Файл: абит мсірепов авгейді ат орасынан бастайы Бдан былай огурци деп жазылатын болса, мен оны жемейа оярмын.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.11.2023
Просмотров: 23
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бұл кітап жөнінде тарихшылар мен әдебиет тарихшыларына қоятын бір-ақ сұрауым бар. Ол сұрауым Қобыланды мен Қамбар батырлар жайында.
Академик Әлкей Марғұлан бір еңбегінде Қобыланды мен Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырларын сегізінші ғасырда туған дегені бар.
Ұлы Мұхтар Қобыландыны XIII ғасырға апарады. Бұрын-соңды жазғандардың бәрінде де солай. Мұхтар батырлар жырын екіге бөліп – үлкен батырлар, кіші батырлар жыры дейтін. Үлкен батырлардың басы Қобыланды болатын. Марқұм Мәлік Ғабдуллин де осы пікірде еді.
Ілияс Қобыландыны да, Қамбарды да, Асан қайғы, Қотан, Қазтуған жырауларды да ХҮ ғасырға кіргізеді. Осыларымыздың қайсысы дұрыс, тарихшы жолдастар? Үндемей қалмағандарың дұрыс болар еді. Өз қара басым мұндай әумесер ақымақ Қобыландыны (обалы Есенберлинге) қай заманда туса да қабылдағым келмейді.
Мен тарихшы емес, әдебиетшімін. Сондықтан осы құнды деп санаған кітабымның ішіне кіріп кеткен ақауларына тоқталмақпын. Оларының өзі де аз емес.
Әуелі ұсақтарынан бастайық. «Қиналуы да содан-тын» (30-бет). «Қыпшақ жері Жошының туы тігілген жері болуға тиіс-тын». «Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары аз-тұн» (32-бетте). «Шыңғысқан шапқыншыларымен байланысты-тын» (62-бет). «Қобыландының да бұны қаза етуі екі талай-тын». (116-бет). «Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын». «Қашып құтылар ақылы бар-тын» (226-бетте).
Сонымен «Ол күндерде қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын...» Осы сөйлемдегі Қазының керегі бар ма? Жоқ. Темірдің керегі бар ма? Жоқ. Темірбайдың керегі бар ма? Жоқ. Онда неменеге қазбалап, сөз қылып отырсың демеңдер, маған керегі «тірі-тын». Көріп отырсыңдар, әлденеше сөйлемнің аяғы осы «тын»-мен тынады. Бұл енді сақалы болмаса да, шашы ағарған жазушыға келіспейтін де, кешілмейтін де кемшілік. Осынша көп сөйлемдерінің бәрінің аяғына келіспейтін бірдемені жазушы қалай алады? Сөзді ойнатамын деп алды деуге де келмейді, білмей алды деуге де келмейді. Бұл да баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салқыны болмаса қайтсін.
Осы тұста ешкімнің аулында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы қазақ деген халық, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да, ана тілін таза сақтаған дегенді ескерте кеткен теріс болмайды-ау деймін.
Ілияста мынадай сөйлемдер кездеседі:
«Көгілдір далада, көгілдір аспан да»... (84-бет). «Көк балауса, жасыл шалғын» (217-бет).
Өсімдік көгі мен аспан көгі бір түстес бола алмайды. Жердің өсімдігі көк балауса қалпында болса, шалғын жасыл бола алмайды. (Тегінде термин комитеті зеңгір, көк, жасыл деген атаулардың аздығы мен араласа беретінін ескеріп, осы мәселені бір қарастырса дұрыс болар еді. Орыс тілінде «шие түсті», «бөтелке түсті», «кофе түсті» деген қосымшалар бар ғой. Мүмкін, біз де сол маңнан бірдемелерді табармыз).
Ілиястың мынадай теңеулеріне еріксіз күлкің келеді:
«Егер әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқыр еді ғой» (12-бет).
Бату мен Құлағу көкжал болса бола берсін, бірақ әлем оларға тоқты бола алмаса керек. Әлем деп аталатын ұлы дүниені тоқтыға теңеу деген тым өрескел тұр.
Екі жігіттің біріне-бірінің ұқсасатығын Ілияс мынадай теңеумен айтады: «Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас» (146-бет) – дейді. Екі тамшы судай ұқсас деген теңеу орыс тілінде қашаннан бар теңеу.
Ілияс соған «бір шыны аяқтағы» дегенді қосқанда теңеудің күл-талқаны шығыпты. Өйткені, бір шыны аяқтың ішінде екі жерде екі тамшы тұрғанын көз алдыңа әкеле алмайсың. Мұнысы – Жиһана хұкімни көрсәтти мұғаллақ» болып шығыпты.
Ілиястың жай қарапайым сөйлемдерінде де тіл кедейлігі аз емес. Ілияс: «Бұны садақ оғының бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр», – деп жазады.
Оқтың ар жақ, бер жағы барына бірінші рет кездесіп отырмыз. Садақтың оғы бірдемеге тисе, сабағы (сабы емес) ар жақ, бер жағы демей-ақ көрініп тұрады. Болды ғой сонымен.
«Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді», – дейді жазушы (241- бет).
Мұнысы біреудің сөзі емес, автордың өзінің сөзі. Қарашыңның жаны аузына келгенін басқа біреу емес, автор өзі айтып отыр, тек аузынан қалай шығып кеткенін жазбапты... Оны жазса жан дегеннің немене екенін көріп қалар ма едік, әлде қайтер едік...
«Барақ ханның ұлы Жәнібек сұлтан мен онымен үш аталас туыс Керей сұлтан». «Қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған ІІІыңғыс», – деп жазады автор 17-ші, 30-шы беттерде.
«Жәнібек сұлтан мен онымен» деп жазуға болмайды ғой. «Үш аталас» дегені де үлкен орашолақтық. Сөйлемнің дұрыс құрамы мынау ғана: «Жәнібек сұлтан мен оның үш атадан қосылатын туысы Керей сұлтан».
Ал енді «қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс» деген сөйлемнен «қара қазағы» кім, «жай қазағы» кім екенін айыра алмадық. Шыңғысты таныдық, онысы Айтматов емес шығар...
Сөйлеу, жазу жақтарымыздағы кемшіліктерімізді айта отырып, тіл мамандарына өтініш жасағым келеді.
Амангелді, Қарагөз, Зілғара, Меңдіғожа сияқты адам аттарын Аманкелді, Қаракөз, Зілқара демей-ақ, естілу тұрпатында жазсақ қалай болар екен? Екі сөзден тұратын адам аттарындағы сол екі сөздің түбірі сақталса да, оқушы балаларға қ әрпінің ғ әрпіне айналатын реттерін бәрібір үйретуге тура келер еді ғой. К әрпі мен г әріптерінің арасында да осы бар.
Мен тілші емес, тілді пайдаланушымын. Сол өз кәсібімнің мүддесінен қарағанда маған қ-ғ, к-г әріптерінің арасында едәуір әңгіме бар сияқты көрінеді.
Термин комитетіне де айтатын өтінішім бар. Бізде толып жатқан сөздердің орыс тіліндегі түсінігі бар да, қазақ тілінде аталуы жоқ. Мысалы: тактичность, вежливость, учтивость, деликатность, обходительность, укоризно, укор, упрек, гордость, благородство, достоинство деген сөздерге атаулар табу өте қажет.
Бұл түсініктердің көбін «ізгілік», «ізет», «адамгершілік», «сыпайылық» деген сөздермен, бір атауға бірнешеуін топтап сыйғызып келеміз.
Мұндай өте керекті түсініктердің қазақ тілінде аталуын іздестіргеніміз дұрыс болар еді.
Орыс тілі – Отанымыздың тілі, Совет Одағына кіретін барлық халықтардың, ұлттардың бәріне ортақ мемлекеттік тіліміз. Сонымен бірге әр халықтың, әр ұлттың өзінің ана тілі бар. Ана тілін көркейте беру-де әліппе, емле, оқыту, үйрету, сөйлеу, жазу – бәрінің де үлкен орны бар.
КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич Брежнев жолдас Қазақстанға Халықтар достығы орденін тапсырғанда былай деді:
«Совет Одағын мекендейтін барлық ұлттар мен халықтар өзінің ерекшеліктерін, ұлттық сипатының белгілерін, тілін, жақсы дәстүрлерін сақтап қала береді. Өздерінің ұлттық мәдениетін бұрынғыдан да гүлдендіру үшін олардың барлық мүмкіндіктері бар».
Леонид Ильичтің осы айтқандарынан тіл, әдебиет қайраткерлеріне қандай үлкен талаптар қойылатынын тереңірек ойлансақ деймін.
Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім. Ол мақалам да жоғары-төменнен де, аға жазушылар мен жас жазушылардан да ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын.
Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақалаларды жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері ерте туған тіл.
Пушкин, Лермонтов шығармаларын XIX ғасырда-ақ көп елдерден бұрын аударуға жараған тіл. Біз Маркс, Ленин еңбектерін көп елден бұрын аудардық. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін. «Авгийдің ат қорасынан бастайық» дегендегі айтарым осы ғана. Мәдениетімізді Брежнев жолдас аңғартқан жоғарыға көтеру жолында ана тіліміз – ең сенімді, ең қадірлі құралымыз.
Ғабит Мүсірепов. "Классикалық зерттеулер" кітабынан