ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 834
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің, әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері мен кемшіліктері ұлттық қатынасқа да әсерін тигізбей қойған жоқ. Мемлекет басшылығы ұлт мәселесінде ешқандай проблема жоқ, ол мүлтіксіз шешілген деп санады. Сөйтіп, ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау орын алды. Ал іс жүзінде ұлт мәселелері жүйесінде қайшылықтар, келеңсіз жағдайлар қордалана түскен еді. Оған 1922 жылы федерациялық мемлелкет болып құрылған КСРО-ның іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетуінің үлкен әсері тиді. Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін-өзі билеуі өмірлік тәжірибеде ұмыт болды.
Бұл жылдары интернационализм түсінігі жаттанды идеологиялық, құрсауда болатын. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Міне, осымен байланысты интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді, немесе оны бүтіндей алмастырды. XX ғ. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді, ұлт республикаларында тұратын халықтар мен ұлттардың дамуында орыс мәденитінің рөлін асыра бағалау процесі жүрді.
Интернационализмді дұрыс түсінбеу Қазақстанда тіл саясатында тек ұлтаралық қатынас тілін ғана колдап, ал ұлт тілі туралы үндемей қалуға әкеп соқтырды. Республикада кеңінен насихатталған қос тілділік екі тілге бірдей қараған жоқ. Орыс тілін республика қазақтарының 60 пайызы меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1 пайызынан азы ғана меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық және әскери өмірде, сол сияқты жоғары мектептерде қолданылмады. Республикада шыққан кітаптардың 95 пайызы орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 пайызы эфирге орыс тілінде берілді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі республикада өзінің көлеңкелік жақтарында көрсете бастады. Атап айтқанда, 1979 ж. жазда Ақмолада қазақтардың неміс автономиясын құруға қарсы шығуы ұлттық қатынастардағы қоза түскен қарама-қайшылықтың көрінісі еді.
XX ғ. 70-80-ші жылдарында партияның жоғары эшелондарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек естіле бастады. Мұның өзі барып тұрған екіжүзділік үндеу еді. Өйткені оны басшы органдарында отырғандардың орындауы міндетті болмады. Талап тек қана республиканың төменгі буындағы ком-мунистерге бағытталды. Ішкі партиялық жұмыстарды жақсарту мен жетілдіру жөніндегі көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды. Сондықтан Қазақстандағы төменгі партия органдарының қызметі де барған сайын жасандылыққа бой ұрды. Жергілікті партия басшыларынан қатып қалған жаттандылық және дүмшелік пен цифр-лардан,алуан түрлі есеп құрастырудан басқа ешнәрсе талап етілмеді. Партия беделі тез құлдырай түсті. Оның үстіне бұл кезде партиялық-мемлекеттік, әскери, шаруашылық номен-клатурасына берілген артықшылықтар ерекше көзге шалынды. Мұндай артыкшылықтар әлеуметтік теңсіздіктің арнаулы түрін туғызды. Бюрократия артықшылықтарды бөлуде шендік принципті қатаң сақтады. Олардың көлемі қызмет орнының дәрежесімен белгіленді.
Сонымен, Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев айтқандай, тоқырау өмірдің барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да орын алды, Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.
Тақырыбы: Қазақстандағы «Қайта құру» саясаты және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
1. "Қайта құру" кезеңіндегі республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер.
2. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
3. Қазақстанның әлеуметтік және мәдени дамуындағы қиындықтар
1. 1985 жылғы сәуір айында Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетінің Бас хатшысы М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ бұл шешім тек сөз жүзінде қалды. Іс жүзінде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездетті. Оны Қазақстанның партия, Кеңес органдары қызметінен байқауға болады.
Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың тандауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Қазақстан Компартиясының, Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н. Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
2. Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д. А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г. В. Колбин сайланды.
Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халкының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында "Әр халыктың өз ұлттық көсемі болу керек" деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г. В. Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С. М. Мұқашев, Н. Ә. Назарбаев, 3. К. Камалиденов, О. С. Мирошхин, М. С. Меңдібаев, А. П. Рыбников, Л. Е. Даулетова, В. Н. Лобов, т. б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.
Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г. В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар жүрді. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Олар жастарды мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Осыған байланысты үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш колдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық, Комитеті "Қазак республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы" арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей-тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемелекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны "Қазақ ұлтшылдығы" деп айыптауға дейін барды.
Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайызы, ал қалалық және аудандық, партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орнынан алынды. Мұндай тазарту жұмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г. В. Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г. В. Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н. Ә. Назарбаев сайланды.
Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында еңбекшілердің азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Халық арасында орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халыктың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті.