ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.12.2023
Просмотров: 929
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
«Сөз астары деген көзге бадыраймай, тек сөз астары арқылы тоқтаусыз ағып, «адамның рухани тіршілігін» үнемі тірілтіп, айқындап отыратын ішкі сезім дүниесі. Сөз астары пьеса мен рольдің әр қилы ішкі желісінен, киелі күш «егер денің» матасуынан, қиял тудырған ой мен «ұсынылған тосын жағдайдан», «ішкі әрекет», «зейін нысанасы», ірілі-уақты «шындық пен сенім», «амал-айла» және сондай көптеген т. б. элементтерден туындайды.
Аталмыш желі кәдімгі ширатылған жіп сияқты өте- күрделі жағдайда сахна заңдылығына сай өзара байланысты болады. Сол шиеленіскен күйі пьесаның бүкіл өзегін бойлап, ақырғы көкейкесті мақсатқа апарады.
Су асты ағысы сияқты сөз астарының күллі арнасы бойымен сезім бұлағы ағып өткенде барып, пьеса мен рольдің әрекет арқауы пайда болады. Әрекет арқауы, тек қимыл-іс қуаты арқылы ғана емес, сөз құдіреті арқылы да іс атқарады: дене мүшесінің қозғалысы ғана емес, дыбыс әуезі арқылы да, сөз өрнегі арқылы да әрекет ете алады.
Әрекет тұрғысынан әрекет арқауы деп атасақ, тіл: тұрғысынан сөз астары деп атаймыз» (там же, с. 84) деп
К. С. Станиславский сөз астарының табиғатын әрекетпен байланыстырады. Демек, сылдыр сөзден бойды аулақ салудың алғы шарты — сөз астарын ашу. Сөз астарының қатпары-қалың. Оның қалың қатпарлы қабат- қабат іргетасын К. С. Станиславский айтқан пьеса мен рольдің оқиға желісі, сезім байлығы, ұсынылған тосын жағдай, ішкі әрекет қуаты, зейін нысанасы, шындық пен сенім, қиял көзі сияқты көптеген элементтер шоғыры қалайды. Олар сөздің маңызы мен мазмұнын тудырса, маңыз бен мазмұн — ой мен сезімді өмірге әкеледі. Ал сөздің үні мен әуенін, ішкі саздылығын ой мен қиял әм сезім дүниесі тудырады. Сайып келгенде, бәрінің бастау байлығы сөз. Біздің бес сезімімізді де қоздыратын сөз. Мәселен, музыкалық шығарманың атын атасаңыз болғаны, құлағыңызға сол музыканың үні естілмей ме? Немесе, сүйсініп жейтін дәміңізді есіңізге алып көріңіз сөзжоқ, сілекейіңіз шұбырады. Тіпті болмаса, ең сүйікті суретшінің атын ауызға алып көр, көзіңе оның суреті елестейді. Яғни, есту мен көру образдары құлағың мен көз алдыңа келсе, астың дәмін сезесің. Бұл сөздің әсері, сөздің құдіреті. Ендеше, сахнада жансыз, сезімсіз сөз- болмау керек. Сондай-ақ идеясыз, әрекетсіз де сөз болмауға тиіс. Артист сахна алаңынан қасындағы партнері арқылы сезім дүниесінің күллісі —зауық, ой, ішкі құштарлық, қиял тудырған образдың бітімі, есту мен көру сияқты бес сезімнің бәрі қатысқан қуаты арқылы көрермендердің жан сарайына қозғау салады. Олай болса,сөздің өзі емес, оның ішкі мазмұны яғни сөз а с т а р ы қымбат. Осыны мұқият есте ұстаған абзал. Өкінішке орай, біз, сахнаға аяқ салар-салмастан аталмыш қағиданы естен шығарып аламыз. Сахнада артист ойын-өрнек үлгісіне түсіп, оның жалындаған ыстық сезімімен суарылмаған пьеса, әл-әзір сомдалған туындылар қатарына жатпайды. Мәселен, концерт залында оркестр орындамаса, жазылып біткен музыкалық партитура симфония болып саналмайды ғой. Сахнада ойналмаған пьеса да сол сияқты спектакль санатына кірмейді. Тек қана адамдар — пьеса мен симфонияны орындаушылар, шығарманың ішкі ағыс — сөз астарын тірілтіп, творчество тудыра алады.Творчествоның бар байлық, қалың қазынасы — сөз
астарында жатады. Сахнадан сөз астарынсыз айтылған сөз — бос сөз. Тұзы жоқ ас сияқты. Дәмі жоқ, татуы жоқ астың жұғымы да, құнары да болмақ емес. К. С. Станиславский: «Творчество саласында сөзді —ақын тудырса, сөз астарын — артист тудырады» деп күллі сахна санаткерлеріне ұран тастаса, сөз астары басты роль атқармақ.
Сөз астары —«Станиславский жүйесінің» асыл мұрасына жататын жеті қазынасының бірі.
Сөз астары — Жанартау іспеттес кұбылыс.Оқпанынан жалын атып, от бораған Жанартаудың көрінісін елестетіңізші! Шартарапқа шоқ шашып, өзегінен от-өзен аққан құдіреті қандай! Бет қаратпайтын қызуы, болат балқытатын қуаты жер қойнауын жарып шықпай ма? Сөз астары да сондай — сөз қыртысын жарып, атқылайды. Сөз — тау болғанда, астары — от ошағы. Ошағында от маздаса, қызуы мол болады.
Сөз астары —көкшіл мұхиттың тұңғиығында шөгіп жатқан асыл тас. «Су түбінде жатқан тас — жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз — шер толқытса шығады» деп көне дәуірдің көне жырауы жырлағандай, сөз астары — терең тебіреністен туады. Су түбіндегі тасты шығаратын жел мен ой түбіндегі сөзді шығаратын шер — сұрапыл процестер. Екеуі де ішкі арпалыстан, ішкі аласапыраннан бастау алады. Сөз астары тереңді мекендейді. Оны сүзіп шығаратын көркемдік ау — ой мен тебіреніс. Сөз астары — ой мен тебіреніс процесіне ірге тебеді.
Демек, сөз астарына табан тіреген сахналық шығарма ғана өзінің толыққанды көркемдік тұлғасына ие бола алады.
Сөз астары — адамның ой мен толғанысының асқақтата салған әуені. Сөздің маңызы мен мазмұны, әсемділігі мен әуезділігі — адамның жан сарайымен безбенделеді. Сөздің сұлулығы мен саздылығы да оның астар айшығынан арна алады. К. С. Станиславский: «Артист пьесаның сөзіне өз сезімінің музыкасын шығарып, ролінің сөздерін сол өзі шығарған сезім музыкасына салып айта білуге үйренуі тиіс» (там же, с. 85) деп ән мен әуен де сөз астарының сипатына жататынын аңғартады.
Егер рольдің ішкі желісі мен әрекет ар қ а у ы ә м көкейкесті м а қ с а т ы — к е й і п к е р- ж а н д ы л ы қ т ы ң негізін қаласа, аталмыш процесс сөз бен тілге де қатысты. Яғни қимыл-іс әрекетінің астары — әрекет арқауы десек, тіл әрекетінің астары — сөз астары болмақ. Екеуінің де маңдай тірері — көкейкесті мақсат.
Сөз астарын ашудың да өз құпиясы бар. Ол құпия — айтқан сөзің мен естігеніңді көкірек көзің мен зердең арқылы көруің керек.
« Табиғат бізді басқа біреулермен сөз арқылы қарым-қатынас жасаған кезде, алдымен айтқан сөзімізді ішкі зердеміз арқылы көріп және сол көргенімізді айтып бере алатындай етіп жаратқан. Егер біз, біреудің айтқанын тыңдайтын болсақ, алдымен құлағымызбен қабылдаймыз, сонан соң барып естігенімізді көреміз.
Біздің тілімізде — есту деген, айтқан сөзді көзбен көру деген сөз, ал айту деген — көру образын кейіптеу деген сөз.
Артист үшін сөз — жәй ғана дыбыс емес, образ қоздырушы. Сондықтан сахнада сөзбен қарым-қатынас жасаған кезде сөзді құлаққа емес, көзге айту керек» (там же, с. 88) деп К. С. Станиславский, артист сахнада естіген сөзін зерделеу арқылы көзбен көріп, сол көргенін образға айналдыру керек екенін айтады. «Құлаққа емес, көзге айту керек» деген қағиданың мағынасы өте терең. Актср аузымен айтылған сөзді көрермен көру керек. Сол снздің магынасы суретке айналып, көз алдымызда көлбеңдеп тұрып алғаны абзал. «Сөйлеу деген әрекет ету» дейді
К. С. Станиславский. Әрекет — белсенділік. Белсенділік — сөздің қуаты мен әсері. Қуатты, құдіретті сөз өз мазмұнын тірілтіп, суретке айналып барып, көру образын көзіңе елестетеді. «Творчестводағы белсенділік — машинаны жүргізетін бумен парапар!
Белсенділік, шынайы, жемісті, мақсатқа сай әрекет - творчестводағы ең басты нәрсе болса, сөзде де солай!» (там же, с. 92) деп К. С. Станиславский жазса,— сөз астарын ашатын да әрекет пен белсенділік.
Әрі жатық, әрі әдемі сөйлеу — ерекше ілім санатына жатады десек, сахнадағы ділмарлық пен шешендікке баулудың жоғарыда айтылғандардан басқа да жолдары бар. Солардың бірі — сөз сөйлеудің алдында сөйлемдерді ортақ ережеге сай тәртіпке салып алып, топтастыру қажет, яғни сөздерді тактілерге бөліп, жіктеу керек. Ол үшін сөз арасына қойылатын тыныс, аялдама сияқты қоналқы бекет қажет. Ондай аялдама — қисынды к і д і р і с (логическая пауза) деп аталады. Қисынды кідіріс жеке-жеке сөздердің мағыналық ұғымын топтастырса, топтасу — тұтас сөйлемдер тізбегін құрайды.
Сөзді тактіге бөліп, топтамалау жолдарын түсіндіру үшін В. Шекспирдің «Отелло» трагедиясынан үзінді келтірейік.
О т е л л о. Әкесі мені ұнатып, шақырып,
Әр дәйім сұрап айтқызып,
Бастан кешкен соғыс
Қыспақ, шабуыл жайын тыңдаушы ед...
Мен балалық күннен бастап ап,
Сол әңгіме айтқан шаққа шейін тізуші ем.
Қатері көп істермен
Құрғақтағы қауіп пен теңізде
Тосқан ажалды да айтушы ем.
Жауыз жаулар тұтқын етіп алғанын,
Құл ғып сатып, қалай азат болғаным,
Барлығын да айтушы ем.
Жаһан кезген жолымды,
Шөл даланы, тас үңгірді,
Көк тіреген алып құзды айтушы ем.
(В. Шекспир. Таңдамалы. І-том, «Жазушы» баспасы, Алматы, 1981, 27-бет, Аударған М. Әуезов). Есте ұстайтын бір жағдай: монологты топ-топқа бөліп, топтаған кезде сөз тактісі мен қисынды кідіріс қатар қолданылады.
Сөз тактісі — сөйленер сөздің мазмұны мен мағынасын ашса, қисынды кідіріс — сөз астары мен әуендік сипатын айқындайды.
Мәселен, аталмыш үзіндіде жоғарыдан төмен тік тартылған таяқшалар топтастыру тәсілі, яғни жік-жікке бөлінген сөз тактілері. Егер: «Әкесі мені ұнатып, шақырып әр дәйім» шумағынан кейін сөз тактісіне бөліп, кисынды кідіріс белгісін қоятын болсақ, сөздің мағынасы түсініксіз болып, айтар ойы аяқсыз қалар еді. Қалғандары да солай. Сондай-ақ тыныс белгілерінің де ролі зор. Олардың өздеріне тән үндік әуендері болады. Нүкте, қос нүкте, үтір, сызықша, сұрау белгісі, леп белгісі — өздерінің үндік өрнектеріне сай мағыналык зм әуендік роль атқарады. Онсыз сөз бен сөйлем мағынасынан айрылады. Егер, біз нүктенің сөйлемді аяқтайтын төмендеу үндік сипатынан айырсақ, тыңдаушы сөйлемнің аяқталғанын аңғармай қалады. Басқалары да солай.
Демек, сөз бен сөйлемнің әр тыныс белгілерінің әуендік қасиетіне сай қойылар талабы мен табиғи тегі болады.
Сахнада сөз сөйлегенде тыныс белгілерін дұрыс қолдану — актерлерді асығып-үсігіп, қалай болса солай сөйлеуден сақтандырады. Тілдің тазалық табиғатына дақ түсірмеуге көмектеседі. Сондықтан да К. С. Станисливский актерлерден сөз сөйлегенде ана тілінің бай болмысын бұзбай, фонетикалық әуені мен орфоэпиялық айтылуын қатаң сақтауды талап еткен. Сайып келгенде, актерлер тіл заңдылықтарына атүсті қарамай, өмір бойы зерттеп, зерделеп жүруге тиіс.
К. С. Станиславский қисынды кідірістің дұрыс немесе бұрыс қойылуы кейде адамның тағдырын шешетіні туралы мынандай тарихи мысал келтіреді. Оқиға патшалы Ресейдің тұсында болғандықтан сөйлемді әдейі орыс тілінде келтіріп отырмыз. Мәселен: «Простить нельзя — сослать в Сибирь» дейтін сөйлем. Осы бұйрық түрінде айтылған сөйлемнің орыс декабристеріне қатысты болуы да мүмкін. Мәселе, тіпті онда да емес, мәселе — кідірісті қоюға байланысты сөйлемнің мағынасының бүтіндей өзгеруінде. «Простить — нельзя сослать в Сибирь» деп кідірісті «простить» сөзінен кейін қойсақ, онда айыптыға үкімет тарапынан кешірім жарияланған болып шығады. Ал, егер: «Простить нельзя — сослать в Сибирь»деп кідіріс белгісін екінші сөзден кейін қойсақ, онда айыптау, жер аудару болып табылады. Демек, сахна тілі творчестносында кідіріс белгісінің алатын орны мен ролі орасан. Оның көркемдік құпиясы мен творчестволық табиғатын жете білмеу — сөз сөйлеудегі сауатсыздықты білдіреді. Сахна санаткерлері үшін үлкен мін.
К. С. Станиславский кітап оқыған кезде жаттығу ретіндс сөз тактілеріне белгі қойып оқуды ұсынады. Бұлай оқу рольмен жұмыс жасаған уақытта актерді дұрыс сөйлеуге дағдыландырады. Сөйлемді сөз тактілеріне сай бөліп оқу, актерге сөйлем мен сөздің мазмұнын терең талдап, мағынасын ашуға зор мүмкіндік береді. Сөздің сұлулығы мен шешендік пішіміне, мазмұн жатықтығына, тұлғалық сипатына, ең соңында үндік тазалығы мен әрі ашық әрі анық айтылуына көмектеседі. Ол үшін кез келген актер сөйлеу тілінің ерекшеліктерін, грамматиканы, әсіресе орфоэпия заңдылықтары мен ережелерін, жақсы білуі тиіс. Бұдан басқа сөйлеу тілінің стильдік ерекшеліктерін білу де қажет. Мәселен, академиялық, ақындық, ғылыми, шешендік, сахналық сияқты жоғары дәрежеде саналатын стильден басқа сөз сөйлеу (нейтральная речь), нақышсыз, қарапайым сөйлеу (нейтральная речь), ауыз екі сөйлеу стилі (просторечный стиль) болатынын да білген абзал.
Кідіріс белгісіне мойын бұрайық.
К. С. Станиславский кідірістің: қисынды кідіріс (логическая пауза), психолгиялық кідіріс (психологическая пауза), тыныстық кідіріс (люфтпауза) сияқты негізгі үш түрі және көшпенді кідіріс (гастрольная пауза) аталатын қосалқысы болатынын айтады.
Қисынды кідіріс — сөз бен сөйлемнін, ішкі мағынасын ашатын өлшемдік белгі.
Психологиялық кідіріс — сөз бен сөйлемнің айтылар ойын өмірге әкелетін, яғни сол ой арқылы сөз астарын жеткізетін сахналық кұрал.
Демек, қисынды кідіріссіз сөйлеген сөз сауатсыз, психологиялық кідіріссіз сөйленген сөзде өмір, тіршілік болмайды.
Тыныстық кідіріс — кейбір сөздерді бөліп айту кезінде немесе сөз арасында тыныс алу үшін қолданылатын қысқа ғана аялдама. Кей жағдайда тыныстық кідіріс аялдаманың емес, сөздің ырғақтық тежелу сипатына қызмет етеді.
Психологиялық кідіріске байланысты К. С. Станиславский бір шешеннің айтқан сөзін мысалға келтіреді. Ділмар: «сөзің — салмақты, үндемегенің — әдемі болсын» десе керек. Осы «үндемеу»— психологиялық кідіріс болып саналады. Ұлы реформатор: қисынды кідіріс — көпшілік жағдайда сөз тактілерін топтастыратын, солардың мағынасын жеткізетін сауатты жағы деп қарап, ішкі мазмұн мен белсенділік әрекеті әрі бай, әрі қуатты деп басты назарын психологиялық кідіріске аударады. «Қисынды кідіріс— парасатқа қызмет етсе, психологиялық кідіріс — сезімге әсер етеді» дейді ол. Сахна алаңында сезімнің басты роль атқаратыны актер қауымына белгілі жәйт. Солай десек, психологиялық кідіріс тек белсенділік сипатымен ғана емес, сахнада қарым-қатынас құралы ретінде де құнды. Ол үнсіздіктің астарын сөзсіз жеткілетін, сөзге бергісіз ой қаруы. Ол айтылмай қалған сөздің мағынасын қарым-қатынастың саналы, санасыз құралдары мен емеурін, қараған көзқарас, ым арқылы жеткізе алады. Психологиялық кідіріс кей жағдайда сөзбен айтып жеткізе алмайтын ең нәзік, құпия нәрселерді сыр ғып шертеді. Сол себепті де