ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 1047
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың жауаптылығы
1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көрсетілген, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген іс-әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не көмектесуші ретiнде қылмыстық жауаптылықта болады.
30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушының шектен шығуы
Сыбайлас қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа да сыбайлас қатысушылардың пиғылында болмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Оның шектен шыққаны үшiн басқа сыбайлас қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
31-бап. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға екi немесе одан да көп орындаушы алдын ала сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында болған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
32-бап. Қажеттi қорғаныс
1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады.
Барлық адамдардың өздерінің кәсiптік немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет бабына қарамастан, олардың тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Қоғамға қауiптi қолсұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғаныс жағдайында, яғни қорғанушының немесе өзге де адамдардың жеке басын, тұрғынжайын, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау кезiнде қолсұғушы адамға зиян келтiру, егер бұл ретте қажеттi қорғаныс шегінен шығуға жол берілмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
3. Нәтижесiнде қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Адамның өміріне қол сұғушы адамға не қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлық-зомбылықпен не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатерімен, не тұрғынжайға, үй-жайға басып кірумен, не тұрғынжайға, үй-жайға өрт қоюмен ұштасқан өзге де қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмаса, қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
33-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде зиян келтiру
1. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстап алу кезiнде оған зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегінен шығуға жол берiлмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін қажетсіз зиян келтiрілген кезде, ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына олардың анық сай келмеуі, қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алуға бұған арнайы уәкiлеттiк берілген адамдармен бірге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы болады.
34-бап. Аса қажеттiлiк
1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне және қауіп жойылған жағдайға анық сәйкес келмейтін зиян келтіру, құқық қорғау мүдделеріне болдырмай тасталған зиянға тең немесе оған қарағанда неғұрлым елеулі зиян келтірілген жағдайда, аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
35-бап. Жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру
1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның осындай органның тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын орындау кезінде жасаған, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтірген іс-әрекеті, егер бұл іс-әрекет адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарды болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеп-тексеру, барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқықпен қорғалатын мүдделерге келтірілген зиян көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар келтіретін зиянға қарағанда аздау болса және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеп-тексеруді, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық күйзеліс немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен ұштасқан іс-әрекеттер жасаған адамдарға қолданылмайды.