ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.01.2024
Просмотров: 2928
Скачиваний: 101
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
-
Кәсіби педагогикалық құзыреттілік және педагогикалық шеберлік. Адамзат қоғамының бүгінгі даму қарқыны бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігінде өзара ынтымақтастықта болу, өзара озық тәжірибемен бөлісуді талап етеді. XХI ғасырдағы білім беру мәселелері бойынша халықалықаралық комиссияда «Образование: сокрытое сокровище (Білім беру:ашылмаған асыл қазына)» (1996ж.) тақырыбында жасаған баяндамасында Жак Делор білім беруге негіз болатын адамның жалпы негізгі құзыреттіліктері ретінде төрт тұғырнаманы атап өтеді: танып білуге үйрену, жұмыс істеуге үйрену, бірігіп өмір сүруге үйрену, ризалықпен өмір сүруге үйрену.
Қазіргі ғылыми психологиялық-педагогикалық әдебиеттердебілім берудегі құзыреттілік мәселелері жан-жақты талқылануда.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында қарастырылып жоғарғы оқу орындарын бітіруші жас мамандардың білімділік деңгейлеріне байланысты қойылатын талаптар ретінде:
-
жалпы білімділіктеріне қойылатын талаптар. -
әлеуметтік-этикалық құзыреттеріне қойылатын талаптар. -
кәсіби құзыреттеріне қойылатын талаптар. -
өзгермелілік пен белгісіздіктің кең таралуы жағдайында әлеуметтік, экономикалық, кәсіби рөльдерді ауыстыра алу даярлығына, географиялық және әлеуметтік ұтқырлығына қойылатын талаптар. -
оқу пәндерінің негізгі циклдары бойынша білімділіктеріне қойылатын талаптар. -
жеке пәндер бойынша білімділіктеріне қойылатын талаптар анықталған.
«Құзырет», «құзыреттілік» ұғымдары бүгінгі педагогика саласындағы ғылыми айналымға салыстырмалы түрде жаңадан енген, терең зерттелу үстіндегі ұғымдар болғандықтан олардың анықтамасы да әр зерттеушімен әртүрлі берілуде. Дегенмен, көптеген анықтамаларды салыстырып талдау негізінде «құзыреттілік» ұғымына байланысты зерттеушілердің көзқарастарында бір ортақ пікірлер байқалады.
Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында құзырет ұғымы (лат. сompetentia – жетемін, лайықпын) екі мағынада түсіндіріледі:заңмен, жарғымен немесе өзге құжатпен берілген өкілеттіліктер шеңбері. Белгілі бір саладағы білім, тәжірибе, біліктілік.
Жаңа педагогикалық парадигма бойынша қазіргі стандарттардың өзінде «білім, білік, дағды» ретінде қарастырылған білім беру нәтижелерінің орнына құзыреттілікті қалыптастыру өмір талабына сай тұлғаның әлеуметтенуін, өзін-өзі іске асыруын қамтамасыз ететін білім беру жүйесінен күтілетін нәтиже ретінде қарастырылуда.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында ұлттық деңгейдегі басты мақсаты - өркендеп келе жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне белсенді араласуға дайын тұратын құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анықталған.
Қазақстандық жалпы орта білім беру стандартында (2007ж.) «құзыреттілік» және «құзырет» деген екі ұғымды ажырата қарастырып, оларға мынандай анықтамалар беріледі.
Құзырет – тұлғаның табысты іс-әрекетке даярлығы, қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы ресурстарын тиімді жұмсай алу қабілеті.
Құзыреттілік - оқушылардың әр түрлі іс-әрекеттер түрлерін меңгеруімен анықталатын білім беру нәтижесі.
Ш.Т.Таубаева жоғары кәсіби білім берудің мемлекеттік стандарттардың құзыреттілік форматында жасалуын зерттеу барысында құзыреттілік ұғымының мазмұнын ашуда оның үш түсініктемесін атап көрсетеді:
-
өзінің ішкі әлеуетін іске асыруға қабілеті (даярлығы) мен ынталылығы (мотивациялық аспект); -
табысты шығармашылық іс-әрекет үшін практика жүзінде байқалған өзінің білім, іскерлік, тәжірибесін іске асыра алу қабілеті (когнитивтік аспект); -
өз іс-әрекет нәтижелерінің әлеуметтік маңыздылғын және жеке жауапкершілігін түсінуі, оны үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін ұғынуы (құндылық аспект).
Сонымен, осы түсініктемелердің негізінде Ш.Т.Таубаева құзыреттілік депәлеуметтену және оқыту үрдістерінде қалыптасқан және өздігінен іс-әрекетке табысты қатысуына бағытталған білім мен тәжірибеге негізделгенжеке тұлғаның іс-әрекетке даярлығы мен жалпы қабілеттерінен байқалатын интегралды қасиетін түсіндіреді.
Педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерінанықтауда көптеген зерттеушілердің көзқарастары мұғалім іс-әрекетінің бір қырымен бай-ланыстырылып қарастырылады. Мысалы, Н.В.Кузьмина педагогикалық іс-әрекет негізінде құзыреттілікті «тұлғалық қасиет» деп қарастырса, Л.А. Петровская коммуникативтік құзыреттілікке М.В.Прохорова басқарушылық құзыреттілікке көп көңіл аударады.
Л.М.Митина өз зерттеулерінде «педагогикалық құзыреттілік» ұғымының «білім, білік, дағдыны және оларды іс-әрекетте, қарым-қатынаста, тұлғаның дамуында іске асыру амалдары мен тәсілдерін» қамтитынын ашып көрсетеді.
Кәсіби құзыретілік мәселесі халықаралық деңгейде Еуропалық кеңес форумдарында және конференцияларда жиі талқыланады. ЮНЕСКО құжаттарында құзыреттер (компетенции)
білім беруден күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылып, олардың негізгі түрлері айқындалған.
В.А.Сластениннің,М.И.Мищенконың пікірлерінше,педагогтыңкәсіби құзыреттілігі – іс-әрекетті атқарудағы теориялық және практикалық даярлықтарының бірлігі.
Салыстырмалы түрде талданған тағы басқа анықтамалар негізінде кәсіби құзыреттіліктің екі тұрғыдан қарастырылуын аңғарамыз:
- біріншіден, көптеген зерттеушілер кәсіби құзыреттілікті мамандардың даярлық деңгейлерімен байланыстырады;
- екіншіден, ғалымдар кәсіби құзыреттілікті маманның тұлғалық қасиеттерімен байланыстырып зерттейді.
Құзыреттілік тұрғыдан оқыту барысында білім беру нәтижесіне, оның тұрақтылығына, оның өлшемдеріне басты назар аударылады. Бұл бағытта оқушылардың дербестігі, өз беттерінше жұмыс істей алулары ескеріледі. Егер дәстүрлі оқытуда тек оқушылар үлгерімінің пайыздық көрсеткіштері маңызды болса, құзыреттілік тұрғысынан оқытуда олардың оқу жетістіктері, мүмкіндіктер деңгейі, тұлғасының қалыптасуы, әлеуметтенуі, іскерліктері жоғары мәнге ие болады.
Көптеген ғалымдардың пікірінше, мамандардың кәсіби құзыреттілігі мынандай түрлерге бөлінеді:практикалық (арнайы) құзыреттілік,әлеуметтік құзыреттілік,психологиялық құзыреттілік, ақпараттық құзыреттілік,комуникативтік құзыреттілік,экологиялық құзыреттілік,валеологиялық құзыреттілік.
Мұғалім жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісінде кәсіптік денгейі жоғары болуы үшін педагог мамаңдығына тән іскерлік пен дағдыларды толық меңгеруі негізінде ғана кәсіби құзыретті маман бола алады. Педагогтың кәсіби құзіреттілігінің құрылымы оның негізгі іскеліктер жүйесі арқылы қарастырылады.
Педагогтың танымдык (гностикалық) іскерлігі. Бұл компонент мұғалімнің танымдық қабілеттерін, интеллектуалдық мүмкіндігін, өз пәнін терең білуін, дүниетаным шеңберінің кеңдігін, өзін-өзі танып білуін қамтиды және маман еңбегінің негізі болып саналады. Танымдық іскерлікті қалыптастыру үшін адамның қабылдау, зейін, ойлау, елес, ес, т.б. психикалық қасиеттердің бірлікте дамуы қажет.
Педагогтың конструктивтік (кұрастыра білу) іскерлігі. Бұл іскерлік оқу-тәрбие жұмысын модельдеу, жоспарлау, композициялық материалдарды іріктей алумен, оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай оқу-тәрбие процесінің материалдық базасына сәйкес жұмысты ретімен ұйымдастыра білуімен сипатталады. Бұл іскерлікті меңгеру үшін интеллектуалдық іскерлік қажет. Алдағы жұмысты жоспарлау, жобалау, алдын-ала ойластыру, салыстыру, болжау қабілеттерімен тікелей байланысты. Сондықтан конструктивтік іскерлік танымдық іскерлікпен тығыз ұштасып жатады.
Педагогтың коммуникативтік (қарым-қатынас) іскерлігі. Бұл іскерлік мұғалімнің түрлі категориядағы адамдармен тез тіл табысып, тиімді қарым-қатынас жасай алуын көрсетеді. Қарым-қатынас тәсілдері сөз сөйлеу техникасы, қимылдар, мимиканы игере білуден басталады. Бұл іскерлікті қалыптастыру үшін алдымен адам басқа адамды тусіне білуі, тани білуі және өзін де таныта білуі керек. Екіншіден, өзінің ой-пікірін, көңіл-күйін, көзқарасын, мақсатын сөйлескен адамға, тыңдаушылар ұжымына түсіндіре білуге және оларды да түсіне білуге ұмтылуы қажет. Үшіншіден, адамдармен қарым-қатынас барысында толеранттылыққа негізделіп, оң шешім таба білуі маңызды.
Педагогтың хабарлау (ақпараттық ) іскерлігі. Бұл іскерлік аса маңызды педагогикалық іскерлік болып ерекшеленеді және көбінесе қатынас құралы ретінде қабылданады. Себебі қарым-қатынас хабарлау материалынсыз іске асуы мүмкін емес. Хабарлау іскерлігінде мұғалімнің дауыс қойылымын үйлестіре білуі, әсерлі көңіл-күй сезімімен сөйлеуі, сөздің құдіретті күшін, бет қимылдар ерекшеліктерін меңгере білуі талап етіледі. Оқу-тәрбие үдерісінің негізгі міндеттерін тиімді шешудегі мұғалімнің сауатты сөйлеуі, қызықтыра әңгімелесуі, көрнекіліктерді қатыстыра отырып түсіндіруі, ашық пікірлесуі, шәкіртті тыңдай алуы, сұрақ-жауап тәсілдерін қолдану арқылы тыңдаушының зейінін өзіне аударта алуы әсіресе жас мұғалімдер үшін өте маңызды қаситеттер.
Педагогтың ұйымдастырушылык іскерлігі. Бұл іскерлік мұғалім еңбегінен ажырамайтын, бөлінбейтін, үнемі қатар жүретін тұтас педагогикалық үдерісті басқарудың негізгі шарты. Бұл іскерліктің өзіндік ерекшеліктері бар: жұмыс түрін анықтау, мақсатын белгілеу, жұмыстың орындалуын талап ету, тапсырма беру, тапсырылған жұмысты бақылау, орындалуын үйымдастыру, орындалған жұмысты қорытындылау, бағалау, есеп беру, іске қызығушылықпен кірісу, басқаларға жағымды ыкпал жасау, басқаларды бір іске жұмылдыра алу іс-әрекеттерінен құралады.
Педагогтың зерттеушілік іскерлігі. Зерттеушілік іскерлік мұғалімнің әрбір әлеуметтік-педагогикалық құбылысқа ғылыми тұрғыдан қарауын, ғылыми болжам жасай алуын, жобалау және эксперимент жүргізе алуын, іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізе алуын, сонымен қатар озық тәжірибені де, өзінің тәжірибесін де жинақтай білуін, оларға ғылыми-теориялық, практикалық талдау жасай алуын және мектеп өміріне енгізе білуін қамтиды.
Педагогтың жобалау (проективтік) іскерлігі
–оқыту және тәрбие үдерісінің перспективалық міндеттерін терең түсіне отырып, оған жетудің стратегиялары мен тәсілдерін меңгергендігі. Мұғалімнің оқыту және тәрбиелеу үдерісінің жаңа жобасын құрастырып, оны іске асырудың тәсілдерін негіздеуі, бұл жобаның орындалуында ата-аналардың, оқушылардың қатысуын қарастыруы, қоғаммен байланыстылығын, әлеуметтік маңыздылығын түсінуі маңызды болып табылады.
Педагогтың рефлексивтік іскерлігі. Өз іс-әрекеттерін бақылап бағалау, өзіне сырт көзбен қарап іс-әрекет нәтижелерінің тиімділігін талдау, өзін басқалармен салыстыра отырып, нені өзгертудің қажеттілігін түсіну арқылы педагогтың кәсіби тәжірибесі жетіле түсетіні анық.
Қарастырылып отырған іскерліктер бір-бірімен тығыз байланысып келеді және өзара бірін бірі күшейте түсіп отырады.
Педагогикалық шеберлік дегеніміз не? Шеберлік–кез келген маманның өз тәжірибесінде ең тиімді әдістерді пайдаланып, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алу қабілеті. Осыған орай А.С Макаренко «шеберлік –қол жеткізуге болатын нәрсе, шебер-ұста, шебер-дәрігер болатын сияқты, педагог та керемет шебер бола алады» - дейді.
Ал қазіргі педагогика ғылымында «педагогикалық шеберлік» ұғымының түрлі анықтамалары кездеседі. Педагогикалық шеберлік ұғымына контент-талдау кестесін қарастырып көрейік (Кесте 1).
Кесте 1. «Педагогикалық шеберлік» ұғымына берілген анықтамалардың контент-талдауы
№ | Педагогикалық шеберлік анықтамасы | Түйінді идеясы |
1 | Педагогикалық шеберлік – балаларға деген сүйіспеншілігі жоғары өз жүрек қалауы бойын-ша жұмыс істейтін әр педагогқа қолжетімді, үнемі жетілдіру үстінде болатын оқыту және тәрбиелеу өнері. | Оқыту және тәрбиелеу өнері (Педагогикалық энциклопедия. М.:, 1965. –Т.2. – С.739.) |
2 | Педагогикалық шеберлік – мұғалімнің кәсіби іс-әрекет етуінің жоғары деңгейі. Сырттай ол түрлі педагогикалық міндеттерді табысты шығармашылықпен шеше алуынан, оқу-тәрбие жұмыстарының мақсаттары мен әдістеріне тиімді қол жеткізе алуынан байқалады. | Педагогикалықміндеттерді шығармашылықпен шешу, тиімді әдістер арқылы мақсатқа қол жеткізу. (М.И.Дъяченко, Л.А.Кандыбович) |
3 | Педагогикалық шеберлік – педагогикалық үдерістің ерекшеліктерін білу, оны ұйымдастырып, қозғалысқа келтіре алу. Педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жоғарғы дәрежесіне, тіпті техника дәрежесіне жеткізуге болады. | Педагогикалық техника. (Макаренко А.С.) |
4 | Педагогикалық шеберлік – оқу-тәрбие үдерістің жоғарғы тиімділігін қамтамасы ететін, психологиялық-педагогикалық теорияны тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдерінің ерекше шыңдалғандығын көрсететін дамудың жоғары дәрежесіне жеткізілген оқыту және тәрбиелеу іскерлігі. | Психологиялық-педагогикалық теорияны тәжірибеде қолдану. (Харламов И.Ф.) |
5 | Педагогикалық шеберлік – қоғамның мәдени-әлеуметтік құндылықтарын жақсы түсінудегі тұлғаның рухани-адамгершілік, интел-лектуалдық даярлығы, сонымен қатар, кәсіби іс-әрекетте өзінің білім, білік, дағдыларын шығармашылықпен қолдануға теориялық және практикалық даярлығын көрстетін қасиеттері. | Қоғамның мәдени-әлеуметтік құндылықтарын жақсы түсіну; шығармашылық білім, білік, дағдылар. (Подласый И.П.) |