Файл: Реферат Пні Автоматтандырылан апаратты жйелер Таырыбы Апаратты жйелер жне оларды класификациясы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Реферат

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.11.2023

Просмотров: 41

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Болашақ жоғары колледжі

Реферат

Пәні:Автоматтандырылған ақпараттық жүйелер

Тақырыбы: Ақпараттық жүйелер және олардың класификациясы

Орындаған:Әміре Ұлту

Қабылдаған:Ешжанова Гүльвира

Қызылорда, 2023

Ақпараттық жүйелер және олардың класификациясы

Басқару жүйелері және олардың функциялары. Күрделі жүйелерді зерттеу оларды басқару мәселелеріне тікелей байланысты. Қазіргі кездегі күрделі жүйелер ондаған, кейде жүздеген элементтермен әрекеттестікте болады, қолданылатын жабдықтардың элементтерінің жағдайы туралы информацияны жылдам жинап, өңдеп, оңтайлы жоспарлау мен басқарушы сигналдарды құрастыратын аса күрделі электрондық кешендер. Сондықтан мұндай жүйелерді зерттеудегі ең бастысы әрі маңыздысы басқару мәселелері болып есептеледі.

Басқару дегеніміз арнайы құралдар арқылы информация жинау, оны жеткізу мен өңдеу процестері.

Жүйенің белгілі бір элементінен басқарушы құралдарға жүйенің жағдайы туралы информация түседі. Одан бөлек, басқару құралдары басқарушы командалар түрінде жоғары басқарушы органдардан немесе сыртқы ортадан информация алуы мүмкін. Басқарушы құралдар барлық өздеріне түскен информацияны өңдеп, нәтижесінде басқарушы команда құрастырады. Ондай командалар жүйенің элементтерінің жағдайлары мен жұмыс режимдерін өзгертеді.

Күрделі жүйелерде информация ағыны туралы түсінік енгізілген. Мәлімет беруші информация ағыны жүйенің элементтерінен басқарушы құрылғыға, ал басқарушы информация ағыны басқарушы құрылғыдан жүйе элементтеріне бағытталған. Бұл жерде жүйенің тура және кері байланыстары туралы түсінік енгізіледі. Кері байланыс арқылы басқаруды анықтайтын параметрдің мәні басқару программасы белгілеген мәнімен салыстырылады; егер олардың мәндерінде ауытқу болса, онда басқарушы информацияға қажетті өзгерістер енгізіледі.

Кейінгі жылдары басқару құралдары ретінде электрондық есептегіш машиналардың (ЭЕМ) қолданылатыны белгілі. Берілген программа бойынша арифметикалық және логикалық амалдарды орындай отырып, электрондық есептегіш машина басқарушы алгоритм деп аталынатын информация өңдеуге арналған алгоритмді орындауды қамтамасыз етеді.


Егер күрделі жүйе бір жерден басқарылатын болса, оны орталықтандырылған (централизация) деп атайды. Іс жүзінде басшы және төменгі (перифериялық) басқару орталықтары арасында басқару функциялары бөлінген болады. Басқаруды орталықтандыру әртүрлі деңгейде жүргізіледі. Әсіресе көлемді информация алмасуды қажет ететін жүйелерде орталықтандыру (централизация) мен орталықтан қашықтату (децентрализация) деңгейлерін дұрыс таңдау қажет. Басқарудың кейбір функцияларын төменгі деңгейге беру немесе орталықтан қашықтату информация берілісін азайтуға және оны өңдеуді жеңілдетуге мүмкіншілік береді. Бірақ кейбір жағдайларда бұл басқару сапасын төмендетуге әкелуі мүмкін.

Күрделі жүйелерді зерттеу барысында көптеген әртүрлі есептерді шешуге тура келеді. Күрделі жүйелерді зерттеуде кездесетін есептерден екі негізгі есепті бөліп қарастыру керек:

1) талдау (анализ) есебі;

2) синтез есебі.

Талдау есебі жүйенің құрылымы мен параметрлерінің мәндеріне байланысты оның қасиеттері мен бағытын зерттеуге арналған. Бұл есепті шешуде жүйенің құрылымы мен негізгі параметрлерінің мәндері белгілі деп есептеледі. Берілген алғашқы жағдай мен жұмыс істеу шарттары үшін жүйенің функционалдық сипаттаушы параметрлерін (тиімділік көрсеткіштерін, сенімділігін, бөгеуілден қорғалғандығын және т.б.) есептеу және жүйенің тұрақтылығын бағалау (тұрақтылық облысын анықтау) керек.

Керісінше, синтез есебін шешу кезінде жүйенің функционалдық сипаттаушы параметрлері (тиімділік көрсеткіштері, сенімділігі, бөгеуілден қорғалғандығы және т.б.) және жүйенің тұрақтылығы (тұрақтылық облысы) анықталған деп есептеледі. Есепті шешудің нәтижесінде жүйенің құрылымы таңдалынып, оның негізгі параметрлерінің мәндері анықталуы керек. Көпшілік жағдайда бұл есеп экстремум есебі ретінде қойылады. Мысалы, белгілі бір көрсеткіштің (тиімділік көрсеткішінің) максимумын немесе минимумын берілген шектемелер үшін табу, ал шектемелер қалған негізгі көрсеткіштер (сенімділік, бөгеуілден қорғалғандық және т.б.) үшін қойылады.

Күрделі жүйелерді зерттеудегі ең маңызды мәселе басқару ісіне байланысты. Қазіргі заманғы автоматтандырылған басқару кезінде ондаған, кейде жүздеген элементтерден тұратын жүйелермен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл жерде жүйенің элементтері туралы информация жинауды, оны өңдеуді өте үлкен жылдамдықпен орындайтын, оңтайлы (оптимальді) жоспарлау мен басқарушы сигналдарды құрастыру функцияларын атқаратын аса күрделі электрондық жабдықтар кешенімен жұмыс істеуге тура келеді.



Мұндай басқару жүйесімен жұмыс келесі функцияларды орындауды қажет етеді:

- күрделі жабдықтың жұмыс істеу процестерін талдаумен байланысты есептерді шешу;

- информация ағындарының құрылымы мен процестерді басқару заңдылықтарын бағалау;

- информация өңдеу алгоритмдерін синтездеу мен оңтайлы (оптимальді) жоспарлау;

- алгоритмдерді орындауды жүзеге асыратын техникалық құралдарды таңдау;

- жабдықтың параметрлерінің мәндерін негіздеу;

- олардың тиімді жұмыс істеу режимдерін анықтау және т.б.

Басқару ісінің бұл функцияларын атқару үшін пайдаланылатын құралдарды негізінен екі топқа бөлуге болады екен:

- техникалық немесе аппараттық жабдықтар (электрондық есептегіш машиналар мен олардың сыртқы (перифериялық) құрылғылары, байланыс желілері мен құралдары, өлшегіш приборлар және т.б.;

- программалық немесе математикалық жабдықтар.

Бірінші топқа жататын құралдар жүйедегі жұмыс процесін және оның алгоритмін физикалық түрде жүзеге асыруға арналған болса, ал екінші топтың құралдары информация жинау, сақтау мен өңдеу арқылы басқару ісін оңтайлы орындауды, ол үшін қазіргі заманғы информациялық (ақпараттық) технологияларды пайдалануды қамтамасыз етеді.

Ақпараттық жүйе туралы ұғым. Ақпараттық (информациялық) технологиялар қоғамының негізгі көрінісі – адамзат өмірі мен қызметінің барлық дерлік саласын компьютерлендірумен сипатталынады. Алғашқы кезеңде есептегіш техника (ЭЕМ, компьютер) ғылыми зерттеулерде, инженерлік-техникалық, қаржы-экономикалық және тағы басқа салаларда кездесетін математикалық есептеулерді орындау үшін қолданылды. Кейінгі жылдары есептегіш техниканы және онымен байланыстыруға болатын құралдарды пайдаланудың ауқымы кеңейді. Осындай жағдайға байланысты есептегіш техникаға қажетті программалық жабдықтар негізінен екі бағытта дамыды:

- есептеулерді орындау;

- информацияны жинақтау мен өңдеу.

Осы екі бағыттың екіншісінің даму қарқыны кейінгі кезде өте жоғары әрі пайдалану облысы барынша кеңеюде. Пайдалану облыстарының ішінде, компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды (IT-информационные технологии) пайдаланудың ең маңызды саласының бірі – басқару ісі. Басқару объектілері ретінде механизмдер мен өндірістік процестер, мекемелер мен кәсіпорындар және т.б. қарастырылады. Әсіресе, нарықтық экономикада жиі кездесетін белгісіздік пен тәуекелділік жағдайында, дұрыс басқару шешімін қабылдау үшін басқарылатын объектінің жұмысына әсерін тигізетін сыртқы және ішкі жағдайлар мен факторлар туралы дәл әрі оперативті информация қажет болады.


Осыған байланысты мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстарының сәтті әрі тиімді болуы үшін оларда ақпараттық жүйелердің болуы аса қажет. Ақпараттық жүйелер пайдалану облысына байланысты әртүрлі болады және олар математикалық есептеулерді орындауға арналған стандартты қолданбалы программалар мен жүйелерден өзгеше. Ақпараттық жүйелер белгілі бір мақсатқа қажетті информацияны жинауға, сақтауға және өңдеуге арналған. Оларды құрастыру кезінде, болашақ пайдаланушылардың көпшілігінің есептегіш техника мен информациялық технологияларды жоғары деңгейде игермегендіктерін ескеру де қажет.

Осы айтылғандардан мынадай тұжырымдар жасауға болады:

- ақпараттық жүйелердің негізі ретінде информация сақтау ортасы мен одан деректерді алу құралдары болуы тиіс; информация сақтау ортасында қажетті деректер мен мәліметтерді олардың типтері мен түрлеріне байланысты белгілі бір тәртіппен орналастырылатын жадының болуы қажет; оны деректер базасы (ДБ) деп атайды;

- деректерді деректер базасынан алу және оларды басқа клиенттерге жеткізу құралдары пайдаланушы үшін ыңғайлы жағдай (интерфейс) жасайтын болуы тиіс.

Сонымен, ақпараттық жүйелерді құрастыру кезінде екі негізгі мәселе шешіледі:

1) информация сақтауға арналған деректер базасын құру;

2) пайдаланушыға арналған ыңғайлы интерфейс жасау.

Басқару мен ондағы ақпараттық жүйелер туралы мәселелерді қарастыру барысында «Ақпараттық жүйе дегеніміз не?» - деген сұрақ міндетті түрде пайда болады.

Ақпараттық жүйе дегеніміз мәтіндік, фактографиялық және т.б. информацияны жинауға, сақтауға, іздеуге, өңдеуге және т.б. амалдарды орындауға арналған қолданбалы программалық жүйе. Ақпараттық жүйе пайдаланушымен диалог арқылы жұмыс істейді.

Ақпараттық жүйелердің пайда болуы мен олардың жылдам дамуының негізгі себептерінің негізгілері ретінде келесі үш факторды қарастыруға болады:

1) кәсіпорындарды басқару әдістемесінің дамуы;

2) компьютерлік жүйелердің мүмкіншіліктері мен өнімділігінің артуы;

3) ақпараттық жүйелердің элементтерінің техникалық және программалық жүзеге асырылуының дамуы.

Жоғарыда айтылғандай, кәсіпорындарды басқару теориясы және оны іс жүзінде жүзеге асыру өте күрделі іс болып есептеледі. Оның себебі – нарықтық экономика жағдайында бәсекелестіктің өсуі компания басшыларына тұрақты түрде жаңа тиімді тәсілдерді іздеуді және оларды тезірек іс жүзінде пайдалануға енгізуді қажет етеді. Осыған байланысты басқару ісінде информацияны дер кезінде алу, оны басқару ісінде пайдалану ақпараттық жүйелердің болуының қажеттілігін туғызады.


Жылдан жылға компьютерлік техниканың және оның программалық жабдығының дамуы, олардың мүмкіншіліктерінің артуы тиімді ақпараттық жүйелерді құрастыруға мүмкіншілік береді. Соңғы жылдары информациялық жүйелердің дамуына үлкен әсер етуші фактор ретінде үш жаңалықты атауға болады:

1) программа құрастырудағы жаңа әдістердің пайда болуы; мысалы, объектіге бағдарланған программалау әдістері объектік модельдерді пайдалануға мүмкіншілік береді;

2) желілік технологиялардың пайда болуы ақпараттық жүйелердің пайдалану мүмкіншіліктерін арттырды;

3) Интернет жүйесінің пайда болуы және кәсіпорындарда интранет технологиясының пайдаланылуы алыста орналасқан объектілермен жұмыс істеуге мүмкіншілік жасады.

Ақпараттық жүйе негізінен екі бөлімнен тұрады:

1. Компьютерлік инфрақұрылым немесе корпоративтік желі - желілік, телекоммуникациялық, программалық, ақпараттық және ұйымдастырушылық инфрақұрылымдардың жиыны.

2. Бір-бірімен байланысқан функционалдық бағынышты жүйелер; олар ұйымдастыру ісі мен қойылған мақсатқа жетудің мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.

Сонымен, ақпараттық жүйені құрастыру дегеніміз алдымен оның компьютерлік инфрақұрылымын (корпоративтік желісін) құрастырып, содан кейін осының негізінде, функционалдық бағынышты жүйелерді құрастыру.

Корпоративтік желіні құрастыру көлемді қаржы жұмсауды қажет етеді. Сондықтан оны құрастыру ұзақ мерзімге жоспарлануы тиіс әрі оны ауыстыру немесе жаңарту іс жүзінде сирек болады. Ал функционалдық жүйелер жұмыс барысындағы өзгерістерге байланысты жиі жаңартылып отырады.

Ақпараттық жүйелердің түрлері мен негізгі сипаттамалары. Қазіргі кезде қолданылатын ақпараттық жүйелердің түрлері мен орындайтын функциялары әртүрлі болады. Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің де көптеген түрлері болады.

Ақпараттық жүйелердің классификациясын олардың сипаттарына байланысты жасауға болады:

- көлемі (ауқымы) бойынша;

- пайдалану саласы бойынша;

- ұйымдастыру тәсілі бойынша.

Ауқымы бойынша информациялық жүйелер үш түрге бөлінеді: жеке, топтық және корпоративтік.

Жеке ақпараттық жүйе дербес компьютерде құрастырылып, тек бір ғана пайдаланушы жұмыс істей алатындай болады. Олар локальді деректер базасын басқару жүйелеріне (ДББЖ) негізделеді. Мұндай ДББЖ-лерге жататындары: Clarion, Clipper, FoxPro, Paradox, dBase, Microsoft Access.

Топтық ақпараттық жүйелер ұжымдық пайдалануға арналған; олар локальді есептеу желісіне негізделеді. Бұл жағдайда деректер базасының сервері (немесе SQL-сервері деп аталынатын) қолданылады. Мысалы, іс жүзінде Oracle, DB2, Microsoft SQL Server, InterBase, Sybase, Informix деп аталынатын деректер базасының серверлері жиі қолданылады.