ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 2935
Скачиваний: 101
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Көптеген психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде студенттердің педагогикалық кәсіпті таңдау мотивтерін жан-жақты зерттеу мақсатында түрлі әдістемелер құрастырылған. Мысалы, И.П.Ильина студенттердің жоғары оқу орындарында оқу мотивтерін анықтау әдістемесі бойынша олардың оқуға келулерінің үш шкаласын анықтайды:
-
«білімді меңгеру» шкаласы (нақты бір пәнге деген қызығушылықтың басым болуы, білімдерді игеруге деген құлшыныс, білім алуға деген талпыныс); -
«кәсіпті, мамандықты меңгеру» шкаласы (кәсіптік білімдерді меңгеруге құлшыныс, кәсіптік маңызды сапаларды қалыптастыру); -
«диплом алу» шкаласы (білімдерді үстіртін меңгеріп диплом алуға тырысу, емтихандар мен сынақтарды өтуде жеңіл жолдарды іздестіруге ұмтылу).
Сондықтан да мектеп қабырғасындағы мұғалімдердің барлығының дипломдары біркелкі болса да, олардың кәсіби шеберліктерінің деңгейлері әр түрлі. Бұлай болуы заңды да шығар, өйткені педагогикалық жоғары оқу орнының дипломы –үлкен де күрделі іске кірісуге жас маманның құқығы бар екенін білдіретін құжат қана.
-
Мұғалімнің кәсіби-педагогикалық мәдениеті.Жеке тұлға өзінің саналылығы, ақылдылығы, белсенді іс-әрекеті негізінде қоршаған ортаның дайын заттарын пайдаланып қана қоймай, сонымен қатар оның өзгеруіне, қоғамның дамуына зор ықпал ете алады. Адамзаттың қоғамдық тарихи даму үдерісінде қалыптасқан материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы мәдениет ұғымымен анықталады.
Тұлға мәдениеті зерттеуші-ғалымдардың пікірінше мынандай бағыттарды қамтиды:
- ғылымның жаңа жетістіктерін пайдалана білу;
-
материалдық құндылықтардың рухани құндылықтарды жоғары бағалай білу; -
жан-жақты дамыған, қызығушылықтары кең, рухани қажеттіліктеріне сай ұстанымдарын қалыптастыру; -
өз Отанының, туған өлкенің даму тарихын, халық салт-дәстүрлерін, ауыз әдебиетін, халық өнерін біліп бағалау; -
мәдениеттің барлық саласынан хабардар болып, ондағы шығармашылықты бағалай білуі (музыка, сәулет өнері, театр, дизайн, би т.б.); -
әр маманның өзін-өзі ұйымдастыру, өздігінен даму мәдениетін меңгеруі.
Адамзат қоғамына қатысты мәдениет түрлі қызметтер атқарады: адамды калыптастыру, мұрагерлік, танымдық, реттеу, коммуникативтік, қарым-қатынастық, т.б. қызметтері бар. Жоғарыда аталып отырған қызметтер арасында мәдениеттің
қарым-қатынастық қызметінің ерекше көрініс табуының бірден бір себебі-адамдардың әлеуметтік қатынастар субъектісі ретіндегі өзектілігі.
Жеке тұлға бір жағынан,мәдениет туындысы болса, екінші жағынан,мәдениетті жасаушы, өңдеуші, түрлендіруші, қалыптастырушы ретінде қарастырылады. Мәдениетті меңгеру арқылы жеке тұлғаның рухани құндылықтары қалыптасады (ақыл, сенім, дүниетаным, сезім, ерік, т.с.с.).
Мәдениет кеңістігінде әр жеке тұлғаның өмірге деген қатынасы арқылы оның рухани құндылықтары, өмірлік ұстанымдары айқын көрініс тауып, өзінің құндылықтық бағдары мен қабілеттеріне сай бір кәсіби саланы таңдайды. Осыдан кез келген кәсіптің өзіндік құрылымы бар екенін аңғаруға болады:кәсіби іс-әрекет пәні, құралы, нәтижесі. Әр кәсіби іс-әрекет өзіндік мақсаты, міндеттері, мазмұны, құндылығы, әдістер мен әдістемелерімен ерекшеленеді. Бір кәсіп төңірегінде қызығушылықтары, бейімділіктері ұқсас адамдар, бір кәсіпті таңдап, бір кәсіби топ мүшелері атанады.
Кәсіби мәдениет белгілі бір кәсіби топ мүшелерінің арнайы кәсіби міндеттерді шешудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, тәжірибе жүзінде қолдана алу дәрежесімен анықталады. Мұғалімдік іс-әрекеттің ерекшеліктеріне байланысты жалпы мәдениеттің маңызды бір бөлігі - педагогикалық мәдениет.
Психологиялық-педагогикалық зерттеулер негізінде кәсіби-педагогикалық мәдениеттің құрылымына аксиологиялық, технологиялық және жеке тұлғалық-шығармашылық компоненттер кіреді.
Кәсіби-педагогикалық мәдениеттің аксиологиялық компонентіне сан ғасырлар бойы қалыптасқан құнды тәлім-тәрбиелік идеялар мен гуманистік тұжырымдамалар, педагогикалық құндылықтар жиынтығы жатады.
Аксиология (грек тілінің «axia» - құндылық және «logos» - ілім) – құндылықтардың табиғаты жайлы және дүниедегі құндылықтар жүйесі туралы философиялық ілім. Психологияда құндылықтар қоғамдағы моральдық қатынастардың формасы ретінде қарастырылады. Біріншіден, құндылық–жеке тұлғаның (немесе әлеуметік топтың, ұжымның) адамгершілік мәні, абыройы және қоғамдық институттардың (отбасы, мектеп, бала бақша, қоғамдық ұйымдар, университеттер т.с.с.) адамгершілік сипаттары болып қарастырылса, екіншіден, моральдық санаға қатысты көзқарастар: моральдық нормалар, принциптер, жақсылық пен жамандық, адалдық, бақыт туралы түсініктер ретінде қабылданады.
Жалпы педагог іс-әрекетіне байланысты құндылықтарды В.А.Сластенин төмендегідей жүйелейді:
-
тұлғаның әлеуметтік және кәсіби ортадағы өзінің рөлін анықтауымен байланысты құндылықтар (педагог еңбегінің әлеуметтік мәні, педагогикалық іс-әрекеттің жоғары бағалануы, т.б.); -
қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыратын құндылықтар және оның шеңберінің кеңейе түсуі (балалармен сүйіспеншілік қарым-қатынас, әріптестерімен, ұжыммен үйлесімді қарым-қатынастары, рухани құндылықтармен алмасу т.б.); -
дербес шығармашылықты дамытуға бағыттайтын құндылықтар (кәсіби-шығармашылық іскерліктерді дамыту мүмкіншілігі, әлемдік мәдениетке қызығуы, өзін үнемі жетілдіруі т.б.); -
өзін-өзі іске асыра алуға мүмкіндік беретін құндылықтар (педагог еңбегінің көп қырлылығы, әлеуметтік жағдайы нашар балаларға көмек көрсете алуы, т.б); -
жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін құндылықтар (қызметіне қарай мемлекет тарапынан еңбек ақысын алуы, жазғы демалыс ұзақтылығы, қызмет бойынша өсуі т.б.).
Кәсіби-педагогикалық мәдениеттің технологиялық компонентіне мұғалім іс-әрекетінің әдіс-тәсілдері, педагогикалық міндеттерді тиімді шеше алу іскерліктері, теориялық білімдерін практикамен ұштастыра алу қабілеттері кіреді. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл мұғалімнің барлық педагогикалық әдіс-тәсілдерді тұтастай меңгере алуы негізінде жан-жақты педагогикалық талдау жасай алуы, нақты мақсаттарды белгілей алуы, дұрыс жүйелі жоспарлар құра білуі, ұйымдастыра білуі, бағалау және түзету әрекеттерін ұтымды жүргізе алуы.
Кәсіби білім беру барысында іс-әрекеттік бағытқа көп көңіл бөлініп, қазіргі кезде «табысты іс-әрекет», «іс-әрекет табыстылығы», «табысты кәсіби іс-әрекет» ұғымдары терең зерттелуде. Себебі кез келген іс-әрекет нәтижесі табысты да, табыссыз да болуы мүмкін. Білім алушылардың табысты кәсіби іс-әрекетке даярлықтарын қалып-тастыру-бүгінгі кәсіби педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі.
Технологиялық компонентің айырықша ерекшелігі–мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінде жаңа әдіс-тәсілдерді, технологияларды, компьютерлік техниканы, ондағы жаңадан ашылып жатқан бағдарла-маларды ұтымды қолдана отырып, тәжірибе жүзінде нақты жетістіктер көрсете алуы.
Кәсіби-педагогикалық мәдениеттіңжеке тұлғалық-шығармашылық компоненті мұғалімнің құндылықтық бағдары бойынша өзінің шығармашылық әлеуетін дамыту ерекшеліктерімен айқындалады. Педагогикалық энциклопедияда
шығармашылық–адамның белсенді іс-әрекетінің жоғарғы формасы ретінде түсіндіріліп, өзінің әлеуметтік маңыздылығымен және жаңашылдығымен бағаланады. Мысалы, қазіргі кездегі ғылымның, техниканың жетістіктеріне (компьютер, Интернет, ұялы телефон, медицинадағы ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар, лазер сәулелері арқылы емдеу, т.б.) көптеген ізденуші ғалымдардың шығармашылық іс-әрекеттері арқылы ғана қол жеткізіп отырғанымыз анық.
Шығармашылықпен айналысуда адамның тек ақыл-ойы ғана емес, сонымен қатар оның табандылығы, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алуы, ойдың еркіндігі мен батылдығы, болжам жасай алуы, өз күшіне деген сенімділігі сияқты тұлғалық қасиеттері өте маңызды. Людвиг Фейербахтың: «Адам тек... өз күшіне сенген жағдайда ғана дегеніне жете алады»-деген сөздері тұлғаның дамуының ішкі фак-торларының маңыздылығын меңзейді. Яғни, шығармашылық адамның тұлғалық қасиетіне жатады, сондықтан мұндай қабілетті әр адам жас кезінен өз бойында дамытқаны жөн.
«Шығармашылық» ұғымына қатысты қазіргі психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік ғылымдар саласында шығармашылық ойлау, шығармашылық қиял, шығармашылық іс-әрекет, шығармашылық ойын, шығармашылық қабілет сияқты терминдер жиі қолданылуда.
Қазіргі кезде адамдардың іс-әрекеттерінің сипатына байланысты шығармашылықтың мынандай түрлері ажыратылады:
-
ғылыми шығармашылық (бұрынғы ғылыми білімдерге қарағанда артықшылығымен бағалы жаңа білімдер жүйесі); -
көркем шығармашылық (жаңа көркем әдебиет туындылары); -
техникалық шығармашылық (жаңа техникалық құралдар мен жаңа технологиялар); -
педагогикалық шығармашылық (жаңа мазмұн, педагогикалық әдістер, қағидалар, педагогикалық жүйелер т.б.).
Психологиялық-педагогикалық ғылымдар саласында шығармашылық іс-әрекет ерекшеліктерін зерттеумен айналысқандар Л.С.Выготский, С.Д.Рубинштейн, А.В.Брушлинский, О.К.Тихомиров, Т.А.Маслоу, Б.Г.Ананьев т.б. болған.
Педагогикалық іс-әрекеттер ерекшеліктеріне байланысты педагогикалық шығармашылық ұғымы кеңінен қолданылады. В.А.Сластениннің еңбектерінде педагогикалық шығармашылық педагог тұлғасының жеке, психологиялық, интеллектуалдық күштері мен қабілеттерін іске асыру үдерісі ретінде қарастырылады.
Педагогикалық шығармашылық - өзінің жаңашылдығымен, қайталанбастығымен ерекшеленетін шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған педагогикалық іс-әрекет.
Шығармашыл мұғалімдердің өзінің ішкі жан дүниесінде, көңіл-күйінде, балалармен қарым-қатынасында үйлесімділік байқалып тұрады. Олар әр сабақты бір шығармашылықты шыңдау лабораториясына айналдырып жібереді.
Педагогикалық міндетті шешудің өзі шығармашылықты қажет етеді. Педагогикалық практикада кездесетін ең қиын міндеттер шығармашыл педагогтың қолында оңай шешімін таба алады.
Педагогикалық шығармашылық бірнешекезеңдерден құралады:
-
Шығармашылдық педагогикалық міндеттерді анықтау. -
Педагогикалық ықпал ету әдістерін жобалау. -
Балалармен тікелей әрекеттесу арқылы белгіленген жоспарды жүзеге асыру. -
Қол жеткізген педагогикалық нәтижелерді талдау.
Педагогикалық шығармашылық өз еңбегінің әлеуметтік құндылығын бағалай отырып, кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіру үшін басқалардың озық тәжірибесін зерттеп отыратын мұғалімдер жұмыстарына тән ерекшелік. Педагогикалық тәжірибе озық және көпшіліктік болып бөлінеді. Көпшіліктік педагогикалық тәжірибе - оқыту, тәрбиелеу практикасының жеткен деңгейімен сипатталатын білім беру мекемелерінің және жеке педагогтардың жұмыс тәжірибесі.
Озат педагогикалық тәжірибе деп басқаларға үлгі тұтатын педагогтың асқан шеберлігін атайды. Ал егер педагог тәжірибесінде шығармашылық ізденіс, өте тиімді нәтиже беретін жаңашылдық, бір қайталанбас ерекшелік қамтылған болса, онда оны жаңашыл педагог деп атауға болады.
Озат педагогикалық тәжірибенің теориялық негіздерін меңгеріп оны практикада қолдану ерекшеліктері қазақстандық педагог-ғалым Ш.Т.Таубаеваның еңбектеріндеозат педагогикалық тәжірибені зерттеу, жалпылау, қолдану мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетінің құрамды бөлігі ретінде қарастырылады.
Мұғалімдердің озат педагогикалық тәжірибесі - көп жылдар бойы жинақталған, ұтымды, тиімді нәтиже беретін шығармашылық іс-әрекеті. Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, И.П.Волков, Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенкова, Қ.Н.Нұрғалиев, А.М.Ысқақов, Қ.Айтқалиев, Қ.Бітібаева, Е.А.Очкур сынды жаңашыл-педагогтардың тәжірибелері практика жүзінде қолданылып жоғары сапалы нәтиже бергені белгілі. Сондықтан осындай құнды идеяларды кәсіби іс-әрекетте қолдана алу үшін болашақ мұғалімдердің аталған жаңашыл-педагогтардың еңбектерімен тереңірек танысулары олардың шығармашылық әлеуеттерін жетілдіруге негіз болмақ.
Сонымен, кәсіби-педагогикалық мәдениеті компоненттерін қысқаша мынандай ұғымдар тізбегі ретінде түйіндеуге болады: педагогикалық іс-әрекет мәдениеті, педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті, мұғалімнің тұлғалық мәдениеті. Осы ұғымдардың өзара үйлесімді ұштаса отырып, олардың мазмұнының жүзеге асырылуы кәсіби-педагогикалық мәдениеттің жоғары дәрежедегі моделі болып табылады.