ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 20
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ХТАМР: 17.01.13
А.А.Омарбекова (orcid - 0000-0001-6139-4873)
№24 мектеп-зимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қ., Қазақстан
e-mail: anel.abdikarim2005@mail.ru
Ұлы даланың алып жыршысы-Жамбыл
Аннотация: Бұл ғылыми мақалада Жамбыл Жабаевтың өмірі, шығармашылығы суреттеледі. Жамбылдың құдіреті оның осындай ақын шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңқалдырғаны айтылады . Ақынның қазақ поэзиясына қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, жыр дүлділінің қоғамдағы мәртебесін айқындайды. Жамбыл Жабаев қазақ даласында ешқашан ұмытылмайтын ақын.
Аннотация: В этой научной статье описывается жизнь, творчество Жамбыла Жабаева. Говорят, что могущество Джамбула поразило мир не только таким мастерством поэта, но и огромной Байтереком народной поэзии, а также новомодной индивидуальностью народных поэтов . Поэт внес большой вклад в казахскую поэзию. Кроме того, он определяет статус поэмы в обществе. Жамбыл Жабаев - поэт, который никогда не забудется в казахской степи.
Annotation: This scientific article describes the life and work of Zhambyl Zhabaev. It is said that the power of Dzhambul amazed the world not only with such a poet's skill, but also with a huge Bayterek of folk poetry, as well as the new-fangled individuality of folk poets. The poet made a great contribution to Kazakh poetry. In addition, it determines the status of the poem in society. Zhambyl Zhabayev is a poet who will never be forgotten in the Kazakh steppe.
Түйін сөздер: Ақын, , шығармалары, Сүйінбай ақын, айтыстар.
Кіріспе.Жамбыл Жабайұлы – суырып салма ақын, жырау,жыршы. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген.Отбасылық аңыз бойынша, Жамбылдың анасы Ұлдан оны Ыстыбай ауылы (Жамбылдың атасы) кезекті рет рейдтерден қашқан кезде туған. Бұл Жамбыл тауының жанында ,қазіргі Отар станциясының солтүстік-шығысында, Шу өзенінің жоғарғы ағысында болды. Балаға таудың құрметіне Жамбыл есімі берілді. Ақын өзінің "Менің өмірім" атты өмірбаяндық поэмасында осы отбасылық дәстүрді былайша баяндайды:
Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей, көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.
Негізгі бөлім.Бала Жамбылға көптеген құбылыстар қызық болды . Ол әртүрлі әндерді, көңілді ертегілерді білетін шопандардың әнгімелерін тыңдағанды ұнататын. Ол шежірешіден рулар мен тайпалардың шығу тегі, өткеннің көрнекті адамдары туралы әңгімелерін тыңдады. Бала он төрт жасқа толғанда, ол батыл әрекетке бел буды – әкесіне домбырамен келіп, батасын сұрады. Жабай ұлына батасын бермеді. Себебі ол баласының домбырада ойнағанын қаламады. Оған қарамастан ,Жамбыл атақты ақын Сүйінбайдың шәкірті болды. Жамбыл ұзақ жылдар бойы ұстазына еріп, сөзін тыңдап, ақындық тәжірибесін бойына сіңірген. Ұстазы Жамбылға: «Қайырлы күн, жолың болсын, балам. Ел жадынан өшпейтін, халық қуанып жаттайтын өлеңдер жаса, өлеңдерің жеке адамдар ғана емес, бүкіл халық тыңдасын. Өлеңдерің кеудеңнен емес, жүрегіңнен төгілсін. Шындық туралы айтқанда, әділдікті жырла, басқалар басқан жолмен жүрме - өз жолыңды тап, айналада не болып жатқанын байқа және біл. Жан дүниең ханның қазынасынан да бай болсын», – деді. Яғни кетерінде ақ батасын берген.
Алғашқы "Шағым", "Әкеме", "Сарыбайға" деген өлеңдері қайсар да батыл Жамбылдың ақындыққа барар жолдағы кедергілерді жеңуге деген жігерлі талпынысын да, ақындық айтқыштығын да танытады. "Шағым" деген өлеңінде "бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан", "айтқаны ішке қонбаған", не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді.
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жон жағым,
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды, –
деп шағынады "молдадан" күдер үзген жасөспірім. "Әкеме" деген өлеңде бала
Жамбыл әкесіне: "Батаңды бер, ақын боламын", – дей отырып, әкесінің әлденендей
іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді.
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
"Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті" дер, әке.
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң
Елде болар береке.
"Ұрлық түбі – қорлық" деп,
Болармыз құр келеке.
Екі өлеңдегі де он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді
Жиырма жасқа келген шағында Жамбыл Жабаев Жаныс ақынмен кездесіп жеңіп шығады. Жаныс ақын Жамбылмен кездескенге дейін Шықай деген акынды жеңген. Шықай Жамбылға көрші ауылдан екен. Сол айтысты көзімен көргендер Шықайдың жеңіліп қалғанына намыстанып: Жамбылға келіп шағынады. Айтыс дегенде түлеп, томағасын тартқан қырандай дүр сілкініп, шыға келетін жиырмаға жаңа ғана іліккен ақын Жаныс ақынмен кездесуге асығады. Шықайды жеңген соң Жаныс ақынның да көңілі тасып, қалайда Жамбылмен айтыссам деген желікті көңілдің жетегіне түседі. Акыры, бұл кездесудің сәті түседі. Жаныс Жамбылға өзі келіп өлеңмен тиіседі. Бірақ сүрінеді.
Жиырма жастан асқан соң, Жамбыл ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылык та құрады. Ақынның «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» секілді өлеңдері осы кезде айтылады. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыстары да осы тұста өтеді. Жамбыл бұл кезде жиырманың төртеу-бесеуінде еді.
Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.
1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны тарихтан белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмады. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің отты үндеу жырларын толғады. «Патша әмірі тарылды» өлеңі бұрын жаз жайлауын, қыс қыстауын жайлап еркін жатқан елге патша әмірінің төтеннен бүлік салуын суреттеуден басталады. Ер-азаматтар қара жұмысқа айдалады, Жергілікті бай-болыс, старшиналар Верный губерниясының әкімдерімен бірігіп алып, Үлкенсаз, Үшқоңыр, Қүмбел, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларындағы мал баққан шаруаларға отрядтарын аттандырады. Патша жарлығына қарсы шығып, көтеріліске қатыскандарды аяусыз жазалайды. Бұл оқиғаларды көрген, солардың ортасында жүрген ақын бейтарап қала алмады, ел қасіретін қабырғасы қайыса сезінеді.
Жамбылдың аталған «Туған елім», «Ленин Мавзолейінде», «Халықтың сәлемі», «Өмір жыры» сияқты өлең, толғаулары қазақ халық поэзиясының ең озық үлгілері болумен қатар Н. Байғанин, Н. Бекежанов, О. Тайманов, Ү. Кәрібаев, Н. Баймұратов, Д. Әлімбаев, С. Жанғабылов, С. Әлімбетов, О. Шипин, С. Қерімбеков секілді көптеген ақындарға дем берді. Жамбыл ақындықтың жаңа көшін бастады.
Жамбылдың ақындық тұлғасы, оның поэзиясы бұл жылдары айта қаларлықтай ірі кұбылыс болып табылды. Ол қазақ әдебиетінің даңқын бүкіл әлемге жайды. Дәстүрлі жырдың жаңа дәуірге сай қайта жаңғырып өркен жаюының куәсі болды. Халық поэзиясын идея, тақырып жағынан байыта түсті.
Жамбыл – шынайы шындықтың көркем суреткері. Таза шындықтың ақыны. Ұстазы Сүйінбай секілді ешкімге жалтақтамай, айтарын астарламай, ащы шындықты шымбайға батыруға дағдыланған. Ел билігіне, халық мұқтаждығына арналған өлеңдерінен бұл қасиетін оңай көре аламыз. Саяси лириканың шекпенін киген ұлы ақынның қай өлеңдерінен болмасын, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын, ел басындағы ауыртпалықты, болыс-билер парақорлығының айқын көріністерін ажырата аламыз. Қандай дүниені болмасын, ақын көзімен барлап, сурет күйінде танып үйренген Жамбыл өмірден өткенше осы аңғарымпаз қалпынан танған емес. Қай заманның ақыны болса да, жай пенделер секілді өз заманына тәуелді. Өз заманының туындысы. Жамбыл шығармашылығы да өз дәуірінің шындық сәулесі. Ол халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған. Сол миллионның ішінде қандай әдемілік, көркемдік үлгі жоқ дейсіз?! Көненің көзімен жырланған әр дастанның жолында өзгеше сарын бар. Жүріп өткен жолдың еншісінде қаншама қайғы-мұң, соған сай қаншама қуаныш бар. Осының барлығын өлең жолына сыйғыза білу – ақынның қолынан ғана келеді.Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Қазақтың қоңыр үніне салып жыраулық дәстүрді ұстанса, енді-енді өзгеше иірім танытып жүрген поэзияны да қалыс қалдырмады. Сонысымен де қымбат.
Жамбыл Жабаев адамдар мен әлемнің жамандықтарын ашатын өлеңдер көп жазатын. Халық ақынының революцияға дейінгі репертуары біздің заманымызға дейін ақынның өз сөзімен жазылған кейінгі жазбалардың арқасында жеткен. Сол кезеңнің үздік туындылары:"Өтеген батыр". "Жалқау туралы ертегі". "Сураншы батыр". "Қара Жарлық". "Ашулы жүректің өлеңі". Өлеңдері таңғаларлық қарапайымдылықты сақтай отырып, мағынасының тереңдігімен таң қалдыратын . Жамбыл Жабаев түрлі жанрдағы көптеген шығармаларды: батырлық эпостарды; ертегілерді; лириканы; сатираны жасады. Жабаевтың поэзиясында әрдайым басты кейіпкерлер-қарапайым адамдар. Оның кейіпкерлері жанды және шынайы көрінеді. Ақын көптеген шығармаларын қазақ-орыс достығына арнаған. Ақын шығармашылығының кеңестік кезеңі оптимизммен, адам рухының күшіне деген сеніммен және елге деген терең сүйіспеншілікпен ерекшеленеді. Осы кезеңдегі ең көрнекті өлеңдердің қатарына "Ленинградтық өренім","Менің отаным", "Октябрь толғауы" жатады. Әр ән эпосты еске түсіреді, ондағы тарихи тұлғалар шынкейіпкерлер сияқты әрекет етеді және ерекше қабілеттерін көрсетеді.
Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.
Әрідегі Дулат, Сүйінбай, берідегі ұлы Абай сияқты, Жамбыл да өз кезінің билік басындағыларының халық қамын ойламайтынын, әділетсіздігін, парақорлығын, екіжүзділігін әшкерелеп, көптің алдында беттеріне басады. Мұндай өлеңдерінің тілі уытты, мысқыл, сатираға толы болып келеді. Мұндайда ақын талантының сыншылдық қыры ерекше күшті сипаттарымен көрінеді. Жамбылдың "Сәт сайланарда", "Шалтабайға", "Мәңке туралы", "Қалиға" сияқты өлендері – сондай шығармалар.
Жыр алыбының – «Абайдың суретіне», «Амангелді», «Балаларға», «Күләшқа», «Кененге», «Тоқтағұлға», т.т. арнау өлеңдерінде өмір-өнер жарастығы көрінсе, «Алатау», «Бақыт туралы жыр», «Бесік жыры», «Жаз», «Жеңіс жыры», «Еңбек көктемі», «Қымыз», т.т. ел өмірі, тұрмыс-кәсібі, салт- дәстүрлері, дүниетаным арналары кеңінен көрінеді. Уақыт бедері де айқын. Аталған туындыларға халық өмірі, адам мен оның іс-әрекеттері, ұлттық-тәлімдік мәселелер, т.т. белгілері тән. Жамбыл шығармашылығында бұл тақырыптар жүрек тербелістерімен, өмір тәжірибелерімен, уақыт шындықтарымен қатар беріледі. Егемен елдің ертеңіне үлкен үмітпен қараған бүгінгі ұрпақ үшін бұл тақырыптар өмір өзегі, дереккөзі, рухани олжа ретінде мәні зор. Ел-жер,татулық пен тұтастық бүгін де мәнді. Ақын шығармашылығында өмір, уақыт шындықтарына суарылған дидактикалық сипат та, ұлттық-тәлімдік мәселелер де, қанатты сөз бен ұтымды ойлар да кең орын алған.: Жамбыл шығармашылығындағы адам мұраты,ұлт пен ұрпақ қамы, ел-жер тағдыры, өмір-тұрмыс көріністері, тарих пен таным тоғысы, еңбек пен тәжірибе тағылымдары, ұлттық-тәлімдік мәселелер, көзқарас эволюциясы тәуелсіздік талаптарымен табиғи үндестік табады. Бұларды білу, оқып-үйрену, танып-таразылау, үлгі-өнегелік қырларын мұрат тұту – кәделі іс, баршамыз үшін мәнді.Уақыт талабы да осы.
Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.
1937 жылы бүкіл еліміз Жамбылдың шығармашылық қызметінің жетпіс бес жылдығын аталып өтілді. Бұл күндері халық ақыны дүние жүзінің көптеген озат қайраткерлерінен құттықтау телеграммалар алды. Көрнекті француз жазушысы Ромен Ролланның Жамбыл ақындығының 75 жылдығына орай "Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және жаңа адамзаттың жаршысы Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын" деп телеграмма жіберуі.
1941 жылы Жамбылға мемлекеттік сыйлық берілді. Ұлы Отан соғысы күндерінде Жамбыл өзінің өлеңдерінде Кеңес Социалистік Республикалар халқын Отанды қорғауға, еңбектегі ерлікке шақырды. Совет адамдарының батырлығын, КСРО халықтарының мызғымас достығын жыр етті.
1943 жылы майданда Жамбылдың ұлы Алғадай қаза тапты. Бұл жөнінде ақынға хабар жеткенде, ол біраз үнсіз отырып барып, қайғылы хабарға өлеңмен жауап берді. Жамбылдың ақырғы жыры
1945 жылы 9 мамырда айтылды. Бұл неміс фашистерін біздің халқымыздың қаһармандықпен жеңгендігіне арналған еді. Жүз жасқа небары бірнеше ай қалғанда,
1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Юбилейіне қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Қорытынды.Қортындылай келсем, халық ақынының өмірі-дастан, өнеге. Өлең-жыры – нұрлы әлем, сырлы мұра. Өмірі өрнекті, өнері өрісті. Өзі дара, сөзі сара екені де анық. Ол даналықтың жауһары, даралықтың тарланы. Жамбылдан жеткен жыр-мұраның қалың көпке ортақ мәңгілік сипаттары мен сырлы әлемінің үлгі-өрнектері осындай болып табылады
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Жабаев Жамбыл. Екі томдық таңдалмалы шығармалар жинағы. Алматы : Ғылым, 1996
Список использованной литературы:
Жабаев Жамбыл. Сборник избранных произведений в двух томах. Алматы: Наука, 1996
List of references:
Zhabayev Zhambyl. Collection of selected works in two volumes. Almaty: Science, 1996