Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18662

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Өзiне дейiн болған метафизиканың мазмұнын қарастыра келе, И. Кант метафизиканың ғылыми мәртебесi жоқ, жан, дүние, Құдай туралы ғылыми теориялық бiлiмнiң болуы мүмкiн емес деген қорытындыға келедi. Ол Құдай болмысын дәлелдейтiн дәстүрлi онтологиялық, ғарышнамалық, физикалық-теологиялық дәлелдемелердi сынға алады. Дегенмен өзiнiң этикалық тұғырнамасында философ жан мен Құдай идеяларын практикалық қолданудың қажеттiлiгiн негiздедi.

Жанның мәңгi өлмейтiндiгiн дәлелдеудi И. Кант төмендегiдей өрбiтедi: дүниеде жоғары игiлiктi iске асыру ерiктiң моральдық заңмен анықталатын қажеттi мақсаты. Бұл заң бәрiнен бұрын жоғары игiлiктiң бiрiншi және ең басты бөлiгi - өнегелiлiк, iзгiлiктердiң толықтығын талап етедi. Ерiктiң моральдық заңмен сәйкестiгi – бұл әулиелiк – кемелдiк. Сезiммен қабылданатын әлемдегi бiр де бiр ақыл-парасатты мақұлыққа, ол тiршiлiк деңгейiнiң қай сатысында болмасын, оған ұғымсыз, түсiнiксiз болатын нәрсе тек шексiздiкке қарай жүретiн прогрессте ғана орын алуы мүмкiн. Бiрақ бұл шексiз прогресстiң болуы мүмкiн, егер шексiздiкке дейiн жалғаса беретiн ақыл-парасатты мақұлықтың тiршiлiгiне және тұлғаларына мүмкiндiк берсе. Демек, жоғары игiлiк тек жанның өлмейтiндiгiн мойындағанда ғана болуы мүмкiн.

Моральдық заңға сүйене отырып, И. Кант Құдай болмысын дәлелдеудi де негiздейдi. Бұл заң жоғары игiлiктiң екiншi элементi - бақыт игiлiгiне шамалас нәрсенiң болу мүмкiндiгiн болжамдайды. Адам физикалық мақұлық ретiнде табиғат қажеттiлiгiне қамтылған, физикалық себептiлiкке бағынған. Бiрақ дәл сол адам физикалық қажеттiлiкке бағынбайтын еркiн жiгердiң де иесi, оның жiгерi моральдық қажеттiлiкке - еркiндiк арқылы болатын себептiлiкке, моральдық себептiлiкке байланысты. Моральдық заңда өнегелiлiк пен мақұлықтың сонымен шамалас бақытының арасындағы байланыстың болуы мiндеттi емес, ол мақұлық әлемнiң құрамына оның бөлiгi ретiнде кiредi және оған тәуелдi болатыны да сондықтан. Алдау, зорлық-зомбылық, қызғаныш әрқашан адал, ынтымақшыл және тiлектес адамдардың айналасында болады және әрқашан бола бередi. Және адал адамдар, бақытты болуға нағыз лайық екендiктерiне қарамастан, әрқашан табиғаттың күнәсiнан барлық ауыртпалықтарға – мұқтаждықтарға, дерттерге және мезгiлсiз дүниеден қайтуға ұшырайды. Адалдарды да, адал еместердi де – барлығын кең мола жұтады және сол мола оларды басында солардың өздерi шыққан материяның мақсатсыз хаос тұңғиығына тастайды. Демек, табиғаттың жоғары себебiн мойындайтындықтан ғана, бұл дүниеде жоғары игiлiктiң болуы мүмкiн, ал табиғаттың жоғары игiлiгi – ол Құдай. Бiз дүниенiң моральдық себебiн (әлемнiң Жаратушысын) мойындауымыз қажет, яғни Құдай бар деп шамалауымыз керек. Дегенмен, И. Кант бұл моральдық аргументтiң Құдай болмысына маңызды дәлелдеме болуды көздемейтiнiн ескертедi: бұл - моральдық мақұлықтарға субъективтiк түрде жеткiлiктi аргумент.


Дiн ұғымын, оның түрлерiн И. Кант “Тек зерде шеңберiндегi дiн” атты шығармасында қарастырады. Ол “Сырды ашып беру сенiмi” деп те атайтын тарихи сенiм, “статутарлы”, “шiркеулiк сенiм” және таза дiни сенiм, таза зерде сенiмi, моральдық сенiм арасын ажыратады. Философтың пiкiрiнше, тарихта осы сенiмдердiң арасында әрдайым күрес жүрiп отырған. И. Кант дiннiң мәнiн анықтайды және оны iште жасырынған, бiрақ өмiр сүру салтында көрiнетiн ойлардың моральдық бейнесiнен табады /6/. Ол: “(Субъективтiк тұрғыдан қарастырылатын) дiн - бiздiң барлық мiндеттерiмiздi құдайылық өсиеттер ретiнде тану”, ‑ деп жазады /7/. И. Кант дiндi басқа қырынан да сипаттайды: “… кез келген дiнде бiз Құдайға барлық мiндеттерiмiздi белгiлеп беретiн, бәрiнiң құрметтеуiне тұратын лайықты заң шығарушы ретiнде қараймыз” /8/. Сенiмнiң әр алуан түрлерiне сәйкес, ой образдарына, құрметтеу тәсiлдерiне және өзiн-өзi ұстау формаларына байланысты дiн әр түрге енедi.

И. Кант моральдық және статутарлық дiндердi ажыратады. Таза зерде сенiмiне негiзделетiн дiндi И. Кант “таза моральдық” деп атайды; мұнда әркiм өзiнiң зердесiнiң көмегiмен өз iшiндегi құдайылық ерiктi таниды. Егерде бiз статутарлық заңдарды қабылдасақ, онда олардың орындалуы статутарлық дiндi бiлдiретiн болады. Ал оны тану бiздiң өз зердемiз арқылы емес, тек Сырды ашып берудiң арқасында ғана мүмкiн. Мұндай дiн таза зерде сенiмiне емес, тарихи сенiмге негiзделедi.

Статутарлық дiндi қабылдаған сияқты статутарлық құдайылық заңдарды да қабылдауға болады. Бiрақ олар өзiнше мiндеттi болып табылмайтындықтан, құдайылық ерiк Сырының ашылуы сипатында ғана мойындалуы мүмкiн. Бұл заңдардың iшiнде ақиқат дiндi қолдау мен таратудың әдiсi ғана бар болуы мүмкiн. Құдай еркi ең әуелi адамның жүрегiнде таңбаланғанын паш ететiн моральдық заңдар әрбiр шынайы дiнге қажеттi шарт болып табылады және оны қалыптастырады. Сондықтан “әрбiр адам үшiн жалпы маңызы” бар “шынайы құрметтеу” тек моральдық заңдарға негiзделуi тиiс; Сырды ашып берудi шамалайтын статутарлық заңдарды кездейсоқ деп қана қарастыруға болады, мұндай кездейсоқтық сипатында ол заңдар әрбiр адамға сай келедi немесе сай келуi мүмкiн, демек оны жалпы барлық адамға мiндеттi деп санауға болмайды.

И. Кант таза моральдық дiннен құдайға құлшылық ету дiнiн ажыратып көрсетедi. Моральдық дiн моральдық-қайырымды өмiр сүру салтына деген ұдайы талпынысты бiлдiредi: адамдарға (өз-өздерiне және басқаларға) қатысты мiндеттерiн орындау құдайылық өсиеттердi орындау болып табылады. Адамның өзiн-өзi ұстауы, өнегелiлiкке қатысты болғандықтан, оның Құдайға үздiксiз қызмет етуiн бiлдiредi: адамдар еш Оған емес, осы дүниедегi кез келген басқа бiр мақұлыққа ғана әсер ете алатын болғандықтан, Оған бұдан басқа бiр әдiспен мұнан да жақсырақ қызмет қылу мүмкiн емес.

Құдайға құлшылық ету дiнiнде адамдар өздерiнiң мiндеттерiн Құдайға жасаулары тиiс қызмет ету формасында түсiнедi. Ал мұнда iстелген әрекеттердiң iшкi моральдық құндылығы ғана емес, сондай-ақ бұл әрекеттердi Құдай үшiн жасаудың және осылайша Құдайға енжар бағыну арқылы болса да, жағынудың маңызы зор, мұнда құлшылық ету моральдық тұрғыдан пейiлсiз жасалуы мүмкiн. Мейрамдар, құдайылық заңдарға деген сенiм ғибадаты, шiркеу нысандарына қатысты насихаттарды сақтау моральдық-салғырт әрекеттер болып табылады.


Христиандық (және бәрiнен бұрын оның протестанттық түрi) – бұл “ақиқат”, “жетiлген дiн”. Ол ақылмен тығыз байланысқа түсе отырып, бiрiншi ұстаздың аузынан статутарлық емес, моральдық дiн ретiнде шықты және сондықтан да тарихи ғалымдықтың көмегiнсiз-ақ өздiгiмен барлық кезеңдерге және барлық халықтарға әрдайым тарала алды.

Дiн адамдардың бiрiгуiн көздейдi. И. Кант этикалық қауымдастық (этикалық-азаматтық қоғам) – iзгiлiк (iзгiлiк - бiрiгудiң ұстанымы) заңдарының жетекшiлiгiнiң астында адамдардың бiрiгуi мен қоғамдық тәртiпке сай көпшiлiк құқықтық заңдарға бағынатындықтан, адамдардың бiрлестiгi мен қарым-қатынастары болып табылатын саяси қауымдастық (заңдық-азаматтық қоғам) арасындағы айырмашылықтарды көрсетедi. Көпшiлiк құқықтық заңдар мәжбүрлiк болса, ал этикалық-азаматтық жағдайда адамдар мәжбүрлеуден ада заңдардың, яғни тек қана iзгiлiк заңдарының астында бiрiгедi. Этикалық қауымдастық құдайылық өсиеттер арқылы басқарылатын халық, яғни Құдайдың халқы. Құдайылық моральдық заңның негiзiнде құрылған мұндай қауымдастық шiркеу болып табылады, ол дiни тәжiрибенiң орын алуының нысаны болып табылмайтындықтан, көрiнбейтiн шiркеу деп аталады. Ал көрiнетiн шiркеу - адамдардың идеалға сәйкес бiртұтастыққа бiрiгуi. Табиғи дiндi әлемдiк дiн ретiнде тарату және сақтау үшiн көрiнбейтiн шiркеуге қызмет етуден басқа, жалпыға ортақ бiрлестiк, ұжымдық ортақтасу, таза зерде дiнiнiң ұстанымдарына сәйкес, көрiнетiн ортақ бiр шiркеуде дiншiлдердiң бiрiгуi керек. Нағыз шiркеудiң белгiлерi жалпыға ортақтық және қажеттiлiк болып табылады. Жалпыға бiрдей шiркеудi тек таза дiни сенiм ғана негiздей алады, бiрақ адам табиғатының әлсiздiгiне байланысты мұндай сенiмге жету қиын. Сондықтан таза дiни сенiм арқылы ғана шiркеудi құрамыз деп, тек сол сенiмге арқа сүйеп қалуға болмайды. Шiркеу таза зерде сенiмiне сүйене отырып, ортақ моральдық қауымдастыққа жиылған адамдардың бiрлестiгi ретiнде көпшiлiк мiндеттерге, белгiлi шiркеулiк формаға мәжбүр, ал бұлар статутарлы, Сырды ашып беру арқылы түскен заңдарды, демек, тарихи немесе шiркеулiк сенiмдi талап етедi.

Орасан күрделi философиялық жүйелердiң бiрiн негiздеушi – немiс философы Г.В.Ф. Гегель (1770-1831) дiндi зерттеу пәнi ретiнде қарастырған. Барлық баршылықтың субстанциясын, Гегель бойынша, субъективтiк пен объективтiктiң бiр жақтылығын жеңген ойлау құрайды. Ойлау сыртқы заттардың ғана емес, сондай-ақ барлық рухани дүниенiң де субстанциясы. Ойлаудың осы “объективтiк мағынасын” Гегель ойлаудың “субъективтiк мағынасынан” – адам ойлауынан ажыратады. “Объективтiк мағынасындағы” ойлау, “объективтiк ой” дүниедегi “зерде, ақыл” болып табылады және бұл “зерде” - дүниенiң iшкi мәнiнiң өзi. Ой өзiнiң аяқталған жалпылығымен абсолюттiк немесе абсолюттiк идея ретiнде берiледi. Мұндай көзқарасты Гегель абсолюттiк идеализм деп атайды.


Гегель философиялық ғылымды үш бөлiмге бөледi: логика, табиғат философиясы, рух философиясы. Рух философиясы субъективтiк, объективтiк және абсолюттi рухты зерттейдi: субъективтiк рух – бұл жеке адамның рухани қалыптасуы, объективтiк рух адамзат тарихындағы қоғамдық өмiрдi бiлдiредi, абсолюттi рух өзiн зерттеу нысаны етедi және өзi үшiн өзiнiң мәнiн анықтайды. Субъективтiк және объективтiк рух жеке адамдарда, қоғамдарда, халықтарда көрiнiс бередi, сондықтан олардың соңы бар және олар шектеулi болып табылады. Абсолюттiк рух еркiн және шексiз. Абсолюттi рух нысандары өнер, дiн, философия болып табылады.

Философия, зерттеу пәнi ретiнде дiндi ала отырып, дiннен бөлектенбейдi, философияның да, дiннiң де мазмұны ортақ, екеуiнiң де ортақ қажеттiлiктерi мен мүдделерi бар. Дiннiң пәнi философияның да пәнi секiлдi – мәңгiлiк ақиқат, оның объективтiлiгi, Құдай және Құдайды түсiндiру. Философия дiнге ұқсас, айырмашылығы тек мынада: философия ақиқатты дiни әдiстен ерекшеленетiн өзiндiк әдiсiмен таниды.

Гегель дiн ұғымын христиандық – “нағыз дiн” үлгiсi бойы жасап, дамытады: философтың пiкiрi бойынша, дiндi меңгеру Құдайды тану, дiни қарым-қатынасты талдау, культтi зерттеудi қамтиды. Гегель христиандық Құдай идеясына өзiнiң түсiнiктемелеуiн бередi: Құдай – бұл абсолюттi идея, рух. Құдай бұл абсолюттi ақиқат, одан бәрi туындайды және оған қайта оралады, оған бәрi тәуелдi және одан тыс ешнәрсенiң нағыз дербестiгi жоқ. Ол өз iшiнде өзi бар және өзi үшiн жалпыға бiрдей, барлығын қамтитын, барлығы өзiнде бар және барлығына берiктiк беретiн абсолют. Құдай жалпыға бiрдей бола отырып, ол бiрыңғай және ол көптеген құдайларға қарсы қойылмаған: ол бiрыңғай және жалғыз, ол Құдай.

Құдай ұғымын аша отырып және сонысымен дiннiң анықтамасын беруде алғашқы қадам жасай отырып, Гегель бұл анықтаманың екiншi кезеңiне – дiни қарым-қатынасты талдауға көшедi. Мұндай дiн соңғы рух, субъективтiк адам санасы пайда болуымен басталады. Сол кезде рух ретiндегi Құдай рух үшiн бар болады. Құдай сана нысанына айналады және Оған қатысты болады: “рухтың рухқа қатынасы дiннiң негiзiнде жатыр” /9/. Дiн дегенiмiз “рухтың рухқа қатынасы, рухтың рух жөнiндегi ақиқатын бiлу” /10/.

Дiн тек соңғы рухтың, субъективтiк сананың барында ғана пайда болса да, ол субъективтiк сананың жемiсi емес. Ол - адамның жасаған ашылымы емес, ол Құдайылық рухтың туындысы, адамға Құдайылық әсер етудiң нәтижесi және Құдайдың адам бойындағы әрекетi. Позитивтi дiн – христиандық индивидке Сырды ашып беру арқылы берiлген және дiни сенiм Сырды ашып берумен байланысты. Бiрақ сенiм мұнымен бiрге iшкi де болады: Құдай туралы бiлу Сырды ашып беру арқылы берiлсе де, ол бiлiм адам бойында өз бетiмен, өзiнше де болған. Рух рух туралы куәлiк етедi және бұл куәлiк ету рухтың өзiндiк iшкi табиғаты. Сондықтан дiн сырттан әсер ететiн механикалық қондыру емес; былайша айтқанда дiн адамға сырттан енгiзiлмеген, ол адамның өзiнiң iшiнде, зердесiнде, еркiндiгiнде орналасқан.


Ары қарай Гегель дiни сана нысандарын талдайды, оларды соңғы рух саласында пайда болатын дiни қатынас нысандары ретiнде түсiндiредi. Философ бұл нысандардың субъективтiк және объективтiк жақтарын басып көрсетедi: субъективтiк жағын Құдайды аңғару, Оның болмысына сенiм және сенiмдiлiк; объективтiк жағын аңдау, түсiнiктер, ойлау нысандары арқылы көрiнетiн мазмұны құрайды. Сенiмдi субъективтiк негiздеудiң бiрiншi және неғұрлым қарапайым формасы деп Гегель сезiмдi есептейдi: сезiмде зат тiкелей берiлген, демек, сезiм менiң “мен” болмысында заттың болмысы бар екенiн дәлелдейдi, “сезiм сезiнедi”. Дiни сезiмдi сенiм және Құдайды бiлудiң негiзi деп санайды және осылайша сезiм негiздеу мағынасына ие болады. Дiни сезiм субъективтiк ғана болып табылмайтындықтан, оған рефлексияға көшу тән. Гегель дiни сезiмдi (сананың басқа да формаларын секiлдi) интеллектуалдандырады.

Аңдау – дiни қатынастың (сананың) басқа формасы, оның сезiмнен айырмашылығы мынада: аңдауда ақиқат объективтiк формасында көрiнiс бередi. Дегенмен ол мұнда өз бетiнше сезiмдiк дербестiкте болады. Аңдауда зат пен өзiндiк сана тарқап кеткен, бiрақ субъект сезiммен аңдалатын затқа мұқтаж.

Түсiнiк – дiни қатынастың (сананың) “жоғарырақ” сатысы. Түсiнiк формасына дейiн көтерiлген дiнде мазмұн тiкелей сезiмдiк аңдау бейнелерi арқылы емес, жанама түрде абстракция жолымен жинақталады.

Дiни қатынастың (сананың) келесi сатысы – ойлау, ұғымдар формасында пайым, зерде арқылы ақиқатқа жету. Пайым абстрактiлi “немесе - немесе” ұстанымы бойынша пайымдайды, бiртұтастықта қарама-қайшы анықтамалар бола алмайды. Мысалы, ол Құдайдың жалпы игiлiктiлiгi оның әдiлеттiгiне қарама-қайшы келедi, үштiк бiрлiк туралы түсiнiктiң iшiнде iшкi қарама-қайшылық бар деп санайды. Зерденiң пайымға қарағанда екi жағы бар: диалектикалық, немесе жағымсыз-зерделiк және спекулятивтi, немесе жағымды-зерделiк. Диалектикада соңғы анықтамалар алып тасталынады және өзiнiң қарама-қайшылығы жағына көшедi, спекуляция қарама-қайшылығы, шешiм табуы және көшуiнде анықтамалардың бiрлiгiне қол жеткiзедi. Спекулятивтi зердеде Гегель дiннiң “өз орнында” /11/ бола алатын жалғыз жер деп санайды.

Кезiнде И. Кант сынға алған Құдай болмысын рационалдық “метафизикалық” – онтологиялық, космологиялық, телеологиялық дәлеледеулердi Гегель ақтап шығады.

Гегельге әсiресе онтологиялық дәлел жақсы көрiнедi, мұнда Құдай ұғымынан оның болмысы шығады.

Дiн ұғымын талдауды Гегель культтi қарастырумен аяқтайды: әрекет, практикалық жағы культтi бiлдiредi. “Культ практикалық қатынасты құрайды, себебi онда субъектiнiң оның затына қарама-қайшылығы орын алған және ол субъект пен объектiнiң бөлiнуiн алып тастайды …”, - деп жазады Гегель /12/. Культте мен бiр жақта, Құдай басқа жақта тұрады және ең бастысы менiң Құдайда, ал Құдайдың менде болып, нақты бiрлiк жасалғандығында деп пайымдайды философ. Культте сенiм арқылы абсолюттi құдайылық байланыс iске асады.