Файл: Балалар ыы туралы конвенция азастан Республикасындаы баланы ытары туралы.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.01.2024
Просмотров: 95
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Балалар құқығы туралы конвенция
Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы
Осы Заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бала – он сегiз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
2) баланың заңды өкілдерi – ата-анасы, бала асырап алушылар, қорғаншысы, қамқоршысы, патронат тәрбиелеушiсi, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың орнында қамқорлық жасайтын, бiлiм, тәрбие беретiн, баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын адамдар;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала;
4) жетiм бала – ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;
2005 жылғы 13 сәуірдегі № 40-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) мүгедек бала – тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;
6) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен мүддесiн қорғаудың құқықтық нысаны;
7) қамқоршылық – он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi балалардың құқығы мен мүддесін қорғаудың құқықтық нысаны;
8) патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген адам (патронат тәрбиелеушiсi) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегi тәрбиенің нысаны;
9) баланың әлеуметтiк бейiмделуi – өмiрлiк қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мiнез-құлық ережелерiмен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтiк ортаның жағдайларына белсендi түрде бейiмделу процесi, сондай-ақ басынан кешiрген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесi;
10) бала құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, балаларды әлеуметтiк қолдауды, әлеуметтiк-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтiк, әлеуметтiк-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызмет көрсетулер мен материалдық көмек көрсетудi, өмiрдегi қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабiлеттi жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудi жүзеге асыратын ұйымдар;
11) мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар – мемлекет белгiлеген әлеуметтiк қызмет көрсетулердi, нормалар мен нормативтердi қамтитын, балалар өмiрiнiң сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi көрсеткіштер;
12) өмiрде қиын ахуалға тап болған балалар – қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тiршiлiк етуi бұзылған және бұл мән-жайларды өз бетiмен немесе отбасының көмегiмен еңсере алмайтын балалар.
2-бап. Осы Заңның қолданылуы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Осы Заңның бала құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейтiн нормаларының күшi кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес азаматтық әрекет қабiлеттiлiгiн толық көлемiнде алған балаларға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттағы оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Балалардың тең құқықтылығы
1. Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие.
2. Некеден және некесiз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады.
5-бап. Баланың құқықтарын шектеуге тыйым салу
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды.
2. Баланың құқықтарын шектеуге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлер олардың қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және олар қолданылмауға тиiс.
2-тарау. Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат
6-бап. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың мақсаттары
1. Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатының мақсаттары:
1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушілікке жол бермеу;
2) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру;
3) бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыру, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi тиiстi органдар мен ұйымдар құру;
4) балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесу;
5) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөніндегi нысаналы жұмысты қамтамасыз ету болып табылады.
2. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және:
1) баланың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге;
2) балаларға толымды тәрбие берудi, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмiр сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттiк қолдауға;
3) аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып, балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеуге және сақтауға;
4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны, оған зиян келтiргенi үшiн лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына;
5) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де ұйымдарды мемлекеттiк қолдауға негiзделген.
7-бап. Қазақстан Республикасы орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекетте баланың құқықтарын қорғау мәселелерi жөніндегi өкiлеттiктерi
1. Орталық атқарушы органдардың баланың құқықтарына кепiлдiктердi қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктерiне:
1) балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың негiздерiн талдап жасау;
2) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн, оның денсаулығы мен имандылығын қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң басым бағыттарын таңдау;
3) өз құзыретi шегiнде баланың құқықтары мен бостандықтарын реттеу және қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;
4) балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу;
2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5) бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен балалар мүдделерiнде мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6) баланың құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттің халықаралық мiндеттемелерiн орындау және халықаралық ұйымдарда мемлекет мүддесiн білдiру;
2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)
7) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласындағы балалар мүдделерiнде мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шаралар шеңберiн айқындау жатады.
2. 2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерiне:
1) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға, отбасы мен балаларды қолдауға арналған мемлекеттiк, жергiлiктi бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз ету;
2) балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу;
2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi консультацияларды хабарлау мен өткiзу, iс-шараларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)
4) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру жатады.
3-тарау. Баланың негізгі құқықтары мен міндеттері
8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы
1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.
2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды.
3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы:
1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау;
2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру;
3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қолдау;
4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу;
5) бiлiктi медициналық көмек көрсету;
6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау;
7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi.
4. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға тегiн медициналық көмектiң көлемiне кепілдiк бередi.
5. Баланың өмiрiне, денсаулығына және қалыпты өсiп-жетілуінe зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады.
9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы
Әрбiр бала туған сәтiнен бастап аты, әкесiнiң аты, тегi, ұлты және азаматтығы болуына құқылы, ал Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқылы.
10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы
1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.