Файл: абит мсірепов авгейді ат орасынан бастайы Бдан былай огурци деп жазылатын болса, мен оны жемейа оярмын.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.11.2023
Просмотров: 22
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
АВГЕЙДІҢ АТ ҚОРАСЫНАН БАСТАЙЫҚ
«Бұдан былай огурци деп жазылатын болса, мен оны жемей-ақ қоярмын».
Л. Леонов.
Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтана, молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді. Ана тілі қорлана береді, ажарлана береді. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойында жасала да береді, жасара береді. Тіл диалектикасы жасаған сайын жасара беруінде. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біріне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс.
Салтыков-Щедрин ыза болады: ф әрпіне тілдерің еркін-ақ келеді. Солай бола тұра, неге «хунт» дейсіңдер? X әрпіне де тілдерің келеді. Солай бола тұра, неге «фуост» дейсіңдер? – деп ызаланады. Мен әуелі сол сөйлеу- сөйлесудегі дерекіліктерден бастағым келеді.
Қазақстанның әр жерлерінде сөздің мағынасын бұзып сөйлеушіліктер бар. Солардан біраз мысал келтірейік.
«Өзіміз молдаға оқып едік, баламыз мектепке оқып жүр». «Қызым жетінші класс оқып жүр». Бұл сөйлемдер қайда, қайдан оқып жүр, нешінші класта оқып жүр деген сұраулардың жауаптары екенінде жұмыс жоқ, «Молдадан оқыдық», «мектепте оқып жүр», «жетінші класта» деуге тіл келмегендіктен емес, тіпті, түсінбегендіктен де емес. Бұл баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салдары.
«Бұрын райкомтұғын. Осы күні совхоз боп қапты ғой», «болатұғын» деген сөздің бас жағы кесіліп қалыпты да, «болып қалыпты» делінетін сөздер ортасынан омырылған. Тегінде, осы «тұғынды» тастап, болатын, келетін деп жазу дұрыс-ау деймін.
«Түске шекейін» мен «шекемдер» оп-оңай тұрған «дейіннің» айырбасы.
«Әне ерде отырған со ма десем: міне ерде отыр екен. «Ән жерде, мін жерде» деп те айта береміз.
Ана жерде, мына жерде делінетін ап-айқын оп-оңай сөздердің қалай бұзылып кеткеніне таң қалғандайсың.
Менің бір қадірлі досым дастарқан үстінде – «жесей, ішшей, іштеңке ғымайды» деп отырады, әрі-беріден соң – «жемесің бар, кемесең етті» деп күштеңкіреп жібереді.
Күнбе-күнгі сөйлеу әдетімізде «барғам, жазғам, айтқам» дей береміз. Осы сөздердің аяғын осылай доғару елеусіз кіріп алып, ең көп тарап кеткен әдет. Елеусіз кірген дерт енді елемесе есейе бермек. Сондықтан мұны елемеуге болмайды. Сөйлескенде де, жазғанда да – «барғанмын, жазғанмын, айтқанмын» – дейтін болайық.
Мен «оңтүстік, солтүстік» деуге де қарсымын. Бұл да бұзып алған сөздеріміз. Мұның дұрысы «оңтұстық, солтұстық» болу керек. Түстік емес, тұстық. Оң тұсымызда, сол тұсымызда... Түскиіз емес, тұскиіз. «Күн осы күні мына тұстан шығады, мына тұстан батады». Түс кезі, түстік дейтініміздің өзіндік мағынасы бар.
Сөйлеудегі осы сияқты ерсі мысалдарды топтап әкелуге болады. Мұнда әдейілік жоқ, әрине. Сөз бен сөйлемге, оның ар жағында ана тіліне мән бермеушілік бар. Олай болса, әдейілік жоқ болғанымен, ана тілінің алдындағы күнәда олқылық жоқ.
Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады да, айтайын дегенің құлаққа қонбайды. Абай айтқандай, көңілдегі көрікті ойын айтуы келіспесе түкке тұрмай қалады.
Жиырмасыншы жылдардың ішінде әдебиетімізге «қайдам» деген сөз кірді. Қазір ол көп жазушылардың еңбектеріне кіріп алыпты. Тіпті, орыс геройларына «қайдам» деген сөз беретін жазушыларымыз да бар. Бұл бір қия алмайтын құнды сөз емес, «қайдан білейін» деген сөздің заңсыз қосындысы. Бір сөздің соңғы әрпін жойып жіберіп (қайдан), басқа бір әріп қоса салсаң (қайдам), ол жаңа сөз болып шықпайды.
Сол жылдарда «құсап» деген бір құсық иісі келетін сөз қосылды: «ит құсап», «жазушы құсап», «адам құсап»... Адамға ұқсап, жазушыға ұқсап делінетін сөздердің тұрпаты бұзылды да кетті.
Осы күнгі оқушы балалар ең алдымен қай сөздің қалай жазылғанына қарап оқиды. «Қайдам» дегенді «қайдан білейін», «құсап» дегенді «ұқсап» деген мағынада түсінетін болады. Оның ар жағы түсінікті ғой...
Берірек келе – жазира, салиқалы, салауатты жыр, музыкалық хабар, қоғами, сыни пікір, мақамшылық өнері деген жаңылыс алынған сөздер қосылып келеді.
Жазира – араб тілінде «арал» деген сөз. Оны біздің жазушылар гүл бақшалы жер үйек мағынасында алып жүр. Бұл дұрыс емес.
Салиқалы деп мақтау үшін алдымен осы сөздің «салиқа» деген түбірі немене, соны білуіміз керек. Ондай түбір табылар емес. Ал, салиқалы деген сөздің өзін алсақ, бұл бір, ІІІахмет марқұм айтқандай – ухам сомнение, құлаққа жағымсыз, мағынасыз сөз.
Салауатты жыр – тіпті өрескел алынған. Біз молдадан оқып жүрген кезімізде бейсенбі күні салауат айтқызатын:
«Қайрауат, уа қайрауат,
Бір алладан шафағат.
Алламызға мүнәжат,
Пайғамбарға салауат...»
Сол салауат енді көркемдік түсінік орнына алыныпты. Поэзияның көркемдігін бағалау үшін салауатқа жүгірудің түк орны жоқ. «Музыкалық хабар» деген де дұрыс емес. «Хабар» өз мағынасын дәл басып тұрған орнықты сөз. Музыка арқылы ешбір хабар ала да алмайсың, бере де алмайсың. Ән тыңдайсың, күй тыңдайсың, қысқасы, ол хабаршы емес, көркемөнердің негізгі бір арнасы. «Музыкалық программа» деп алуымыз керек.
Соңғы жылдардың бірінде «қоғами» деген термин алынды. «Қоғамдық» деген, өз мағынасын дәл басып тұрған сөзіміз барда құйрық жағын аравизм мен фарсизмге қарай бұлаңдатып тұрған «қоғамиды» неге алғанымыз түсініксіз-ақ. Осы «қоғами» алынғаннан кейін бір жас сыншы «сыни пікір» деп жазып еліктей кетті. Сонымен, аравизм мен фарсизмге қарай «қоғами» құйрығын екі рет бұлаңдатты. Тап осы «қоғами» керек емес.
«Гәкку» деген бір әншілер тобын басқарып, телевидениеге шығып жүрген Әминә Нұғыманова қарындас «мақамшылық өнері» дегенді музыкалық термин ретінде жиі-жиі қолдана бастады. Тегінде ғылымдық еңбек жазып жүрген болар. Осынысына жұрттың құлағын үйрете берейін дегендей, ән салатын қыздармен шықса да, дауыстарын барқыраған әлдекімдермен шықса да, «мақамшылық өнерін» қайталап қадағалап қояды.
«Мақам», ең алдымен, құранды қалай оқудың сазы. Мысыр мақамы, Бұхара мақамы, Түркістан қазіретінің мақамы аталатын мақамдар болды. Ұйғыр халқында атақты он екі мақам бар. Бұл музыкалық әуендер екені даусыз. Бірақ қазақ тілінде «мақам» дегенді, әсіресе «мақамшылық өнері» дегенді кіргіземін деп ойлау әрі орынсыз, әрі өмірсіз талап. Өзімізде бар ән, күй, саз, әуен, әуез деен атаулар «мақамнан» анағұрлым түсінікті емес пе?
Діңкеге тиіп жүрген тағы да біраз жеке сөздер, сөйлемдер бар: «О да кеп пе?», «Со ма екен кеген?», «Бұ да со ма?» дей береміз. Жазылған еңбектерде «кеген» деп жазғанды кездестіргенім жоқ. Ал енді «кепті», «бопты», «о да», «Бұ да», «со да», «со малар» екінің бірінде кездесе береді. «Ол», «сол», «бұл» дейтін жалғыз буынды сөздердің жартысын кесіп тастаған соң несі қалсын? Домаланып басы ғана қалмасқа шарасы не? Айтуға да, жазуға да жеп-жеңіл сөздер тал түсте қиянатқа ұшырап, бейшара болып қалды.
Кейбір жазушыларымыз «содан соң» деген толыққанды, айқын мағыналы сөзімізді кескілеп-турап, «сосын» деп жазады. Бұларынан жаңа ұғыныс туып тұрған жоқ, бұрынғы бір дүдамалдау ұғынысты аша түсу де жоқ, мағынасы айқын сөздің тұрпатын бұзу ғана бар. Осы «сосын» Әбдіжәмілде көп, Асқар Сүлейменовте аяқ алып жүргісіз, Мұзафарда да баршылық.
Көркем әдебиетте әрбір сөздің өз тұрпаты сақталуға тиісті. Тілге бай, тілі жақсы дегенде ешбір жазушы жаңадан сөз тауып, сонысымен бай, сонысымен көркемдікке жетпейді. Халқының тіл байлығында бар сөздерді дұрыс тұрпатымен пайдаланып, сол қордан алынған сөздерден жаңа теңеулер, жаңа бейнеулер жасау арқылы тілге бай, тілге шебер деп аталады. Әсіресе, дауысты дыбыстар мен дауысты буындарды кескілеу сөздің тұрпатын бұзумен бірге сөйлемнің ішкі ырғағын да бұзады. Ат жорғалап келе жатып, шауып кетсе, желіп келе жатып сүрініп кетсе, қалай көрер едік? Сөйлемнің ырғағын бұзу да соған ұқсайды.
Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың «көрермен, оқырман, аялдама» деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мұхтар Мағауиннің «іріңді суы» да сондай, белгілі түсініктің мағынасын дәл береді. Бізде қақ аталатын, шалшық су, жайдақ су деп аталатын сулардың бәрін де іріңді су деген дұрыс көрінеді.
Біраздан бері жалпы мағынасындағы искусство дегенді өнер деп атап келеміз. Ана тілімізде сақина, білезік соғуды да өнер дейміз. Арба-шана істеуді де, үй жонуды да, етік тігуді де өнер дейміз. Туындысы – өнерші. Дұрысында искусствоны басқа өнерлерден айырып – көркем өнер деуіміз керек. Оның ішіне сурет, музыка, сахна, экран, би өнерлері ғана кіретін болсын. Көркем әдебиет деген сияқты көркем өнердің де өзінің асыл тегін көрсетіп тұратын атауы болғаны дұрыс.
Енді азырақ кейбір жазушыларымыздың тілдеріне оралайық. Жұмақан Рамазанов деген біреу француз жазушысы Д.Бартонның «Тәсіл» деген қысқа әңгімесін аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялады (ЗО-Ү-75).
Жұмақан аудармасын «Жайма-шуақ» таң сәріде...» деп бастайды. Таң сәріде «жайма шуақ» болмайтынын білмейді-ау деймін. «Жайма шуақ» деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің райлық сипатын айтады. Тегінде мал жаюға болатын қысқы күннің шуағын айтады. Таң сәріге де, тұтас алғанда түн мезгіліне қатынасы жоқ.
«Мен қашырымның құйрығын иісі бар мөлдір маталы жалбызбен майлағанмын», – деп жазады аударушы.
Иісі бар мөлдір маталы жалбызы не болғаны сонда? Мөлдір деп суға айтылады, матаны мөлдір дегенді бірінші естуіміз!
Көркем әдебиет кәсіпшілікті көтермейді. Қорлауды одан әрі көтере алмайды. Түптеп келгенде, ол кәсіп тоқталады. Қорланған өзің боласың. Әттең, әдебиетті оңай кәсіп көретін адамдар әзірше азаймай келеді. Жұмақан Рамазанов жалғыз емес, жүздердің бірі.
Оралхан Бөкеев – үлкен үміт күтетін жас жазушыларымыздың бірі. Өнімді де ұтымды жазады. Тақырып шеңбері кең, айтар ойлары бар жазушы. Жақында оқырман қауымының тілегіне орай, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын да алды. Бірақ өзінің тіл қорына Алтай, Қытай қазақтарының ескіріп, топастана бастаған тілдері әсер еткен бе, қалай, Оралханның тілінде шұбарлық түйірпектері бар. Мысал келтірейік: «Пошымы, нәшіні, албаты, кейуана, мүрлеу, бебежік, тоқайрау, самырсытып, көргейлеп, бейқарар, бейнақақ, мауырт, сіңіртік, паруай...». Менің ойымша, бұл сөздердің бірде-бірі бүгінгі өскен әдебиетімізге де, тілімізге де орналаса алмайтын болар.
Сол шұбарлық Оралханның сөйлем құруына да теріс әсерін тигізіп отырады. Мысалы:
«Сұрқай сұсты...
Сұп-сұры бұлт сықастыра...
Садақбайдың ала-сапыран паруай жүзіне...
Ауыл жақты қарауылдай байырқалып...
Олардың сұп-сұр жүзі, арбиған арық қолдар мен сіңіртік сирақтар, көлгіреген аппақ кебіндері...
Мен бағанағы әйелім әзірлеген кеспені еске алдым. Оны жездем жолдаған қаздың етіне пісіріп едік...
Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды...»
Алдыңғы сөйлемдердің одағайлығы өзінен-өзі айқын тұрғандықтан, мен соңғы екі сөйлемге тоқталғым келеді.
Кеспені қаздың етіне пісірген едік деуге болмайды, Оралхан. Қазды жездең жібергенмен де болмайды. Кеспені етке салады. Сонда ол кеспе салып пісіргені қаз еті деген тамақ болады. Кеспе, іңкәл, құлақнан, күлшетай деп аталатын нандардың бәрі де етке пісірілмейді, етке салынады.
«Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды» деуге де болмайды. Ең алдымен мұңдықты емес, мұңды деп жазу керек. Сонда сөйлем «жесір қалған мұңды әйелдің» деп басталады. Екінші, сіздің сөйлем құрауыңызда әйелдің өзі емес, басы ғана қалған болып тұр. Сіздің айтайын дегеніңіз: «ері өліп жесір қалған мұңды әйел жалғыз қалды» емес пе?
Бізде басылып шыққан кітаптарды кезінде оқи қою, әсіресе қолжазба күйінде оқып, өңдеуге жәрдемдесу сиреп бара жатқан әдет. «Писатель пописывает, читатель почитывает».
Бір кезде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғали, Асқар, Әбділда, Жақан, Тайыр – бәрінің де қолжазбаларын баспаға берілмей тұрып оқып шығып, айтысқа, пікір алысуға салушы едік. Осы аталған аға жазушылардың бірде-бірінің бір кітабы баспаға дейін оқылмай кеткен емес, өтірік айтқан болмауым керек.
Академиямызда, университетімізде, педагогика институттарында әдебиеттің ірі мамандары бар. Тіл-әдебиет факультеттерінде болашақта ақын-жазушы болатын студенттеріміз бар. Біз солардың ортасына бір түспей, жазғанымызды баспаға ұсына алмайтын едік. Соңғы жылдарда осы игілікті әдет біржола тоқталды десем, мұным да жапқан жала бола қояр ма екен!
Тарихи тақырыптарды еңсере жазып, еленбей қалмас еңбек етіп жүрген жазушы Ілияс Есенберлин. Оның еңбектеріне әр түрлі көзқарастар бар. Мен оны жақтаушылар жағындамын. Шынымды айтсам, мен оның «Қаһарын» ұнатпаймын. Ал енді «Алмас қылыш» – құнды шығарма. Әр ғалымдардың, зерттеушілердің бытыранды-шашыранды пікірлерін қорытып, шындығын тауып, көркем шығармаға айналдыру деген оңай да, арзан да еңбек емес. Ілияс ешкімді көшіріп қоймапты, қорытып алыпты.