ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 3898
Скачиваний: 17
1-түйін, шырышты қабат деңгейінен сәл шығып тұрған «төмпешік» ісік,
2- шырышты қабаттың қабыршығы сәл желінген «жалақ» ісік,
3- шырышты қабаттың қабыршығы ойық жаралы ісік
Ісіктің эндоскопиялық бірінші көрінісінде шырышты қабаттың қабыршығында асқазан қуысына қарай шыққан өспе, түймешік сияқты қабыршықтан 5мм-ден артық емес болып көрінеді,
Екінші түрінде шырышты қабаттың өзектері білінбей кетеді де, бұл жер қатая түседі, түсі бозғылттау болып өзгереді. Шырышты қабат қабыршығындағы шұңқыр тереңдігі 5мм-ден аспайды. Біртіндеп бұл өзгерістер жайыла түседі де рактың жайылмалы түрін құрайды.
Үшінші – ойық жара түрінде - шырышты қабаттың қабыршығы терең ойық жараға айналады, оның тереңдігі 5 мм-ден асып кетеді.
Асқазан рагын патанатомиялық түріне сәйкес ісік түйінін 4-түрге бөледі:
-
«саңырауқұлақ» тәрізді,
-
«табақша» тәрізді
-
жайылмалы шекарасы белгісіз ісік,
-
жайылмалы-ойық жаралы боп өскен ісік,
Бірінші екі түрлері - экзофитті ісіктерді, ал соңғы екеуі - эндофитті ісіктерді қалыптастырады.
-
Экзофитті ісік сыртқы түріне қарағанда қырыққабатқа (капуста) ұқсайды; асқазан қуысына қарай шығып тұрады. Беті тегіс емес, адыр-бұдыр, бірақ шекарасы ап-айқын – сау ұлпадан бөлініп тұрады (№8- сурет),.
-
«Табақша» сияқты ракта, тығыздығы өте қатты, үлкен жара көзге көрінеді, оның жағалары білеулене көтеріңкі келіп, ортасы ойыс болып, беті іріңді қабықпен жабылады (№9- сурет),.
-
Жайылмалы ракта, асқазан қуысына шығып тұрған жағы білінбейді, бірақ оның қабырғасы қатты, өзектері өзгеріп, білінбей қалған ісік. Кейде бұл көрініс бүкіл асқазан бойымен мүшені тұтас жарақаттайды
-
Жайылмалы-ойық жаралы ісікте (№10- сурет),., асқазаннан және оның анық қабырғасынан жара анық байқалады да, ешқандай шекарасы білінбейді, ол мүшені тұтас зақымдайды.
№8- сурет. Түймешік тәрізді асқазан рагы
№9- сурет. Табақша- тәрізді асқазан рагы
№10- сурет. Жайылмалы-ойық жаралы асхазан рагы
Асқазан рагының гистологиялық құрылысы
Гистологиялық құрылысы жөнінен асқазан рагы, пайда болуына қарай былайша бөлінеді:
-
безді ( аденокарцинома),
-
коллоидты
-
тәнді (солидты),
-
жайылма клеткалы,
-
пісіп-жетілмеген,
-
жіктелуге келмейтін түрі болып бөлінеді
Осылардың ішінде жиі кездесетіні аденокарцинома. Оның ұлпасындағы ісік клеткаларының жіктелуі әртүрлі даму дәрежесінде болып кездеседі. Жетілген безді рак түрі экзофитті ракқа сәйкес келеді. Ісік клеткалары жіктелмей, пісіп жетілмеген, тәнді және тінді рактар эндофитті асқазан рагында кездесіп, өте қатерлі жүреді.
Бұлардың бәрі ісіктің пайда болу механизміне және сақтандыру шараларына қатысы жоқ. Ал, сақтану жолдарына және пайда болу механизміне тікелей ықпалын тигізетін әрекеттерге сәйкес асқазан рагы екі түрлі келеді:
-
интестинальды – түйінді,
-
жайылмалы рак
Енді морфологиялық құрылысы жөнінен және биохимиялық ерекшеліктеріне қарағанда интестинальды рактың мынадай өзгешеліктері бар.
Олар:
-
көбінде атрофиялық (сему) гастриттен кейін пайда болады,
-
тамаққа және қоршаған ортаға байланыстылығы шамалы келеді,
-
аурушаңдық көрсеткіші тым жоғары жерлерде жиі анықталынады,
-
еркектердің егде жасында кездесуі,
-
асқазанның кардий және антрум бөлімдерін жарақаттайды,
-
тұқым қуаламайды және қан топтарына (ІІ-А) қатысы жоқ.
Ісік айналасы өзгерген шырышты клеткалы қабыршықтарға өте бай келеді және бұлар ішекке ұқсамайды, ал жайылмалы ракта, асқазан шырышты қабатының эпителийі ішектікіне ұқсас болады. Оның клеткалары микроскоп көзінде - сақина тәріздес, басқалардан басым болып, біркелкі жайылып көрінеді.
Олардың ерекшеліктері:
-
интестинальды рак сияқты жиі кездеспейді – сирек тіркеледі,
-
ішектің шырышты қабыршығына ұқсас келеді,
-
жайылмалы өседі, жиі жараланады,
-
тамаққа және сырты ортаға байланыссыз жүреді,
-
жас адамдарда жиі болады,
-
еркектерді де, әйелдерді де бірдей зақымдайды,
-
тұқым қуалайды,
-
аурулардың көбісінде ІІА қан тобы байқалады.
Асқазан рагы негізінде лимфа мен қан тамыр жүйесі арқылы және тікелей жанаспалы жолмен, айналасындағы сау ұлпаларға көшеді. Сонымен бұларға қоса, ол асқазанның шырышты қабатының астымен жоғары қарай өрбиді. Міне, осындай ерекшеліктерінің арқасында, асқазан рагының эндофитті ісіктері, оның көзге көрініп тұрған түйін шекарасынан тыс, 7-8 см-ге дейін жерге таралады; ал экзофитті ісіктерде – 2-3 см-ден аспайды. Асқазан рагының кардий бөліміндегі ісік, оның ішкі қуысына және өңешке қарай таралады, ал ісіктің ұлтабарға қарай өсуі, тек асқынған ракта ғана кездеседі.
Кіші иіндегі рак кіші шарбы; тіпті, бауырдың сол жақ бөліміне, ұйқы безіне, ішкі лимфа бездеріне шейін тарауы мүмкін. Ал үлкен иін аймағындағы ісік, тоқ ішектің көлденең бөліміне, үлкен шарбы майына және асқазан-ішек байланыстарына, ұйқы безіне бөгелме ісік береді. Сирек жағдайда кардий бөлігіндегі рак, көк етті қоса зақымдайды. Осыған байланысты, зақымданған көршілес мүшелерде, соларға тән қосымша белгілер пайда болады. Дегенмен, бұл зақымданулар радикальды емге кедергі болмайды, бірақ болжамды нашарлатады.
Асқазан рагының өсу сатылары
Бұрыннан қалыптасқан жіктеу бойынша асқазан рагының 4 өсу сатылары бар:
І- сатысы: ісік, 3 см-ге дейін, тек шырышты және оның астынғы қабатында орналасқан, немесе ойық жара ракқа ауысса, бөгелме ісігі жоқ.
ІІа- сатысы:: ісік, 3 см-ден үлкен, бұлшық еттеріне жетіп, бірақ сыртқы іш пердесін зақымдамаған, бөгелме ісігі жоқ.
ІІБ- сатысы: ісік, жоғарыдағы екі өсу дәрежесіндей, аймақтық лимфа бездерінің бір-екеуін де бөгелме ісігі бар.
ІІІа- сатысы:: кез келген көлемдегі ісік, бүкіл асқазан қабаттарын зақымдап, өңешке немесе ұлтабарға жеткен, Көрші мүшелердің байланыс жүйелеріне дейін жетіп, бірақ оларды әлі зақымдамаған.
ІІІб- сатысы: кез келген көлемдегі ісік, аймақтық лимфа бездердің бірнешеуінде бөгелме ісігі бар, немесе артерия тамырларының бойындағы лимфа бездерінде бөгелме ісік бар.
IV- сатысы:: кез келген көлемдегі ісік, көрші мүшелерге көшкен, немесе жергілікті жерде орналасқан, қимылдамайтын ісік, сылуға келмейтін жағдайға келсе, немесе алыстағы мүшелерде бөгелме ісігі бар.
Алысты аймақтар мен ағзаларда бөгелме ісік болса, онда хирургиялық әдіс қолданбайды.
TNM жүйесі бойынша асқазан рагының жіктелуі
TNM жүйесі бойынша рактың өсу сатысы екі рет сыннан өтеді, алғашқыда клиникалық тәсілдердің нәтижесі бойынша, одан соң– морфологиялық зерттеулердің нәтижесін ескере отырып. Отандық жіктеуден айырмашылығы ісік түйінінің көлемі ескерілмейді, тек ісік асқазан қабаттарының қайсысына жеткенін анықтайды.
Т – ісік түйінін сипаттайды,
Тis- жайылмаған, эпителий ішіндегі рак,
Т1 – ісік шырышты қабатымен оның астыңғы бетін зақымдаған,
Т2 – ісік, терең сіңіп, анатомиялық бір бөліктің жартысынан асық емес жерін зақымдаған,
Т3 - анатомиялық бір бөліктің жартысына ісік толық жайылған, ал оның басқа анатомиялық бөлігіне жетпеген,
Т4 – ісік анатомиялық бір бөлігінен аса зақымдаған, немесе көрші мүшеге жайыла өткен.
N - аймақтық лимфа бездері.
Nо – аймақтық лимфа бездері білінбейді,
NХа –асқазан айналасындағы бездер зақымданған,
NХв - асқазанның барлық қан тамыр бойындағы лимфа бездері зақымданған,
NХс –қолқа айналасындағы, шарбы май мен мықын артериясының бойында орналасқан бегелме ісіктер, хирургиялық жолмен сылуға болмайды.
N1 -1ден 6-ға дейінгі лимфа бездерде бөгелме ісік бар,
N2– 7ден 15-ке дейінгі лимфа бездерде бөгелме ісік бар,
N3– 15-тен артық лимфа бездерде бөгелме ісік бар.
Мо – алыста бөгелме ісігі жоқ
М1- алыста бөгелме ісігі бар
Міне, осыларды ескеріп морфолог, ең аз дегенде лимфа бездердің 15-ін зерттеуі керек.
Асқазан рагын ТNМ жүйесіне байланысты топтастыру:
0- сатысы – ТisN0Мо
1а- сатысы – Т1 N0М0
1в- сатысы – Т1 - 2аб N0-1 М0
2- сатысы - Т1-2аб -Т3 N0-1 М0
3 а- сатысы - Т2аб,Т3-4,N0-2 М0
3 в- сатысы - Т3N 2М0
4 - сатысы - Т4 N 1-3 Мо Т1-3 N 3 М0, кезкелген Т мен N, М1
ҚАЖ-10 бойынша таңбалануы
Халықаралық ауруларды жіктеу бойынша асқазан рагы (онкология) С 16 боп белгіленеді (№11- сурет), ол гистологиялық дәлелденуі тиіс. Енді асқазан рагының анатомиялық бөлігіне қарай таңбалануы:
С 16.0- Кардиальды бөлігі
С 16.1- Асқазанның күмбезі
С 16.2 -Асқазанның денесі
С 16.3 -Антральды бөлігі
№ 11- сурет. Асқазан рагының анатомиялық бөлігіне
қарай таңбалануы
Асқазан рагының клиникалық белгілері
Асқазан рагындағы белгілер көптеген басқа ауруларда да кездеседі. Асқазан рагына жеке, тек өзіне тән белгілер болмайды. Бұлардың бәрі ісіктің ең алғашқы кезеңдерінде анықталмай, ауру асқынғанда ғана таза көрініс береді.
Ауырсыну сезімі – жиі кездесетін белгі. Бұл белгі ісік ауруына тән болса да, кейде қабаттасып келген ауруларға байланысты (көрші мүшелерді зақымдаса) келеді. Еш уақытта ісік алғашқы өсу сатыларында ауырсыну сезімін туғызбайды. Тек, кейде көп мөлшерде қабылдаған тамақтан кейін, іш толып, сыздап ауырады да, ол біраздан кейін өзінше басылып қалады. Бұған ауру адам көңілін де, ойын да бөлмейді, сөйтіп ісіктің асқынуына мүмкіншілік туғызады.
Ісік өсе келе өніп-өседі, көлемін ұлғайтады, бұл кезде тікелей белгілер шыға бастайды. Ауру адам дәрігерге келгенде іштің жоғарғы жағындағы ауырсыну сезімі тиянақты орын алғанын, біртіндеп сыздап ауыратынына шағымданады. Бұл ауырсыну сезімі тамақпен байланыстылығын жоғалтып, тамақ ішсе де, ішпесе де ауырсыну сезімі кетпейді. Ал енді ісік көрші сау мүшелерге көшкенде, онда ауырсыну сезімі жанға қатты батып, науқастың мазасын алады. Кейде ісік түйінінің орналасқан жері жүрекке жақын бөлігінде болса (кардийде), онда ауырсыну сезімі жүрекке беріліп, стенокардия ауруына ұқсап кетеді. Асқазан рагында ауырсыну сезімі төс астында болады.
Ауырсыну сезімі біртіндеп ұлғаяды, егер көрші сау тіндер, ұлпалар, мүшелер қосымша зақымданса. Егер ісік асқазан шеңберінен шықса, онда ауырсыну сезімі жауырынға, арқаға, төске, сол жақ қолға берілуі мүмкін. Кейде ауырсыну сезімі өз бетінше кетеді де, қайтадан одан бетер үдей түседі. Ал ісік ойық жараға айналса, онда ауырсыну сезімі тамақтан кейін ұлғаяды да, науқасты қатты мазалайды.
Дәрігерді күдіктендіретін нәрсе – ол асқазанның өзінен-өзі толып, «ісініп» тұруы, кекірік кернеп тек алғашқыда ауа шығып, кейіннен сасық иістің қосылуы. Құсық сирек кездеседі, ал оның тұрақты болуы – асқазанның антральды бөлігіндегі қуыстың тарылғанын көрсететін белгі.
Асқазан ауруларындағы тағы басқа белгілер, атап айтқанда «жүрек қыжылдау», «жүрек айнып, лоқсу», «кекіру» - бұлардың бәрі де орын алуы мүмкін. Сонымен бірге асқазан рагінде жалпы белгілер пайда болады, атап айтқанда: әлсіздік, тез шаршау, көңілсіздік, салмақ жоғалту, тамаққа тәбеттің шаппауы, іс-әрекеттің себепсіз төмендеуі, кейде, өз бетінше ашулану, немесе ешнәрсеге қызықпаушылық, қорқынышты үрейлену. Бұлар ісіктің алғашқы кезеңінде де, өршіген сатысында да кездесуі ықтимал. Әсіресе, тамаққа тәбеттің шаппауы - өте жиі кездесетін белгі. Бірақ бұл барлық адамда біркелкі келмейді. Кейде аштықты сезгенмен, тамаққа тойым сезімі үдеп, тамақ жеуден гөрі, көңілі асқа тойған секілді жағдайға тап болады. Күніге сүйсініп жейтін тағамы енді оған ұнамайтын боп шығады. Тамаққа деген тәбет кейде кішкентай бір нәрседен тез арада кетіп қалу білінеді. Міне, осындай түсініксіз нәрселер ісіктің алғашқы өсу кезеңінде кездеседі. Себепсіз салмақ жоғалту – қауіпті белгі.
Асқазанның шыға берісінің қыспағы тарылғанда - құсық жиіленеді, соңында ол ауру адамның өз қолымен қоздырады. Осылардың бәрі салмақ жоғалтуға әкеледі. Ең алғаш ол себепсіз орын алса, кейіннен арықтаудың соңы тек «сүйектер көрінуге» шейінгі жүдеуге дейін барады (кахексия). Бұл, әрине, ісіктің өршігенін, асқынғанын білдіретін белгі. Жалпы салмақ жоғалту 20-30% ауруларда болады. Осыған байланысты, егер адам емдәмсіз 2-3 ай ішінде 10-15 кг шейін салмақ жоғалтса, онда ең бірінші асқазан рагына күдіктену керек.
Әлсіздік, тез шаршау сияқты белгілер сирек болса да, кейбір ауруларда кездеседі. Алдымен еңбекке қабілеттілік төмендей бастайды да, жұмыс соңында ол шаршағаны сондай жатқысы келіп, дем алуды ойлап тұрады. Бұл белгілер үдей түседі, егер ісік асқазанның антрум бөлімінде орналасса. Себепсіз әлсіздік, тез шаршау асқазанның басқа ауруларында сирек кездесетіндіктен бұл белгілерге анамнез жинағанда ерекше көңіл бөлген жөн.
Осы көрсетілген белгілерден басқа, асқазан рагының алғашқы белгісі, ол психологиялық өзгерістер: ауру адамның қоршаған ортаға көңіл бөлмеуі, жеке дара болуы, ешнәрсемен қызықпауы, тұйық мінезді қалыптастыруы сияқты белгілер. Осындай өзгерістер туралы ауру адам өз бетінше дәрігерге шағымданбайды, себебі біріншіден бұлар өте сирек кездеседі; екіншіден ауру адамдар бұл белгілерге еш мән бермейді, үшіншіден көп адамдар (соның ішінде дәрігерлер де) бұларды басқа аурулармен байланыстырады, сөйтіп невропатологқа, психиатрлерге көрініп, уақытты созып, өткізіп алады.
Асқазан рагының «шағын белгілер» синдромы
Асқазан рагында көп белгілердің болуы ісіктің ерте өсу кезеңдерін анықтауға едәуір кедергі жасайды. Ауруды асқынған кезде анықтау оңай болғанмен, оны алғашқы сатысында дер мезгілде байқап, анықтау өте қиын. Оның себебі ісіктің бұл өсу сатысында білінуі, біріншіден бірнеше басқа ауруларға ұқсас келетіндігінен, екіншіден дәл осы белгі - асқазан рагының алғашқы өсу дәрежесіне ғана тән қасиет деп айту - қате пікір екендігінде. Осы клиникалық көріністер бүкіл ағзаның жалпы күйзелістерінен туындайды.
Осылардың бәрін ескеріп, А.И Савицкий 1947 жылы асқазан рагының алғашқы белгілері ретінде, оларды асқазан рагының «шағын белгілер синдромы» - деп атаған.
Олар:
-
ауру адамның ойы мен көңіл күйі, психологиясы өзгеріп,себепсіз әлсіздік, тез шаршау мен еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі,
-
психологиялық депрессия - ешнәрсемен қызықпаушылық, жалпы көңілсіздік және ортаға деген қызығушылық жоғалып, адам өзінше жеке дара өмір сүруге ұмтылып, барлығыда бірдей сенімсіздіктің (апатия) қалыптасуы,
-
тамаққа деген тәбеттің себепсіз бұзылып, оның біртіндеп төмендеуі, тіпті, бұрын сүйсініп жейтін тағамға енді «жүрек айнуы» мен лоқсуы,
-
асқазанда «қолайсыздық» белгісі туындап, іштің кебуі, толықсуы, Тамақ ішпесе де, ішкендей болып тұруы, асқазанға бір ауыр жүк түскендей сезініп, іштің жоғары бөлігінде ауырсынуы,
-
себепсіз дене салмағын жоғалтуы - арықтау, қан азаю, тері-көз айналасының бозарып, сарғыштануы.
А.И. Савицскийдің бұл белгілердің дені сау адамдарда да болуымен қатар бұлардың көбісі тек асқазан ауруларында кездесетіндігін баса айтып көрсетті.
Алғашқы, ерте пайда болған асқазан рагында - жоғарыда көрсетілген белгілер бір-бірімен байланыста және неше түрлі өзгерісті кездесуіне сәйкес, асқазан рагының алғашқы өсу сатысындағы белгілерін, ісік асқынып, өршіген кездегі белгілерден ажыратып алу - өте маңызды жұмыс болып саналады.