ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 01.12.2023
Просмотров: 39
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 1 бұйрығына 88-қосымша |
Аграрлық-технологиялық бағыттың "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні бойынша техникалық және кәсіптік білімнің үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Аграрлық-технологиялық бағыттың "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәніне арналған үлгілік оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" бұйрықтарына сәйкес (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес әзірленген.
2. "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәнін оқыту мақсаты – білім алушыға мемлекетті қорғау негіздері туралы ойының қалыптасуын, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің арналуын және түрлері мен ерекшеліктерін түсіндіру, әскери қызметтің маңызын, Қазақстан Республикасының әр азаматының қасиетті парызы және міндетін оқыту.
3. Бағдарламаны іске асыру келесі міндеттерді көздейді:
1) әскери анттың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жарғыларының негізгі талаптары туралы білімін қалыптастыру;
2) әскери бөлімдердің қару-жарағы мен әскери техникасы, жеке құрамның өмірі мен орналасуымен таныстыру;
3) қажетті әскери білім мен практикалық дағдыларды ақпараттық технологияны пайдалана отырып робототты техникалардың, дөңгелекті машиналарды жүргізудің негіздері және төтенше жағдайда адам өмірі қауіпсіздігі негіздерінде қалыптастыру;
4) жастарға қазақстандық патриотизм мен Отанына деген адалдық сезімін дарытуға тәрбиелеу;
5) әскери істерге байланысты мамандық кәсібіне оң көз-қараста тәрбиелеу;
6) жеке қауіпсіздік және қоршаған ортаның қауіпсіздігі мәселелеріне саналы және жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру.
4. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні 12 бөлімнен тұрады: "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері – мемлекеттің әскери қауіпсіздігінің кепілі", "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа әскерлер және әскери құрылымдарының жалпыәскери жарғылары", "Тактикалық дайындық", "Атыс дайындығы", "Саптық дайындық", "Әскери топография", "Әскери робототехниканың негіздері", "Өмір қауіпсіздігі және ақпараттық технологиялар негіздері", "Әскери қызметтің құқықтық негіздері", "Атыс дайындығы" (2), "Технологиялық дайындық", "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" және "Оқу-далалық (лагерлік) жиыны".
Бөлімдерді, бөлімшелер және тақырыптарды құрастыру кезінде білім алушылардың белгілі бір кәсіби дағдыларын қалыптастыру үшін тақырыпты тереңдетіп оқытатын кадрларды даярлау бағытының кәсіби ерекшелігі ескерілді.
"Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәнінің негізгі мазмұны:
1) Білім алушылардың алғашқы әскери және технологиялық даярлығының мақсаттары, міндеттері мен мазмұны. Мемлекет қорғанысының конституциялық негіздері – Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелері. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, олардың құрамы және атқаратын қызметтері. Әскери-техникалық және өзге де мамандарды даярлау.Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері. Әскери бөлімнің жауынгерлік туы. Әскери анттың әскери қызметкерлерге қоятын талаптары. Болашақ Отан қорғаушының жалпы және кәсіби мәдениеті Әскери қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының қасиетті борышы және міндеттері. Экстремизм және терроризмнің ұлттық қауіпсіздікке тигізетін салдары – экстремизм түрлері: саяси, діни, экономикалық және экологиялық. Экстремизм, терроризм, олардың тән белгілері. Қазіргі әлемде Террористік қауіптердің арту себептері.
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа әскерлер және әскери құралымдарының жалпыәскери жарғылары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа әскерлер және әскери құралымдарының жалпыәскери жарғылары, олардың әскери ұжым қызметі мен тұрмыс-тіршілігіндегі маңызы. Әскери қызметкерлердің жалпы міндеттері. Әскери атақ және айыру белгілері. Білім беру мекемелеріндегі гуманистік тәрбие. Әскери қызметкерлер және олардың өзара қарым-қатынастары –Бастықтар және бағыныштылар, аға және кіші әскерилер, олардың құқықтары мен міндеттері. Әскери әдептілік ережесі және әскери қызметкерлердің тәртібі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік құқықтық, психологиялық-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру тәртібі. Бұйрық, оны беру жəне орындау тәртібі. Бастықтарға жəне шені жоғарылармен тілдесу ережелері. Әскери тәртіп, оның мәні мен мағынасы – Әскери тәртіп, марапаттау және жазалау. Әскери қызметкерлердің әскери тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттері. Сарбаздарға көрсетілетін марапат түрлері. Сарбаздарға берілетін тәртіптік жазалар. Білім алушыларды әскери қызметке даярлаудың құқықтық негіздері.
3) Мотоатқыштар бөлімшесін ұйымдастыру және ұрыстық мүмкіндіктері – Бөлімшені ұйымдастыру. Штаттық қарулану және ұрыстық техникасы. Бөлімшенің ұрыстық мүмкіндіктері. Әскери бөлімнің қару-жарағымен және жауынгерлік техникасымен танысу;
4) Калашников автоматы және қол пулеметі – Қару және патрондарды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары. Калашников автоматы және қол пулеметінің атқаратын қызметі, ұрыстық қасиеті, жалпы құрылысы және жұмыс істеуі. Қауіпсіздік және гигиена талаптары. Калашников автоматын (қол пулеметін) жартылай бөлшектеу жəне жинақтау – Автоматты жартылай бөлшектеу және жинақтау; Калашников автоматының атқаратын қызметі, бөлшектері мен механизмдерінің, патронының құрылысы. Калашников автоматын (қол пулеметін) атуға дайындау –Автоматтың керек жарақтары. Автоматтың атудан кейінгі тазалау және майлау тәртібі. Автоматты сақтау. Автоматтың оқтарын тексеру және атысқа дайындау. Ату кезіндегі кідірістер және оны жою амалдары. Жарықшақты қол гранаталары – Жарықшақты қол гранаталарының (РГД-5, РГН, Ф-1, РГО) атқаратын қызметі және ұрыстық қасиеті. Гранаталар мен тұтандырғыштың құрылысы. Гранатаны лақтырған кездегі бөлшектері мен механизмдерінің жұмысы. Гранатаны лақтыруға дайындау.
5) Сап және оның элементтері. Саптық тұрыс – Сап және оның элементтері. Алдын-ала және орындауға берілетін пәрмендер. Сапқа тұрғанға дейінгі және саптағы сарбаздың міндеттері Саптық тұрыс. "Сапқа тұр!", "Түзел!", "Тік тұр!", "Еркін тұр!", "Реттел!", "Тоқтат!", "Бас киімдеріңді (киімді) ШЕШ!", "Бас киімдеріңді (бас киімді) КИ!" пәрмендерін орындау. Бір орында орындалатын бұрылулар. Саптық және жорықтық адым – Бір қатарлы саптан екі қатарлы сапқа және қайтадан бір қатарлы сапқа тұру. Саптық және жорықтық адым.
6) Жергілікті жерде картасыз бағдарлау – Бағдарлау туралы түсінік. Компаспен, аспан денелерінің және жергілікті заттар бойынша көкжиек тұстарын анықтау. Өзінің орналасқан жері туралы мәлімдеу. Магнитті азимутты анықтау – Азимут және оны анықтау. Жергілікті жерде бағдарлаудың заманауи дербес жабдықтары. Жер бедерінің ерекшелігі. Спутниктік-навигациялық жүйелер туралы жалпы мәліметтер: GPS (Global Positional System), ГЛОНАСС, Galileo.
7) Әскери роботты техникалардың негіздері – Роботтар туралы жалпы мәліметтер. Әскери істе роботтарды қолданудағы техникалық қамтамасыз ету. Роботты басқару алгоритмі – Роботтың қозғалу траекториясын жоспарлау. Роботтар тобын ұжымдық басқару үлгісі және алгоритмдері. Роботтарға арналған тапсырмалар – Роботтардың атқара алатын қызметтері. Жекелеген тактикалық міндеттерді шешу: жергілікті жерлерде бағдарлау, роботтардың қиын жағдайларда қызмет ету тәртібі.
8) Шаруашылық объектісінің азаматтық қорғанысы – Шаруашылық объектісінің азаматтық қорғанысын (оқу орындарын) ұйымдастырудың құрылымы және оның міндеттері. Азаматтық қорғанысының əскери емес құрылымдар қызметі жəне жабдықталуы. Ядролық қару және оның сипаттамасы – Ядролық жарылыстардың түрлері. Ядролық жарылыстың зақымдаушы факторлары және олардан қорғану тәсілдері. Ядролық зақымдау ошағы және оның сипаттамасы. Әлеуметтік-технологиялық салдары. Нейтронды оқ-дәрілердің зақымдаушы әсерінің ерекшеліктері. Химиялық қару – Химиялық қару және оны қолдану белгілері. Улаушы заттар, олардың улағыш қасиеті және олардан қорғану тәсілдері туралы қысқаша түсінік. Химиялық зақымдау ошағы, алғашқы және екінші зақымдау аймақтары.
9) Биологиялық (бактериологиялық) қару – Биологиялық (бактериологиялық) қару, оның зақымдаушы әсері, қолдану белгілерін анықтау. Бактериологиялық құралдар, олардың улағыш әсері және олардан қорғану құралдары туралы қысқаша сипаттама. Бактериологиялық зақымдау ошағы, оның сипаттамасы. Бактериологиялық зақымдау ошағында жүргізілетін іс-шаралар. Карантин және обсервация. Тыныс алу мүшелерін қорғау құралдары – Жалпыәскери газтұмылдырық, оның атқаратын қызметі және құрылысы. Азаматтық газтұмылдырықтар құрылысының ерекшеліктері. Сауыт-қорғанысты (маска) таңдау, жарамдылығын тексеру, газтұмылдырықты жинау және қалтаға салу. Газтұмылдырықты алып жүру және пайдалану тәртібі, зақымдалған адамға газтұмылдырық кигізу тәсілдері. Жарамсыз газтұмылдырықты пайдалану. Тыныс алу мүшелерін қорғаудың қарапайым құралдары. Теріні қорғаудың жеке құралдары – теріні қорғауға арналған қарапайым құралдар, қосымша герметизациялау және сіңдіру арқылы олардың қорғаныс қасиеттерін арттыру. Арнайы қорғаныс киімінің (Л-1 жеңіл қорғаныс кеудеше, сүзгілі қорғаныс киімі, жалпыәскери қорғаныс жабдығы) атқаратын қызметімен және оларды пайдалану ережелерімен танысу. Ұжымдық қорғану құралдары – радиацияға қарсы тасалар мен панаханалар, олардың қорғау қасиеттері, жалпы құрылысы және іштей жабдықталуы. Қарапайым паналар. Эвакуациялау жəне халықты белгілеп шоғырландыру – Азаматтық қорғаныс дабылы және ол бойынша әрекет ету тәртібі. Эвакуациялау және орналастыру тәсілдері мен тәртібі. Эвакуацияланаушылардың міндеттері, олардың керек-жарақтары, қажетті жеке мүліктері, құжаттары мен азық-түліктері. Эвакуация бекетіндегі тəртіп, жүру бағыты жəне орналасатын орынға келу ережелер тәртібі. Террорлық қауіп-қатер кезіндегі адамдардың қауіпсіздігі – террорлық актілер бойынша қауіп-қатер төнген және террор болған кездегі азаматтардың атқаратын әрекеттері. Түрлі деңгейдегі қауіп-қатер төнген кезде әрекет ету тәртібі. Лаңкестік қауіпінің алдын алуда ақпараттық технологияның тиімділігі. Табиғи апат аймақтарындағы адамдардың әрекеттері – Табиғи апаттар, зілзалалар, олардың сипаттамалары және келтіруі мүмкін салдары. Табиғи апаттар және зілзалалар кезіндегі адамдардың әрекет ету тәртібі. Адамдардың табиғи апат салдарын жоюға, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізуге қатысуы. Жарақат алу, қан ағу және күйік шалу кезінде көрсетілетін алғашқы көмек – жарақат және олардың асқыну себептері туралы түсінік. Қансырау түрлері және олардың сипаттары. Күйік шалу себептері және олардың ауырлық деңгейлері. Естен танудың себебі. Жарақат алу және қансыраған кезде көрсетілетін алғашқы көмек. Асептика және антисептика туралы түсінік. Түрлі қайғылы оқиға орын алған жағдайда көрсетілетін алғашқы көмек – сүйектің сынуы және оларды анықтау туралы түсінік. Соғып алу, шығып кету, буынның созылуы және оларды анықтау белгілері. Шина салудың негізгі ережелері. Түрлі қайғылы оқиға орын алған кезде алғашқы көмек көрсету тәсілдері; Үсік шалу, күнге күю және жылудың әсері, олардың алдын алу және көрсетілетін алғашқы көмек. Электр тогы соққан кезде көрсетілетін алғашқы көмек және көмек көрсеткен кезде сақтауы керек қауіпсіздік шаралары.
10) Әскери қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметінің ерекше түрі – Әскери қызметті өткеру қажеттілігі. Қарулы Күштерді жасақтау үшін техникалық-технологиялық бағыттар бойынша азаматтарды даярлау. Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери міндеттері туралы заңдар. Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери міндеттерін сақтау – Әскери есепке алу, әскери қызметке даярлау, әскери қызметке кірісу. Келісімшарт бойынша қызмет өткеретін техникалық мамандықтар бойынша даярлау қағидалары. Әскери қызмет (баламалы, келісімшарт бойынша), запаста болу.
11) Технологиялық дайындық: Ату негіздері – Атыс құбылысы. Оқтың бастапқы ұшу жылдамдығы. Қарудың тебілісі. Траекторияның пайда болуы. Оқтың тесіп өту және қиратқыш әрекеті. Тура атудың практикалық маңызы. Ату ережесі – Арақашықтықты мыңдық формула арқылы анықтау тәсілдері. Көздеу (дәлдеу) элементтері. Қозғалмайтын нысандар бойынша көздеу нүктесін және көздеуішті тағайындау. Дөңгелекті машиналарды жүргізу негіздері мен ережелері – Қазақстан Республикасының жол жүру саласындағы заңдары мен өзге де құқықтық актілері. Көлік құралдарының санаттары. Жүргізушінің жұмыс орны. Жол қозғалысына қатысушылардың міндеттері – Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерінде қамтылған негізгі ұғымдар мен терминдер. Жүргізушілердің, жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың міндеттері. Жүргізушінің өзімен бірге болуы тиіс құжаттары. Бағдаршамдар мен реттеушінің сигналдары – Бағдаршам мен реттеушінің сигналдары. Арнайы сигналдарды қолдану. Авариялық сигнал беру және авариялық тоқтату белгісін қолдану. Маневрлеу. Көлік құралдарын жолдың жүру бөлігіне қою. Жол белгілері – Ескерту белгілері. Басымдық белгілері. Тыйым салу белгілері. Алдын ала жазылатын белгілер. Ақпараттық-көрсеткіш белгілері. Сервис белгілері. Қосымша ақпарат белгілері (тақтайшалар). Жол таңбалары және олардың сипаттамалары – Таңбалардың жіктелуі. Көлденең және тік таңбалардың талаптарына сәйкес жүргізушілердің іс-әрекеті. Көлік құралдарын пайдалануға жіберу жөніндегі негізгі ережелері.
12) Қауіпсіздік негіздері және қауіптерді жіктеу – Қауіптердің негізгі ұғымдары мен жіктелуі. Техника қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау қауіпсіздігі. Қоршаған орта мен адамның қауіпсіздігі – Физикалық, химиялық және биологиялық факторлар арқылы адам денсаулығына әсер ету. Әртүрлі тұрмыстық жағдайларда жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Электрлік және тұрмыстық газбен қауіпсіз жұмыс жүргізу. Тұрмыстық химия құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары. Компьютерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары. Техногендік сипаттағы қауіптілік – Өнеркәсіптік апаттар (авариялар), олардың қысқаша сипаттамасы және ықтимал салдары. Жарылыстық-өрт қаупі бар нысандардағы апаттар (авариялар). Гидродинамикалық апаттар. Экологиялық қауіпсіздік – Ауа және су құрамының ластануы. Минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану. Топырақтың ластануы. Экологиялық қауіпсіздікті сақтау ережелері. Табиғи жағдайда автономды өмір сүру-ерікті және мәжбүрлі автономия. Өмір сүру тәсілдері. Қажетті авариялық қор. Криминогендік жағдайларда өзін-өзі қауіпсіз ұстау негіздері – Көшедегі қауіпсіздік. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік. Адамдар көп жиналатын жерлердегі қауіпсіздік. Террористік акт қаупі кезінде жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Жарылыс қаупі пайда болған жағдайдағы тәртіп ережелері. Кепілдікке алынған жағдайда. Ақпараттық кеңістіктегі киберқауіпсіздік негіздері – Киберқауіпсіздіктің негізгі ұғымдары. Әлеуметтік желілерде қауіпсіз қарым-қатынас жасау ережелері. Ашық қол жетімді Wi-fi желілерін қауіпсіз пайдалану ережелері. Жаппай зақымдану кезіндегі алғашқы көмек көрсету – Алғашқы көмек көрсету ерекшеліктері. Көмектің түрлері. Зардап шеккендерді зақымдану ошақтарынан эвакуациялау тәртібі.