ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Анатомия
Добавлен: 05.02.2019
Просмотров: 4620
Скачиваний: 11
Өңеш рагы
Өңеш анатомиясы
Өңеш-түтікше мүше (№1- сурет), оның ұзындығы 25 см., мойын, кеуде және іш қуыс бөлімдерден тұрады. Кеуде бөлімі үшке бөлінеді: жоғарғы 1/3, ол 2 кеуде омыртқасынан бастап, қолқа доғасының төменгі деңгейіне шейін; ортаңғы 1/3, - ол өкпе қақпасына сәйкес келетін жер; төменгі 1/3, ол өкпе тамырларынан басталып өңештің көк етке кіретін жеріне шейін. Кеуде бөлімі орталық кеуде аралығының артқы бөлігінде орналасады, онымен кеңірдек, сол жақ негізгі бронх, кеуде қолқасы және оның доғасы, кезбе және кері қайтқан көмей жүйкесі жанасады. Үш жерінде өңеш өзегі физиологиялық түрде тарылады: біріншісі – жұтқыншақтың өңешке айналатын жерінде, екіншісі – 4-5 кеуде омыртқаларының тұсында (бұл жерде сол жақ негізгі бронх бар), үшіншісі – көк ет тесігінде. Осы физиологиялық тарылған өңеш бөліктерінде рак ауруы жиі кездеседі.
Өңештің төменгі күрек тіске байланысты ұзындығы №2- суретте көрсетілген.
Өңеш үш қабаттан тұрады, оның ішкісі – шырышты, ортаңғысы – бұлшық еттерден және сыртқысы дәнекер қабаттан. Өңештің сыртқы қабаты қорғаныс қабілетін атқара алмайды, сондықтан рак ауруында ісік айналасындағы көрші ағзалармен сау тіндерге тез тарайды. Осы көрсетілген кейінгі жағдайларда операция жасалынбайды. Өңештің көлденең кесіндісі №3- суретте көрсетілген. Өңештің шырышты қабаты қалың боп келеді, ол жайылмалы клеткалы эпителиймен жабылады да, ол үдемі түлеп отырады, әсіресе егде жастағы адамдарда. Осы қабатта пайда болған рак жайылма клеткалы рак болып саналады.
№1-сурет. Өңеш анатомиясы
№2- сурет. Өңештің төменгі күрек тіске байланысты ұзындығы
№3- сурет. Өңеш қабатының .көлденең кесіндісі:
1 - эпителий; 2- лимфа фолликуласы; 3- ет қабаты; 4 - бездер; 5- шырышты кабаттың бұлшық еттері; 6 - көк қантамырлары; 7- артериялары
Өңештің шырышты қабаты ішкі бөлігіне жеткен жерінде цилиндрлі эпителиймен жабылып, асқазанға өткенде безді эпителиймен алмасады. Ал егер кардий қыспағы жеткіліксіз болған жағдайда, асқазандағы тұз қышқылы өңешке қарай өтіп, оның цилиндрлі эпителийін зақымдап, оларды безді эпителийге ауыстырады да, одан безді рак өнеді, ондай ракты аденокарцинома дейді. Өңештің мойын тұсы төменгі қалқанша без артериясы арқылы қоректенеді. Кеуде бөліміне аортаның кеуде бөлімінен өңешке арнайы шығатын қысқа тармағы келеді, ал төменгі бөлімі – сол жақ асқазан және төменгі көк ет артериялармен байланыста болады. Қан шырышты қабат астында орналасқан көк қантамырлары арқылы кері жүреді (№4- сурет).
Лимфа тамырлары өңештің барлық қабаттарында өте бай дамыған, олар арқылы лимфа сұйығы өңештің алдыңғы және артқы жағында орналасқан бұлшық еттері арқылы мойынмен, орталық кеуде аралығымен және іш қуысының жоғарғы бөлімінде орналасқан мүшелермен тікелей байланыста болады. Өңештің мойын бөлігінде: сатылы, ішкі күре тамыр, жоғарғы және төменгі мойын, өңеш айналасындағы (периэзофагеальды) және бұғана үстіндегі лимфа түйіндері; кеуде қуыс бөлігінде: жоғарғы өңеш айналасындағы (v.аzygos-тан жоғары), кеңірдек айрығындағы (бифуркациялық), төменгі өңеш айналасындағы (v. аzygos-тан төменгі), кеуде аралық, асқазан айналасындағы (құрсақтан тыс) лимфа түйіндері орналасады (№5- сурет). Осының нәтижесінде өңеш рагы барлық бағытта дамып, бөгелме ісіктерді береді.
№4- сурет. Өңештің қантамыр жүйесі
№5- сурет. Өңештің аймақтық лимфа түйіндері.
1- мойынның тереңгі лимфа түйіні; 2- кеңірдек айналасындағы (паратрахеальды) лимфа түйіні; 3-жоғарғы кеңірдек-бронх лимфа түйіні;
4- төменгі кеңірдек-бронх лимфа түйіні (бифуркациялық); 5- артқы кеуде аралық лимфа түйіні; 6- жоғарғы көк ет лимфа түйіні; 7- асқазанның сол жақ лимфа түйіні; 8- асқазанның оң жақ лимфа түйіні; 9- құрсақтық лимфа түйіні; 10 – кеуде өзегі; 11- кеуде өзегінің сол жақ көктамыр бүрышына құйылатын жері.
Өңеш рагының эпидемиологиясы
Жер шары бойынша өңеш рагының көп тараған жерлеріне - Солтүстік Иран, Қытайдың кейбір аудандары, Оңтүстік Африка, Түрікменстан және Өзбекстан жатады. Қазақстан бойынша барлық қатерлі ісік ауруларының ішінде өңеш рагының өзіндік салмағы еркектер арасында 5,6% тең болса, ал әйелдерде - бұл көрсеткіш 4,5% құрайды . Қазақстанда өңеш рагы барлық адамдарды қосқанда жиілігі жөнінен 5-орында, өкпе, тері, сүт безі және асқазан рактарынан кейін тұр. Ерлер арасында 4-орынды, ал әйелдер арасында 7-орынды алады. Республика бойынша (2006-2012 жж.) өңеш рагының орташа аурушаңдық көрсеткіші - 8,9%ooo құраса, онда оның өте жиі кездесетін жерлері бар (№6- сурет).
№6- сурет. Өңеш рагының Қазақстан облыстары бойынша орташа аурушаңдық көрсеткіші (2006-2012 жж.).
Ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіш - Қызылорда (23,0%ooo), Батыс Қазақстан (17,2%ooo), Маңғыстау (13,9%ooo), Атырау (13,8%ooo) және Ақтөбе (14,1%ooo) облыстарында тіркелсе, ал өте сирек кездесетін жерлерге - Алматы (6,2%ooo), Астана (4,2%ooo) қалалары мен Жамбыл (7,2%ooo), Солтүстік Қазақстан (7,1%ooo) және Оңтүстік Қазақстан (7,7%ooo) облыстары жатады.
Өңеш рагының Республикамызда жиі тараған аймақтарына - Батыс (14,7%ooo) пен Оңтүстік (11,1%ooo) өңірінің тұрғындары орын алады, ал ең төменгі көрсеткіші Орталық (7,3%ooo) пен Солтүстік (7,3%ooo)өңір мен Алматы (5,2%ooo) және Астана (4,2%ooo) қалалары алды (№7- сурет). Сонымен Қазақстанда жиі кездесетін аймақтардағы қазақ ұлтының тұрғындары, басқа ұлттармен салыстырғанда, өңеш рагымен 5-10 есе жиі ауырады.
№7- сурет. Өңеш рагының Қазақстан аймақтары бойынша орташа аурушаңдық көрсеткіші (2006-2012 жж.).
1980 жылдан бастап, (кейінгі 25-26 жылдың ішінде) Қазақстанда өңеш рагының аурушаңдық көрсеткіші төмендеуде. Бұл көрсеткіш 1989 жылы Қазақстан бойынша 15,5%ooo ке тең болса, ал ол 2003 жылы - 10,3%ooo-ке жетіп, 2006-2008 жылдары, орта есеппен - 8,9%ooo-ды құрап отыр. Мұндай қарқын республиканың барлық облыстарында да байқалып отыр. Аурушаңдық көрсеткіші өңеш рагынан жоғары болған Батыс аймағындағы облыстарда – 1989 жылы Атырау (30,1%ooo), Ақтөбе (23,1%ooo) және Батыс Қазақстан (25,6%ooo) облыстарында ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіш тіркелсе, ал осы баламалы көрсеткіш 2008 жылы – 14,0%ooo, 14,5%ooo және 17,5%ooo, сәйкестікте, тең болып, шамамен 1,5-2,0 есе төмендеп отыр. Соңғы жылдары онкоэпидемиологиялық зерттеулердің нәтижесінде өңеш рагының таралу ерекшеліктері де анықталып отыр. Соның ішінде көршілес Қырғызстанда жүргізілген ғылыми жұмыс бойынша, өңеш рагының таулы аймақтағы ерекшелігі байқалып, оның аурушаңдық көрсеткіші теңіз деңгейіне байланыстығы анықталған (№8- сурет). Халықтардың теңіз деңгейінен бастап, одан төмен және биікті жерлерде қоныстануына қарай, өңеш рагының аурушаңдық көрсеткіші әрбір 200- 500 метрге биіктеген сайын төмендей берген (№ 9- сурет).
Қазақстандағы Атырау облысындағы (-28,5 тен 100 м. дейін) тұрғындардың өңеш рагымен аурушаңдық көрсеткіші, Қырғызстандағы Нарын облысымен (2500 м биік) салыстырғанда 17 есе, Ыстық-Көл облысымен (1600 м.) - 9 есе, Чуй облысымен (1200 м.) - 8 есе артық кездескен. Сонымен қатар таулы жерде тұратын елдердің этникалық тобына байланысты ерекшелігі анықталған. Жергілікті қырғыздардың өңеш рагымен аурушаңдығы, сол жерде тұратын қазақтармен салыстырғанда 2-3 есе сирек шалдығатыны, ал Қырғызстанда тұратын қазақтар, тарихи отанында тұратын отандастарымен салыстырғанда 5 есе кем ауратыны анықталған. Бұл көрсетілген өзгешіліктер таулы жердегі гипоксиямен байланыстылығы дәлелденген. Жалпы қатерлі ісіктер, оның ішінде өңеш рагы, таулы гипоксияға бейімделген адамдарда сирек кездесетіні анықталған.
№8- сурет. Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы әртүрлі теңіз деңгейінен биікте тұруына байланысты өңеш рагының орташа аурушаңдық көрсеткіші (1979- 1981 жж.)
№ 9-сурет. Қырғызстандағы негізгі этностық топтағы адамдардың өңеш рагымен аурушаңдық орташа көрсеткіші (1959-1983 жж.)
Қазақстандағы өңеш рагымен аурушаңдық көрсеткішінің динамикасы былай сипаталады: 1980 жылғы көрсеткіші – 20,3%ooo болса, 1990 жылы --15,0%ooo, 2000 жылы бұл көрсеткіш - 11,2%ooo, ал 2005жылы - 9,3%ooo-ке дейін төмендеп, соңғы үш жылда 8,9%ooo-ға тен болған.
Қазақстандағы өңеш рагымен аурушаңдық көрсеткіші мен өлім-жітім көрсеткіштерінде аса айырмашылық жоқтың қасы. 2006 жылы ауру көрсеткіші 9,8%ooo болса, өлім осы жылда 8,0%ooo болған. Бұл көрсеткіштер аурушаңдық пен өлім-жітім арасында аса алшақтықтың жоқтығын айқындайды. Оның себебі алғаш рет өңешпен аурған адамдардың ішінде соңғы сатысындағы рактың меншікті үлесі жоғары болуына байланыстығында болып отыр. Сонымен, өңеш рагымен аурғандардың ішінде, олардың бір жылдық өмір сүру көрсеткіші (49,5%) ең жоғары болуы, жоғарыдағы жалпы өлім-жітім көрсеткішімен тікелей байланысты болып отыр.
Өңеш рагының жас пен –жыныс аралық ерекшеліктері әртүрлі болады. Әлемдік стандарт бойынша, анықталған еркектер арасындағы аурушаңдық көрсеткіш, әйелдерге қарағанда 6 есе жиі болған. Жас ұлғайған сайын аурушаңдық көбейе береді де, - ең жоғарғы көрсеткіш егде жастағы адамдарда кездеседі, ал 60 жастан асқандар, 40-49 жастағыларға қарағанда 10 есе жиі өңеш рагымен аурады (орташа жас 66 жыл).
Өңеш рагын қоздырғыш себептер әр жерде әртүрлі. Науқастардың жиі кездесетін жерлерінде рак қоздырғыш заттар тағаммен тікелей байланысты келеді.
Солардың ішінде өте зияндысы:
-
ыстық сусындар мен тағамдар,
-
мұздаған еттер мен ұсақ сүйекті балықтар,
Ал енді, осы ісікпен сирек зақымдалатын жерлерде, зиянды әсерін тигізетіндерге мыналар жатады:
-
темекі тарту,
-
арақ пен басқа жоғарғы градустағы ішімдіктер.
-
тағамдағы нитрат пен нитрит мөлшерінің көбейуі,
-
ішімдік судағы мұнай қалдықтары,
-
химиялық канцерогенді микроэлементтер (стронций, молибден, мыс, қалайы т.б.),
-
табиғи жер бетінде ағатын, оның астындағы сулардың, топырақтың нитрозаминді құратын заттар мен ыластануы.
Міне ер-азаматтардың әйелдерге қарағанда жиі ауыратындығы осылармен байланысты. Әрине, тағамның біркелкі болуы, әсіресе, көкөністердің кемдігі және асқазан сөлін де нитрозамин құрайтын заттардың көбеюі де, ерекше маңызды орын алады. Үйткені қазіргі кездегі химиялық канцерогенді нитрозаминдер тікелей тек қана өңеш рагын қоздыратыны дәлелденген.
Өңештегі ісік алды өзгерістері
Зиянды әрекеттердің ұзақ уақытқа созылуы міндетті түрде, өңештің созылмалы қабыну ауруларына (эзофагиттер) әкеледі. Эзофагиттер өңеш рагының ісік алды ауруы болып саналады. Созылмалы эзофагиттің ішінде асқынған дәрежедегі дисплазия өте қауіпті, бұл ауруда тез арада жазылып кету мүлдем болмайды.
Өңештің төменгі бөлігінде көбінесе эзофагиттер асқазан сөліндегі қышқылдың көбеюі нәтижесінде (қышқылы жоғары гастриттер) - жүрек қыжылының тиянақты қалыптасуынан пайда болады, себебі асқазан сөлі кері өңешке құйылады, сөйтіп оның ішкі шырышты қабатын күйдіреді. Ұзаққа созылған бұл үрдіс қалыпты жағдайдағы өңеш қабыршығын (жайылма клеткалы ұлпа) басқа түрге – безді қабатқа айналдырады. Мұны Баррет өңеші деп атайды, яғни безді шырышты қабатты өңеш деген сөз. Мұндай ісік алды өзгерістері бар адамда, өңеш рагы 30-40 есе жиі анықталады.
Баррет өңеші пайда болу үшін, алдымен өңештің шырышты қабаты қабынып, қызарады, содан кейін жалпақтанады және жараланады, осылайша эзофагит түзеді. Бұл кезде, жүрек қыжылы көтеріліп, төс асты ауырады, әсіресе, ас жүргенде. Осы белгілер ылғи түнде, ішілген тағам қорытылған кезде байқалады. Ауру адам көбінесе жүрек қыжылын басу үшін сілтілі ерітінділерді (сода, минералды сулар) пайдаланады. Ісік алды өзгеріс көпке созылады, сөйтіп жай эзофагит біртіндеп жайылмалы жараланған эзофагиттерге - ісік алды өзгерістің асқынған созылмалы түріне - айналады.
Өңештің шырышты қабатының дисплазиясы басқа да жағдайлардан болуы мүмкін:
-
химиялық ерітінділермен өңештің күйіп қалуы (химиялық күйік),
-
кардий қыспағының қызметі нашарлап, оның толық жабылмауынан, асқазан қышқылы өңешке кетіп, онда эзофагиттерді туғызады.
-
кардий қыспағының қызметінің бұзылуы көк ет тесігінің жарығында да сезіледі,
-
кардий ахалазиясында (кемістігі, ақаулығы),
-
Пламмер-Винсон ауруында.
Өңеш ахалазиясы деп, кардийдің қыспақ бұлшық еттерінің мезгілімен босаңси қоймайтындығын айтады. Өңештің бұлшық еттері қатты жиырылып, одан тағам өту қиындап, бұзылады. Тар тесіктен тағамды жүргізу үшін өңеш бұлшық еттері тұрақты түрде жиырыла бере, қалыңдап кетеді де, өңеш қуысы кеңейеді. Бұл ауру адамдардың жас кезінде байқалып, ұзаққа созылып, тағамды жұтынған кезде төс асты ауыра бастайды, сонымен бірге ас жүрмей адам құсуға мәжбүр болады.
Пламмер-Винсон синдромы - синдромы өңеш рагына эндемия болатын жерлерде жиі кездеседі – оларға Каспий, Арал, Заполярья аймақтары жатады. Онда ауыз қуысындағы шырышты қабат жұқарып, ауыз кебеді. Клиникалық тұрғыдан мұнда витаминдер жетіспегендіктен қан азаюы, ахлоргидрия, атрофия сияқты өзгерістер шырышты қабаттарда орын алады. Бұларға қосымша біркелкі тағамдар, әсіресе, темірдің, витаминдердің жетіспеушілігі ерекше орын алады. Осындай құбылыс көмейде, жұтқыншақта, өңеште де байқалады. Ағзада қан азаюы байқалып, зат алмасу нашарлайды. Теріде, тырнақтарда дистрофиялық өзгерістер сезіліп, адамда дұрыс тағам жүрмейді, жұтыну нашарлайды - сидеропениялық дисфагия сезіледі.
Липома, фиброма, лейомиомалар (№10- сурет) өз бетінше кауіп тұғызбағанмен өңеш қуысын бітеу арқылы қосымша өзгерістер тұғызуы әбден мүмкін, міне, осылардың әсері түбінде ракқа ұшыратады.
Өңештің ісік алды өзгерістерінен сақтану жолдары
Олар:
-
созылмалы эзофагиттерді, гастриттерді емдеу және оларды болдырмау,
-
темекі тарту мен арақ ішумен күрес,
-
тым ыстық тағам ішпеу және мұздалған етті жемеу,
-
әртүрлі тағамды, көкөністерді, витаминдерді (А,В,С) қолдану.
№ 10- сурет. Өңештің лейомиомасы
Өңеш рагының патологиялық анатомиясы
Өңеш рагы көбінесе өңештің қуысы тарылған жерлерде жиі кездеседі. Өңештің тарылуы кеуде бөлігінде жиі болғандықтан бұл жерде рак 40-60% жағдайда анықталынады. Екінші орынды өңештің төменгі бөлігі алып жатыр (25-40%), ал мүшенің жоғарғы мойын бөлігі өте сирек зақымданады себебі олардың тарылуы табиғатта аз кездеседі.
Өңештің рагы патанатомиялық көрінісі бойынша үш түрде кездеседі.
Олар:
-
Экзофитті (түйінді),
-
Эндофитті (жайылмалы),
-
Аралас, түрлері.
Экзофитті (түйінді) түрінде (№11- сурет), ісік өңеш қуысының ішіне қарай өседі, шекарасы көзге тегіс боп келіп, ісік клеткасы тез ыдырап, айналасындағы шырышты қабаттан шығып, білеуленген ойық жара пайда болып, өсе келе өңешті тарылтып, оның жоғарғы бөлігі кеңейеді. Ұлпаның тығыздығы өте жұмсақ келуіне байланысты мұны ісікті ми тәріздес рак деп те атайды.
Эндофитті (жайылмалы) түрінде(№12- сурет), ісік шекарасын көзбен анықтау қиын, ол өңештің шырышты қабатының астымен жайыла өсіп, өсу бағыты өңеш бойымен айнала өрбіп, сақина сияқты қысады, ұлпасы өте қатты келеді, Рактың бұл түрінде дәнекер клеткалар басым болғандықтан қатты скиррозды түрі пайда болады.
Жайылмалы-ойық жаралы (аралас) түрі өте жиі кездеседі (№13- сурет). Бұл түрінде өңештің шырышты қабатында ойық жара болып, ол көрші сау тіндерге жайылып, оларды тез зақымдайды. Жараның шеттері білеуленіп, көтеріліп тұрады, ол қолға өте қатты сезіледі, шекарасы тегіс келмейді, ағымы өте қатерлі болып, тез өсіп, бөгелме ісік береді.
Өңеш рагының экзофитті түріне - полип тәріздес ісік жатады, оның болжамы қолайлы. Мұнда өңеш қуысында өсінді пайда болып, ол жіңішке аяғымен өңеш қабырғасымен байланысады, жайылып кетпейді, тек бір жерде ғана өсіп тұрады.
№11- сурет. Өңештің экзофитті рагы
№12- сурет. Өңештің эндофитті рагы
Гистологиялық құрылысы бойынша өңеш рагы негізінде жайылма клеткалы (90-95%) түлейтін және түлемейтін болып кездеседі. Өңештің безді рак түрі (3-5%) және карцино саркомасы өте сирек тіркеледі. Өңештің төменгі іш қуысындағы бөлігінде және Баррет ауруында көбінде безді рак кездеседі.
Өңеш рагының өніп-өсуі мен бөгелме ісік болып жайылуы, көбінесе ол шырышты қабатының астымен тікелей және жалпы лимфа жүйесі арқылы орындалады. Қан жолы арқылы бөгелме ісік бауырда орналасады. Өңештің қабырғасын бойлап, ісік лимфа тамырлары арқылы жоғары бағытта, көрініп тұрған ісік шекарасынан 4-5см-дей қашықтыққа таралып, бөгеме ісік береді. Ал өңештің іш қуысындағы бөлігінен, лимфа жүйесі арқылы асқазанның кардий аймағының, кіші иірім жағына бөгеме ісік тарайды. Ісіктің бұл қасиетін өңешке операция жасағанда ұмытпау керек. Өңеш рагында операциялық емнің тиімділігі және жалпы болжам мүмкіншіліктерінің жақсы болуы, ісік түйінінің көлеміне, патанатомиялық түрінің пішініне, өсу бағытына, мүше қабырғаларының зақымдану үрдісіне тікелей байланысты келеді.