Файл: л Фараби атындаы аза лтты Университеті Факультеті Философия жне саясаттану Кафедрасы Жалпы жне олданбалы психология.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 37
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті «Философия және саясаттану»
Кафедрасы «Жалпы және қолданбалы психология»
СӨЖ
Тақырыбы: «Психология тарихын зерттеу» (Шульц Д.П., Шульц С.Э. «Қазіргі психология тарихы», І тарау)
Орындаған: Тлеубай А.
Тексерген: Борбасова Г.
Алматы 2022 ж.
Психология тарихына деген ғылыми қызығушылық арқылы бүгінгі психологияны түсіну барысында сіз психология курстарында алған біліміңізді ой елегінен өткізіп, барлық психологтер бірауыздан мақұлдайтын психологияның ортақ анықтамасы, әдісі не болмаса бірегей формасы болмайтынын қаперден шығармаңыз.
Бір психологтер танымдық функцияларға, басқа біреулері бейсана қызметіне зейін аударса, үшіншілері сыртқы мінез-құлық немесе биохимиялық ойлау процестерімен жұмыс істейді. Қазіргі психология бір қарағанда мінез-құлық пен адам табиғатына қызығушылықты біріктіретін және қандай да бір тұтастай ғылыми амал-тәсілді жасауға талпынатын көптеген пәндерді қамтиды.
Осы салалар мен амал-тәсілдерді реттік контекске біріктіретін жалғыз нәрсе – олардың тарихы, психологияның тәуелсіз пән ретінде дамуы. Психологияның шығуы мен дамуын зерттеу арқылы ғана оның қалыптасу жағдайын анық көре аламыз. Тарихты білу жүйені бір ретке келтіріп, хаосқа мән бітіріп, өткен арқылы бүгінді ұғындырады. Бұл еңбек психология тарихын зерттеу арқылы қазіргі психология – психологияның барлық саласын және барлық мәселелерді біріктіретінін түсінуге мүмкіндік береді. Ол түрлі идеялар, теориялар мен тұжырымдамалар арасындағы өзара байланысты ұғынуға, психология атымен аталатын «басқатырғыштың» жеке тізбектері қандай керемет бейне жасайтынын түсінуге көмектеседі.
Қазіргі психологияның бастауы
Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек. Өйткені дәл осы жерде психологияның кіріспе курстары оқытатын жад (ес), оқып-үйрену, қабылдау, мотивация, ой, сезіну және мінез-құлық патологиясы сынды қайсыбір маңызды тақырыптар турасында сөз болады.
ХIХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін философтар адам табиғатын болжау, интуиция және жалпылама қорытынды жасау арқылы жеке, өте шектеулі тәжірибе негізінде зерттеген. Философтар биология және басқа да жаратылыстану ғылымдарында сәтті қолданылған құралдарды пайдалана бастаған кезден трансформация басталды. Зерттеушілер мұқият бақылау және эксперимент жасау сияқты адам санасын зерттеу әдістеріне сенімді бола бастағанда ғана психология өзінің философиялық түп тамырынан ажырай бастады.
Психология жаңа пән болып қалыптасқаннан кейін объективті зерттеу әдістерін дамыту қажеттігі туды. Философиядан бөлінгеннен кейінгі психология тарихының басым бөлігі аталмыш пәннің зерттеу құралдары, әдістемелері мен әдістерін үздіксіз жетілдіру мәселелеріне арналады. Бұл процесс психологтерге қойылатын сұрақтар мен олардың жауабына тың көзбен қарап, объективтілікке қол жеткізу үшін қажет болды.
Психикалық құбылыстарды зерттеу үшін физика және биология ғылымының әдістерін қолдану идеясының пайда болуына ХVII ғасыр мен XIX ғасыр аралығындағы философиялық ойлар мен физиологиялық зерттеу жұмыстары түрткі болған. Қазіргі психологияның дами бастауы дәл осы кезең болғандықтан, біз де әңгімені дәл осы тұстан бастаймыз. XIX ғасыр философтары ой-пікірді зерттеудің эксперименттік амал-тәсілдері жолын жасаса, психологтер осы мәселелерді басқа жағынан шешуге талпынды. XIX ғасыр психологтері ойлау процестері негізіндегі физикалық механизмдерді түсінуге шешуші қадам жасады. Олардың ғылыми әдістері жеке философиялық әдістерден ерекшеленді. Философия мен психологияның одағы дербес күшке ие болған жаңа зерттеу саласын туындатты.
Психологтердің көпшілігі психологияны ғылым деп танығанымен, сауалнама нәтижесі бойынша бұқара халықтың 70 пайызы психологияның ғылыми мәртебесіне сенімсіздікпен қарайды.
Тарихи деректер: психологияның өткенін қалпына келтіру.
Тарихшыларда кездесетін біраз проблемалар психологтерде жоқ.
Жекелеген адамдардың өмірін, оқиғалар мен дәуірлерді қалпына келтіру үшін қолданылатын тарихи деректер ғылыми деректерден айтарлықтай өзгеше. Ғылыми деректердің басты ерекшелігі – олардың жиналу әдісінде. Мысал үшін, психолог-мамандар адамның қандай жағдайда басқа бір адамның қайғысына ортақтасатынын немесе балалардың теледидар мен видеоойындардағы озбыр әрекетке еліктеп-еліктемейтінін анықтағысы келгенде арнайы жағдаят ойлап тауып, қажетті деректі сол арқылы жинақтайды.
Сондай-ақ психолог-мамандар зертханалық эксперименттер жасап, объектінің шынайы жағдайдағы әрекетін байқап, екі айнымалы шама арасындағы статистикалық корреляцияны есептеп, шолу жасаумен де айналысады. Осы әдістер арқылы олар зерттегісі келетін жағдаятты, не бір оқиғаны бақылауда ұстайды.
Өзгертілген және жасырылған тарих
Тарихи деректердің бұрмалануына қатысушылардың маңызды оқиғаларға байланысты іс-әрекеттері де әсер етуі мүмкін. Адамдар өзін-өзі қорғау немесе қоғамдағы беделін күшейту үшін жалған деректерді саналы һәм бейсаналы түрде құрастыруы мүмкін. Мысалы, Фрейд өзін медициналық және психиатриялық мекемелер жек көретін азапталушы, қиялилығы үшін қуғындалған бейшара етіп көрсеткенді жақсы көретін. Фрейдтің алғашқы биографы Эрнест Джонс оның осы бейнесін өз еңбектерінде тіпті қалыңдата түсті.
Құпия сақталған тарихи деректердің бір мысалы – Зигмунд Фрейд. Фрейд қайтыс болған 1939 жылдан кейін оның еңбектері мен жазған хаттарының жария болмағаны кемде-кем. 2011 жылы қаншама жылдар бойы құпия сақталған – Фрейдтің өзі үйленгісі келген әйелге жазған 1500 хатының бірінші томы жарық көрді. Фрейдтің 153 қораптан тұратын жеке құжаттар жинағы Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасында тұр. Фрейдтің өсиеті бойынша бұл құжаттардың біразы белгілі бір уақытқа дейін құпия сақталмақ. Мұның бәрі Фрейдтің пациенттері мен олардың отбасыларының жеке өмірін, сондай-ақ Фрейдтің өзі мен оның ұрпақтарының абыройын қорғаудан туындап отыр.
Фрейдтің үлкен ұлынан алған хаттарының бірі 2032 жылға дейін құпия сақталса, жиенімен жазысқан хаты 2050 жылға дейін жарияланбайды. Фрейдтің ұстаздарының бірі жазған хат тіпті 2116 жылға дейін құпия сақталады дейді. Ол кезде Фрейдтің қайтыс болғанына шамамен 177 жыл болатынын ескерсек, соншалықты ұзақ рұқсат берілмейтіндей, онда маңызды не бар екен деп, еріксіз қайран қаласың. Ал қызы Анна мен жеңгесіне жазған хаттары сияқты кейбір дүниелері қашан жария болатыны мүлдем белгісіз. Психологтер аталмыш архивтік құжаттардың Фрейд пен оның қызметін танып-білуге қаншалықты көмектесетінін білмейді. Қалай болған күнде де, тарихи деректер толық қолжетімді болмайынша, психология тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі турасындағы біздің таным-түсінігіміз дүдәмал болып қала беретіні даусыз.
Тарихи мәліметтерді өзгерту: аудармадағы қателік
Тарихи мәліметтерге қатысты проблеманың енді бірі – мәліметтің тарихшылардың қолына жаңсақ аударма арқылы жетуі. Аудармадағы бұрмаланған ой туралы мысалдар бізді қайтадан Фрейдке жетелейді. Психологтердің дені, әрине, Фрейдтің жазған дүниесін түпнұсқада оқи алатындай неміс тіліне жетік емес.
Фрейдтің тұлға теориясында үш негізгі түсінік бар: олар – id, ego және superego. Бұл сөздер сізге түсінікті көрінгенімен, Фрейдтің идеяларын толық түсіндіріп бере алмайды. Латын тіліндегі бұл сөздердің немісше баламалары: id – Es («Ол»), ego – Ich («Мен») және superego – Uber-Ich («Меннен жоғары»).
Фрейд Ich (Мен) арқылы ішкі һәм жан дүниені сипаттап, оны «Меннен» өзгеше немесе бөтен күштерді бейнелейтін Es-тен(Ол) айырғысы келді. Аудармашылар «Менді» ego мен id арқылы бергендіктен, «ол адаммен ешқандай байланысы жоқ құрғақ техникалық терминге айналып кетті» (Bettelheim, 1982, p. 53). Осы себепті де «мен» және «ол» (ego мен id) терминдерінің арасында ешқандай айырма болмай қалған.
Фрейдтің «еркін ассоциация» терминіне назар аударайықшы. Мұндағы «ассоциация» сөзі әдетте бірі арқылы екіншісі пайда болатын қандай да бір идея мен ойдың арасындағы байланысты білдірсе, Фрейдтің айтпағы мүлде басқа. Оның неміс тілінде қолданған Einfall сөзі «ассоциация» деген мағынаны бермейді. Егер сөзбе-сөз аударсақ, ол «басып кіру» немесе «жаулап алу» дегенді білдіреді. Фрейд бұл жерде ой байланысы емес, бейсананың – адамның саналы ойына енетін һәм баса-көктеп кіретін тежеусіз күш екенін айтқысы келген.
Бұл – Фрейдтің тұспалдаған ойымен толық сәйкес келмейтін мысалдар. Осылайша, тарихи дерек болып саналатын Фрейдтің жеке сөздері аударма барысында бұрмаланған болып шықты. Бұл жерде біздің ойымызды «Аудару дегеніміз – өзгерту» (Traditore – Tradutore) деген итальян мақалы дәл жеткізетін сияқты.
Тарихи деректерге қатысты мәселелер психология тарихын зерттегенде не үшін керек? Олар, ең алдымен, біздің тарихты түсінуіміз үнемі қозғалыс үстінде екенін көрсетеді. Жаңа деректер пайда болған сайын, тарих әрдайым өзгеріп тұрады, тереңдей түседі, нақтыланады немесе жаңа мазмұнға ие болады. Сол себепті тарих аяқталған немесе толық болып есептелмейді. Ол үнемі өзгеріске ұшырап отырады, оның соңы болмайды. Тарихшының әңгімесі шындыққа жақындай түседі, бірақ тарихшы тарих деректерінің фрагменттерін тауып, талдаудан өткізген сайын оны толықтыра түседі.
Психологияға әсер еткен күштер
Осы еңбекте біз ежелгі заманда және қазіргі таңда контекстік күштердің психологияға қалай әсер еткені және әсер етіп жатқаны туралы мәселелерді жиі қарастырамыз. Олар тіпті біздің жан күйзелісімізді қалай анықтап, одан қалай айығатынымызға да әсер етеді (Clegg, 2012). Біз әзірге жұмыс пен соғыс, жаңсақ болжамдар мен кемсітушілік сияқты бірнеше контекстік күштерге мысал келтіреміз.
Жұмыс факторы
ХХ ғасырдың басында АҚШ-та психологтердің жұмысы мен психологияның өзінде елеулі өзгерістер болды. Экономикалық факторлардың әсерінен күнделікті өмірде психологиялық білім мен әдістерді қолдану мүмкіндіктері артты. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, ғылым практикаға айналды. Осы жағдаятқа орай бір психологтің: «Мен өмір сүру үшін қолданбалы психологиямен айналыстым», – дегені бар еді.
ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-та психологиялық зертханалар саны ұлғайып, зертханаларда жұмыс істейтін психологтердің саны да тиісінше артты. 1900 жылдары доктор дәрежесі бар психологтердің саны зертханалардың санынан үш есе көп болды. Батыс штаттары мен Ұлы көлдер аймағындағы жаңадан құрылған университеттерде оқытушылар үшін жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды. Алайда оқу орындарының көбінде психология жас ғылым ретінде аз қаржыландырылды. Физика және химия сияқты беделді пәндермен салыстырғанда, психология жыл сайын бөлінетін қаржы тізімінде ең соңғы орында тұрды. Бұл саладағы ғылыми- зерттеу жұмыстарына, зертханалық жабдық пен оқытушылардың жалақысына да бөлінетін қаражат мардымсыз еді.
Егер психология факультеттерінде бюджет пен кірісте оң өзгерістер болып жатса, оқу орындарының басшылығы мен заң шығарушыларға әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді шешуге психологияның көп көмегі тиетінін көрсете алатындарына психологтердің көздері жетті. Көп кешікпей психология факультеттеріне практикалық құндылығы бар мекеме есебінде қарау үрдісі пайда болды.
Дәл осы кезде, Құрама Штаттардағы әлеуметтік өзгерістер нәтижесінде, психологияны іс жүзінде қолдану мүмкіндігі пайда болды. Келімсектердің саны көбеюі мен олардың арасында бала туу көрсеткішінің жоғары болуы жаппай білім беру саласын қарқынды дамитын индустрияға айналдырды. Күніне бір мектептен салынған 1890–1918 жылдар аралығында тіркелген тегін орта мектептер саны 700 пайызға өсті. Әскери және әлеуметтік бағдарламаларға қарағанда, білім саласына көбірек қаржы бөлінді.
Көптеген психологтер осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз білімдері мен зерттеу жұмыстарын іске асырып жатты. Америкалық психологияға түбегейлі өзгеріс әкелген бұл жаңалықты университет зертханаларындағы эксперименттер мен психологияны оқыту һәм тәрбиелеу құралына айналдыра бастаған процестерден байқауға болатын еді.
Соғыс факторы
Қазіргі психологияның қалыптасуына ықпал еткен тағы бір күш – соғыс. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыста жауынгерлерге психологиялық көмек көрсету тәжірибесі практикалық психологияның дамуын тездетіп, оның кадр саясаты, психологиялық тестілеу және қолданбалы психология салаларындағы ықпалын арттырды. Осы жұмыс қоғамға психологтер қауымдастығы мен психологияның күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуде қаншалықты пайдалы екенін көрсетті.