ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 23.11.2023
Просмотров: 769
Скачиваний: 52
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Түрік қағанатының нығаюы. Мұқан қаған түркілердің Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі үстемдігін бекітті. Иштеми (Істеми) қаған қазіргі Қазақстан, Орта Азия аумағын бағындырып, Еділ мен Солтүстік Кавказға шықты. Қытай жылнамаларындағы деректер бойынша Мұқан қаған «шегара (Ұлы қорған) сыртындағы барлық иеліктердің зәресін ұшырды». VI ғасырдың 60-жылдары Түрік қағанаты сол кездегі ірі мемлекеттер — Византия, Иран, Қытаймен өзара қарым-қатынас жасады. Түрік қағанаты нығайған кезінде (VI ғасырдың 70-жылдары) Маньчжуриядан Босфорға дейінгі жерді алып жатты. Иштеми қаған тұсында түркілер әскери жағынан қуатты империяға айналды.
Түркілердің батысқа жылжуы тек жаулап алушылық қана емес, түркі тайпаларының ірі көші-қонына ұласты. Жергілікті тайпалар түркілерден құралған мемлекетке қосылды немесе Шығыс Еуропаға қарай жылжыды.
VI ғасырдың 80-жылдарының соңында түркілер Парсы елімен одақтасты. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азиядағы қуатты эфталиттер мемлекетін талқандады. Эфталиттер мұрасын бөлуге байланысты одақтастар арасында жанжал шығып, ол тез арада шешілді. Түркілердің өз әскерін кері алып кеткені үшін Парсы жағы оларға үлкен көлемде алым төлеуге міндеттенді.
Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне баратын Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігіне ие болды. Жібек саудасы түркі қағандарына орасан зор кіріс әкелді. Жібек матасын сатып алушы негізінен Византия еді. 568 жылы түркі елшісі Маниах Византияға қағанаттың елшілігін басқарып барды. Император сарайы түркі елшілігін аса жоғары құрметпен қабылдады. Түркілер мен Византия арасында парсыларға қарсы әскери-сауда келісімі жасалды. Кері қайтқанда Маниахпен бірге Византия елшісі Земарх қаған ордасына келді. Дереккөздерде Византия елшілігінің түркілерге бірнеше рет барғандығы жайында айтылады. Византиямен тұрақты сауда және дипломатиялық байланыстар орнағандығын VI ғасырдағы византиялық теңгелер растайды.
-
Батыс Түрік қағанаты: құрылуы, аумағы, этникалық құрамы. Саяси тарихы.
Батыс түрік қағанаты (603—704).
580 жылға дейін Түрік қағанаты дамуының шарықтау шегіне жетті. 581 жылы Қытайда Суй әулеті билікке келіп, жаңа басқыншылық соғыстар мүмкін болмай қалды. Өзгерген саяси жағдайда, 20 жылға созылған түрік билеушілерінің арасындағы өзара соғыстар нәтижесінде 582—603 жылдары Түрік мемлекетінде ыдырау үдерісі жүрді. Түрік қағанаты 603 жылы Шығыс (Моңғолия), Батыс (Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі) болып екіге бөлінді.
Батыс Түрік қағанаты ежелгі үйсін мемлекетінің жерінде құрылды. Батыс қағанаттың орталығы Шу аңғарындағы Суяб (Жетісу) қаласы болды. Аумағы: Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жер, Алтай,Сібір, Әмудария, Еділ, Жайық өзенінің төменгі ағысы аралықтарын қамтыған. Құрамына Шығыс Түркістан, Самарқанд, Кеш, Бұқара сияқты отырықшы-егінші аймақтар да енді. Батыс Түрік қағанатының Шығыс Түрік қағанатынан айырмашылығы екіншісінің халқы, негізінен, көшпелі, жартылай көшпелі болатын. Ал Батыс Түрік қағанатының көпшілік халқы отырықшы, егін егумен, қолөнер, саудамен айналысты. Сондықтан әлеуметтік құрылымы күрделі, Шығыс Түрік қағанатымен салыстырғанда қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамығандығымен ерекшеленеді. Мысалы, Батыс Түрік қағанатында мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі қағаннан бастап ру-тайпа басшыларына дейін 28 дәрежелі лауазым иелері болған. Түрік қағанатында қағаннан кейін екінші адам ұлық болды. Үшінші билік қаған руының үстем тап өкілдері қолында болды. Олар: Шад, одан кейінгілеріне Тегін, Елтебер деген лауазымдар берілді. Бұл лауазымдар мұрагерлікпен беріліп отырды.
Сондай-ақ мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы қала мәдениеті жақсы дамыды. Қазіргі Моңғолия жерінде көк түріктердің 220 қаласының орны бар көрінеді. Араб географтары кимектердің белгілі 16 қаласы, қарлұқтардың 25 қаласы бар деп жазды.
Шығыс Түрік қағанатының жұрты көк түрік, ал Батыс Түрік қағанатының жұрты «он оқ бұдын» — «он оқ елі» аталды.
Батыс Түрік қағанаты өзіне жаңа жерлер мен жаңа елдерді жаулап алып жатты. Олар 588 жылы Еділ бойын, Орал тауының бергі бетіндегі елдерді, Орталың Азияның біраз бөлігін өздеріне бағындырып алды.
Алайда «он оқ бұдын» елінің оң қанаты (5 нушиби) мен сол қанаты (5 дулу) арасындағы 16 жылға созылған билік үшін күрес қағандықтың іргесін шайқалтты. Бұған 657 жылы Жетісуда өз үстемдігін орнатуға ұмтылған Қытай экспансиясы қосылды. Тақ әулетіне қарсы соғыс бірнеше жылға созылды. 657 жылы түрік әскерлері Ертіс бойында жеңіліп, қағанның өзі Шаш өлкесіне бой тасалады. Қарамағындағы ұлыстар ыдырап кетті. Осы кезден бастап өз дамуында күшейіп алған Тақ әулеті Шығыс және Батыс Түрік қағанаты жерлерін толығымен өз ықпалында ұстап тұруға ұмтылды. Империяның қол астындағы халықтарды ұстап тұру үшін түрік ақсүйектерін өз жағына тартып, сенімді өкіл ретінде басқақ, тұтық лауазымдарын үлестірді. Тақ империясы тарапынан тұрғызылған балбал тастарда түрлі лауазымы бар түрік тайпаларының көсемдерінің есімдері қашап жазылған.
Тақ империясы қағанаттың жерін екіге бөліп, оны «қуыршақ» қағандар арқылы басқарды. Тақ империясының басқаруы ширек ғасырдан астам уақытқа созылды.
-
Түркеш мемлекетінің құрылуы мен нығаюы.
Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрген. Үлкен ордасы – Суяб қаласы, кіші ордасы – Іле өзені бойындағы Күнгіт қаласы болды. Қағанаттың негізгі жер аумағы Жетісу болды. Сонымен қатар қағанаттың жері Шаш (Ташкент) қаласынан Бесбалық, Тұрфан қалаларына (Шығыс Түркістан) дейінгі аралықты қамтыды. Алғашқы қағаны – Үшлік. Түргештер сары және қара түргештер болып бөлінген. Олар Шу, Талас, Іле өзендерінің бойында өмір сүрген.
Сұлу қаған кезінде үш жақты күрес жүрді. Біріншіден, батыста арабтардың шапқыншылығы күшейді, екіншіден, шығыста Қытай қауіп төндірді. Үшіншіден, Шығыс Түрік қағанаты Жетісудағы ішкі қайшылықтарды пайдалануға тырысты. Сұлу қаған шығыстағы жағдайды әскери келісімшарт жасаумен қатар, құдандалық жолмен шешуге тырысқан. Сұлу қағанның шайқастарға тікелей өзі қатысуына және үнемі жеңіске жетуіне байланысты арабтар оған “Сүзеген”, “Мүйізді қаған” деп ат қойған. 751 жылы түргештер Таразға жақын жердегі Атлах қаласында көмекке келген арабтар және қарлұқтармен бірлесіп, қытай әскеріне күйрете соққы берді. Қытайлардың аман қалған бөлігі Жетісудан біржолата кетуге мәжбүр болды. Алайда жікке бөлінушілік тоқтамай, қағандық біржола әлсіреді. Бұл жағдайды пайдаланған қарлұқ көсемдері 756 жылы Түргеш қағанатын құлатып, билікті өз қолдарына алды.
Түргештер көшпелі және жартылай көшпелі мал өсірумен, жартылай отырықшы егін салумен шұғылданды.
-
Қарлұқ тайпаларының қоныстану аумағы және тайпалық құрамы.
Қарлұқтар – көне түркі тайпасы. Ол үш рудан бұлақ, чигиль (басқаша атауы – себек) және ташлық] құралған. Қарлұқтар телелердің бір тайпасы делінеді.
7 ғасырдың орта шенінде Қарлұқтар Емел алқабына және Сайрам-нор көліне қарай ойысты. Осы арада Қарлұқтардың бұлақ, чигиль, ташлық руларынан құралған тайпалық бірлестігі қалыптасты. 8 ғасырда Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін, Қарлұқтар күшейе бастады. Көшпелі жағдайда мал өсіріп, аң аулады, бірте-бірте отырықшы егіншілікке көшті. Қарлұқтар Орта Азиядан Қытайға дейінгі керуен жолын, Талас өзенінен Тарым өзеніне дейінгі жерлерді, Ыстықкөлдің оңтүстігін мекендеді. 757 – 766 жылдары Түргештер мемлекетінің жерін түгел дерлік өзіне бағындырды. Қарлұқтар шонжарлары Жетісуда билік құрды. Осы кезде Қарлұқтар билеушілері өздерін жабғу деп атады. Бұл 800-ші және одан кейінгі жылдардағы (10 ғасырдағы «Худуд әд-Алам») еңбектерде айтылады. Онда Қарлұқтардың жабғуларымен қатар түрік билеушілері – қағандардың болғаны сөз болады. Жабғу Қарлұқтар астанасын Шу өз-нің бойындағы Суяб қаласысына көшірген. Бертін келе олардың астанасы Іле өз-нің бойындағы Қойлық қаласысына ауыстырылды. 861 жылы Қашқарияны басып алды. 10 ғасырда Қарахан әулеті билеген мемлекеттің құрамына кірді. Қарлұқтар 960 жылы мұсылман дінін қабылдады.
Қарлұқ тайпалары Талас аңғарында тұрды. Тараздың оңтүстігіне қарай 5 фарсах (30 шақырым) жерде Қасрибас деген жердегі жайылымда қарлұқтар қыстап жүрген. Тау қойнауындағы бұл жылы жерге таяу халаждардың қыстауы болды. Ал Тараз VIII ғасырдың бірінші жартысында-ақ «даңқты да инабатты шарүқ-түріктер» қаласы деп аталған еді.
Тарихи-географиялық деректер қарлұқтар мен оғыздар Тараз-Испиджаб- Фараб аралығын бірлесіп мекендеген деп шамалауға мүмкіндік береді. Таразға жақын жерде, Макдисидің айтуынша, жікілдер мекендеген, мұнда олардың осы аттас қаласы болған. Махмұд Қашғариға жікіл-түріктердің үш тобы мәлім болды. Бұлардың біреуі Таразға жақын жердегі —Жікіл қаласын, ал басқа екеуі — Барсханнан әрі Құясты және Қашғариядағы Жікіл қонысын мекендеген.
Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында да мекендеді. Мұңда олардың қарауында Құлан, Мерке қалалары болды. Меркенің шығыс жағында Орду деген «шағындау бір қаланың» болғаны айтылады, онда түрікмен патшасы турады, ол Испиджаб билеушісіне үнемі сый-сияпат жіберіп тұрады» делінген.
-
Ортағасырлық Қазақстан аумағындағы Қараханидтер.
Қарахан хандығы (942-1210 жылдар).
Саяси тарихы.
Қарахандықтар мемлекетінің калыптасуында Жетісуды мекендеген Қарлүқ бірлестігінің тайпалары басты рөл атқарды. Қарахан әулетінің негізін салушы – Сатұқ Боғра хан (942 жыл). Мұса хан 960 жыл исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Қағанатка 990 жылы Тараз, Исфиджаб, 992 жылы - Хотан, Бұқара, 999 жылы - Саманилер мемлекеті қосылды.
XI—XII ғасырлардағы территориясы: Мәуереннахр-Қашғар аралығы. XI ғасырдың 30 жылдары мемлекет екіге бөлінді:
• Батыс хандық; астанасы- Бұхар, территориясы- Мәуереннахр.
• Шығыс хандық; астанасы- Баласағұн, территориясы - Жетісу, Қашғар аймағы, Тараз, Исфиджаб, Шаш, Ферғана.
1089 жыл - Қарахандықтар селжұқтарға вассалдық тәуелділікке түсті. 1102 Ж.Баласағүн мен Тараздың билеушісі Қаңырхан Жебірейіл Мәуереннахрды жаулап, Амударияға дейінгі жерді өзіне қаратты. Термезге шабуыл кезінде селжұқтардан қаза тапты. 1128 жыл - қарақытайлар Шығыс хандықты жаулап, Жетісуда Қарақытайлар билігі орнайды.
Сұлтан Санжар тұсында селжұқтардың Мәуереннахрға ықпалы артқан кезде қарахандықтардың саяси құлдырауы басталды.
Осыны пайдаланған қарақытайлар XII ғасырдың екінші ширегінде Шығыс Қарахандықтың қалған иеліктерін түгел басып алып, Батыс хандыққа шабуылдайды.
• 1141 жыл - қаратықайлар Қарахан мемлекетін түгелдей бағындырды.
• XIII ғасырдың басы - Қарахан мемлекеті өмір сүруін тоқтатты.
Мемлекеттік құрылымы.
Мемлекетті шығыл және яғма тайпалары басқарды. Билеуші титулы- хан. Ұсақ аймақтардың басшылары- илақ, тегін. Хандар өз туысқандары мен әскери қолбасшыларына белгілі бір аудан немесе қала халқынан салық жинау құқығын сыйлады. Бұл- икта, ал оны иемденуші-иктадар деп аталды.
Отырықшы- егіншілік қоныстарда шаруаларды қанаудың бірнеше түрі болды:
• ұлыскерлік- жерді шаруаға жалға беріп, өнімнің жартысын салық түрінде төлеу.
• қамкорлыққа алу- тұтас қауым өздерін және мал-мүлкін байлардың қамқорлығына өткізді және сол үшін алым жинады.
Х-ХІІ ғасырларда сәулет өнері дамыды: Бабаджахатун, Айша бибі, Қарахан, Аяққамыр, Алаша хан, Әулие ата, Сырлытам мырзалары, Талас өзеніндегі тас көпір, Тараз моншасы.
• 960 жылы ислам діні алғаш рет мемлекеттік дін болып жарияланды. Ежелгі түрік жазуының орнына араб графикасы келді. Түркі тіліндегі мүсылман әдебиеті шыға бастады:
• Жүсіп Баласағұнның "Қүтадғу білік" шығармасы (1069 ж.).
• Махмут Қашғаридың "Диуани лүғат ат-түрік " шығармасы (1074 ж.).
Қарахандықтар кезеңі — саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмір жоғарғы деңгейде дамыған жаңа кезең.
-
Қыпшақтардың шығу тегі мен этникалық тарихы.
Қыпшақ мемлекеті
(XI ғасырдың басы — 1219 жыл).
Қыпшақтар туралы мәлімет алғаш рет 201 жылы көрсетіледі. Толық мәліметтер 760 жылы ежелгі түрік руна жазуларында кездеседі (кибчак, қыпчақ). Орыс жылнамашылары (ХІ-ХПІ г.)половецтер, сорочиндер; венгрлер-палоцылар, кундар; Батыс Еуропа саяхатшылары (XIII к.) - командар, кунандар деп атап.
Қыпшақ этникалық қауымдастығының дамуын 3 кезеңге бөлеміз:
• ҮІІ-ҮІП ғасырлар. VII ғасырдың ортасында Алтайдың солтүстігі мен Ертісті жайлаған қыпшақтар қалмақ бірлестігінің негізін құрады.
• ҮІП-ХІ ғасырлар. VIII ғасырда қыпшақтар этнос болып қалыптасып, Алтайдан Ертіске, Оңтүстік Орал тауларынан Еділге қоныстанды. Үш этно-саяси бірлестіктер - қимақтар, қыпшақтар, күмандар қимақ мемлекетінің билігінде болды.
• ХІ-ХІІІ ғааырлар. Қыпшақ хандарының билігінің күшеюі.
XI ғасырдың басында қимақ қағанаты құлаған соң әскери-саяси басымдық қыпшақ тайпасының қолына көшті. Қыпшақтар өзендерді Сырдарияның төменгі және орта ағысынан, Арал, Каспий маңы далаларынан ығыстырды. XI ғасырдың екінші ширегіңде "Оғыздар даласының" ("Мафазат әл-гуз") орнына "Дешті Қыпшақ" ("Сахра әл-кыпчак") атауы пайда болды. XI ғасырдың ортасы - қыпшақтар Еділден өтіп, 1054 жылы орыс жерін, одан әрі Дунай өзеніне дейін аралықта қоныстанды.