Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 278

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-климатты жақсарту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құру және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру рәсімдерін оңайлату бойынша түбегейлі шаралар қабылданды.

2017 жылғы Doing Business рейтингінде Қазақстан ең көп реформалар санын – 48 реформаның ықтимал он бағытының жетеуінде кәсіпкерлікті ынталандыруға және экономикалық қызметтің белсенділігін арттыру бойынша жүзеге асырған мемлекет ретінде атап өтілді.

Нәтижесінде Қазақстан рейтингте ЭЫДҰ-ның Бельгия, Италия, Израиль, Грекия және Түркия сияқты елдерінен басып озды.

Соңғы үш жылда Қазақстан мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде 2014-2017 жылдар аралығында 433 объект өткізілді. Yellow Pages Rule қағидаларын орындау мемлекет қатысатын субъектілер қызметінің түрлерін 652-ден 346-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру басталды. Бұл үшін 2015 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» Заң қабылданды, нарықтың дайындығына талдау жүргізілді, институционалдық тетіктер құрылды.

Соған қарамастан, мемлекет қаржы қаражаты мен білікті кадрларды өзіне тарта отырып, нарықтарда бұрынғысынша маңызды рөл атқарады (ЖІӨ-дегі ЖҚҚ үлесі – 2016 жылы 18,3%).

ШОБ субъектілерінің экономикаға қосқан үлесі салыстырмалы түрде төмен – 26,8% деңгейінде қалып отыр, орташа кәсіпорындар саны қысқаруда. Қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік, бизнес жүргізу жағдайында өңірлер арасындағы елеулі алшақтық, заңнамадағы бизнесті ірілетудің орнына оның бөлшектенуіне әкеп соқтыратын олқылықтар бизнестің дамуын тежейтін факторлар болып қалып отыр.

ШОБ секторының экспорттық әлеуетін дамыту үшін экспортты ілгерілету жөніндегі шаралардың белгілі бір топтамасы ұсынылады. Алайда, ірі нарықтардан қашықтығы жоғары логистикалық шығасыларға әкеп соғады және қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Әлеуметтік саясат

Экономика мен әлеуметтік дамудағы жетістіктер нәтижесінде халық саны бес жыл ішінде шамамен 1,2 миллион адамға ұлғайып, 2017 жылғы қарашаға 18,1 млн адамды құрап отыр.

Елде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасты. Жүйелі түрде жүргізілетін скрининг азаматтардың денсаулығын қорғаудың неғұрлым пәрменді шараларының біріне айналды. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау нәтижесінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 2013 жылы 99,49-дан 2016 жылы 88,79-ға дейін азайды.


Сонымен бірге денсаулық сақтауды қаржыландырудың жеткілікті болмауы және өңірлер бойынша қаржы ресурстарының біркелкі бөлінбеуі орын алып отыр. Шалғай өңірлерде медицина персоналының тапшылығы әлі де байқалады, қалалар мен ауылдардың кадрлармен қамтамасыз етілуі арасындағы айырмашылық төрт есе. Бұл салыстырмалы түрде медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жоғары білікті медициналық көмектің әлсіз серпініне алып келеді.

Қазақстанның білім беру жүйесі халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған, жоғары білімнің Болон жүйесіне көшуі жүзеге асырылып, зияткерлік мектептер желісі мен халықаралық деңгейдегі университет «Назарбаев Университеті» құрылды, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы іске асырылуда.

Қазақстанның PISA рейтингі бойынша орташа балы ЭЫДҰ елдерінің осыған ұқсас көрсеткішінен 10%-ға төмен екендігін ескерсек, орта білім беру сапасының көрсеткіштері жақсартуды талап етеді. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының айырмашылықтары сақталуда, бұл ауыл мектептерінің ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы бойынша шамамен 10 пайызға артта қалушылығынан көрініс табады.

Техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) жүйесінде дуалды білім беру жүйесі және халықаралық стандарттар енгізілді. Сонымен қатар ТжКБ жүйесі әлі күнге дейін жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне бағдарланбаған, материалдық-техникалық база ескірген, ал білім беру бағдарламаларының көпшілігі халықаралық білім стандарттарына сәйкес келмейді.

Қазақстан орта білім беру сапасы бойынша ЖБҚИ-дегі 138 елдің ішінде 68-орынды, жоғары білім беру сапасы бойынша 63-орынды, менеджмент мектептерінің сапасы бойынша 100-орынды және персоналды дайындау және дамыту деңгейі бойынша 70-орынды иеленеді. Бұл білім беру жүйесінің, оның жаңа экономиканың қажеттіліктерімен байланысының, сондай-ақ еңбек нарығын реттейтін əлеуметтік-еңбек инфрақұрылымының алдында күрделі міндеттер қояды.

Білім берудің өзге де проблемалары арасында педагог мәртебесінің беделді еместігін және осы саладағы салыстырмалы түрде жоғары емес еңбекақыны, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда білім беру жүйесін қаржыландырудың жеткіліксіздігін бөліп көрсетуге болады.

Әлеуметтік салада жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санынан
25%-ды құрайтын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жоғары үлесі, сондай-ақ ауылдық жерлерде өзін-өзі өнімді емес жұмыспен қамту ерекше алаңдаушылық туындатады.

Зейнетақымен қамсыздандыру саласында ынтымақты зейнетақылардың төленуін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері инфляция қарқынынан

басып оза отырып, жыл сайын индекстеледі. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және халықтың жұмыспен бейресми қамтылған топтарының жинақтаушы зейнетақы қорымен толық қамтылмау проблемасы сақталып отыр.

Өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші тұрғын үймен қамтамасыз етілу болып табылады. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асырудың арқасында жыл сайын шамамен 10 млн ш.м тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні тұрғын үймен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда 21 ш.м-ге дейін өсті, бірақ Шығыс Еуропа елдерінің деңгейінен
(25 ш.м) кейін қалып отыр.


Мемлекеттік басқару және заң үстемдігі

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту Ұлт жоспары – «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» шеңберінде жүргізілуде.

2017 жылы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа жүзеге асырылды. Парламенттің рөлі мен оның Үкіметті бақылауы күшейтілді. Азаматтар алдында жауапты «ықшам Үкімет» қалыптастырылуда. Функциялар мен көрсетілетін қызметтердің бір бөлігі төмен тұрған деңгейлерге және бәсекелі ортаға берілді.

Мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілуде. Соңғы бес жылда мемлекеттік құрылымдардың тиімділігі 25%-ға (Дүниежүзілік Банктің WGI индексі бойынша, 2015), ал халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 2014-2015 жылдардағы бағалау қорытындысы бойынша тек соңғы екі жылдың ішінде 20%-ға артты.

Соған қарамастан, 2015 жылы Дүниежүзілік Банктің бағалауына сәйкес мемлекеттік құрылымдардың тиімділік индексі 100 балдан 41 балды құрады, ал аса дамыған 30 ел тобының көрсеткіші 75 балды құраған болатын. Ағымдағы саясат инновацияларды қолдамайды, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар жұмысындағы табысты өзгерістер нақтылық сипатқа ғана ие болып, кеңінен таралмайды. Қазіргі кезде бақылау тетіктері басым түсіп отыр, олар көп жағдайда нәтижеге емес, процеске бағдарлануды ынталандырады.

Мемлекеттік институттардың есеп беруін, ашықтығын және айқындығын күшейту мақсатында сараптамалық талқылау мен қоғамдық ауқымды консультациялар жүргізу көзделген. Аудит пен қызмет тиімділігін бағалаудың, сондай-ақ азаматтарды тарту институттарының жаңа жүйесі енгізілуде. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясын құрылуымен халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі толық жаңғыртылды. Сонымен бірге, халық пен бизнес мемлекет жұмысына әлі де болса әлсіз тартылған – азаматтық белсенділік индексі ықтимал 100 балдан 39 балды құрайды.

Заң үстемдігін және сот төрелігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесі реформаланды. Істерді қарау мерзімдері жартылай қысқарды, оңайлатылған сот ісін жүргізу мен реттеудің баламалы шараларын пайдалана отырып, шешілген істер саны өсуде. Судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері қатаңдатылды.

2000 жылдардан бастап бірқатар қылмыстық істер құрамын қылмыстық сипаттан арылтудан, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуден, депеналдаудан, жазалау, баламалы бас бостандығынан айыру шараларын кеңінен қолданудан тұратын қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең-кезеңмен жүргізілуде. 2017 жылғы шілдеде бизнеске қылмыстық-құқықтық қысымды төмендету, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процесс шеңберіне тартуды азайту бойынша қосымша шараларды көздейтін заң қабылданды.


Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесінің негізін қалады, оның басымдықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу жөніндегі шаралар болып табылады. Алдын алу құралдары енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланды. Қазақстан ЭҰДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына қатысушы болды және
19 ұсыныстың 14-інде прогресс байқалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2015 жылы 60%-дан
2016 жылы 73%-ға дейін өсті.

Оң серпінге қарамастан, заңдарды сақтау деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2016 жылы Дүниежүзілік Банктің заң үстемдігі индексінде Қазақстан көрсеткіші ықтимал 100 балдың 41 балын құрады, бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткіштері 75 балдан жоғары. Transparency International индексінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі алдыңғы қатарлы елдердің
55 балымен салыстырғанда, 100-ден 29 балды құрайды.

Өңірлік саясат

Өңірлік саясат өңірлердің теңгерімделген дамуына, экономикалық өсу орталықтарында еңбек және қаржы ресурстарын аумақтық шоғырландыруды ынталандыруға, тұратын жеріне қарамастан, жұмыспен қамтуды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Ұлттық деңгейде экономикалық өсу орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі агломерацияларда орналасқан макроөңірлер қалыптастырылуда.

Өңірлік деңгейде облыс орталықтары мен Семей және Түркістан қалалары, перспективалы моно- (27) және шағын (41) қалалар, тірек ауылдар (6660-тың 314-і) мен шекара маңындағы аумақтар өсу нүктелері ретінде айқындалды. Басқарылатын урбандалуды жүргізу үшін инвестициялар тарту, инновацияларды, жайлы қалалық ортаны дамыту, ішкі көші-қонды басқару бөлігінде агломерацияларды дамытуға аса көңіл бөлінеді. Моно- және шағын қалаларды дамытуда экономиканы әртараптандыру және ШОБ-қа қолдау көрсету жөніндегі шараларға көңіл аударылған.

Қазақстан халықтың орналасу тығыздығы төмен болуымен (орташа есеппен шаршы км-ге 6,6 адам) және урбандалудың орташа деңгейімен (Ресейдегі 74%-бен, Малайзиядағы 77%-бен салыстырғанда, 55,5%) сипатталады, бұл әлеуметтік қызметтерді көрсету мен инфрақұрылымды салу құнын ұлғайтады.

Өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы сәйкессіздік негізгі проблема болып қалып отыр.