Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 932

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Солай десек, XIX ғасыр мен XX ғасырдың өларасында А. П. Чехов драматургиясы мен К. С. Станиславский «жүйесінің» тоғысуы — өмірге адамзат баласына актер мектебін сыйға тартты.

Жоғарыда айтылып өткендей жаңа сипаттағы актер мектебінің асыл мұраты — өмірдің өзін зерттеу. Оны зерттеп қана қоймай, мазмұн, мағынасына барынша үңіліп, творчествоға қажетті материалдарды сұрыптап,сіңіру. Бұл орайда «тебіреніс зердесі» айрықша роль атқарады. Ол — актердің өмірден жиған әсерлік қорын сақтайтын қазыналы қоймасы болып табылады. К. С.Станиславский: «Өнер үшін өмір сүрейік десек, айналамызды қоршаған өмірдің мағынасын терең байқап,бар ақыл-есімізді соған аударып, білім олқылығымызды еселеп, көзкарасымызды жаңғыртып отыруға тиіспіз. Егер артист өз творчествосын өлтіргісі келмесе, өмірге тоғышарлықпен қарамау керек. Ал, тоғышар суреткер деген атқа лайық емес. Өмірде актерлердің басым көпшілігі сахнада мансап қуған — тоғышарлар (там же,. с. 282) деп актер қауымының аз ізденетінін, өмірді терең зерттеуге қырсыз келетінін назалана жазады. Демек, актерге әсем, әсерлі, қызық, жаң-жақты, мағыналы өмір сүруге талпыныс керек. Қала мен далада, завод пен фабрикада, күллі елімізде болып жатқан ірілі-уақты оқиғалардан тыс қалмауы тиіс. «Артист өз елінің де, шет елдің де халықтарының тұрмысы мен психологиясын зерттеп, бақылайтын болсын.

Біз заманымыздың барлық ұлттарының бүгінгі пьесаларын түгел ойнайтын болғандықтан бізге шексіз кең ой өрісі қажет, өйткені жер шарын мекендейтін күллі адамдардың «адам рухының тіршілігін» жеткізу үшін жаралған жандармыз.

Тіпті бұл да аз. Актер сахнада өз дәуірінің келбетін бейнелеу үшін артистке айналасында болып жатқан оқиғаларды жіті бақыласа жеткілікті. Ал, бұрынғы мен болашақтың немесе әлі болмаған өмірдің келбетін бейнелеу үшін сол өмірді реставрациядан өткізу керек, болмаса қиялда туғызу керек, ал бұл деген өте қиын жұмыс.

Әрқашан адамдар үшін өзінің жастығы мен қымбат қасиетін сақтап, қашанда қартаймайтын, өлмейтін өнердегі мәңгілік қай заманда болмасын творчествомыздың өмір бақиғы абзал мұраты болып қала бермек» (там: же, с. 293) деп К. С. Станиславский өсиет қалдырады.. Олай болса, актер творчество тұмасы — тебіреніс зердесіне қажетті материлдарды өмірдің өзінен немесе қиял әлемінен алады да, поэтикалық кейіпкерлердің тұтас галереясын тудырады.

Тебіреніс зердесімен кіндіктес, ажырамайтын элементтер құрамына бес сезім кіреді. Олар: көру, есту, иіскеу, сипау, дәм сезу сияқты құрамдас элементтер.


Бұлар бір-бірімен өте тығыз байланыста болып, тебіреніс зердесімен бірдей көркемдік қызмет атқарады.

...«Жас жазушы кезім болатын, бір таныс суретшім маған былай деді:

— Сіз, сүйіктім менің, әлі де анық көре алмайды екенсіз. Әрі бұлыңғыр, әрі долбарлап қана көресіз.Сөздеріңізге қарағанда, тек негізгі түс пен баттита баялған үстінгі жағын ажырата алады екенсіз де, өтпелі тұстары мен накыштарын аңғармай араластырып жібереді екенсіз.

  • Енді не істеу керек!— дедім мен ақталып.— Көзім сондай.

  • Бос сөз! Жақсы көз — жүре келе болатын нәрсе. Ерінбей-жалықпай көзбен жұмыс жасаңыз. Кәдімгі тартқан сымдай қылып ұстаңыз. Бояуға түсіретін нәрселеріңіздің бәріне бір ай немесе екі ай бойы ой жіберіп қарауға тырысыңыз. Трамвайда болсын, автобуста болсын адамдардың бәріне де дәл осылай қараумен болыңыз. Екі-үш күн өткен соң, адамдардың түрінен бұрын оннан бірін көрмегендеріңізді енді байқайтын болғаныңызды аңғаратын боласыз. Ал, тағы да екі ай өткен соң, көруді үйренесіз, ары қарай өз өзіңізді зорлаудың қажеті де шамалы.

Мен суретшінің айтқандарына құлақ астым, сөйтсем, шындығында, бұрынғыдай олардың бет-жүзіне қалай болса, солай асығыс қарағандай емес, адамдар да, заттар да әлдеқайда қызық болып көрінді.

Сонда мені енді қайтып оралмайтын мағынасыз бос кеткен уақыттарымның күйініші өртеп жібергендей болды. Сол босқа кеткен жылдарымда мен небір керемет дүниелерді көрген болар едім ғой! Өткен дүние өтті, енді қайтып оралмайды!..» (К. Паустовский, Москва, 1967, том 3, с. 510) деп жазады К. Паустовский өзінің жазушылыққа баулына бастаған жастық шағын еске алып. Міне, біз осы үзіндіден көру сезімінің сипаттарын аңғарамыз. Жалпы поэзия, кескіндеме, сәулет, мүсін және музыка сияқты бір-бірімен байланысты өнер туындылары актердің ішкі дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Шаттыққа бөлейді. Шаттыққа бөленген адам сарайынан шуақ шашып, маңайын нұрға малады. Актер әрекетінің шапағына оранған көрермен қауым қуанышқа кенеліп, эстетикалық ләззатқа батады. Сахна өнерінің ең киелі қасиеті мен басты мұраты да осыған келіп тіреледі. Өнерде жүрегіңді жаулап, жан дүниеңді баураған ыстық әсердің ғана өмірі ұзақ. Рафаэль, Моне, Рубенс, Левитан, Пикассо, Ван-Гог, Репиндердің мәңгі жасайтындары сондықтан. Классикалық сәулет пішінін түсініп,сүйіп образ сомдаған актер, еш уакытта өз шеберлігіне нұқсан келтірмейді. Тіпті оның ойын өрнек үлгісінде композициялық олақтық, үйлесімсіздік кінәраттары деген атымен болмайды. Ал, бояу мен түс актерді іштей толғануға, ой ойлауға дағдыландырады. Сондықтан да К. С. Станиславский: табиғатта жиі кездесетін бояу мен түсті қызыға бақылап қана қоймай, солармен бірге өмір сүре білу керек деген қағида айтқан.



Табиғат — актер шеберлігіне зорлап таңылатын жылтыраған әшекей емес, өмір. Актер оның салқын саясына бас сұғып, жұпар исін иіскеп, тыныстауға тиіс. Ендеше, К. Паустовскийге таныс суретшісі айтқандай кез келген актерге көру сезімін жетілдіре беруге зер салу — басты шарт болып табылады. Өйткені, көзбен көрген нәрсенің әсері күйікті болады. Көру сезімі арқылы санаңа ұялаған көрініс көркі адам зердесінде ұзақ сақталады. К. С. Станиславский: «Аталмыш бес сезімнің ішінде әсер қабылдау тұрғысынан ең ықыластысы көру» (там же, стр. 248) десе, дәлелсіз айтпаған болар.

Келесі бір элемент — есту сезімі.

Бұл да көру сезімі сияқты әсершіл, елгезек, сақ элемент. Сахна саласында екеуінің атқарар ролі айрықша зор. Сезімге көз бен құлақ арқылы әсер ету әрі жеңіл, әрі шапшаң процесс.

Мәселен, кейбір суретшілердің көкірек көзінің өткірлігі мен зердеге тоқу құдіретінің алғырлығы сондай, бір көрген нәрсесін айнытпай салып бергенде, амалсыз таңқалуға тура келеді. Актерге де сондай қабілет қажет. К. С. Станиславский «сахнадан сөз сөйлеген актер — монологының мазмұнын іштей көкірек көзімен көріп тұрып сөйлеу керек»—деген. Сонда актердің көруі арқылы аталмыш көріністің бейнесін көрермендер де көз алдарына елестетіп, көруге тырысатын болады. Көру сезімінің сахналық әм творчестволық маңызы осында жатыр. Әсіресе, көру мен есту сезімдері жұп жазбай қатар өмір сүреді. Көз көргенді — құлақ естиді ....«Ат үсті жүріс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары — Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазіргі жүзін бір түрлі мағыналы нұрға малғандай. Ақмаңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр.

Қара шапан сыртынан, белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қакпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр. Топ өтіп кете бергенде, өзге төрт қыз үнінің ішінен Тоғжаннын өзгеше жібек талды, бөлекше үнін анық естіп аңғарғандай болды. Шын Тоғжан үні ме? Жоқ, басқа қыздікі ме? Білу қиын болса да, Абайға мынадай топтан жырылған бөлекше сұлу ырғақ Тоғжан көмейінен ғана шығатындай.

Сырттап бара жатқан Тоғжанның арттан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нәзік еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан бері де көзін жұмса, әрдайым құлағына шылдырай түсіп, былдыр етіп: Есіңде бармын ба!» деп кететін осы шолпының осы үні» (Мұхтар Әуезов, Абай, Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1955, 204-бет).


Осы үзіндіде көру мен есту сезімдері бірдей бар. Дауыс салып жоқтау айтумен қабат қаралы көштің көрінісі, қыздардың атқа отырысы, Тоғжанның бөлекше тұлғасы Абайдың көз алдынан үздіксіз өтіп жатады. Дауыс айтқан қыздардың үні құлаққа келсе, ұбақ-шұбақ қаралы көш көзге түседі. Қос сезім Абайдың тебіреніс зердесіне қатты әсер етіп, тұла бойын теңселткені сондай, сай сүйегін сырқыратып, мәңгі есінде қалып қояды. Бордай езілген ақын естен тана есеңгіреп, көп уақыт өзіне өзі келе алмай іштей күйзеліске түседі. Бәлкім, Абайдың ойшыл, сыншыл, кемеңгер ақын болып шығуының түпкі себебі — оның табиғатында аталмыш бес сезімнің қазына байлығының молдығынан болар....

Кейбір тарихи деректерге қарағанда ұлы комипозиторлардың «көкірек құлақтары» ерекше жаратылса керек. Олар тұтас симфонияны ойша тыңдап, зердесіне тоқып алатын көрінеді. Атақты Бетховен ең күрделі сонаталарын естімейтін саңырау кезінде шығарған ғой. Ал, Гейненің көру сезімі керемет болыпты. Луврдағы Венера Милосскаяның мүсініне сағаттар бойы қарап отырып, көз жасына ие бола алмайды екен. Ендеше, сахна санаткерлеріне де суретші мен музыканттар сияқты «көкірек құлақ» керек. Осылардың көмегі арқылы олар зердесінде сақталған көру және есту образдарын тірілтіп, адамдардың бет-бейнесін, ым-ишаратын, жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстау мәнерін, қимыл-қозғалысын, үнін, киген киімін, адамдармен қарым-қатынасын және табиғат ерекшеліктерін творчестволық өмірге әкеледі. Көру мен есту сезімі актерлерге образ сомдау үшін кажет. Сондай-ақ, актер, тек көргені мен естігендерінің бейнесін кестелеп қана қоймай, қиял көзі арқылы көрмеген, естімегендерін де тудыруға тиіс. Алайда көру сезімі күшті актерлер ойын өрнегін әрекет арқылы көрсетіп бергенді ұнатады. Ал, есту сезімі қатты дамыған актерлер сөз бен үнді тыңдау арқылы әрекетке барғанды қалайды. Олар сезіну қасиетін қоздыру үшін есту зердесінің көмегімен іс істейді.

Сахнада иіскеу сезімі де зор роль атқарады.

Көру мен есту сезімдері сияқты иіскеу мен дәм сезу сезімдері де қосақ ғұмыр кешеді.

... «Кешке таман орақшыларға жаңа бидайдың наны да дайын болды. Жаңа наннан ең алдымен орақшылардың ауыз тиетіні ескіден келе жатқан салт қой. Нанды ол күні біз аңыздардың шетінен орған бидайды сабап дайындаған едік. Жаңа астықтың нанынан ауыз тигенде, әрқашан қасиетті дәм татқандай боламын. Түсі қоңыр болғанмен, қамыры сұйық иленгендей жаңа нан сәл езіліңкіреп, қолға жабысып тұрғанымен, оның дәміне, күн, жер, түтін сіңген исіне не жетсін, шіркін!


Қарны ашқан орақшылар арықтың қыр жағасына жиналғанда күн егіннің үстіне қошқыл сәуле ойнатып, бірте-бірте шөгіп бара жатыр еді. Ол күнгі жарық кеш көпке дейін іңірге жол бермей тұрды. Біз үй ішімізбен алаңғыттың сыртынан орын алдық. Сұбанқұлдың көп кешікпей келуі керек, ал Жайнақ болса әдетінше тағы жоқ, ағасының велосипедін мініп, қызыл мүйіске листовка ілмекшімін деп, асыға-үсіге кеткен. Әлиман орамалын жерге жая салып, үйден алып келген алмаларды төгіп тастады да, кеселерге ашытпа құйды. Комбайнын тоқтатқан Қасым да арықтағы суға қолын жуып, дастарқан басына келіп отырды. Самарқау қимылмен нан турап жатқан ол:

  • Ып-ыссы екен. Ал, апа, жаңа бидайдың нанынан бас боп ауыз ти,— деді.

  • Бісміллә,— деп наннан бір жапырақ алдым, шайнап жатып қандай да бір жаңа иіс сездім. Ол иіс — комбайншының колының иісі еді. Нанның әрбір сындырымы осылай керосин татып жатты. Солай болса да, әлі ондай тәтті нан жеп кермеген едім, өйткені ол нанды ұлымның бейнетқор қолы турап берген, өйткені, ол нан көпшіліктің, осы жаңаша өмір сүре бастаған елдің өндірген наны еді» (Шыңғыс Айтматов, Тау мен дала хикаясы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы,Алматы, 1964, 30-бет. Аударған Қ. Нұрмаханов). Осы сахнаны ойнаған актрисаның шеберлік мұраты—отқа жаңа піскен нанның киелі иісі мен қасиетті дәмін көрермендерге жеткізу. Яғни ойын көрушілердің сілекейін шұбырту. Ол үшін рольді орындау сәтінде нанның исі мен дәмін санаткердің өзі шындап сезінуге тиіс. Онсыз ойын жалған болады да, жұртты сендіру қиын болады. Иіскеу сезімінің сахналық мағынасы осындай.

Тебіреніс зердесінің тағы бір құрамдас элементі —сипау сезімі.

Бұл да алдыңғылардай қызмет етеді. Мысал үшін «Эдип патша» трагедиясын алуға болады. Екі көзі ағып түскен Эдиптің балаларын сипалап, тануға тырысқан сахнасы аянышты да ауыр. Олай болса, актерге әбден жетілген сипау сезімі де аса қажет.

Айтылғандардан шығатын қорытынды — б е с с е з і м бір-бірімен тығыз байланыста болады да, т е б і реніс зердесіне тікелей әсер етеді. Сайып келгенде, артистке тек жалаң тебіреніс зердесінің өзі ғана емес, оның құрамдас бөлімі бес сезімнің қызметі де маңызды демекпіз.