Файл: азастан Республикасы Денсаулы сатау министрлігі Тркістан облысыны адами леуетті дамыту басармасы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.11.2023

Просмотров: 92

Скачиваний: 5

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Орталықтандырылған сулы жылыту жүйесі қазандықтан, құбырлардан және қыздырғыш құралдан тұрады. Оны іске қосар алдын жүйені суға толтырады. Қазандықтағы су қажет температураға дейін қыздырылады да трубалар арқылы қыздыру құралдарына жеткізіледі. Қызған су қыздырғыш құралдарында салқындап, кері қайтаратын құбырлармен айналымға түседі. Су қызған кезде оның көлемі ұлғаяды, сондықтан жүйеде кеңейткіш ыдыстар орнатылады, ол жерде судың артық мөлшері сақталады. Орталықтандырылған сулы жылыландыру жүйесінің жоғарғы және төменгі таралу түрлері болады. Жоғарғы таралу түрінде қыздырылған су жоғары жаққа беріледі, магистральді құбырлар бұл жағдайда үйдің төбесінде орналасады, магистральді құбырлардан төмен қарай су тіреулер арқылы түседі. Ал қайтарма құбырлар төменге шығады.

Төменгі тарату түрінде тіреулер, ыстық суды тарататын құбырлар жертөледе орналасады. Гигиеналық көзқарастан екі жүйе де бірдей.

Бөлмелерде қыздырғыш құралдар сыртқы қабырғаның төменгі жағында, терезенің астында орнатылады. Ол терезеден кірген суық ауаның ағынын жылытады. Ол оңай жуылып, оңай тазаланатын болу керек. Жылыту қондырғыларының температурасы 800С - ден көп болмауы керек, температура одан жоғарылаған жағдайда, адам күйіп қалу қаупі туындайды және жылыту қондырғыларына қонған шаңның жануы мүмкін. Осы себептен тұрғын үйлерде булы жылыландыру қолданылмайды, өйткені қыздыру құралдарында булы жылыландыру кезінде температура 1000С және одан да жоғары болады.

Гигиеналық көзқарастан орталықтандырылған сулы жылыландырудың артықшылықтары өте көп: тәуліктің әр кезінде бөлмеде біркелкі температура сақталады, өрт шығу және түтінмен улану қаупі жоқ, адамның от жағуға, күл шығаруға уақыты кетпейді, үй ластанбайды. Жылыту қондырғыларынан жылу конвекция жолымен беріледі.

Қазіргі кезде тұрғын үйлерде жылыландырудың сәулелі түрі кеңінен қолданылып жүр. Жылыландырудың бұл түрінде қызған су қабырғалардың арасына орнатылған трубалар жүйесі арқылы жүріп, бөлмені жылытады. Үйдің төбесінде орнатылған жылыландыру қондырғысының температурасы 28-300С, қабырғалардікі - 40-450С, жертөленікі – 25-270С. Сәулелі жылыландырудың орталықтандырылған сулы жылыландырудан артықшылықтары да бар: адам ағзасы өзінің бойынан жылу шығаруы төмендейді, бөлменің көлденең және тік бағыттарында температура біркелкі болады. Жылыту құралдары қабырға арасында орналасқандықтан, оларға шаң жиналмайды.

Көп қабатты үйлерді жылумен қамтамсыз ету казандықтардан немесе жылу орталықтарынан жүргізіледі. Қазіргі кезде тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту да қарастырылған.


Сулы, булы жылыландырумен қатар қазіргі кезде ауамен жылыту кеңінен қолданылып жүр. Мұндай жүйеде сырттан ауа жылу қабылдағыш арқылы жылыту камерасына, яғни жылыту құралы - калориферге түседі, ол жерде жылыған ауа каналдар арқылы бөлмелерге беріледі, ал бөлмедегі салқындатылған ауа сору каналдары және сору шахталары арқылы сыртқа шығарылады. Бұл жүйеде таза ауа бөлмелерге ұйымдастырылған күйде түседі, ол бөлмеде ауа алмасуға жақсы әсер етеді. Бұл жүйені қолданғанда бөлмеге түсетін ауа ластанған болмауы керек, ол үшін ауа соратын шахтаны дұрыс орналастыру қажет және оған шаңның, газдардың түсуінен қорғау керек. Каналдың ішкі қабырғасы тегіс болу керек. Тұрғын үйлерде ауамен жылытуды қолдану тиімді емес, өйткені мұндай жүйеде бөлмеге қатты қыздырылған ауа беріледі, ол адам ағзасында болатын жылу алмасу процесіне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Орталықтандырылған инженерлік жүйе жоқ жерлерде (орталықтандырылған жылыту жүйесі) құрылыс нормасы мен ережесіне сай бір және екі қабаттық тұрғын үйлер салып, жылыландырудың жергілікті түрін орнатуға болады. Жылыландырудың бұл түрі көбіне ауылды жерлерде қолданылады.

Жергілікті жылыландыру түріне – пеш жатады. Онымен бір немесе бірнеше бөлмені жылытуға болады. Пештің сыртқы қабырғасының температурасы 800С жоғары болмау керек. Сыртқы қабырғасы тегіс, шаң жиналмайтын болу керек.

Пештің кемшіліктеріне мыналар жатады: бөлмедегі тәуліктік температураның тәулік бойы ауытқуы, от жаққан кезде қатты қызып кетеді, ал от жақпаған кезде салқындап кетеді. Сонымен қатар отынның толық жанбауынан бөлменің ішіне түтіннің шығуы, соның салдарынан адамдарда улану қаупінің болуы, өрт шығу қаупінің болуы, күл шығарғанда бөлменің ластануы, от жағуға адамдардың уақытының кетуі жатады.

Адам түтінмен уланған кезде мынадай белгілер байқалады: бас айналу, бастың ауыруы, жүрек айнып, адамның құсуы, қалтырау. Егер улану ауыр түрде болса, адам өліп кетуі де мүмкін.

Қазіргі кезде жеке тұрғын үйлерде жергілікті, пәтерлі жылыландыру кеңінен қолданылып жүр, бұл кезде орталықтандырылған сумен жылыту жүйесінің принциптері мен элементтері қолданылады. Бұл кезде қазандықтан қыздырылған су жылыту қондырғыларына жеткізіледі, ал пештің өзі жеке көмекші бөлмеде орналасады және оның кіретін есігі бөлек болады. Гигиеналық жағынан мұндай жүйе тиімді болып саналады.
Тұрғын үйлердің және қоғамдық ғимараттардың



ауа алмасуы, желдетілуі
Бөлмеде адамдар үнемі болатындықтан ол жердің ауасының физикалық қасиеттері өзгереді: ауа температурасы мен ылғалдылығы көтеріледі. Адам жай отырғанның өзінде жылу бөліп шығарады, ал жұмыс істесе, істеген жұмысының ауырлығына байланысты жылу бөлуі көбейеді.

Ауа құрамы адамның тыныс алуы кезінде де өзгереді. Адам тыныс алатын ауа құрамында оттегінің мөлшері 21%, ал ағзадан шығаратын ауа құрамында оттегінің мөлшері -16,4%; ауа құрамында көмірқышқыл газының мөлшері – 0,04%, ал ағзадан шығарылатын ауа құрамында оның мөлшері

4,4% - ға көтеріледі.

Бұлардан басқа ауада адамның терлеуінен, бөлменің қабырғасында зәк болса, бөлмеде жағымсыз иіс пайда болады, осындай ауа адамның өзін нашар сезінуіне әкеліп соғады: бөлмеде аз уақыт болғанның өзінде адамның басы айналып, жүрегі айнып, құсуы, есін жоғалтуы мүмкін.

Қазір көп жерлерде, көптеген елдімекендерде тұрмыстық мақсатта табиғи және жасанды газ қолданылып жүр. Егер газ құралдарында ақау болып, тұрғын бөлмеге газ шығатын болса, ол адамға теріс әсер етеді. Газбен жедел улану пайда болады; адам есін жоғалтады, қалтырайды, тынысы тарылады. Газ құрамынан бөлмеге көмір қышқылы, су буы, көміртек тотығы, формальдегид, азот тотығы, бензол түседі.

Көміртек тотығының аз мөлшерінің ұзақ әсері адамның қанының құрамын өзгертеді. Қанның құрамындағы оксигемоглобиннен оттегін ығыстырып шығарып, көміртек тотығы гемоглобинмен байланысқа түсіп, карбоксигемоглобин түзеді. Осыған байланысты қанның өкпеден ұлпаларға оттегін тасымалдауы төмендейді.

Тұрғын үйлерде көбіне ауа газбен (тамақ жасау кезінде) ластанады. Бөлме газбен ластанбас үшін газ плиталар дұрыс қолданылу керек, бөлме үнемі желдетіліп тұру керек.

Қазіргі кезде тұрмыста электроплиталар кеңінен қолданылып жүр.

Тұрмыстық процесс кезінде ауаны ластайтын заттардан басқа (газ, от жағу), бөлменің ауасын пластмастан жасалған құрылыс материалдарынан бөлінетін зиянды заттар да ластайды. Осыған байланысты құрылысқа қолданылатын кезкелген жаңа материал гигиеналық жағынан бағаланып, содан кейін ғана Денсаулық сақтау министрлігі оның қолданылуына рұқсат береді және оны қолдануға рұқсат етілген заттар тізіміне енгізеді.Құрылыс кезінде тек рұқсат етілген тізімде бар материалдар ғана қолданылу керек.

Тұрғын бөлменің ауасы жұқпалы ауру қоздырғыштарымен ластанса,ол эпидемиологиялық жағынан қауіпті болады.


Егер бөлмеде ауру немесе бактериотасымалдаушы адамдар болса, ол жердің ауасында бактериялардың көп мөлшері болады. Бактериялар ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде ауаға түсіп, сол жерде өмір сүретін сау адамдарға ауа арқылы жұғуы мүмкін. Ластанған ауа арқылы мына аурулар таралады: туберкулез, тұмау, қызамық, қызылша, коклюш (көкжөтел), дифтерия (күл), желшешек (ветреная оспа).

Бөлмелердің ауасы таза болу үшін, ол жердің ауа алмасу жүйесі жақсы болу керек, яғни лас ауа шығарылып, таза ауа әкелініп тұру керек, ол ауаны тазалау жолымен іске асады.

Ауаны алмастыру жиілігі - дегеніміз сағатына неше рет бөлменің ауасы тазаланғанын көрсететін көрсеткіш.

Тұрғын бөлмелерде нормада 1м2 ауданнан 3м3/сағат ауа шығарылып тұру керек, ал газдалған үйдің асханасынан, егер асханада 4 камфорлы газ плита болса 90м3/сағат.

Терезелерге желкөз, фрамугалар орнату арқылы бөлмелерде табиғи ауа алмасуды жақсартуға болады.

Желкөздердің ауданы кемінде 0,3м2 болу керек. Желкөздердің кемшілігіне оны ұзақ ашып қою керектігі және желкөз арқылы бөлмеге енген суық ауа ағыны адамның денсаулығына теріс әсер ететіндігі жатады. Фрамугалар, қазіргі кезде шығып жатқан жаңа қондырғылар, 450 бұрышпен жоғары қарап орналасқан, яғни фрамугадан кірген таза ауа бөлменің жоғары жағына беріліп, жылы ауамен араласып, содан кейін төмен қарай түседі. Ондай фрамугаларды күні бойы ашып қоюға болады, ол адамның денсаулығына теріс әсерін тигізбейді.

Далада жел болған кезде бөлмелерде ауа алмасу күшейеді. Егер қарама-қарсы бөлмелердің терезелері ашық болса, өтпе жел тұрып бөлмелер лас ауадан тезірек толық тазаланады. Мұның гигиеналық жағынан маңызы бар.

Табиғи ауа алмасуды бөлмелердің ішкі қабырғаларына арнайы каналдар орнату арқылы күшейтуге болады. Бөлменің қызған ауасы каналдар арқылы сыртқа шығарылады да, ал таза ауа бөлмелерге сол каналдар арқылы келеді. Ол каналдардың далаға шығатын жері қабырғаның жоғары жағында орналасуы керек, өйткені қызған ауа бөлменің жоғарғы жағында орналасады. Көбіне олар асбоцементті құбырлардан, ал кейбір жағдайларда кірпіштен де жасалады, олар қабырғалардың арасында орналастырылады.

Құрылыс нормасы мен ережелерге сай ауа соратын каналдар мына бөлмелерде міндетті түрде болу керек: асханаларда, жуынатын жерде және дәретханада. Ауа соратын каналдар үйдің жоғарғы жағында жалпы коллекторға жиналып, сору шахтасына түседі, ол үйдің төбесінде орналасады. Асхана мен дәретханадан шығатын сору каналын біріктіруге болмайды. Ауа сору каналдарының жұмысын күшейтуге болады, ол үшін ауа соратын шахтаның алдына ауаны жылытатын камера қою керек, жылытылған ауа сору шахтасына бағытталады, сөйтіп коллектордан ауаның шығарылуына әсер етеді.


Ауаны жақсы сору үшін ауа соратын жерде күшейткіштер (желдеткіш) орналастыруға болады, ол ауа алмасу жиілігін арттырады. Ауаны арнайы қондырғылардың көмегімен соруды жасанды ауа алмасу дейді.

Жасанды ауа әкелу вентиляциясымен келетін ауа таза, адамның өзін жағымды сезінуге жақсы әсер етеді, оның температурасы және ылғалдылығы адамға жақсы әсер ету керек.

Қоғамдық ғимараттарда (аурухана, театрлар және т.б.) ауа алмасуды күшейту үшін ауа алмасудың жасанды ауа әкелетін түрін орнатқан дұрыс. Осыған байланысты ауа әкелетін вентиляция жүйесіне қосымша ауаны тазалайтын және қыздыратын қондырғылар орнатылу керек. Ауа соратын орын шаң шығатын жерден, автокөлік жүретін жақтан алшақ жерде, кемінде 2м биіктікте орналасу керек, атмосфералық ауаны ластайтын нысанның жел жағында орналасу керек.

Ауа соратын жер мен оны өңдейтін жердің арасы қысқа болу керек. Бөлмеге берілетін ауа шаң ұстайтын камерадан, сүзгілерден өтеді, кейде су себелейтін қондырғылар көмегімен жуылады, содан кейін қыздырғыш қондырғылардан өтіп, қыздырылады.

Тазаланған және қыздырылған ауа ауаны әкелетін каналдармен бөлмеге беріледі.

Көбінесе ауаның келуі мен алып кетілуі бірдей болғанымен, кейде айырмашылықтар болуы мүмкін.

Ауа тазалығы маңызды орын алатын жерлерде (мысалы, операция жасайтын жерлерде) әкелу мөлшері ауа сорып әкету мөлшерінен көп болу керек.

«+» белгісімен ауа алмасу жиілігінің ауа әкелуінің көптігі, ал « - » ауа әкетудің көптігі белгіленеді. Егер қандай да бір бөлменің ауа алмасу жағдайына сипаттама берілген кезде, +10, -8 деп жазылатын болса, онда бөлменің ауданынан байланысты бұл бөлмеге 1 сағатта 10 еселік ауа әкелініп, 8 еселік ауа көлемі шығарылады. Соңғы кездері кондиционерлер кеңінен қолданылады, ол бөлмелерді сапасы жақсы ауамен қамтамсыз етеді. Кондиционерлерде ауа тазаланады, жылытылады (немесе салқындатылады), ылғалдандырылады, содан кейін микроклиматтың қажет мөлшері автоматты түрде реттеледі. Мұндай қондырғылардың емханалар, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар үшін маңызы зор.

Бөлмелердің желдетілуі табиғи және механикалық болуы мүмкін. Желдету бір бөлмеден ауаның екінші бөлмеге ауысуының есебінен және желкөздер, есік және терезелердегі қуыстар арқылы жүреді.

Ауа алмасу егер пәтердің терезелері ғимараттың қарама - қарсы жағына орналасқан болса жақсы жүреді. Сондай-ақ бір жақты ауа алмасуға қарағанда бұрыштық ауа алмасуы тиімді. Ыстық климаттық аудандарда тұрғын және қоғамдық ғимараттарда ауа температурасын төмендететін және бөлмелердегі ауа алмасуды қамтамасыз ететін кондиционерлер орналастырылады. Қазіргі кезде ас бөлмесіндегі газ плитасының үстіне орналастырылған механикалық вентиляция кеңінен қолданылуда. Ауа алмасу жиілігінің қажетті мөлшері бөлменің ауданына, оның биіктігіне және ондағы адам санына байланысты есептеледі. Бөлме ауасының тазалығының көрсеткіші ретінде көмір қышқыл газы алынады. Ересек адам бір сағаттың ішінде 22,6 л көмір қышқыл газын бөледі, атмосфераның жер беті қабатында оның мөлшері 0,04 немесе 0,4л /м3 пайыз деңгейінде, ал бөлме ауасындағы шекті мөлшері 0,1 пайызға тең. Осы параметрлерді біле отырып, бөлмедегі адам санына байланысты қажетті ауа көлемін есептеуге болады.