Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18664

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Еврейлік мәселеге» мақаласында Маркс жас гегельшіл Бруно Бауэрдің басқа халықтардікі сияқты еврейлердің эмансипациясы ең алдымен дінді жою болып табылады деген пікіріне қарсы шығады. Әлеуметтік теңсіздіктің бастауы дін емес, қоғамда қалыптасқан материалдық жағдайлар екенін айтады. Маркс оның уақытындағы қоғамда саяси эмансипация іс жүзінде жеке меншік құқында жүзеге асатынын, ал адамды азат ету үшін жеке меншікті жою керектігін дәлелдейді. Сөйтіп, дінді жеңу қоғамдық құрлысты түбегейлі қайта құрумен тығыз байланыста қарастырылады.

Дін кездейсоқ пайда болған жоқ. Ол «өңі айналған» қоғамда оның «өңі айналған» дүниетанымы ретінде пайда болады. Діни жұтаңдықты К.Маркс шынайы жұтаңдықтың көрінісі ретінде және оған қарсылық ретінде қарастырады. «Дін – қаналған жанның күрсінісі, ол рақымсыз тәртіптің рухы тәрізді жүрексіз әлемнің жүрегі. Дін халық үшін апиын» (К.Маркс., Ф.Энгельс. 1 том. 415 п). Осындай әлеуметтік жағдайларды сынаудың алғышарты дінді сынау болып табылатыны кездейсоқ емес.

Дінге қарсы күрес жалпы мақсатқа – халықты езгіден азат етуге, оның бойында тарихи әрекетке қабілеттілікті тәрбиелеуге бағынуы тиіс. Дінді сынау құлдықтың бұғауынан жалған гүлдерді лақтырып тастап, өзін қоршаған дүниені өзгерту барысында ойлануы, әрекет етуі үшін адамды діни иллюзиядан құтқарады.

Егер марксизмге дейінгі атеизм діннің негізі бұқараның сауатсыздығында және діннің ықпалынан шығудың жолы – ағартушылық деген ұстанымы басшылыққа алса, К.Маркс пен Ф.Энгельс діннің себептері қоғамның ұйымдасу ерекшеліктерінде жатқанын дәлелдейді. Дін - надандықтың немесе әдейі адастыудың нәтижесі емес, ол адам өзіне үстемдік ететін күштерге құлдық тәуелділікте болатын қоғамдық құрылыстың өнімі.

Атеизм тарихында алғаш рет К.Маркс пен Ф.Энгельс діннің екі түрлі себептен пайда болғаны туралы ойды айтты. Оның біріншісі әлеуметтік, екіншісі танымдық себептер. Басқаша айтсақ, діннің тамыры бір жағынан қоғамдық өмірде, екінші жағынан танымдық әрекетінде жатыр.

Діннің әлеуметттік себептері неде? Алғашқы қауымдық қоғамда адамның табиғаттың тосын күштері алдындағы шарасыздығының көрінісі ретінде пайда болған дін, кейінгі дәуірлерде адамның өзіне үстемдік етіп отырған қоғамдық қатынастар алдындағы шарасыздығының өңі аударылған формасы ретінде жалғасады. Құл иеленуші қоғамнан бастап дін қанаушылық қатынастардың көрінісі болып келді және осы қатынастарды қорғады, халықты рухани қанаудың құралына айналды. Егер діннің тамыры қанаушылық қоғамның таптық құрылымында жатса, оны тек ағартушылық арқылы жеңіп шығуға болмайды, дінді жою үшін, дін арқылы өз мүддесін қорғап отырған тапты жою қажет. Маркстік атеизм діннің әлеуметтік мәнін осылай түсіндіреді, Өкінішке орай, қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік тоталитарлық жүйенің дін саласындағы негізгі ұстанымына айналған бұл көзқарас миллиондаған жазықсыз жандардың өмірін қиды.


Діннің танымдық тамырлары да бар. Адам таным процесі барысында ұғымдармен істес болады. Кез-келегн ұғым абстрактілеудің нәтижесі, яғни ұғымды қалыптастыру барысында адам құбылыстап мен объектілерге тән ортақ белгілерге назар аударып, олардың жеке белгілерінен абстрактіленеді. Бұл ұғымының өзі бейнелеген құбылыстан ажырауына себеп болуы мүмкін. Адам санасы ұғымды нақты заттардан өз қалауынша ажыратып алып, оны субстанция, заттардың алғы негізі ретінде қарастыра бастайды. Бұл идеализм мен діннің пайда болуының алғышарттарын қалыптастырады. Дін өзінің дамуында құдай туралы нақты түсінік пайда болғанға дейінгі бірқатар тарихи формалардан өтті. Бұл қоғам дамуының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар жоғарғы деңгейдегі абстракциялау қабілетіне ие адам санасының да дамуының нәтижесі еді.

Сонымен К. Маркс пен Ф. Энгельс діннің таптық және гносеологиялық алғышарттарын аша отырып, оның пайда болуы мен қоғамдық өмірде орын алуының басты себептерін ашып көрсетті. Діннің бұл алғышарттарын ашу діннің пайда болуын дұрыс түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар онымен күресудің жолдарын айқындауға да мүмкіндік береді. Дінді толығымен жою үшін сауатсыздықпен күрес жеткіліксіз. Ең алдымен діннің үнемі қайта жаңғырып отыруын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды, қаналушы мен қанаушы бар таптық құрылысты жою қажет деп санады марксизм негізін салушылар. Алайда олар тапсыз қоғамның орнауымен діннің бірден жойылып кетпейтіндігін және бұл үшін ұзақ тарихи кезеңнен өту қажеттігін айтты.Сонымен қатар марксизм негізін салушылар пролетариат диктатурасының жеңісінен кейін тыйым салу арқылы дінді жеңу мүмкін емес екеніне назар аударды.

«... Қудалау керексіз сенімдерді нығайтудың ең мықты құралы!», - деп жазды Ф.Энгельс. Дінді қудалау оның ұзақ уақытқа сақталуына және дін қызметкерлердің осы дүниедегі азап шегушілер даңқына бөленуіне алып келетін еді. Марксизм негізін қалаушылар халық дінді туындататын әлеуметтік алғышарттар жойылғаннан соң, адамдар табиғи және әлеуметтік құбылыстардың нақты себептерін танығаннан кейін дінге деген сенім біртіндеп сөнеді деп санады.

Сонымен К. Маркс пен Ф. Энгельс ғылыми атеизмнің теориясын ғана жасумен шектелмей, дінді жеңудің нақты практикалық бағдарламасын да жасап берді.

Марксизмнің одан ары дамуы Поль Лафарг (1842-1911), Август Бебель (1840-1913), Георгий Плеханов (1856-1918), Франц Меринг (1846-1919), Иосиф Дицген (1828-1888), Владимир Ленин (1870-1954) сияқты ойшылдардың есімімен байланысты. Олар марксизм идеяларының Еуропа елдерінде кең таралуына зор еңбек сіңірді.ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында еңбек пен капитал, жұмысшы табы мен буржуазия арасындағы қарама-қайшылық ушығып, шегіне жетті. Бұл марксизм идеяларының халық арасында кең таралуына ықпал етті. Марксизм ізбасарлары дамыған капиталистік елдерде пролетарлық төңкерісті дайындауға ат салысты. Бұл қанаушы таптың идеологиялық құралы ретіндегі дінмен күресті одан ары қарқынды жалғастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Марксизм ілімін теориядан саяси әрекет негізіне айналдыру В.И. Лениннің үлесіне тиді. Артта қалған Ресейдің күрделі кезеңінде В.И. Ленин ғылыми атеизмнің теориясын дамытып қана қоймай, дін мен шіркеуге қатысты практикалық бағдарламаның қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Бірінші орыс төңкерісі кезінде 1905 жылдың желтоқсанында В И. Ленин большевиктер партиясының бағдарламалық құжатына айналған «Социализм және дін» атты мақаласын жариялады.


Өз замандағы қоғамды эксплуататорлық, яғни қанаушы қоғам ретінде сипаттай отырып, Ленин экономикалық қанау қанаудың басқа түрлерін (саяси, рухани және т.б.) туындатады. Рухани қанаудың бір түрі таптық, антагонистік қоғамда терең тамыр жайған дін болып табылады, «қаналушы таптардың өз қанаушыларымен күресіндегі шарасызды-ғы о дүниедегі жақсы өмірге деген сенімді тудырады», - деп жазды (Ленин В. И. Шығ. тол. жин., т. 12, 142 б).

В.И.Ленин дінге қарсы терең ойластырылған, идеялық күресті талап етті. Дінге қатысты мәселелердің барлығын ол революциялық күрестің жалпы міндеттерімен, социализм құрылысымен байланыстыра отырып шешті. Қазан төңкерісіннен кейін саяси билікке қол жеткізген коммунистер дінмен күресте шектен шықты. Дінді қанаушы таптың құралы деп таныған олар, діннің тарихта прогрессивті рөл атқарғанына назар аудармады. Дінмен күрес «бірбеткей атеизм» жағдайында басқаша ойлауды қудалауға, атеизм мен коммунизм идеясын бөліспегендерді тамырымен жоюдың ұзаққа созылған науқанына айналды. Дінмен күрес дінді рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі санап келген халықтар үшін ауыр зардаптар әкелді. Азамат соғысы, одан кейінгі ұжымдастыру жылдары діни наным-сенімі үшін миллиондаған адамдар жазықсыз жәбір тартты. Ал халық арасында имандылықты уағыздаған қарапайым діндарлар «халық жауы» аталып, тап ретінде жойылды.

Қазақстан Республикасындағы діни наным-сенім бостандығы және діни қатынастар. Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы түбегейлі саяси-экономикалық үрдістерді жүзеге асырды. Қоғамдық өмірді нарықтық экономика мен демократиялық басқару принциптеріне сай өзгерту көптеген қарама-қайшылықтар мен қиындықтар туғызғандығына қарамастан тарихи қажеттілік еді. Әлемдік тарихтың субъектісі ретіндегі қоғамның дамуы уақыт талаптарына жауап беру барысында айқындалатыны белгілі. Қазақстан қоғамының алдында да осындай талаптар туындады. Қоғамдық болмыстың төрт негізгі саласы бар екендігі белгілі, олар экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани салалар. Бұл салалар бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан бір саладағы өзгеріс ерте ме кешпе басқа салалардағы өзгерістерге әкеледі. Кез-келген қоғамның тұрмыс-тіршілігі ең алдымен материалдық өндіріспен байланысты. Сондықтан ел экономикасын нарықтық қатынастарға қарай бұру, халықтың экономикалық белсенділігін арттыру бастапқы кезде кезек күттірмейтін мәселе болды. Сонымен қатар, саяси салада да күрделі бет бұрыстарды жүзеге асыру қажет болды. Осы мақсатқа сәйкес жаңа Конституция қабылданды. Оның басты мақсаты қоғамның прогрессивті дамуын қамтамасыз ету болып табылды. Қоғамның субстанционалдық негізі – адам. Сондықтан ҚР Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән беріледі. Ата заңымызда Қазақстан Республикасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін зайырлы мемлекет деп бекітілді. Посткеңестік дәуірден кейін адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңының» маңызы зор болды. Қазақстан Республикасының Конституциясында, жоғарыда аталған заң баптарында және адам құқы туралы актілер мен келісімдерде бекітілген азаматтардың сенім бостандығын іске асыруға кепілдік берілетіндігі, Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттердің және азаматтығы жоқ азаматтарының жеке дара немесе басқалармен бірлесе отырып кез-келген дінді еркін ұстануына немесе ұстанбауына, сондай-ақ діни рәсімдерге қатысуға немес қатыспауға құқылы екендігі, діни айқындалуға қатысты ешқандай мәжбүрлеуге жол берілмейтіні, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінгендігі туралы айтылды. Конституция мен «Сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихында алғаш рет мемлекет пен дін арақатынасын реттейтін құқықтық негізді айқындады. Бұл қатынастар төмендегідей іргелі принциптерге сүйенеді: а) дінге қатынасына қарамастан барлық азаматтардың тең құқықтылығы; б) діни және зайырлы бірлестіктердің мемлекеттен ажыратылғандығы; в) мемлекеттік білім беру жүйесінің зайырлы сипаты; г) діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі; д) наным- сенім бостандығын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін арнайы заңдардың болуы және оларды бұзған жағдайда жауапкершілікке тартудың қарастырылуы. Тоталитарлық режимнен кейінгі бұл принциптер азаматтардың дінге қатысты айқындалуына толық еркіндік берді, сөйтіп мемлекеттік атеизм келмеске кетті. Заң қабылданғаннан бергі 16 жылда еліміздегі діни ұйымдар мен бірлестіктердің саны геометриялық прогрессияда өсе бастады. Қазіргі таңда Алматы қаласының өзінде 240-тай діни бірлестіктер бар екен, оның 150-ге жуығы христианшылдықтың протестанттық бағытына тиесілі, 40-тан астамы мұсылман, 16-сы Орыс Православиелік шіркеуінікі, 6-уы Римдік-католиктік, 3- Иудаизмнің әртүрлі бағыттарына тиесілі [1].


Бүгінде көп конфессиональдылық әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігіне тән болып табылады. Сондықтан мемлекеттің діни саясат пен діни қатынастар саласындағы басты міндеттерінің бірі - дін аралық қайшылықтарға жол бермей, олардың алдын алу және дін аралық сұхбатты барлық уақытта бейбіт болмағаны белгілі. Еуропадағы католиктер мен протестанттар арасындағы қақтығыстар мыңдаған адамдардың өмірін қиды. Діни соғыстар мен жан жалдар адамдар арасындағы діни сенім мәселесіне қатысты қатынастарын заңдық реттеу қажеттілігін туындатты. Еуропа елдерінде мұндай заңдар ХҮІІ ХҮІІІ ғасырларда пайда болды. Алғаш рет «ар ұждан» бостандығы ұғымы «дін бостандығы», «наным сенім бостандығы» ұғымдарының синонимдері ретінде қолданылды. Бұл адамның діни таңдау еркін білдірді. Қалыптасып келе жатқан буржуазия идеологтары бұл құқықты адамның табиғи, қасиетті және ажырамас құқы ретінде қарастырды. «Ар ұждан» бостандығының жариялануы ХҮІІ ХҮІІІ ғғ. философиясында адамның табиғи құқықтары мен тұлға бостандығы идеяларының негізделуімен байланысты болды. Аталған ғасырларда адам бостандығының жоғары құндылық ретінде орнығуы ХҮІ ғасыр гуманистерінің адам болмысының құндылығы туралы көзқарастары мен идеяларының заңды жалғасы болды. Ағылшын философы Джон Локк «әрбір адамның пікір айту мен наным сенімінің шексіз бостандығы бар. Ол бұл бостандықты билеушінің бұйрығынсыз да, бұйрығына қарсы келгенде де ешқандай күнәні сезінбей, бірақ білімі мен сенімі мүмкіндік бергендіктен Құдай алдында ар тазалығымен қолдана алады», деп жазады. ( Трофимов 20 б). Дж. Локк сенім бостандығын қолдағанымен, Құдайды теріске шығару, яғни атеизм бостандығын қабылдамайды. Ол атеизмді қоғамға қауіпті құбылыс ретінде қарастырады. Осыған ұқсас идеяларды басқада ойшылдардан кездестіреміз.

Еуропа мен Америка елдерінде буржуазияның саяси билікті қолына алуының барысында адамның табиғи құқықтары, соның ішінде ар ұждан бостандығы да заңдық статусқа ие болады және ар ұждан бостандығы азаматтардың конституциялық құқына айналады. Мысалы, Франция Конституциясы: «Баспа сөз немесе басқа да жолдармен өзінің пікірі мен ойларын жеткізу, тыныштық сақтай отырып, жиналу құқы және діни әдет ғұрыптарды еркін атқаруға тиым салынбайды», деп жариялайды. Америка Құрама Штаттарының Конституциясына енгізілген бірінші өзгерісте: «Конгресс дінді белгілейтін немесе оны еркін ұстануға тиым салатын бірде бір заң қабылдамауы тиіс» деп атап көрсетеді.

Адам құқықтары туралы идеялар мен ілімдер антикалық дәуірдегі грек философтарының еңбектерінде кездекенімен олар ұзақ уақыт бойы қоғамдық өмірде кең көрініс таппады.

Діни төзімділік мәселесі әлемдік діндердің пайда болуына байланысты шиеленісе түседі. Мысалы, христиандық дін пайда болғанда христиандар император культіне табынуға қарсы шығады. Сондықтан билік тарапынан қатты қудалауға ұшырайды. Тек 312 жылы император Константин Милан жарлығында наным-сенім еркіндігін жариялағаннан кейін христиандарды қудалау тоқтатылды. Бірақ христиандық мемлекеттік дінге айналғанда ол басқа діни наным-сенімдерге қысым көрсетіп, христиандық емес храмдарды қиратты.


Наным-сенім бостандығының жүйелі жүзеге асуы ислам дінінің пайда болуымен байланысты. Бұл туралы мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранда көп айтылады. Мысалы, «Дінде мәжбүрлеу жоқ» делінген. Яғни, ислам әр адамның діни таңдауына ерік береді, сонымен қатар Құранда Жаратушы Аллаһтың қалаған адамын тура жолға салатындығы туралы және сонымен қатар, ақиқат сенімді танымаған немесе тани тұрып оған мойынсұнбаған адамның о дүниеде азап тартатындығы жайында да айтылады. Ислам дінді күштеп қабылдатудың дұрыс еместігін, оның соңы екі жүзді адамдардың пайда болуына алып келетінін дәйектейді. Исламдағы наным сенім төзімділігі принципі «зымми» ұғымында көрініс табады. Зымми деп ислам мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанатын адамдарды айтады. Ислам мемлекеті олардың барлық құқықтарын қорғау міндетін өзіне жүктейді. Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарда зыммилерге қысым көрсетпеуді өз үмбеттеріне өсиет етеді.

Көріп отырғанымыздай, наным-сенім бостандығы мен діни төзімділік адамзат өркениетінің ұзақ ғасырлық дамуының жемісі болып табылады. Діни наным-сенім бостандығы мемлекет тарапынан құқықтық негізделіп, заңмен қорғалуы діни қатынастарды бейбіт үйлестірудің алғышарттарын қалыптастырды. Қазақстан Республикасы Ата заңындағы адам құқықтары, соның ішінде діни бостандықтары туралы тармақтар адамзат өркениетінің жетістіктерін ескере отырып, қабылданды.

Қазақстан Республикасы азаматтарының ой еркіндігі мен дінді ұстану құқы Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске, «наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға, басқа да заң актілеріне және Қазақстан Республикасы мойындаған адам құқықтары мен бостандықтары туралы халықаралық актілерге негізделеді. Адамның азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пактінің бірінші пунктының он сегізінші бабында: «Әр бір адамның ой еркі, ар ұждан және дін құқы бар. Бұл құқық өз таңдауына сай дінді және сенімді қабылдау, өз дінін жеке дара немесе басқалармен бірге жариялы түрде немесе жеке ұстану, діни және әдет ғұрыптық салттарды орындау бостандығын қамтиды» делінген. Адамның азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пакт дінді немесе сенімді ұстану бостандығы тек заңмен белгіленген және қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті, басқа тұлғалардың денсаулығы мен моральін, сондай ақ негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау қажеттілігі негізінде ғана шектелетіндігін атап көрсетеді. Мұндай шектеулер Қазақстан Республикасының Конституциясында да қарастырылған. Конституцияның 5 пунктінің 12 бабында «Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуы басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына, конституциялық құрылыс пен қоғамдық әдепке нұқсан келтірмеуі керек» деп тап көрсетілген. Конституцияның бұл бабы «Наным сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңда нақтылана түседі. Заңда «Дінді ұстану немесе сенімді таратуды жүзеге асыру тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, басқа азаматтардың өмірін, денсаулығын, құлықтылығын немесе құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында ғана шектеледі» делінген. Соңғы жылдары елімізде бірнеше діни бірлестіктерге қатысты қылмыстық істер қозғалды. «Саентология» шіркеуінің адам ағзасына қауіпті препараттарды таратқандығы анықталды. Сонымен қатар, кейбір жаңа діни ағымдардың психотроптық заттар мен психотренингтерді жиі қолданатыны белгілі. Мысалы, «Белое братство» ағымының осындай әсерінен бірнеше мың адам Киев қаласының орталық алаңында өздерін өртеп жіберу акциясын өткізбекші болғандығы белгілі болды. Тек құқық қорғау органдарының уақытылы араласуы жаппай тәртіпсіздікке жол бермеді.