратумен, нан тураумен, ыдыс жуумен, өндірістік үй-жайларды жинаумен байланысты жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
115. Сусындарды құю тікелей тұтынушының ыдысына (стақандарға, бокалдарға) жүзеге асырылады, тарату алдында ортақ ыдысқа құюға жол берілмейді.
116. С витаминімен витаминдеуді балалар тәулік бойы болатын ұйымдарда осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 2-нысанына сәйкес деректерді С-витаминдеу журналына енгізе отырып, С витаминінің тәуліктік нормасы есебінен мектеп жасындағы балалар үшін – 70 миллиграмм мөлшерінде жүргізеді.
117. Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдері және оларды сақтау шарттары өндіруші (дайындаушы) белгілеген жарамдылық мерзімдеріне сәйкес келеді.
118. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазыту жабдықтарында және (немесе) тоңазыту камераларында және (немесе) тоңазытқыштарда жүзеге асырылады. Температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Сынап термометрлерін пайдалануға жол берілмейді.