ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 71
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Адам ойлағанда оның сүйенетін ұғымдарының сан алуан дәрежелері кездеседі. В. В. Давыдов ойды абстрактік деудің өзін кең мағынада, айталық ұғымды өзінше әрекет ретінде түсінеді. Оның айтуынша, оқыту есеюге әсер етуі үшін жас балалар мына сияқты ой ептілігіне ие болуы шарт: біріншіден, үнсіз сөйлеп тапсырмаларды орындай білуі, екіншіден, тапсырманы оқушының өзі қалай орындағанын тиісті оқу-құралындағы жауапты салыстырып тексеруі, егер дәл келмеген жағдайда бұрынғысын қайтадан шығаруы.
Мақсат және оның мотивтерімен байланысы іс-әрекетте анықтаушы мәнге ие. Баланың дамуында іс-әрекеттің, мақсатқа бағытталуы біртіндеп қалыптасады. Мысалы, үш жасар балалар өз іс-әрекеттерін күні бұрын белгілеген мақсатқа сай ұйымдастыра алмай, мақсатынан оңай айырылып қалады. Бес-жеті жасар балалар үшін іс-әрекеттің көбіне материалмен, олар іс-әрекет жасайтын заттық ситуациямен анықталуы тән.
Л.С.Выготскийдің жоғарғы психикалық функцияларды дамыту теориясы. 20-30-жылдары Л.С.Выготскийдің жоғарғы психикалық функцияларды дамыту қызметтері қалыптасты. Л.С.Выготский Ф. Энгельстің адамның табиғатқа икемделудегі және өндіріс үдерісінде құралдардың көмегімен табиғат күштерін өзгертудегі еңбектің рөлі жөніндегі идеяларына сүйене отырып, еңбек – адамның құралмен істейтін іс-әрекеті, ол адамның мінез-құлық типін өзгертуге, адамды жануарлардан ерекшелеуге жеткізеді деген ой айтты. Адамның бұл ерекшелігі оның іс-әрекетінің жанама сипатта болуынан білінеді. Жанамалау адмның сыртқы практикалық іс-әрекетінде құралды қолданатыны сияқты, өзінің ішкі психикалық іс-әрекетінде белгілерді (сөзді, цифрді, т.б) пайдалану негізінде мүмкін болады. Құрал мен белгінің ұқсастығы (психологиялық жағынан) олардың жанама іс-әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік беруінен көрінеді. Құрал мен белгі арасындағы айырмашылық олардың түрлі бағыттылығынан келіп шығады. Құрал сыртқары бағытталған, ол объектіде өзгеріс туғызуы тиіс, ол табиғатты игеруге бағытталған адамның сыртқы іс-әрекетінің құралы. Белгі ішке бағытталған, ол объектіде еш өзгеріс туғызбай, адамның мінез-құлқына әсер етеді. Табиғатты игеру мен мінез-құлықты игеру өзара байланысты, өйткені адамның табиғатты өзгертуі адамның өз табиғатын да өзгертеді. Құралды пайдалану мүшелердің табиғи іс-әрекет түрлерін өзгертіп, психикалық белсенділік мүмкіндігін шексіз күшейтіп, кеңейтіні тәрізді, белгілерді (қосалқы құралдарды) пайдалану, яғни жанама іс-әрекетке көшу, адамның бүкіл психикалық іс-әрекетін өзгеріске түседі.
Адамның дамуы оқыту арқылы осы тәсәлдердің (құралдардың да, белгілердің де) барлығын игеру үдерісінде жүзеге асады. Міне, сондықтан да, оқыту баланың психикалық дамуын анықтай отырып, оның өмірін ұйымдастырудың бүкіл жүйесінде негізгі орын алады. Демек, психика дамуының бұрынғы ұрпақ тәжірибесін игеруге себепкер белгі тәсілдерді меңгерілетін әлеуметтік ортадан тыс қаралуы да және оқытусыз түсінікті болуы да еш мүмкін емес. Сонымен, Л.С.Выготскийдің психологиялық теориясында адамның әлеуметтік мәні жөніндегі маркстік идея жүзеге асты. Мәдени дамудың жалпы генетикалық заңын Выготский былайша тұжырымдады: «...баланың мәдени дамуындағы қандай да болмасын іс-әрекет сахнада екі рет, екі бағдарда: әуелі – әлеуметтік, кейін – психологиялық, алдымен интерпсихикалық категория ретінде адамдар арасында, одан соң интрапсихикалық категория ретінде, баланың ішінде көрініс береді. Қандай да жоғары психикалық функция бастапқы әлеуметтік функция болатындықтан, өз дамуында сыртқы саты арқылы өтуі қажет.
Бала тілінің маңызды рөл атқаратын Л.С.Выготскийдің сөзімен айтқанда, мінез –құлықтың барлық жоғары формаларының ең көне негізі болып саналатынкөрсеткіш ымның тарихы, міне, осындай. Бастапқыда көрсеткіш ым – іс-әрекет алдында затқа бағытталған сәтсіз қармау қимылы (қолын затқа қарай созады, бірақ ұстай алмайды). Балаға ересек адам келіп көмектесе отырып, сәбиді қызықтырған заттың көрсеткіші ретінде ымды ұғындырады. Осылайша көрсеткіш ым сәтсіз қармау қимылынан басқалар үшін көрсеткіш мәні бар ымға ауысады. Ым – белгіге, қармау – көрсеткішке айналады. Міне, осыдан кейін ғана бала өз қимылына көрсеткіш ретінде қарай бастайды. Басқаларға деген ым (белгі) өзіңе деген ымға (белгіге) айналады. Сөйтіп, өзінің ымын ұғынуға бала ең соңынан жетеді. Оның мағынасы алдымен объективтік жағдайлар, ал соңынан баланы қоршаған адамдар арқылы жасалынады.
Барлық жоғары психикалық функциялардан адамдардың әлеуметтік қарым-қатынастары көрініп жатады. Л.С.Выготский адамның психологиялық табиғаты дегеніміз ішке енгізілген және жеке адам функциясы мен оның құрылымының формалары болған қоғамдық қарым-қатынастар жиынтығы деп жазды. Жеке адамның қалыптасу үдерісі дегеніміз жеке адамның кім болып шығуы оның басқа адамдарға жасаған қарым-қатынасы арқылы болады деген сөз.
Мінез-құлық дамуының құралы ретіндегі сыртқы белгілері баланың ақыл-ой өрісінің дамуында ақау бар, жоқтығын психологтың анықтау қажеттілігі туған жағдайда маңызды көрсеткіш (диагностық) құрал болып та саналады. Ақыл-ой дамуында кемшілігі бар балаға жүргізілген бақылаулар бала белгілерді қолданған жерде кемшіліктің орнын толтыру мүмкіншілігі сақталатынын, дамудың келешегі бар екенін көрсетіп отыр. Ал, белгілерді қолдану бөгелген немесе қалыптаспаған жағдайда ақыл-ой дамуының да бөгеліске түсетіні немесе тоқтап қалатыны анықталды.
Оқу мотивациясы В.В.Давыдов пен Д.Б.Элькониннің теориясы бойынша іс-әрекет құрылымына кіретін маңызды компонент ретінде қарастырылады. Ол оқу үдерісінің алғашқы сатысында қалыптасады.
Василий Васильевич Давыдов — педагогикалық психология саласындағы дамытушы оқыту теориясының негізін қалаушы, осы бағытта орта мектептерде жаңа білім беру бағдарламасын жасап, эксперименттік сыныптар ашқан. Ол А.Н.Леонтьевтің іс-әрекет теориясы шеңберінде ғылыми-зерттеулер жүргізген көрнекті кеңес психолог-ғалымы болып табылады. 2) Даниял Борисович Эльконин (1904-1984) – мәдени-тарихи теорияны дамытушылардың бірі, оқытудың белсенді әдістерінің теориялық негіздемесін құрастырған. Ол – жас ерекшелік психологиясына елеулі үлес қосқан кеңес дәуірінің белгілі психологы. Оның балалардың мектептегі жасын кезеңдерге бөлуі жалпы кеңестік тұлға периодизациясының негізгі нұсқасына айналды. Жастық кезеңдер: сәби жасы (1 ай -1 жас), ерте балалық шақ (1-3 жас), мектепке дейінгі жас (3-6 жас), бастауыш мектеп жасы (7-10 жас), орта мектеп жасы (11-15 жас), жоғары мектеп жасы (16-17 жас).
Оқушының психикалық жаңа құрылымдары – оқушының белсенді іс-әрекет барысында оқу субъектісіне айналуында қалыптасатын психикалық дамудың (ақыл-ой, адамгершілік) жаңа ерекшеліктері.
Сергей Леонидович Рубинштейн (1889-1960) – белгілі кеңес психологы және философы. Оның көзқарасы бойынша, адам және психика алдымен практикалық іс-әрекетте қалыптасып, көрініс табады. Сондықтан олар негізгі іс-әрекет түрлеріндегі көрінісі арқылы зерттелінуі қажет.
Алексей Николаевич Леонтьев (1903-1979) – 1920 жылдары Л.С.Выготский және А.Р.Луриямен бірге мәдени-тарихи теорияны құрастырған кеңес психолог-ғалымдарының бірі. Ол осы теорияға сүйене отырып, іс-әрекеттің жалпы психологиялық теориясын егжей-тегжейлі зерттеген. А. Н.Леонтьевтің іс-әрекет тұжырымдамасы психологияның басқа да әр түрлі салаларындағы көптеген зерттеулердің дамуына түрткі болды.
2.4. Мектеп жасына дейінгі балалардың таным үрдісінің даму
Мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру аса маңызды мәселе, ол үшін жалпы және негізгі жағдайларды жақсарту басты міндет болып табылады.
Біріншіден, білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортаны жабдықтау қажет десек, ол мектепке дейінгі кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен құндылықтарын сақтайтын, баланың балалығына бағытталуы шарт.
Екіншіден, тәрбие мекемесінің басшысы мен тәрбиеші педагогтар қауымы кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдап, білімін жетілдіруге жүйелі көңіл бөліп, ұжымның шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап, оны жүзеге асыруға белсенділікпен ат салысуға және жағымды психологиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал ету қажет. Сондай-ақ, отбасының сұранысы мен талап-тілектерін қанағаттандыру және білім мен тәрбиенің балаға берілген үрдісі жайында ата-анамен үнемі бірлескен ынтымақты негізде жұмыс істеу де өте маңызды.
Үшіншіден, балабақшада еңбек етуге толық жағдай жасалып, тәрбиелеу мен білім берудің технологияларын сауатты меңгеріп, жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйесін кәсіби шеберлікпен игеріп, оны тәжірибеде пайдалануға шығармашылықпен үлес қосып отырса.
Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымының бірлескен өзара тығыз байланыста болуы.
Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Бұл мақсаттар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болады. Баланы өмірге дайындау үшін дамытудың маңызы ерекше. Даму барысы:
1. Зердесін дамыту
2. Эмоциясы мен сезімдерін дамыту
3. Күрт қиыншылықтарға төтеп бере алуын дамыту
4. Өзіне-өзінің сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, жақсы көруді дамыту
5. Танымдық үрдісін дамыту
6. Өзін-өзі алып жүре алуын, дербестігін дамыту
7. Өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі жетілдіруге ынтасын дамыту
А. Едігенова бойынша баланың бүкіл өмір бойында оның даму үрдісі жүреді. Даму үрдісінде баланың таным белсенділігі арта түседі. 6 жастағы балалар заттарды түсіне, түріне, көлеміне қарап ажырата бастап, олардың құрылысын, пайдалану тәсілдерін білгісі келеді. Күнделікті өмір барысында бала шындық дүниенің құбылыстары мен заттарын анықтай білуге, адам баласының жинақтаған бай тәжірибесін үйренуге талаптанады. Балалардың бір нәрсені құмартып білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Балалар өте байқағыш, еліктегіш, әр нәрсеге үңіле қарайды, көп нәрселер оларды ойлантады.
Балалар әдетте өзіне түсініксіз оқиғалардың, құбылыстардың сырын білуге құмартады. Күн сайын олардың алдында жаңа сұрақтар туады. Сол сұрақтың жауабын олар ересектерден күтеді, өйткені, олардың түсінігінше, ересектердің білмейтіні болмайды. Мұндай ерекше сұрақтар балалардың ақыл-ой еңбегімен шұғылданудағы ниетін, ықыласын сипаттайды. Сондықтан ересек адамдар бала сұрағын жауапсыз қалдырмауға тырысқан жөн. Себебі сұрағына жауап ала алмаған бала келешекте сұрақ қоюдан жасқаншақтайды және бұл баланы дүниені тануына кері әсер етуі әбден мүмкін.
В.С. Мухина бойынша мектеп жасына дейiнгi және бастауыш мектеп жасындағы балаларда мiнез-құлық мотивациясы: мiнез-құлықтың саналы регуляциясы күшейедi, мотивтер мен қажеттiлiктер көлемi ұлғаяды, рухани және материалды қажеттiлiктер сферасы кеңейедi, қарым-қатынасқа деген қажеттiлiк, жетiстiкке жету, басқарушылыққа қажеттiлiк сияқты әлеуметтiк қажеттiлiктер нығая түседi. Көп бiлу, басқалардан жоғары болу, өзi жасай алу сияқты қарапайым қажеттiлiктер пайда болады.