ВУЗ: Казахская Национальная Академия Искусств им. Т. Жургенова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.02.2019
Просмотров: 16994
Скачиваний: 34
Қазақстанға тікелей инвестиция берушілердің тізімінің басында АҚШ орналасқан, одан кейін Ұлыбритания, Италия, Канада, Нидерланды, Германия, ал Азия аймағынан Қытай, Жапония, Индонезия және Оңтүстік Корея бар. Қазақстан АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Американдық “Шеврон” компаниясымен Теңіз мұнай көздерін игеру жөніндегі ірі шартқа қол қойылды. Қазіргі кезде АҚШ Қазақстанның ең маңызды экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің елімізде 350-ден астам Қазақстан-Американ бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді, сондай-ақ 100-ден астам американ компанияларының өкілдіктері тіркелген.
Қазақстан экономикасының дамуында сыртқы сауданың маңызы зор. Егемендік алған жылдардан бері Қазақстан дүние жүзінің 180-нен астам елімен сауда қатынасын орнатты. Осының нәтижесінде сыртқа шығаратын және сырттан бізге алып келетін тауарлардың көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2001 ж. Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 14 млрд. доллардан асты. Қазақстанның сауда айналымының шамамен 62% ТМД елдерінің үлесіне, 24% Еуропа елдерінің (35 ел), 13% Азия аймағы елдерінің үлесіне тиеді.
Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізіп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы (Сальдо – белгілі бір уақыт кезеңіндегі ақшалай түсімдер мен шығындар арасындағы айырма) 7 млрд. доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсті деген сөз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен ТМД-ның ауқымымен шектелген біздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түсті. Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты. Осылайша біз әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына ендік (Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан, 19 ақпан 2005 ж.).
2007 жылы 30 қарашада Мадридте ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қазақстан Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланды. 2010 жылы Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін берген әлемнің 56 мемлекетінің шешімі – еліміз қол жеткізген тағы бір ірі жетістік. Бұл – елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық зор беделінің ерен табысы, еліміздегі ұлан-ғайыр оң өзгерістердің, біздегі демократияның айшықты нәтижесі. Біздің еліміз халықаралық мойындауда және өзінің дамуында жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. ЕҚЫҰ – дүние жүзіндегі аса беделді халықаралық ұйымдардың бірінен саналады. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол бірінші түркі елі, ол тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, ең соңында, ол бірінші азиялық ел.
Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды. Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.
57. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей протекторатын (бодандығын) қабылдауы және оның салдары.
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тәуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар әлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз – казачьих или киргиз – кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».
Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті.
Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.
ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.
1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Әбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Әбілхайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілхайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілхайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. кінәз Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару және онда аталған губернатордан 1500 әскери адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы әскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық әртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын-ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет.
Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды. Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды.
Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бәрі алдын-ала алынған, үзік-созық сипаттағы мәлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тәжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген.
Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілхайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілхайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай жібергендігін дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрен көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.
Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілхайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті және әлсіз мемлекеттердің арасында ерекше хұқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мәнісі – алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді” дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат – қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау – күшті мемлекет әлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал әлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Әбілхайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым–қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді.
Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын және жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мәжбүр болды. Дәл осы сәтте хан тағына лайықты адам «соғыс тәжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Әбілхайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің әскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тәжірибесі мол…Әбілхайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сәтте төре әулетінде Әбілхайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілхайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.