Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 277

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Қазақстан Республикасы Президентінің

2018 жылғы 15 ақпандағы

№ 636 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН


Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі

Стратегиялық даму жоспары




1-тарау. Кіріспе


Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі – 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар) орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады және ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Мемлекет басшысы 2017 жылдың басында жариялаған Елдің үшінші жаңғыру процестерін іске қосады және жеделдетілген сапалы экономикалық өсу мен елдегі өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын (бұдан әрі – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар) алмастырады, ол жаһандық қаржы дағдарысының салдарын жойды және экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсуіне көшуді жеделдетті. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі міндеттері мен нысаналы индикаторлары орындалды, қалғандары мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар арқылы іске асырылуда.

Жаңа уақыт бізге жаңа сын-қатерлер тудырады: экономиканың шикізаттық моделі артықшылықтарының төмендеуі, жаһандық экономикадағы протекционизмнің өсуі, цифрлық қоғамның қарқынды дамуы, технологиялық парадигманың ауысуы – бұның бәрі Қазақстаннан әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге ден қоюды талап етеді.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізінде экономиканың өнімділігін және күрделілігін арттыру, адами капиталды дамыту және бәсекелестіктің өсуі жағдайында жекеменшік қаражатын тарту, жеке сектордың көшбастаушы рөлі мен ел өңірлерінің даму әлеуетін іске асыру есебінен экспортқа бағдарланған өндірісті ынталандыруға негізделген жаңа экономикалық өсу моделі қамтылған. Экономикалық өсудің жаңа моделі әлемнің дамыған отыз елінің лигасына кіру жолында «орташа кіріс тұзағын» еңсеруге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейінгі негізгі мақсат – адамдардың әл-ауқатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне көтеруге алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты көтерілуіне қол жеткізу.


Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, сондай-ақ адамның табиғатқа теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуге тиіс. Бұл ретте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары маңызды бағдар болады.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар жеті маңызды жүйелі реформаның және жеті басым саясаттың төңірегінде құрылған, олар
2025 жылға дейінгі кезеңде елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде жүзеге асырылатын болады. Елдің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы прогресін өлшеу үшін түйінді ұлттық индикаторлар мен халықаралық индекстер айқындалды.

2-тарау. Ағымдағы ахуалды және жаһандық үрдістерді талдау
2.1. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарды іске асыру қорытындылары

2010 жылы қабылданған 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар
2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін ел экономикасында қалыптасқан ахуалды тұрақтандыра отырып, өз міндетін орындады.
2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім (бұдан
әрі – ЖІӨ) көлемі 2009 жылға қатысты 36,5%-ға өсті, бұл экономиканың өсуі бойынша стратегиялық мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Макроэкономикалық тұрақтылық сақталды. 2016 жылы инфляция
8,5%-ға дейін төмендеді. Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің көлемі 90,7 млрд АҚШ долларын құрады және ЖІӨ-ден 66,1%-ға дейін ұлғайды.

2010 жылдан бастап 2016 жылды қоса алғандағы кезеңде шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) субъектілерінің жалпы қосылған құнының (бұдан әрі – ЖҚҚ) үлесі 20,6%-дан 26,8%-ға дейін ұлғайды. Белсенді ШОБ субъектілерінің саны екі есе өсті, 256,7 мың жұмыс орны сақталып, 81,1 мың жұмыс орны құрылды.

Қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыруда айтарлықтай жақсартуларға қол жеткізілді, бұл 2014-2017 жылдары Қазақстанның Doing Business-2018 рейтингінде 36-орынға дейін – 17 позицияға жоғарылауымен расталып отыр.

Экономиканың шикізат емес секторларына отандық және шетелдік инвестициялар инвестициялардың жалпы көлемінен 27,7%-ға дейін ұлғайды. ЖІӨ-дегі тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі 15,3%-ға өсті.

Сенімді құқықтық орта қалыптастыру мақсатында тегін заң көмегін ұсыну жүйесін құруға бағытталған заңдар қолданысқа енгізілді, судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктерін қатаңдату мәселелері регламенттелді, сондай-ақ жаңа Судьялардың әдеп кодексі, Кәсіпкерлік, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер бекітілді. Осы жылдары «соттардың дербестігі» көрсеткіші бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің (бұдан әрі – ЖБҚИ) рейтингінде 30 позицияға көтеріліп, 79-орынға ие болды.



Экономиканың әртараптандырылуын жеделдеткен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды және екінші бесжылдықты іске асыру жалғастырылуда. Экономиканың энергияны қажетсінуі алты жылда шамамен 13,5%-ға төмендеді.

Агроөнеркәсіптік кешенде (бұдан әрі – АӨК) «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде АӨК субъектілерін субсидиялау екі есеге ұлғайды. Қабылданған шаралар өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 17,6%-ға, агроөнеркәсіптік кешенде екі есеге өсуіне мүмкіндік берді.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық ауқымды дамыту бағдарламасы шеңберінде 1,6 мың км-ге жуық автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды, Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі мен логистикалық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистральдық көлік дәлізі іске қосылды.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі бағыттарының бірі білім беруге, ғылымға және денсаулық сақтау саласына инвестициялар болып табылады.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту арқылы 3-6 жастағы балаларды қамту 85,8%-ға дейін өсті. Орта білім беруде жоғары қамту деңгейі байқалуда (98,1%). Бастауыш мектептердегі білім беру сапасы бойынша Қазақстан TIMSS рейтингінде үздік 15 елдің қатарына кіреді. QS WUR әлемдік рейтингілерінде қазақстандық сегіз ЖОО атап өтілді, оның екі ЖОО топ-300 және топ-400 құрамына кірді.

Жеті жылда қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы үш жылға артып, 2016 жылы 72,4 жасты құрады. Аналар өлім-жітімінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда үш есеге, нәрестелер өлім-жітімі екі еседен астамға азайды.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі кешенді шаралардың арқасында 2009 жылдан бастап 2016 жылды қоса алғандағы кезеңде табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 8,2%-дан 2,6%-ға дейін төмендеді. Өткен жылдары жұмыссыздық деңгейі тұрақты – 5%-ға жуық болды.

Ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Ар-ұят еркіндігіне құқықты одан әрі іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Этносаралық және конфессияаралық қақтығыстардың профилактикасы мен ерте алдын алудың тиімді жүйесі құрылды.

Қазақстан халықаралық қатынастардың белсенді субъектісі болып табылады және әлемдік саясат үшін маңызы бар шешімдер қабылдауға қатысады.

Ел Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) және Дүниежүзiлiк сауда ұйымы (бұдан әрi – ДСҰ) сияқты өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге белсенді түрде интеграциялануда.


Сонымен бірге, 2014 жылдан бастап жаһандық қайта өндірілген «жаңа болмыс» ретінде және осының салдары ретінде әлемдік мұнай бағаларының айтарлықтай төмендеуімен сипатталатын кезең басталды. Бұл еліміздің орнықты дамуы үшін жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерді туындатты.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың іске асырылуынан бастап Мемлекет басшысы орта мерзімді перспективада стратегиялық міндеттерді іске асыру тәсілдерін қайта қарауды талап ететін «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Ұлт жоспары – «Бес институционалдық реформаны жүргізу жөніндегі 100 нақты қадам», Қазақстанның үшінші жаңғыруы және Қоғамдық сананы жаңғырту сияқты маңызды саяси құжаттарға бастамашылық жасады.
2.2. Қазақстанды дамыту үшін бәсекелі артықшылықтар мен салалар

Бүгінгі күні Қазақстан – бұл экономикалық, әлеуметтік және институционалдық дамуда серпіліс жасаған ел. Қазақстан табыс деңгейі орташа ел ретінде танылады: сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 25 331 халықаралық долларды құрайды.

Экономикалық өсу

2010 жылдан бастап 2014 жылды қоса алғандағы кезеңде ЖІӨ-нің өсуі жылына 4,2-7,4%-ды құрады. 2014 жылдан бастап әлемдік экономикада ахуалдың күрт өзгергені байқалды, осының нәтижесінде 2015-2016 жылдары Қазақстанның экономикалық өсуі жылына 1,1-1,2%-ға дейін баяулады. 2017 жылдың басынан бері ел экономикасы шамамен 4% жоғары өсу траекториясына қайта оралды, бұл экономиканың жаңа даму шарттарына бейімделгенін айғақтап отыр.

Өсудің тұрақтылығы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып контрциклдік макроэкономикалық реттеу саясаты есебінен қамтамасыз етілді. Орташа жылдық инфляция қарқыны 2010 жылдан бастап 7,9%-ды құрады.

2010 жылмен салыстырғанда, экономиканың құрылымында сапалы өзгерістер болды. ЖІӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер саласының үлесі 2010 жылғы 51,7%-бен салыстырғанда, 57,8%-ға дейін ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,3%-дан 11,8%-ға дейін өсті. Бұл ретте Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында өңдеу секторының өсу қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түсті. Мәселен, 2010-2016 жылдары өңдеу өнеркәсібі орташа есеппен 4,4%-ға өсті, сонымен қатар тау-кен өндіру өнеркәсібі 1,1% деңгейінде дамыды. Өңделген тауарлардың экспорттағы үлесі 2010 жылғы 27,9%-дан 2016 жылы 35,1%-ға дейін, тауар позицияларының үлесі 777-ден 877-ге дейін ұлғайды.


«Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде елдің экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған тиімді көлік-логистика инфрақұрылымы қалыптасты.

Агроөнеркәсіп секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперциясына кеңінен тартуға, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсуіне, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған АӨК-ті дамытудың
2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Сонымен бір мезгілде, экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстан экономикасының күрделілігі индексі -0,52 құрайды (салыстыру үшін Ресейде – 0,21, Малайзияда – 1,08).

Экономика салаларындағы еңбек өнімділігінің деңгейі бойынша ілесе алмауы байқалады. Мысалы, Австралия мен Канада сияқты елдермен салыстырғанда, ауыл шаруашылығында ілесе алмау 12-15 есеге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді. Өнімділіктің өсуін қазіргі заманғы технологиялардың жеткіліксіз енуі мен дамуы, негізгі құралдар тозуының жоғары деңгейі мен жоғары емес технологиялық деңгейі тежеп отыр, ол негізгі капиталдың жалпы жинақталу көлемінің 2007 жылғы ЖІӨ-нің 30%-дан 2016 жылы 23,3%-ға дейін төмендеуінің салдарынан болды.

Өзіндік технологиялардың дамуы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) төмен даму деңгейімен шектелді. Бұл ретте Қазақстанда ҒЗТКЖ-ға жұмсау шығындары ЖІӨ-нің 0,15%-ын, Ресейде – 1,2%-ды, Малайзияда – 1,3%-ды, Австралияда – 2,2%-ды құрайды.

Қаржы саласында экономиканың нақты секторын қаржыландыруды тежейтін өзекті проблемалар сақталуда. Қарыз алушылардың жоғары тәуекелдері мен банк активтерінің төмен сапасынан банктік кредит беру көлемі шектелуде. Банктердің балансында шетел валютасының айтарлықтай жоғары үлесі сақталуда, бұл олардың теңгемен қаржыландыруды ұсыну мүмкіндіктерін төмендетеді. Баламалы қаржыландыру көздері (бағалы қағаздар нарығы, венчурлік қаржыландыру, факторинг, лизинг сияқты және өзгелері) жеткілікті дамымаған.

2014-2016 жылдары фискалдық ынталандыру шаралары нәтижесінде
2017 жылға қарай мұнайлық емес тапшылық 9%-ға дейін, мемлекеттік борыш
ЖІӨ-нің 24,3%-ына дейін ұлғайды. Сонымен бірге жалпы бюджет тапшылығын 3%-дан аспайтын деңгейде және Ұлттық қордың активтерін
ЖІӨ-нің 30%-ынан астам деңгейде ұстап тұрудың арқасында елде тұрақты фискалдық жағдай сақталып отыр.

Бизнесті және кәсіпкерлікті дамыту