ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 1048
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
36-бап. Негізді тәуекел ету
1. Қоғамға пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшін негізді тәуекел ету кезінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер көрсетілген мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданған болса, тәуекел ету негізді деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық кесапат немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен көрінеу ұштасқан болса, тәуекел ету негізді деп танылмайды.
37-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, мұндай мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуінің салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне ие бола алу мүмкiндiгiн сақтаған болса, ол үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
38-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшін әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылықты болдырмайды.
3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
40-бап. Жаза түрлерi
1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) қамаққа алу;
5) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
2-1) қоғамдық жұмыстарға тарту;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру қолданылуы мүмкін.
5) алып тасталды – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
3-1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
Ескерту. 40-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017
№ 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
41-бап. Айыппұл
1. Айыппұл – осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу.
2. Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде не еселенген мөлшерде белгіленеді.
3. Айыппұл тағайындау кезінде сот оның мөлшері мен төлеу мерзімін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын, оның жалақы немесе өзге де кіріс алу мүмкіндігін ескере отырып айқындайды.
4. Айыппұл төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі және сот үкімі бойынша үш жылдан аспайды.
5. Сотталған адамның жалақысының кешіктірілуіне немесе төленбеуіне, уақытша еңбекке жарамсыздығына, жұмысынан немесе кірісінен айырылуына байланысты мүліктік жағдайы уақытша нашарлаған жағдайда, сот кейінге қалдыруды бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге бере алады. Кейінге қалдыру уақыты сот үкімінде белгіленген, айыппұл төлеу мерзімін есептеуге кірмейді.
6. Айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген кезде сот үкімі (қаулысы) мәжбүрлеп орындауға жатады. Айыппұлдың төленбеген бөлігі:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – төленбеген бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартумен не төленбеген төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алумен;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен;
4) еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
7. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде айыппұл мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
42-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары – осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
2. Түзеу жұмыстары алименттерді, жарақаттануға немесе денсаулықтың өзге де зақымдануына, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу есебіне мерзімдік төлеуге (өндіріп алуға) жататын қаражатты шегергенде, сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) оннан елу пайызға дейінгісін ай сайын ұстап қалу және Жәбірленушілерге өтеу қорына аудару арқылы орындалады.
3. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде белгіленеді.
4. Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың көлемін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды.
5. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, сотталған адам жазаның қалған бөлігін орындаудан босатылуы мүмкін не орындалмаған бөлік айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – өндіріп алынбаған бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты, өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не қамаққа алуға;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға – өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
6. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде түзеу жұмыстарының мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
7. Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды.
Ескерту. 42-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
2. Қоғамдық жұмыстар қылмыстық теріс қылықтар үшін – жиырмадан екі жүз сағатқа дейiнгі мерзімге, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін екі жүзден бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды өтеу уақыты кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босата отырып не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай өтеледi.";
2-1. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алуға;