Файл: Орта, техникалы жне ксіптік, орта білімнен кейінгі білім беру йымдары шін білім алушыларды лгеріміне аымдаы баылауды, оларды аралы жне орытынды аттестаттауды ткізуді лгілік аидаларын бекіту туралы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 03.12.2023

Просмотров: 101

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы N 125 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 21 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5191 болып енгізілді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 25.09.2018 № 494 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!

      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидалары;

      3) алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 25.09.2018 № 494 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.01.2017 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 25.09.2018 № 494 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев):

      1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      3. "Білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылаудан, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 7 қыркүйектегі N 481
бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4394 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр К.Н. Шәмшидиноваға жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Ж. Түймебаев




 

Қазақстан Республикасы

 

Білім және ғылым министрінің

 

2008 жылғы 18 наурыздағы

 

№ 125 бұйрығына

 

1-қосымша


Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидалары

      Ескерту. Үлгі қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 13.04.2023 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер
      1. Осы Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) бағалау – білім алушылардың оқуда нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудан күтілетін нәтижелермен әзірленген өлшемшарттар негізінде салыстыру процесі;

      2) бағалау өлшемшарттары – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүргізуге негіз болатын белгі;

      3) білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау – бұл жалпы білім беретін оқу бағдарламасына сәйкес ағымдағы сабақ барысында педагог жүргізетін білім алушылардың білімдерін жүйелі тексеру;



      4) білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың оқу аяқталғаннан кейін оқу пәнінің бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын игеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;

      5) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында (бұдан әрі – МЖМБС) қарастырылған оқу пәндерінің көлемін меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім:

      6) жиынтық бағалау – белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді (ортақ тақырыптарды) оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;

      7) модерация – бағалаудың объективтілігін және айқындығын қамтамасыз ету үшін балдарды қоюды стандарттау мақсатында тоқсандық жиынтық бағалау бойынша білім алушылардың жұмысын талқылау процесі;

      8) оқытудан күтілетін нәтижелер – оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көрсете алатынын сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы;

      9) формативті бағалау – сыныптағы күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі білім алушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқу барысында білім алушы мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, білім алушы мен педагог арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

2-тарау. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау жүргізудің тәртібі

      3. Білім алушылардың оқу жетістігін бағалау формативтік және жиынтық бағалау нысандарында жүзеге асырылады.

      4. Формативтік бағалау, оның ішінде үй жұмысын бағалау білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне мониторинг жүргізу мен сабақта сараланған жұмысты одан әрі құру үшін жүргізіледі және педагогтің ұсыныстары арқылы жазбаша нысанда (дәптерлерде немесе күнделіктерде/электронды журналдарда) немесе ауызша жүзеге асырылады.

      5. Формативтік бағалау кезінде мұғалім сабақта кері байланысты жүзеге асырады. Педагог білім алушылардың санын, кері байланысты беру нысанын және жиілігін дербес анықтайды.

      6. Формативті бағалау нәтижелері қағаз түрінде басып шығаруды және сақтауды талап етпейді.


      Формативті бағалау нәтижелерін ұсыну білім алушылардың орындалған жұмыстарында және/немесе электронды журналдарда балл түрінде жүзеге асырылады, педагог түсінік бере алады.

      7. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылауды тоқсан, бөлім (ортақ тақырып) аяқталғаннан кейін оқу материалдарының мазмұнын меңгеру деңгейін анықтау және қадағалау үшін жиынтық бағалау нысанында педагогтер жүргізеді.

      1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды.

      8. 2-11 сынып оқушыларына формативті бағалау, бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (бұдан әрі ТЖБ) нәтижелері бойынша білім алушыларға тоқсандық оқу жетістіктерін бағалау кезінде ескерілетін балдар қойылады.

      9. Сабақта БЖБ орындау үшін өткізу нысаны (бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыс, жоба, эссе, диктант, мазмұндама, шығарма, тестілеу және басқалар) мен уақытын педагог дербес айқындайды.

      БЖБ үшін максималды балл 1-4 сыныптарда кемінде 7 және 15 балдан артық емес, 5-11 (12) сыныптарда кемінде 7 және 20 балдан артық емес болуы керек.

      10. БЖБ және ТЖБ қойылатын қорытынды балды қою кезінде қолмен жөнделген жер, сондай-ақ оқу тапсырмалары мен есептер шарттарын ресімдеуі есептелмейді, мінез-құлқы үшін балдар төмендетілмейді.

      11. Аптасына 1 сағат оқу жүктемесі кезінде БЖБ қажет болған жағдайда бөлімдерді біріктіре отырып тоқсанына екі реттен артық жүргізілмейді, қорытынды баға жартыжылдыққа қойылады.

      12. БЖБ тоқсанына үш реттен артық өткізілмейді. Бөлімдер/ортақ тақырыптар тоқсанына төрт және одан да көп бөлімдерді/ортақ тақырыптарды оқып-зерделеген жағдайда тақырыптардың ерекшеліктерін және оқыту мақсаттарының санын ескере отырып біріктіріледі. Оны екі кезеңде өткізуге болады.

      13. Оқу пәндерінің күрделілік деңгейін есепке ала отырып, бір күнде үштен артық ТЖБ өткізуге болмайды. ТЖБ тоқсан аяқталатын соңғы күні өткізілмейді. Бір оқу пәні бойынша БЖБ мен ТЖБ бір күнде өткізілмейді.

      14. Үйде оқитын білім алушыларды бағалау кезінде педагог үйде оқитын білім алушылардың оқу жүктемесін және олардың оқып-зерделеген оқу материалын ескере отырып, сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды әзірлейді.

      15. Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар білім алушыларды бағалау кезінде мұғалім сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды қолданады, сондай-ақ білім алушының ерекшеліктерін есепке ала отырып, оның ішінде жеке оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде бағалау өлшемшарттарына өзгерістер енгізеді.


      16. "Көркем еңбек", "Музыка", "Дене шынықтыру", "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау", "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық", "Зайырлылық және дінтану негіздері" және бастауыш мектепте "Цифрлық сауаттылық" пәндері бойынша БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді және тоқсан/жартыжылдық және оқу жылының қорытындысы бойынша "есептелінді" ("есептелінген жоқ") деген белгі жазылады.

      17. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын (бұдан әрі – Үлгілік оқу жоспары) таңдау кезінде 10-11-сыныптарда қысқартылған оқу жүктемесі бар инвариантты компоненттің тереңдетілген және стандартты деңгейінің пәндерін таңдау кезінде "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау" оқу пәндерінен басқа пәндер бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі.

      Вариативті компонент сағатының есебінен таңдалған 10-11-сыныптардың оқу пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді, оқу жылының соңында "есептелінді" ("есептелінген жоқ") деген белгі жазылады.

      18. Қысқартылған оқу жүктемесі бар Үлгілік оқу жоспарларын таңдаған жағдайда БЖБ саны 11-тармаққа сәйкес жүргізіледі.

      Вариативтік компонент есебінен таңдалған 5-9-сыныптардағы оқу пәндері бойынша (инварианттық компоненттегі таңдау пәндері) жиынтық бағалау өткізілмейді, оқу жылының соңында "есептелінді"/"есептелінген жоқ" деген белгі жазылады.

      19. Жиынтық бағалау тапсырмалары білім алушылармен орындалады және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 болып тіркелген) жалпы білім беретін пәндер бойынша Үлгілік оқу бағдарламасына (бұдан әрі – Үлгілік оқу бағдарламасы) сәйкес олар өткен материалдарды қамтиды.

      20. Формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын академиялық адалдық принциптерін сақтай отырып педагогтер дербес дайындайды.

      21. ТЖБ өткізер алдында педагогтердің әдістемелік бірлестігінің отырысында тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігін, тапсырмалар көлемін, тапсырмаларды орындауға арналған нұсқаулықтарды, орындау уақытын талқылайды.

      Тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау сөйлеу қызметінің төрт түрі (тыңдалым (тыңдау), айтылым, оқылым, жазылым) бойынша жүргізіледі. Тыңдалым (тыңдау) және айтылым дағдыларын бағалау жиынтық бағалауды өткізу жоспарланған аптаның ішінде сабақтың барысында жүргізіледі.