Файл: aзacтaн Pecпyбликacы Білім жнe ылым миниcтpлігі Aбaй aтындaы aзa лтты пeдaгoгикaлы yнивepcитeті Филoлoгия жнe кптілді білім бepy инcтитyты.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 139
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Академик Ə. Қайдар: «Этнографизмдер дегеніміз - тұрмысымызда болған, əлі де қолданылып келе жатқан күнкөріс бұйымдарының белгілі бір кəсіпке, шаруашылыққа, салт-дəстүрге, əдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тəртібіне, əдеттік құқыққа байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық жəне тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері»,-дейді
Зерттеуші Ж.Манкееваның пікірінше, «этностың көне дəуіріндегі тарихынан, мəдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер, тілімізде мағынасы ұмыт болған əр түрлі этноатаулар олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мəдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу — ұлт болмысын, ұлт мəдениетін танытудың бір жолы. Осыған орай, қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер, ескіліктер т.б. этнодеректер мəдени-рухани байлықтың бір көзін құрайды. Қазақ тілі этнолингвистикасының денін тіліміздегі мағынасы күңгірттенген, тіл иесі сөйлеу процесі кезінде ол сөзді қолданғанымен де мағынасына терең бойлап, жете түсіне бермейтін, я қолданыстан шығып, архаизмге айналған сөздер құрайды».
Ж.Манкеева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымы негіздері» атты зерттеуінде: «Өңіржиек – үзбелеп салпыншақтап тағып, асыл тастардан көз орнатқан, көйлек сыртынан омырауға тағатын әшекейлі, қымбат бағалы сәнді бұйым» - деген анықтама бере отырып, «өңіржиек» мағынасын толықтыра түседі. Бұл пікірлерге назар аударсақ, С.Аманжолов мұралары бүгінгі этнолингвистика ғылымының зерттеушілеріне де өзіндік үлесін қосып жатқаны дәлел болады. Таным көкжиегін кеңейтетін, сөздің мәні мен мағынасына әсер ететін күрделі процесс – сана арқылы қабылданатын пайымдау үрдісі. С.Аманжоловтың: «Қай ұлттың болса да, тіл байлығы – сол ұлттың тарихи айнасы. Өйткені сөздің бәрі - сананың көрінісі. Сондықтан әрбір сөз тарихтың дерегі болады»–деген құнды пікірін еске алсақ, ұлттық дүние-таным, салт-дәстүрге негізделіп, халықтың рухани өмірін бейнелейтін қазақтың наным-сенімдеріне қатысты сөздер мен аталымдар – ұлттық таным көкжиегін кеңейтіп, халқымыздың тарихынан хабар беретін ерекше ұғымдар. Тіл байлығын аңғартатын, санамызда сақталып қалған мұндай ұғымдарды жаңғырта түсудің маңызы зор.
Белгілі бір ұлттың, этностың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын, әдет-ғұрпын оның тілінде сақталған лексикалық, фразеологиялық, мақал-мәтелдік және т.б. бірліктердің мазмұнын ашу арқылы түсіндіру тіл білімінің этнолингвистика саласына жатады. Бұл орайда қазақ этнолингвистикасын әдеби шығармалардағы көптеген атауларды зерделеуге белгілі тілші-ғалым Ербол Жанпейісовтің еңбегі мен қосқан үлесі мол. Ол кісі дүниеден өткенімен, соңында қалдырған зерттеу мұрасы жуырда «Қазақ ескіліктері» деген тақырыппен жеке кітап болып жарық көрді. Яғни тіл білімінің этнолингвистика саласы тағы бір ғылыми туындымен толықты. Өткен ғасырдың аяғында Е.Жанпейісовтің «Абай жолы» эпопеясының тілін, ондағы ұлттық кодтар мен символдарды этнолингвистикалық тұрғыда терең зерделеген құнды еңбегі алдымен қазақ тілінде «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» деген атпен, кейіннен орыс тілінде «Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауэзова)» атты еңбегі қазақ этнолингвистикасы мен этимологиясы салаларында жаңалығы мол, іргелі зерттеу ретінде танылған болатын. Ғалым «Қазақ ескіліктері» атты ғылыми еңбегінде тіліміздің заттық мәдениет лексикасын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттей отырып, түркі тілдерінің материалдары арқылы идиоэтникалық бірліктердің құрылымдық-семантикалық табиғаты мен этимологиясын ашады. Ең алдымен, кітаптың атауына арқау болған «ескілік» сөзінің мән-мағынасына ой жүгіртейік. Бұл сөздің лұғаттық мағынасы Қазақ сөздігінде: «І. тозығы жету; бұрынғы, ескі қоғамның салт-санасы, әдет-ғұрпы; ІІ. ескіге тән, бұрынғы, баяғы; қарттық, кәрілік; ескі-құсқы, тозығы жеткен» деп көрсетілген (Алматы, 2013, 429-б.). Демек, ескілік сөзінің «тозығы жеткен», «ескі салт-сана», «бұрынғы», «қарттық» деген мағыналарын белгілеуге болады. Ақын-жазушылардың шығармаларында да осы негізгі ұғымдар қолданылған. Алайда Мұхтар Әуезовтің «Батырлар әңгімесі» атты ғылыми мақаласындағы «Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп санауға керек» деген сөйлемінен ескілік сөзінің жоғарыда сөз болған семаларға қосымша «халықтың бұрынғы заттық-рухани мәдениетіне қатысты ұғымды» білдіретін ортақ белгісін аңғаруға болады. Профессор Ербол Жанпейісов те сөз болып отырған ғылыми еңбегінің атын «Қазақ ескіліктері» деп тіліміздегі идиоэтникалық лексиканы, этномәдени тілдік бірліктерді жинақтап, қазақ халқының бұрыннан келе жатқан заттық, рухани мәдениет ұғымдарын білдірткісі келген болса керек.
Қазақ халқының тарихы оның жүріп өткен жолы арқылы танылады. Алайда «танылу» тек халықтың тіліндегі түрлі аталымдар, өмір сүру, тіршілік етудің мәдени формалары бейнеленген тілдік бірліктердің мазмұнында сақталған. Осы орайда қазақтың заттық лексикасының қолдану аясын, шығу төркінін тіл иелменіне этнографиялық еңбектер мен көркем шығармалар арқылы дәйектей отырып, мазмұндап жеткізу мақсатында жазылған Е.Жанпейісовтің бұл еңбегі қазақ этнолингвистикасының ғана емес, қазіргі түркологияның да жетістігі болып табылады.
Ғалымның сөз болып отырған зерттеу еңбегінің мынадай ерекше тұжырымдарын атап өтуге болады:
– қазақ тіл ғылымының этнолингвистика саласы өзінің бастау тінін Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен алады. Зерттеуші тіл мен этностың арасындағы өзара байланысына алғаш көңіл бөлген тұңғыш түрколог ғалым Махмұд Қашқари екенін айта келе, тіл ғылымындағы дербес бағыт саналатын этнолингвистиканың негізін қалаушы Вильгельм фон Гумбольдттың ғылыми теориялық тұжырымдарына мазмұндас пікірді қазақ тіл білімінің көсемі Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен де көруге болатынын жан-жақты дәлелдейді. Ғалым этнолингвистиканың негізгі нысаны болып табылатын орыс тіліндегі материальная культура, духовная культура ұғым-терминдерін Ахмет Байтұрсынұлы қазақы менталитетке лайықтап тірнек өнер, көрнек өнер деп атағанын, ХХ ғасырдың аяқ шенінде орыстардың (алғаш рет С.Арутюновтың) этнолингвистикалық зерттеулерінде жиі кездесетін культура жизнеобеспечения, предметы жизнеобеспечения дейтін ұғымдық категорияларды А.Байтұрсынұлы күн көру керек-жарақтары, жан сақтау (жан қоштау) керегінен шыққан нәрселер ретінде қазақ тілінде ХХ ғасырдың басында-ақ сәтті терминденгенін айрықша атап өтеді.
– туыстас түркі халықтарының идиоэтникалық бірліктерін бірге алып зерттеу үлгісін «түркі этнолингвистикасы» деп атауға болады. Автордың «зерттеуімізде қазақ ескіліктері деп отырғанымыздың өзі көп жағдайда осы күнгі туыс түркі тілдерінің де, сондай-ақ бұлардың бәрінің де ертеде жеке-жеке отау болып бөлініп шыққан қара шаңырағы – «ескі түрік бірлігі заманындағы» көне түркі тілінің де материалымен барып астасады» деген пікірі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды» деген ойымен үндеседі.
– көркем шығарманың тілі арқылы халықтың ұғым-түсінігі, дәстүрлі-тұрмыстық мәдениеті анықталады. Е.Жанпейісовтің тұжырымы бойынша, «этностың таза өзіндік ерекшеліктерін, әсіресе өткен алыс заманғы дәстүрлі-тұрмыстық мәдениетін айқындауда таптырмайтын маңызды дереккөзі қызметін, сондай-ақ кәсіби көркем шығармалар да атқара алады. Мұндай шығармалардың өзі кейде этностың ажырағысыз бір компонентіне айналып кетеді». Ғалым бұдан бұрынғы ғылыми еңбектерінде идиоэтникалық лексикалардың этнолингвистикалық сипатын М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі арқылы ашуға тырысқан. «Қазақ ескіліктері» еңбегінде де ғалым заттық мәдениет лексикаларын талдау барысында М.Әуезовтің шығармаларымен қатар, ескі жыр-дастандарды, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев және т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын маңызды дереккөз ретінде келтіреді.
– тілдік деректерді диахрондық талдаумен қатар, синхрондық жолмен талдау әдісі де этнолингвистика саласына тән сипат. Профессор Е.Жанпейісов 1994 жылы «Ана тілі» газетіне (№ 3, 20 қаңтар, 7-б.) «Этнолингвистика» тақырыбымен жариялаған ғылыми мақаласында «этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін емес, көбіне-көп өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді» деп пікір келтірген болатын. Автор тіл ғылымының этнолингвистика мен әлеуметтік лингвистика салаларын қызметі мен қолданыс аясы тұрғысынан жан-жақты талдап, уақыт арақатынасы жағынан оппозициялық қосарлар қатарында алып қарауға болатынын айтады. Бұл дербес екі сала диахрондық тұрғыда «негізінен тарихи мәнді, тарихтық сипаттағы тіл деректерін» қарастырумен қатар, «таза бүгінгі күннің жалпы қолданыстағы тілдік материалдарын» да зерттейтінін айта келе, осы синхрондық жолмен талдау әдісі этнолингвистика саласына тән сипат екенін айрықша білдірген.
– Қазақтың ескіліктерін негізгі үш бөлікке бөледі. Олар: заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы, мифологиялық лексика. Қазақ этнолингвистикасының теориялық негізін салған академик Әбдуәли Қайдар қазақтың тіл әлемін «Адам. Қоғам. Табиғат» деп үш фактордың аясында зерттеген (Қазақтар: ана тілі әлемінде. Үш томдық этнолингвистикалық сөздік: І Адам. ІІ Қоғам. ІІІ Табиғат. А., 2009, 2013). Академик ғалымның шәкірттері де осы топтастырудың негізінде жан-жақты зерттеу жүргізіп, Әбдуәли Қайдардың этнолингвистикалық мектебін қалыптастырды. Ал Ербол Жанпейісовтің қазақ этнолингвистикасын зерттеп-зерделеуі өзіндік ғылыми ұстанымымен ерекшеленеді. Ғалым мәдениет феноменін екі топқа бөліп, олардың объектісін былайша жүйелейді: «киім-кешек үлгілері, үй мүліктері, баспана түрлері, төрт түлікке қатысты бұйымдар, азық-түлік өнімдері заттық мәдениетті, яғни тірнек өнерді, ал бұдан кейінгі әдет-ғұрыптық ишара көріністер мен символдық түрлі рәсімдік актілер тобы рухани мәдениетті, яғни көрнек өнерді құрайды». Сонымен қатар бұларды заттық-рухани мәдениет (тірнек-көрнек өнер) дихотомиясыдеп атап, соңғы дәуірге жатқызады. Себебі біртұтас семиотикалық жүйе болып табылатын архаикалық мәдениет бұлай мүшеленбейді деп тұжырымдайды.
Заттық мәдениет лексикасының идиоэтникалық ерекшеліктері этнолингвистикалық тұрғыда зерттелді. Профессор көп жыл бойы жалпы түркілік контексте жүргізілген қазақ ескіліктері жөніндегі зерттеуін заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы және мифологиялық лексика деп аталатын негізгі үш бөлікте қарастыруды жоспарлағанымен, бұл ғылыми кітабын заттық мәдениет лексикасын зерттеуге арнаған. Сонымен, сөз болып отырған еңбекте сөздік қорымызда сақталып, бүгінгі күнге жеткен сәукеле, көйлек, тон (қамқа тон, берен тон, себіл тон, қаракес тон, кіреуке тон), шапан, шекпен, ішік, сақсыр, сақпан, самалық, белбеу, жүзік, селебе, киіз үй, лау идиоэтникалық лексикалары және оларға қатысты этномәдени тілдік мәтіндер тарихи-салыстырмалы, этимологиялық талдау әдістерімен зерттелді.
Қорыта айтқанда, профессор Ербол Жанпейісовтің «Қазақ ескіліктері» атты ғылыми еңбегінің басты құндылығы ретінде этнолингвистика саласының теориясы және этнолингвистикалық талдаулары тың жаңалықтармен, маңызды этномәдени мәліметтермен толыққанын ерекше атап өтуге болады. Ғалым Е.Жанпейісов: «Этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін ғана емес, көбінесе өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномəдени лексикасынан айқынырақ көрінеді », — дейді. КСРО Ғылым Академиясының ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында Қазақ өлкесіне ұйымдастырған экспедицияларының этнографиялық деректер жинаудағы орны айтарлықтай болды. Бұл ретте біздің зерттеп отырған мәселеге қатысы бар жұмыстар қатарына ең алдымен С.И.Руденко бастаған экспедицияның еңбектері жатады. Бұл еңбектерде, негізінен, жекелеген қазақ тайпаларының тарихы, тұтас өңірлердің шаруашылық дәстүрлері, қазақ жеріндегі сәулет ескерткіштері, киізден жасалатын үй бұйымдары мен кілем, алаша тоқуда қолданылатын оюлар болмысы, отбасы және бала тәрбиесі т.б. мәселелер сөз болады. Қазақ зерттеушілерінен бұл экспедицияға Ә.Бөкейхан мен Ә.Марғұлан қатысты және тамаша ғылыми зерттеулерін қалдырды. Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын, өткені мен бүгінгісін жүйелі түрде зерттеу Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрамында Ш.Уәлиханов атындагы Тарих, археология және этнография институтының ашылуына байланысты жүргізілді. Қазақстанның әр өңіріне қатысты материалдық мәдениетін, шаруашылық мәселелерін, жалпы мәдениеті мен тұрмысын зерттеуде И.В.Захарова, В.В.Востов, Р.Д.Ходжаевалар үлкен еңбек сіңірді. Осы буыннан кейін қазақ этнографиясының ғылыми деңгейін көтеруге, оның одаққа танылуына Х.Арғынбаев сияқты ғалымдар үлкен еңбек сіңірді. Ол кісінің қаламынан қазақтың отбасы мен неке дәстүрлері, қолөнер мен мал шаруашылығы, этнос арасындағы араластық туралы еңбектері жарық көрді. 1960 жылдары қазақ халқының қолөнерін сипаттауда, қазақ этнографиясының зерттелу тарихын таразылауда Е.А.Масанов үлкен еңбек сіңірді. Қазақ киіз үйі туралы академик Ә.Х.Марғұланның көлемі шағын еңбегі мен М.С.Мұқановтың альбом-кітабы осы кезеңде жарық көрді. Бұл еңбектердің қай-қайсысын болмасын кезінде оқырман қауым жақсы қабылдады. Кәсіби этнографтармен қатар бұл шаруага Өзбекәлі Жәнібеков пен Ақселеу Сейдімбек сияқты азаматтар да ат салысып , қазақтың дәстүрлі этнографиясы және этномәдениеті туралы өзінің өзектілігін әлі де жоғалтпаған жүйелі түсініктер калыптасты. Бірақ әртүрлі саяси жағдайларға және Мәскеудің ұлттық саясат ұстанымдарына байланысты казактану ғылымы материалдык және рухани дәстүрлердің кейбір аспектілер зерттеумен ғана шектеліп этностың тарихы және қазіргі замандағы мәселелерімен айналыса алмады.
Сөздер мен сөз тіркестерін төркіндете зерттеу этимологияның төл міндеті болса да, бұған кейде этнолингвистиканың да мұқтаж екендігін көреміз. Мұндай жағдайда, әсіресе, мағынасы күңгірттенген бірліктердін мәнін ашып, жасалу мотивтері мен қолданыс шеңберін айкындауда этнолингвистиканың этимология көмегіне жүгінуіне тура келеді. Сөз төркінін айқындаудың тағы бір қажеттігі тіл практикасында мұндай фактілерді «халықтық этимология» (оны «жалған этимология» деп те атайды) тұрғысынан түсіндіру жиі кездеседі. Мұндай жағдайда бұл тәрізді «еркін» жоба-жорамалдарға дұрыс бағыт-бағдар беру қажет тәрізді.
Кейде этнолингвистикалык түсініктеме дәлелсіздеу көрінгенде де этиимологиялык бір деректін өзі-ақ оны айқындай түсуі мүмін. Мысалы, көне де байырғы «бөрі» сөзінің эвфемистік баламасы деп көрсетілетін, қарышқыр сөзін үлкен ғылыми этимологияға бармай-ақ, кырғыз тілінде мойны мен жақ сүйектерінің қарысып қалуына байланысты «қарышқыр» деп аталуы арқылы түсіндіруге де болады. Айта кету керек, этимологиялық зерттеулерде кейде этнолингвистикалық факторларды пайдалану да жиі кездеседі. Мұндай жағдайда, керісінше, этнолингвистикалык деректер этимологияның негізгі үш – фонетикалық, семантикалық және морфологиялык принципіне қосымша дәйектеме ретінде пайдаланылып, этимология обьектісін уақыт-мезгіл кеңістігі мен тарихи дәлдігі түрғысынан айқындай түсуде өз үлесін қосып отырады.
Тіл – әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына ретінде қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда тілдің құрылымдық, коммуникациялық қызметтерінен басқа да қырларын, қасиеттерін анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр.
Атап айтқанда, тіл мен адамның өзара тығыз қатынасына қарай анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы), лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктері), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.