ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.12.2023
Просмотров: 73
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
- Тақсыр патшам, мен сізге нағыз шынымды айтайын. Бұдан он бес жыл бұрын еш адамға қатыссыз жүкті болып бір қыз тудым, сол қызым қазір он бес жасқа жетті, бүгінгі асты пісірген сол, - дейді.
Патша өзінің санаттарын жиып алып:
- Қазір шаһардың халкын түгел алтын көлдің жағасына сапка тұрғызыңдар, - деп бұйырады. Әлгі аспазшы қыз да баланы қыздарша киіндіріп жиынға алып барады. Халық жиналып болған соң, дереу шешініп суға түсуге тәртіп беріледі. Сол уақытта баланың ер екені анық-
талады да, бір санатына патша баланың басын кесуге бұйырады. Баланың басын алмақшы болған патша санаты баланың көрікті жүзінен есі ауып құлайды. Екінші санаты да оның аяғын құшады. Бұған ашу шақырған
патша балаға қылышын алып өзі ұмтылады. О да есі ауып құлайды. Есін жиып, Қорлығайым патша халқын таратады да, баланы өз сарайына енгізуге бұйырады. Сарайға келгенсін қыз патша балаға айтады:
- Менің саған ықыласым түсті, сондықтан өлтірмедім. Ықтияр болсаң, саған тиемін және тағымды беремін, - дейді Қорлығайым.
- Қарсылығым жоқ, - дейді бала, - бірақ сізге қояр бір тілегім бар, қабыл алсаңыз.
- Айт! - дейді қыз патша.
- Мен елімнен шықканда, патшамыздың әмірі бойынша, алтын су іздеп шығып едім. Сол іздегенім сіздің шаһардан табылды. Соны патшамызға табыс етсем деймін. Тілегім осы, - дейді бала.
Патша баланың тілегін қабыл алып, Шолақ пері деген бас санатына бұйрық береді: «Керекті мөлшерде алтын суды алып және мына баланы қанатыңа отырғызып Бағдат патшасына жеткіз», - дейді. Бағдат патшасының сарайына алып келіп түсіреді де, Шолақ пері былай дейді: «Патшаңызға кіріңіз де, алтын балық жүзетін хауызды көрсетіңіз және, - дейді ол, -
мен өзіңе керек болған кезде, мынаны тұтата қоярсың», - деп шашынан екі тал жұлып береді.
Бала патшасына кіріп бұйрығын орындап келгенін айтып:
- Хауызды қараңыз, - дейді. Қараса, хауыз алтын сумен лық толып тұрады. Оны көрген патша хисабы жоқ сыйлықтар береді. Бала үйіне барғанда әке-шешесі баласын танымай қалады. Қасірет пен қапалық шеккен сорлылар айтумен әрең таниды. Олар баласының аман келгендігіне үлкен той жасап жатқанда, патшаның жауыз санаттары баланы қалайда жоюға әрекеттеніп жатады. Олар тағы да патшаға келіп былай дейді:
- Зор мәртебелі, патша ағзам! Дәрежеңіздің бұдан да жоғары болғанын шын ниетпен тілейміз. Сіздің алтын балығыңыз да бар, ол еркін жүзетін алтын суыңыз да болды. Әрине, тақсыр, бұған өзіңіздің данышпандығыңыз арқылы жетіп отырсыз. Екінші жағынан, біздің көмегіміз болғанын
біліп отырсыз. Біздің сізге тағы бір берер кеңесіміз бар.
- Айтыңыздар, бағалы ұсыныстарыңды тыңдауға
әрдайым әзірмін, - дейді патша.
- Ол мынандай, дүниеде екі алтын құс бар дегенді
естиміз. Енді соны алдырсаңыз, мәртебеңіз бұрынғыдан
да артар еді, - деп азғырады олар.
Ақылсыз патша оған да иланады. Баланы шақырып алып екі алтын құсты тауып әкелуге бұйырады. Бұл жолы да бала үйіне қамығып келеді. Алайда ол Қорлығайымға барып ақылдаспақшы болады. Шолақ перінің екі тал шашын тұтатады. Сол-ақ екен, Шолақ пері жетіп келіп, баланы алып қыз патшаға көзді ашып-жұмғанша жетіп барады. Бала қыз патшаға өз патшасының тапсырмасын - екі алтын құсты іздейтінін айтады. Қорлығайым оны да өзі табатынын ескертеді. Шолақ періні өзінің басқа елде патша болып тұрған ағасына жұмсап былай дейді:
- Қорлығайым қарындасың ерге шығатын болды, со-
ның тойына шақырады және екі алтын құсын шашуға
алып келсін деп айтты де, - дейді.
Қарындасының тойына екі алтын құсын алып, ағасы да келеді. Сөйтіп Қорлығайымның отыз күн ойыны, кырық күн тойы өткенсін, екі алтын құсты алып бала Шолақ перінің қанатына мініп еліне келеді. Патшаға екі алтын құсты тарту қылып тартқасын патша разы болып патшалық тағына отыруға балаға өз орнын береді. Сүйтіп, кемпір-шалдың баласы екі елді өзі билеп, Қорлығайымды әйелдікке алып, барша мұратына жетіпті. Қорлығайымға аспазшы болған бағдаттық қыз сол баланың туған апасы, кемпір-шалдың тұңғыш қызы екен. Оны бес жасында белгісіз нәрсе көтеріп алып кеткен
екен. О да әке-шешесін көріп, қуанышқа кенеледі.
Қасқыр мен кісі
Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып, зорға құтылады. Қашып бара жатқан касқырды аңшылар көріп, артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады: «Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығынды, мені қабыңа салып, арқалап жүре бер»,— дейді.
Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтық, қылышын жарқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:
— Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе?—деп.
Кісі:
— Жаңа бір қасқыр анау шоқайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар,— дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға:
— «Жөніңе жүре бер, маған да бір жақсылық етерсің»,— дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге:
— «Мен сені жеймін, қарным ашты»,— деп тап-тап береді.
Егінші байғұс сасқалақтап:
— Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете ме екен, олай болса төрелетейік, қайсымыздікі жөн екен,— дейді.
Екеуі керісіп тұрғанда қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады. Түлкі:
— Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер, дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік,— дейді.
Қасқыр мен кісі «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:
— Қапқа кірмей сенбеймін,— дейді.
Қасқыр сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге:
— «Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді, қане мен көрейін, күздігүні егінді қалай соғып жүрсің?»—дейді.
Егінші құралын алып, қасқырды ұра бастайды. Түлкі:
— Енді қаптың аузын аш,— дейді.
Қасекең алды-артына қарамастан шыға жөнеледі. Артынан түлкі:
— «Көптен бері істемеген бір әділ төрем еді»,— деп сақ-сақ күліпті.
Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің айласымен ажалдан құтылыпты.
Батпан құйрық
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.
- Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
- Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
- Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
- Ал, түке, ендеше баста, - дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
- Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды:
- Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
- Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
- Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, - деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде:
- Тоқта, тоқта! - деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
- Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? - деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:
- Был-жыр-рра-ма...- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі.
Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:
- Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! - деп, күңкілдейді.
- Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! - деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады.
- Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! - деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.
Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, - деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
- Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, - дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі.
- Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! - дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.
Екі лақ
Ақ лақ пен Қара лақ әрі жүгіреді, бері жүгіреді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Мына жағы - қалың шілік, ана жағы - қалың бау. Маңайда ешбір қой-ешкі көрінбейді.
- Сен Ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі-берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер! - деп, Қара лақ Ақ лақты бүйірден бір түйіп кеп қалады. Қара лақ бір күн бұрын туған еді. Ол Ақ лақтың ағасы саналатын. Денесі шымыр, жұп-жұмыр, маңдайында екі мүйізі бар. Өзі барып тұрған сотқар, желбас еді. Ақ лақты «бауырым екен» деп аямайтын. Қит етсе «Ақ лақсың - ақымақсың» деп мазақтайтын. Ашуланса болды, мүйізімен бүйірден түйіп қалатын. Өзі және жалақор болатын. Бағана: «Бә-ә, бә-ә! Мына жердің шөбін қара-а!» - деп, қалың шіліктің ішіне бастап келген де өзі болатын. Енді адасқан соң, Ақ лақты жазғырып тұр:
- Ақ лақ - ақымақ! Жаның барда түс дейім алға! - деп, зекіреді Қара лақ тағы да. Ақ лақ әрі ойланады, бері ойланады. Жүрген-тұрған жерлерін еске алады.
- Ұзап кеткен қойды қалай табамыз. Кім біледі, ендігі тау асып, жайлауға жетіп те қалған шығар. Ал жайлауға барар жолды табу да оңай емес. Сонда да жол кесіп көрейін. Бірақ саған айтатын сөзім бар, ешкіммен егеспейсің, айтқанымды істейсің. Осыны орындамасаң, адасып өлеміз, - дейді Ақ лақ. «Өлеміз» деген сөзді естігенде Қара лақ үрейі ұшып қорқып кетеді. Қанша тентек болғанмен, Ақ лақтың тілін алуға уәде береді. Ақ лақ жол бастап, алға түседі. Қалың шөпті олай-бұлай жапырып жүріп отырады. Алдынан жыра кездессе - секіріп өтеді, тас кездессе - қарғып өтеді. Сөйтіп, екеуі бір кезде таудың етегіне ілінеді. Маңайда бір қара көрінбейді. Айнала жым-жырт. Ойда жоқта алдарынан бір Түлкі шыға келеді.
- Түу, өзің бір аппақ қардай, әдемі лақ екенсің. Ағаң да әдемі. Шаршап қалған шығарсыңдар. Біздің үйге соғып, дәм татып кетіңдер. Менің де өздеріңдей екі балам бар, бірге ойнайсыңдар, - дейді Түлкі. Ал өзі ішінен: «Ақ лақ кішкентай екен. Қапысын тауып, осыны жәукемдейін. Бірақ мұны көрген ағасы қорқып, қашып кетеді-ау!» - деп ойлайды. Не айтатынын күні бұрын ойлап қойған Ақ лақ былай деп, тіл қатады:
- Түке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді касқыр күтіп отыр. Ол Қара лақ екеумізді қонаққа шақырып еді. Сізге еріп кеткенімізді көрсе, ашуланады ғой. Қасекеңнің кәрі қатты. Мүмкін өзіңіз де бізбен бірге жүрерсіз.