Файл: Курсты жмыс Таырыбы Мектеп жасына дейінгі балаларды танымды процесі.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 30.11.2023
Просмотров: 82
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Адамгершілік тәрбие дегеніміз — балалардың бойында мінез-құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір-біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормалары мен ережелерін дарыту жөніндегі ұстаздардың арнаулы мақсат көздеген қызметі. Адамгершiлiк мәдениет адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбiр дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi. Сондықтан да адамгершiлiктiң мәнiн абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелiктерiмен ғана байланыстыруға болмайды. Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Әрбiр қоғам өзiнiң даму процесiнде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк — адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама- қарсы, терiс қарым- қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр- бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қарлыптасады. Халықта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң» деген мақал бар. Тәлiм — тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды. Адамгершiлiктi, оның жоғарыда айтылған категорияларын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн қатынастар аз емес, өте көп. Олар: дос- жарандармен, ата- анамен, бала мен ұстаздың арасында қарым- қатынас орнату, өзара сыйласу, қонақжайлылық, жолдастық, достық, туыстық қарым- қатынастар. Адамның адамгершiлiгi — оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi — адамдық ар — намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, Өзiң үшiн еңбек қылсаң, — дейдi Абай, — өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық- қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол. Ақылды, мейiрiмдi адам кез- келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам- ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеушi ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам — басқаларға қашан да үлгi-өнеге.
Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз — адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелдi. Соларды үлгі, өнеге етіп отыру.
Адамгершілік қасиет мораль, этика, өнеге арқылы айқындалады. Мораль, этика, өнеге адамгершіліктің күретамыры болып табылады.
Мораль — әлеуметтік шындықтың этикалық саналарын бейнелейтін қоғамдық сананың бір түрі. Мораль дегеніміз — адамдардың мінез-құлқының тарихи қалыптасқан принциптері мен ережелердің жинытығы. Бұл принциптер мен ережелер жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік, абыройлық пен абыройсыздық деген ұғымдардың тұрғысынан қаралып, адамдардың мінезі мен іс-әрекеттерін бағалаудың өлешушісі болып табылады. Бұлар адамдардың бір-біріне, қоғамға, мемлекетке, үй-іші адамдарының бір-біріне деген қарым-қатынастары ретке келтіріп отырады. Мораль қоғамнан тысқары тұра алмайды. Қоғам моральды туғызады, сақтайды, дамуына ықпал жасайды. Қоғамның дамуымен және экономикалық құрылыстың өзгеруімен бірге мораль да өзгеріп отырады. Керісінше, мораль адамның еңбекке деген көзқарасы арқылы қоғамның экономкалық дамуына әсер етеді. Моральдың қалыптасуына қоғамдық сана, саясат, құқық, көркемөнер, дін ықпал етеді.
Барлық заман мен барлық халықтарға бірдей жарамды ереже болмаса да, жалпыға бірдей кейбір моральдық ережелер бар. Мұндай ережелерді қоғам тәртібінің ең қарапайым ережелері деп атаймыз. Мысалы, барлық заманда табиғат апаты кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп отыру моральдық борыш — деп есептелінген. Өз балаларының алдында әкелік және аналық борышын орындамаған ата-аналарды, ата-анасы алдында өз борышын ұмытатын балаларды мораль атаулының бәрі де айыптайды, қоғамдық орындарда ең қарапайым тәртіпті сақтау, жасы кішілердің үлкендерді сыйлау ережелері барлық уақытта да болған. Адамдардың қарым-қатынас мәдениеті осы ережелер арқылы баянды етіледі. Жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу дегеніміз — оларды жоғарыда айтылған мінез-құлықтың дағдылы ережелеріне үйрету. Адамгершілік тәрбиесі дегеніміз — адамның моральдық қасиеттерін белгілі бір мақсатқа бағыттап қалыптастыру. Адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу арқылы — моральдық түсініктердің, әдеттердің және мінез-құлық мотивтерінің қалыптасуы бірлесіп жүзеге асады және мектепке дейінгі балалардың адамгершілік тәрбиесін қамтамасыз етеді [9].
Адамгершілік тәрбиесінің жалпы міндеті мектеп жасына дейінгі балалардың мінез-құлқы мен тәртібін, адамгершілік сезімі мен сана нышандарын, адамгершілік түсініктері мен мінез-құлқын қалыптастыру болып табылады. Адамгершілік сезім адамгершілік түсініктерді меңгерудің негізінде туып, балалардың іс-әрекеті мен мінез-құлқынан, тәртібінен көрініс табады. Адамгершілік тәрбиесінің міндетін жүзеге асыру барысында баланың бойында енді дами бастаған адамгершілік сезімдерін пайдалана отырып, үлкенді сыйлауға, мәдени мінез-құлықтың қарапайым ережелерін, әдеті мен дағдыларын моральдық сапаларын, мінез-құлықтарын, өзін және өзгелерді әділ бағалай білу қабілетін дамытып, қарапайым да күрделі сезімдер мен қарым-қатынастар қалыптастыруға ықпал ете білуге үйрету көзделеді.
Баланың алғашқы адамгершілік түсініктерін аңғарып, мінез-құлқы мен тәртібін қалыптастыруда мектепке дейінгі шақ — ең жауапты кезең. Балалар үй ішіндегі жақындарымен қарым-қатынасында, оқу-тәрбие ісінде, тікелей өмір тәжірибесінде ненің жақсы ненің жаман екенін байқайды, жақсы мен жаманға үлкендер тарапынан берілген бағаны меңгереді. Адамгершілік тәрбие оқу-тәрбие үрдісінің барлық салаларында, яғни оқыту, білім беру барысында және еңбек үрдісінде жүзеге асырылады. Адамгершілік жағынан қалыптасуы оның өмірге келген күнінен басталады. Мектепке дейінгі жаста баланың бастапқы адамгершілік сезімдері мен ұғымдары, мінез-құлықтың ең қарапайым дағдылары қалыптасады. Баланың мектеп жасына дейінгі қалыптасқан мінез-құлықтары келешекте ересек адамдармен және құрбы-құрдастармен қарым-қатынастарында көзге түседі. Психология ғылымы да баланың айналадағы болмысты дұрыс түсінуі мектеп жасына дейінгі қалыптасатынын, олар өз айналасындағы адамдардың көзқарасы мен талпынысынан, мұраттарынан жастайынан-ақ үлгі алатынын дәлелдеді. Бірақ бұл өзгерістердің бәрі де өзінен-өзі немесе жүйкенің туа біткен заңдылық күші арқылы емес, әдейі мақсат көздеп ұйымдастырылған оқу-тәрбие үстінде іске асады. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің нақты міндеттері:
1) балалардың үй-ішіне, жақындарына, құрбы-достарына, жалпы адамдарға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу;
2) адамгершілік ережелеріне сай балалардың мінез-құлқын, ұйымдасқан тәртібін, мәдениеттлігін, жақсы әдеті мен дағдысын қалыптастыру;
3) балалардың адамгершілік түсініктері мен қасиеттерін тәрбиелеу.
Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін алдымен балалардың ата-анасына, үйіне, туған жеріне, оның табиғатына, өз ауылына, қаласына, туған-туысқандарына, дос-құрбыларына, балабақшаға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу қажет.
Елге сүйіспеншілікті тәрбиелеудің пәрменді құралы — халықтың тілі, мәдениеті мен көркемөнері. Ана тілі — халықтың тарихы, шежіресі, халықтың ең зор ақылшысы, ұстазы деп бағалаған. Осы орайда, Абай: Өнер алды қызыл тіл — деп толғаса, Ғ.Мүсірепов: Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ — тілдің құдіретін ерекше бағалаған. М.Әуезов: Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды — деп атап көрсеткен. Ендеше, ерте сәби кезеңнен бастап баланы ана тілінде сөйлеуге үйрету, ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындату ең маңызды мәселе. Бала әдеби шығармаларды: өлең, ертегі, ән, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, батырлар жырын тыңдау арқылы ана тілінің байлығы мен әсемдігін меңгерумен қатар оны сүюді үйренеді. Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына балаларды интернационалдық рухта тәрбиелеуде жатады, өйткені ол адамгершілік тәрбиесінің негіздерінің бірін құрайды. Балабақшада көптеген ұлттың балалары бар, олардың бәрі бірдей тәрбиеленіп, бірдей қамқорлыққа бөленеді. Осының өзі-ақ балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы.
Тәрбиеші суреттерді, көркем әдеби шығармаларды, әр ұлттың балалар әдебиетін пайдалана отырып, Қазақстанды мекендейтін сан ұлттың өмірі, тұрмысы, еңбегі, өнері жөнінде әңгімелейді, соның негізінде ұлттарға, халықтарға, жалпы адамзатқа деген сүйіспенішілік сезімін дамытуға мүмкіндіктер туады. Балалар арасында дұрыс қарым-қатынасты тәрбиелеу, тату балалар ұжымын құру — балабақша педагогінің негізгі міндеттерінің бірі. Балалар ұжымын тәрбиелеуде тәрбиеші адамгершілік принциптеріне сүйенеді. Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына баланың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу жатады, әсіресе олардың үлкендерді сыйлау сезімін тәрбиелеу сәбилік шақтан басталады. Жас бала — жас шыбық тәрізді қалай исең солай майысады. Сондықтан да білім негізі балабақшада қалыптасады деп айтылады, яғни осы кезеңнен бастап, балаға тиісті көңіл бөлу керек екенін заман талабы, тәрбие кепілі деп түсінуіміз керек.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық және рухани-адамгершілік ахуалдың оң өзгеріске бет бұруы қуантарлық жағдай. Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесі дүниетанымдық адасудан арылуда.
Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің даму динамикасы, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларға адамгершілік-рухани білім беруде бастапқы идеал құндылықтары, ұстаным мен мақсаттарды қалыптастыруды талап етеді. Балабақшада баланың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, адам және қоғам байланысын қалыптастыруда, өз қылығының қоғаммен сәйкес болуы қажеттілігін сезінуде, адамгершілік білімді адамгершілік нанымға ауыстыруда, тұрақты адамгершілік сезімдер мен сапалар орнықтыруда, адамның басқалармен қарым-қатынасындағы жоғары мәдениеттілік пен адамгершілік әдеттерді бекітуде тәрбиенің маңызы зор.
Кейбір еңбектердегі анықтамалар адамгершілік тәрбиесінің негізгі бөліктерін атап көрсетумен шектелген. Мәселен, В.В.Макаев адамгершілік тәрбиесі мынандай негізгі бөліктерден тұрады дегенді айтады:
а) адамгершілік түсініктерді, ұғымдарды, идеяларды қалыптастыру;
ә)адамгершілік сезімдерді дамыту;
б) адамгершілік сенімдерді қалыптастыру;
в) мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыру;
г) өзін-өзі тәрбиелеу;
д) жағымсыз ықпалдарға, теріс әсерлерге қарсы тұра білу іскерлігін қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиесі барлық тәрбие жүйесіндегі негізгі тәрбиенің көзі болып табылады. Адамгершіліксіз табиғатты, қоршаған ортаны, адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру мүмкін емес. Адамгершілік тәрбиесі арқылы балаларды рухани тәрбиенің негізі қаланады. Руханилық баланың ішкі болмысы, жан дүниесінің азығы, мінез-құлқының тірегіші болып табылады. Руханилық пен адамгершілік араласып, бір-бірімен сабақтастықта байланысқан ағайындас ұғымдар. Мектепке дейінгі балдырғандар үшін оларға түсінікті ғибрат сөз, әсерлі өлең, сурет, әңгімелер пайдалану, үлгілі, өнегелі ойын, еңбек үстінде этикалық қатынас жағдайында әдепкі адамгершілік әдет-дағдылары қалыптасады.
Мектеп жасындағы балаларға адамгершілік әліппесі ойын арқылы меңгертіліп, баланың әлеуметтік саналылығын дүниетанымын, этикалық талғамын, ішкі рухани байлығын молайтатын жүйелі жұмыстар өткізіледі.
Ойын дегеніміз — жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын — мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті.
Сұлтанмахмұт Торайғыров Балалықтың қанына ойын азық — деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті — ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма? деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім.
Ойын-адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Ойын төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ізденімпаздылықты, іскерлікті, көп білуді қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық, тиімді әдістерінің бірі. Ойын тек баланың, дене күшін, қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке т.б. ғана тәрбиелеп қана қоймайды, оның ақыл-ойының толысуына, жан дүниесінің қалыптасуына, есейуіне де пайдасын тигізеді.
Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін дамытады.
2.2 Мектепке жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеу
Мектепке дейінгі балаларға адамгершілік тәрбие беру. Балалар бақшасында адамгершілік тәрбие берудің жалпы сипаттамасы. Мектепке дейінгі жылдарда бала ересектердің жетекшілігімен жақын адамдарымен, құрдастарымен, заттармен, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың, тәлім-тәрбие алудың бастапқы тәжірибесіне ие болады. Балалардың іс-әрекеттерін басқара отырып, тәрбиші олардың бойында айналадағыларға ықыласпен қарау, шамасы келгенше оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс-әрекетте белсенділік көрсету сияқты адамның маңызды сипаттарын қалыптастырады. Дұрыс тәрбие балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды. Баланың тәрбиелеуде оның өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамгершілік сезімдерін қалыптастыру үлкен орын алады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларға қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі ренішті немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады. Мектепке дейінгі шақта балада қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады [10]. Сезім балаларды белсенді іс-әрекетке: көмек көрсетуге, қамқорлық жасауға, көңіл аударуға, жұбатуға, қуантуға итермелейді. Мектепке дейінгі балалардың ерекшелігі еліктеу қабілеттілігінің айқын көрінуі болып табылады. Тәрбиеші балаларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады. Бұлар әдет бола отырып, мінез-құлық нормасына айналады: сәлемдесу мен қоштасу, біреудің көрсеткен қызметіне рақмет айту, алған затын орнына қою, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өтінішін ізеттілікпен білдіру әдеті. Тәрбиеші балалардың адамгершілік нормаларына бағынатын, саналы түрде меңгерілген мінез-құлыққа тәрбиелейді. Адамгершілік нормалары: қайырымдылық, сыпайылық, әділдік, қарапайымдылық, қамқоршылық, және т.б. ұғымдарды тәрбиеші бірте-бірте балаларға түсіндіру арқылы меңгертеді. Өз кезінде тәрбиешіден ұстамдылық, шыдамдылық, орынды қатаңдық, тәрбиеленушілерге құрметпен қараушылық талап етіледі. Сезімге, санаға және мінез-құлыққа ықпал жасау бірлігі заңдылығы жеке адам дамуы үдерісінің біртұтастығы ұғымынан туады. Ол адамгершілік тәрбие құралдары мен әдістерін таңдап алуда кешенді қатынасты талап етеді. Тәрбиелік ықпал жасаудың мазмұнын белгілей отырып, ол балада эмоциялық әсер тудыра ма, түсінікті бола ма, айналадағы өмір құбылыстары туралы белгілі бір ұғымдарды, сондай-ақ іс-әрекет түрткілерін қалыптастыра ма, саналы мінез-құлыққа тәрбиелей ме деген мәселелерді ескерген жөн. Балалар бақшасында және жанұяда балаға қойылатын талаптардың жүйелілігі, бірізділігі және бірлігі мінез-құлық дағдыларын бекем меңгеруді, баланың жеке басының адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл заңдылық тәрбиешіден барлық тәрбие жұмысын жүйелі түрде, тәрбие міндетін бүкіл топқа тұтас және әр балаға өз алдына (оның ерекшеліктерін және енгізілген адамгершілік ережелерді меңгеруін, мінез-құлық тәжірибесін есепке ала) біртіндеп күрделендіре отырып жүзеге асыруды талап етеді. Сондай-ақ тәрбие міндетін неғұрлым толық шешуді қамтамасыз ететін жағдай жасау қажет: қандай да болса адамгершілік қасиетті қалыптастыру үшін баланың сол қасиеті бейнеленетін ылықтарын жүйелі жаттықтыру қажет, сонымен бірге оны тәрбиелеуші адамдардың талаптарының бірдей болуын қамтамасыз ету керек.