ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 2924
Скачиваний: 101
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
-
Кәсіби іс-әрекет пен педагогикалық іс әрекеттің айырмашылығы неде? -
Кәсіп және мамандық ұғымдарының айырмашылығы қандай? -
Мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттеріне қандай қасиеттер жатады? -
Педагогикалық іс-әрекеттегі рефлексивтік іскерлігін қалай түсінесіз? -
Педагогикалық іс-әрекет стильдері қалай сипатталады?
3-тақырып. ПЕДАГОГ ТҰЛҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢКӘСІБИ
ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ
-
Жеке тұлғаның психологиялық-педагогикалық сипаттамасы, жеке тұлға компоненттері.Адам мен қоғамның өзара қатынастарының нәтижесінде жеке тұлға ұғымы ерекше мағынаны иеленеді. Тұлғаның негізгі міндеттерінің бірі–қоғамдық тәжірибені шығармашылықпен игеріп, қоғамдық қатынастар жүйесіне еркін ене алуы. Аталған міндетті шешу барысында тұлға өзінің іс-әрекеті мен қарым-қатынас нәтижелері арқылы әлеуметтік ортада өзін-өзі таныта алады. Осыдан жеке тұлғаның негізгі сипаты болып табылатын оның әлеуметтік мәні айқындала түспек.
Психологиялық-педагогиялықәдебиеттерде К.К.Платонов, Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Б.Г. Ананьев т.б. ғалымдар еңбектерінде жеке тұлға ұғымына түрлі зерттеулер жүргізіліп, анықтамалар берілген. Тұлға мәселесін зерттеуде Б.Г.Ананьев «іс-әрекет субъектісі» деген ұғымды пайдаланады. «Іс-әрекет субъектісі» деген ұғым өзінің мазмұны бойынша «индивид» және «тұлға» ұғымдарын байланыстырып тұр. Субъектілік адамды оның психикалық дамудың ең жоғары сатысы болып табылатын санасы арқылы басқа тіршілік иелерінен ажырататын басты белгісі. Өзінің саналы іс-әрекеті арқылы адам қоршаған ортаны өзгерте алады. Сондықтан, субъект дегеніміз іс-әрекет ете алу қабілеті бар саналы жеке тұлға. Тұлға– қоғамдық қатынастардың субъектісі, яғни, оның қоғамға әсер ете алуы, оның әлеуметтік іс-әрекеті мен белсенділігі.
Сонымен қатар, тұлға қоғамдық қатынастардың объектісі де бола алады, яғни, тұлға қоғамның әсерлі ықпалы нәтижесінде әлеуметтенеді, тәрбиеленеді, білім алады. Жеке тұлға-қоғамдық өмірдегі күрделі, көпжақты құбылыс, қоғамдық қатынастар жүйесінің бір бөлігі. Психология ғылымында жеке тұлға деп белгілі бір іс-әрекет түрімен айналысатын, қоршаған ортамен өзіндік қатынасын түсінетін, психологиялық ерекшеліктері бар нақты бір қоғамның, ұлттың, ұжымның өкілін атайды. Жеке тұлға–қоғамдық мәні бар адам. Кез келген адам өмірге индивид болып келіп, тек қоғамдық қатынастар жүйесі мен еңбек іс-әрекеттері арқылы ғана жеке тұлғаға айналады.
Жеке тұлға–индивидтің әлеуметтік маңызды сапалар жүйесі, оның әлеуметтік құндылықтарды меңгеруі және сол құндылықтарды іске асыра алу қабілеттері. Адам жеке тұлға ретінде өзінің санасының даму деңгейімен, өз санасын қоғамдық санамен сәйкестендіруімен сипатталады. Жеке тұлғалық қасиеттері арқылы адам қоғамдық қатынастарға қатысады. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде жеке тұлға туралы тұрақты пікірлер қалыптасқан:
-
әр адам жеке тұлға бола алады. -
жеке тұлға адамды жануарлардан ажыратып тұрады, жануарларға қатысты тұлға ұғымы қолданылмайды. -
жеке тұлға – тарихи дамудың нәтижесі. -
тұлғалық қасиеттері арқылы адам басқа адамдардан ерекшеленеді. -
жеке тұлға - іс-әрекет объектісі және субъектісі.
Жеке тұлғаның өзіндік белгілеріне оның: саналылығы, жауапкершілігі,жеке «Мен» жүйесінің болуы, белсенділігі (өзінің іс-әрекет саласын кеңейтуге құлшынысы); бағыттылығы (ынта, қызығушылықтар, қажеттіліктер, сенімдер жүйесі); адамиқадір-қасиеттері, әлеуметтік топтармен, ұжымдармен өзара әрекеттестігі жатады.
Педагогикалық сөздіктерде жеке тұлға ұғымы-әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырылады. Жеке тұлға өзін мынандай үш бағытта көрсете алады:іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынасы, өзіне деген қатынасы арқылы.
Белгілі психолог К.К. Платонов жеке тұлғаның сапаларын жүйелеп, оның иерархиялыққұрылымын анықтаған. Оның пайымдауынша, жеке тұлғаның құрылымында туа біткен (биологиялық, тұқымқуалаушылық) және жүре біткен (әлеуметтік) құрамды бөліктері болады. Солардың қатынастары бойынша жеке тұлғаның құрылымы 4 сатыға немесе төменнен жоғарыға қарай қарастырылатын иерархиялық деңгейлерге жіктелген:
-
төменгі 4-ші деңгей - тұлғаның биологиялық құрылымы, оған адамның темпераменті, физиологиялық, жас және жыныстық ерекшеліктері жатады, бұл құрылымда ешқандай әлеуметтік қасиеттері ескерілмейді; -
3-ші құрылымдық деңгейде биологиялық нышандар негізінде жаттығулар арқылы қалыптасқан психологиялық үдерістердің жеке (сезім, қабылдау, қиял, зейін, есте сақтау, ойлау, ерік, эмоция) ерекшеліктері жатады; -
2-ші тәжірибелік деңгейгеоқыту үрдісі арқылы қалыптасқан тұлғаның білім, білік, дағдылары, әдеттері жатады; -
1-ші жоғарғы, тәрбие арқылы қалыптасатын деңгейге тұлғаның дүниетанымы, сенімі, идеялары, көзқарастары, қызығушылықтары, тілектері, мақсаттары, әлеуметтік ұстанымдары, құндылық бағдары, моральдық принциптері сияқты әлеуметтік бағыттылықтары жатады. Бұл бағыттылықтар адамның қоршаған әлемге қатынасын көрсетеді.
Тәрбиенің негізгі мақсаты – жан-жақты үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылғандықтан, қазіргі білім беру саласында негізгі басымдық жеке тұлғаға бағдарланутұғырынаберіледі.
-
Педагогтық кәсіпке деген қызығушылық, оның қоғамдағы рөлін түсіну-болашақ мұғалімнің кәсіби жолын таңдауы мен кәсіби өзін-өзі жетілдіру негізі.Ұлттың интеллектуалық әлеуетін дамытудың іргетасы - білім беру саласы және сапалы даярланған педагог мамандар. Осыған орай педагогикалық парадигмалардың жаңару жағдайында болашақ педагогтарды даярлау саласына көптеген өзгерістер енгізілуде.
Педагог кәсібінің өзінде көптеген мамандықтар пайда болып, кәсіби педагогикалық білім беру саласында болашақ мамандарға дұрыс кәсіби бағыт-бағдар беру мәселесі өзектенуде. Мысалы, әлемдік білім беру кеңістігінде мынандай жаңа мамандықтар пайда болып отыр: коуч, тьютор, тренер, мастер, фасилитатор, модератор, білім берудің онлайн-платформасының координаторы, ментор, майнд-фитнес (жеке когнитивтік қабілеттерді дамытушы), т.б. Қоғамда алуан түрлі мамандықтар бар, бірақ оның бәріне адам қабілеті сай келе бермейтіндіктен, мамандықты дұрыс таңдай білу –маманның болашаққа деген ең маңызды қадамы.
Студенттің мұғалімдік кәсіпті дұрыс таңдауы және болашақ мамандығының әлеуметтік маңызын түсінуі – кәсіби жетістікке жетудің алғышарты. Болашақ кәсіпті таңдау – адам өміріндегі ең күрделі шешімдердің бірі. Адамның өзіне ұнайтын, өмір бойы айналысатын кәсібін дұрыс таңдай білуі үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Дұрыс таңдалған кәсіп адам өмірінің мәнін, табыстылығын анықтайды. Кәсіпті таңдауда адам өзінің қызығушылықтарын, қабілеттерін, ерік-жігерін, бейімділіктерін, икемділігін ескеруі керек. Кәсіптік қабілеттіліктерді дамыту ешқашан да кеш болмайды, тек дер кезінде адам өзінің кәсіби қажеттіліктерін, даму бағдарын дұрыс анықтап, соған қол жеткізуді дұрыс жоспарлай білуі керек.
Адам өмірінің маңызды құралдарының бірі – еңбек. Еңбек арқылы адам өзінің ішкі әлеуетін іске асырады, отбасының, қоғамның, Отанының дамып өркендеуіне өз үлесін қосады. Өзіне ұнайтын еңбек түрін дұрыс таңдай білу - адамның бақытқа жету жолдарының бірі.
Мамандықты таңдауда адам өзінің күш жігерін, бейімділіктерін бағалап, еңбектің қандай саласында көп пайда келтіре алатынын анықтап және сол бағытта өзінің қабілеттерін дамыту жолдарын іздестіреді.Таңдаған мамандығы арқылы әрбір адам өз бойында қалыпасқан дағдылар, іскерліктер негізінде әлеуметтік ортаға, қоғамдық іс-әрекеттер жүйесіне қатыса алады. Кәсіп әр тұлға үшін өзінің даралығын, қайталанбастығын көрсетуге мүмкіндік беретін, өмірімен үйлесімді өріліп кететін, маңызды іс-әрекет түрі.
Педагогикалық мамандық «адам-адам» жүйесіне қатысты, себебі ол «ұстаз -оқушы» қарым-қатынастық жүйесіне негізделеді. Әр адам үшін ең алдымен осы салалардың қайсысына бейім екенін анықтап алғаны абзал. Қай мамандыққа адамның қабілеттері жеткілікті, қай мамандыққа бейімділігі басым екендігін анықтау үшін психология және педагогика ғылымдарында түрлі диагностикалық әдістемелер мен тестер жеткілікті.
Педагогикалық бейімділік – тұлғаның педагогикалық кәсіпке деген сезімдік талғамының арта түсуі, құлшынысының, ынтасының жоғары деңгейде танылуы. Педагогикалық бейімділіктің негізі мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке деген және өзіне деген құндылықтық қатынастар жүйесі.Педагогикалық бейімділік – адамныңпедагогикалық іс-әрекеттерге деген қабілеттер жүйесінің даму және қалыптасу деңгейі. Педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің нақты оқыту немесе тәрбиелік іс-әрекетке қатысу кезінде айқындалады. Сонымен, педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің теориялық және практикалық педагогикалық тәжірибе жинақтап, өзінің педагогикалық қабілеттерін бағалай алу негізінде қалыптасады. Мұғалімнің негізгі кәсіби маңызды қасиеттері ретінде педагогикалық парыз, педагогикалық жауапкершілік, педагогикалық ұстаным ұғымдарын атап өтуге болады.
Педагог тұлғасының құрылымында оның кәсіби-педагогикалық бағыттылығы маңызды рөл атқарады. Мұғалімнің кәсіби-педагогикалық бағыттылығы оның негізгі кәсіби маңызды қасиеттерінен құралады. Осы қасиеттердің ішінде мұғалімдік кәсіпке деген қызығушылық, кәсіби-педагогикалық қабілеттер ерекше мәнге ие.
Мұғалім мамандығына деген қызығушылық балаларға, олардың ата-аналарына, жалпы педагогикалық іс-әрекет түрлеріне деген жағымды эмоциялық қатынаспен және педагогикалық білім мен іскерлікті меңгеруге деген құштарлықпен сипатталады.
Педагогикалық қабілеттілік - тұлғаның педагогикалық іс-әре-кетті орындауда жоғары деңгейде көрінетін жеке қасиеттері. Психологиялық сөздіктерде педагогикалық қабілеттер - мұғалімнің педаготтік қызметте жоғары нәтижелерге жетуін қамтамасыз ететіндей даралық-психологиялық ерекшеліктері мен кәсіптік тұрғыдан маңызды қасиеттерінің жалпылама жиынтығы ретінде анықталады.
Мұғалімнің педагогикалық қабілеттері негізінде оның оқушылар мен әріптестері алдында абыройы жоғарылай түседі
. Педагогикада педагог абыройы деген сөз тіркесі педагог авторитеті деген ұғыммен синонимі болып қолданылады.Педагогтың авторитеті – оқушыларға деген қатынасын анықтайтын, маңызды шешімдерді қабылдауға құқылы, басқаларды бағалай алатын, оларға кеңес бере алатын мұғалімнің ерекше кәсіби позициясы. Шынайы мұғалімдік авторитет оның жасының үлкендігі мен лауазымына емес, оның жеке тұлғалық, адами қадір-қасиеттеріне қарай анықталады. Абыройлы ұстазға оқушылар сенеді, оны ұстаз ретінде мойындайды, оның идеяларын қолдайды. Педагогикалық авторитеттің құрылымы 4 компоненттен құралады:
-
кәсіби компонент (білімі, әдістемесі, құзыреттілігі, танымының тереңдігі, т.б.). -
тұлғалық компонент (көзқарастары, өмірлік ұстанымы, құндылық бағдары, мінезі, мәдениеттілігі, т.б.). -
әлеуметтік компонент (кәсібінің әлеуметтік мәнін түсінуі, кәсіби табыстылығы, т.б.). -
рөлдік компонент (лауазымы, қызметтік рөлдері, құқықтары мен кәсіби міндеттері, т.б.).
Педагог кәсібімен айналысатын адам үнемі көпшілік бақылауында болады. Олар оқушылар ұжымының, ата-аналар қауымының, әріптестерінің тікелей болмаса да жанама түрдегі назарында болатыны анық. Мұғалімдікті таңдаған адам басқаларға үнемі үлгі-өнеге көрсете алуы керек, себебі бұрыннан бері халық арасында ұстаз беделі, ұстаз абыройы жоғары бағаланған. Оның білімімен, ақылдылығымен қатар сөйлеген сөзі, киген киімі, жүріс-тұрысы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы барынша үйлесімді, жарасымды болуы шарт. Кәсіби-педагогикалық қабілеттердің жоғары деңгейде дамуы педагог беделінің қалыптасу негізі.
Педагогтық кәсіпті таңдау бейімділікке, қабілеттілікке негізделгенімен, кейбір зерттеушілердің пікірінше, педагог мамандығын таңдаудың басқа да мотивтері кездеседі: саяси, экономикалық ақыл-ой, қоғамдық және жеке мақсат. Оларды екі түрге ажыратуға болады: 1) айқын анықталған белгілі мотивтер (яғни бір нәрсені жақсы көру, оған деген ұмтылыс); 2) анық емес мотивтер (яғни мұнда негізгі себепті табу қиын).
Е.А.Климов жастардың кәсіби таңдауларын анықтайтын мынандай
8 негізгі факторларды атап көрсетеді: отбасының, үлкендердің пікірлері; құрдастарының пікірлері; мектептегі педагогикалық ұжымның пікірі (мұғалімдер, сынып жетекшісі т.б.); жеке кәсіби және өмірлік жоспарлары; қабілеттері және олардың байқалуы; қоғамдық құрметке иеленуге талпыныс; кәсіби іс-әрекет жайлы хабардар болуы; бейімділіктер.