Файл: Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны йымдастыруа жне жргізуге ойылатын санитариялыэпидемиологиялы талаптар.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 235
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
116. Ашық аумақтарда шыбын-шіркейлердің экзофильді түрлеріне, компоненттеріне қарсы өңдеу жүргізу кезінде барлық су қоймаларының жағалауларына, қорғалатын объекті аумағындағы (елді мекен, адамдардың үлкен ұжымының жұмыс істеу орны), сонымен бірге оның айналасындағы (қорғаныш аймағы) жаппай көбею орындарына деларвация жүргізіледі. Қорғаныш аймағының ені ландшафтқа, аумақта өсімдіктердің өсуіне, шыбын-шіркейдің ұшу қашықтығына байланысты 1 км-ден 6 км-ге дейін радиуста болады.
117. Тұрғын ғимараттарға іргелес объектілерде, көп пәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелерінде, сондай-ақ тұрғын үй-жайларда суық және ыстық тұманның ену қабілетінің жоғары болуына және улану қаупіне байланысты суық және ыстық тұман әдістерімен дезинсекция жүргізуге қатаң тыйым салынады.
118. Инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумақтарында, сондай-ақ инфекциялық аурулар ошақтарында профилактикалық дезинсекцияның тиімділігін бақылауды санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.
119. Шыбындардың бөлме және экзофильді түрлері санының маусымдық көрсеткіші шыбындарға қарсы орындалған іс-шаралардың тиімділігін бағалау өлшемшарты болып табылады.
120. Санын есепке алу шыбындардың белсенділігі кезеңінде тәулік ішінде күнтізбелік 3-10 күнде бір рет жүргізіледі, үй-жайларда санын есепке алу 20 шаршы метрге (бұдан әрі – м2) 1 есебімен жабысқақ таспалардың көмегімен, көбею орындарында – торлы шыбын аулағыштарға аулау арқылы жүргізіледі. Қанатталған шыбындар болмаған кезде, орташа алғанда 1 стандартты жабысқақ таспаға 1 данадан аспаған кезде (тәулігіне) тиімділік қанағаттанарлық деп саналады. Кәріз болмаған жағдайда жеке құрылыс басым учаскелер үшін және ауылдық жерлер үшін – 3-5 дана.
121. Іс-шаралардың тиімділігін анықтауды қанаттанған шыбындардың, сондай-ақ көбею орындарындағы дернәсілдер мен қуыршақтардың санын есепке алу жолымен жүргізеді. Елді мекенде қызмет көрсетілетін объектілердің кемінде 5%-ы есепке алынуға жатады.
122. Егер өңдеуден кейін бір ай ішінде барлық әдістермен бақылау кезінде жәндіктер анықталмаса, дезинсекциялық іс-шаралар тоқтатылады.
123. Объектілерінде масаларға қарсы дезинсекциялық іс-шаралардың тиімділігі пайдаланылатын дезқұралмен, өңделетін беттердің типімен айқындалатын мерзімдерде жүзеге асырылады. Есепке алу 20 минут бойы ашық қол әдісімен жүргізіледі. Ашық аумақта масаларды кешке тыныш желсіз ауа-райында ұсақкөзді тордан немесе дәкеден жасалған торлы ауа дорбасымен аулайды. Торлы дорбамен жинау секундына шамамен 1 қағу арқылы жүзеге асырылады. Олардың саны торлы дорбаның 100 қағуында ауланған дарақтардың санымен өлшенеді.
124. Дернәсілдерге қарсы іс-шаралар тиімділігінің негізгі көрсеткіші қорғалған объектілердегі қанаттанған масалардың саны болып табылады, дернәсілдер мен имаго масаларын өңдегеннен кейін 5-7 тәулікте жертөленің 1 м2 -де қанаттанған масалардың 1-ден аспайтын дарағының анықталуына жол беріледі.
125. Ашық биотоптарда кенелердің санын есепке алуды күн шуақты ауа райында таңертең (ыстық басталғанға дейін) және шық пен қатты жел болмаған кезде кешкі уақытта жалау немесе сүйретпе тәсілімен жүргізеді. Бұлтты күндерде жинауды күндізгі уақытта жүргізуге болады.
126. Жертөле масаларына қатысты дезинсекция тиімділігінің көрсеткіші сынамаларда тірі дернәсілдерді өңдегеннен кейін 3-5 тәулікте болмауы және орташа есеппен 10 м2-ге қанаттанған масалардың 1 дарақтан аспауы болып табылады.
127. Үй-жайларда бүргелерді жою жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде еден бетінің 10 м2-не 2 парақ есебінен жабысқақ таспалар (20х30 см) пайдаланылады. Егер бір тәулік ішінде 1 параққа 2 бүргеден көп түспесе, онда жәндіктер бірлі-жарым, 3-тен 10-ға дейін – көп, 10-нан асса – өте көп деп саналады.
128. Төсек қандалаларын жою жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде олардың неғұрлым ықтимал болатын жерлері қарап тексеріледі, тексеру нәтижелері мынадай түрде жазылады: бірлі-жарым жәндіктер, жәндіктердің жиналуы, ал қандалалар болмаған кезде – жәндіктер анықталған жоқ.
129. Педикулезге қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде өңдеуден кейін биттер мен сіркелердің толық болмауы оның қанағаттанарлық көрсеткіші болып саналады.
6-тарау. Дератизациялауды ұйымдастыруғы және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
130. Дератизациялау кеміргіштерді жою және олар қоныстанған объектілерді олардан босату мақсатында немесе олардың санын инфекциялық аурулардың кеңінен таралуын және айтарлықтай экономикалық шығынды болдырмауды қамтамасыз ететін ең аз деңгейде тұрақты ұстап тұру үшін жүзеге асырылады.
131. Дератизациялау мынадай типтерге бөлінеді:
1) профилактикалық дератизациялау – кеміргіштердің қоныстануы мен көбеюі үшін қолайсыз жағдайлар жасалады. Санитариялық-техникалық, жалпы санитариялық және агротехникалық шаралармен қатар:
жаппай дератизациялау – бір мезеттік (бір реттік) дератизациялау, жекелеген елді мекендерде немесе учаскелерде жылына 1-2 рет барлық елді мекеннің аумағында жүзеге асырылады. Бұл объектілерді кеміргіштерден толығымен босатуға немесе кеміргіштер одан әрі инфекциялық аурулардың таралуына ықпал етпейтін деңгейге дейін олардың санының тұрақты төмендеуіне әкеледі. Жаппай дератизациялау барлық үй-жайларда, ғимараттарда, аумақтарда күрестің әдістері мен құралдарын бір уақытта пайдалануды көздейді.
тосқауылды дератизациялау – белгілі бір аумақтың айналасында қорғау аймақтарын құру үшін кеміргіштердің барынша көп көшіп-қону белсенділігі кезеңінде (көктем, күз) жүргізіледі. Кеміргіштерден осылай өңдеу ғимараттардың айналасында, орман аймағында, турбазалардың, лагерьлердің, жазғы дәмханалардың, саяжай алқаптарының аумақтарында, халықтың жаппай серуен жасау аймақтарында, саябақтарда, скверлер мен бақтарда, қоқыс контейнерлерінде жүзеге асырылады);
2) жойғыш дератизациялау – профилактикалық іс-шаралар нәтиже бермеген кезде жүргізіледі. Мұндай жұмыстардың тікелей функциясы - кеміргіштерді жою;
3) ошақтық дератизациялау – инфекциялық аурулар ошағында және оған іргелес аумақта дератизациялау. Таралуына кеміргіштер қатысуы мүмкін инфекциялық ауру тіркелген кезде жүргізіледі;
4) іріктеп дератизациялау – жекелеген учаскелерде немесе құрылыстарда, эпидемиялық маңызы бар объектілерде: ет және балық комбинаттарында, тоңазытқыштарда, элеваторларда, азық-түлік қоймаларында, емдеу және балалар мекемелерінде, мал шаруашылығы фермаларында кеміргіштерді жою кезінде жүргізіледі.
132. Дератизациялауды физикалық, механикалық, химиялық тәсілдермен, улы қармақжемдерді қою, тозаңдату, газдау әдістерімен жүргізеді. Дератизациялау тәсілі мен әдісін таңдау өңделетін объектінің ерекшеліктерімен, нысаналы кеміргіштердің экологиясымен және дератизациялау құралдарының қасиеттерімен айқындалады.
133. Тосқауылды дератизациялау кеміргіштердің ең жоғары көшіп-қону белсенділігі кезеңдерінде, ал ерекше эпидемиологиялық маңызы бар объектілерде – жыл бойы бақылау-жою алаңдарын (бұдан әрі – БЖА) орналастыру жолымен аумақтың (қоршау бойымен 20 метр (бұдан әрі – м)), құрылыстардың (төсеніш бойымен 10 м) периметрі бойынша және құрылыс салынбаған учаскелерде (100 м2-ге 1 БЖА есебінен) жүргізіледі. БЖА-ны орналастыру адам үшін қауіпсіздікті ескере отырып жүзеге асырылады.
134. Денсаулық сақтау объектілерінің, білім беру ұйымдарының, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы объектілерінің құрылыстары мен аумақтарының барлық ауданы кеміргіштердің болуына тексеруге жатады.
135. Профилактикалық дератизациялау жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өңдеулердің белгілі бір жиілігін сақтау көзделеді. Егер пайдаланылатын препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта өзгеше ұсынылмаса, онда үй-жайларды дератизациялау 2-3 айда 1 рет, аумақты дератизациялау жылына 4-6 рет жүргізіледі. Үй-жайларда кеміргіштер ұзақ уақыт болмаған кезде өңдеу жүргізілмейді, ал аумақты өңдеу саны екі есе қысқартылады. Үй-жайларда кеміргіштердің қоныстануы көп болған кезде өңдеу жиілігі айына 1 ретке дейін артады.
136. Азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану объектілерінде, көкөніс сақтау қоймаларында, қоймаларда, тұрғын үй-жайларда және аулалық құрылыстарда уланған қармақжем дератизациялау құралдарын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қолдану режиміне сәйкес қойылады. Балаларға қолжетімді балалар ұйымдарының үй-жайларында улы қармақжемді қоюға жол берілмейді, ал кеміргіштерді жою тек механикалық әдістермен жүргізіледі.
137. Қармақжемдердің тағамдық негізі ретінде адамдар қызығатындай ұнтақталмаған күнбағыс дәні және өзге де өнімдер пайдаланылмайды. Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін кеміргіштерге арналған родентицидті қармақжем ашық түске боялады.
138. Ашық аумақтарда улы қармақжем адамдарға, үй жануарлары мен құстарға қолжетімді емес жерлерде жасырын ғана қойылады.
139. Қармақжемдерді дайындау жұмыстары арнайы жабдықталған үй-жайларда (зертханаларда) жүргізіледі және арнайы қоспалауыштарды қолдану арқылы барынша механикаландырылады. Улы қармақжемдерді дайындау және өлшеп-орау сорғыш астында және нақты дератизациялау құралдарына арналған тиісті нұсқаулықтарда көрсетілген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі. Қармақжем дайындайтын жұмыс үй-жайларында родентицид әсер ететін затының болуына ауадан мерзімді сынама алу жүргізіледі.
140. Қаптамаланбаған тамақ өнімдері бар үй-жайларда сусымалы улы қармақжемдерді қолдануға тыйым салынады.
141. Адамдар қоныстнған үй-жайларда дератизациялау аяқталғаннан кейін уы бар қармақжемнің барлық қалдықтары кәдеге жарату мақсатында жиналады. Балалардың және үй жануарларының қолы жетпейтін орындарда қармақжем қорғалатын объектіге кеміргіштердің қоныстануын болдырмау үшін қалдырылады.
142. Дератизациялау тиімділігіне:
1) кеміргіштер қоныстанған барлық үй-жайларды жаппай өңдеу жүргізу үшін объектіде санитариялық күнді өткізу;
2) қармақжемді қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қармақжемді қою технологиясын сақтау;
3) қойма үй-жайларында дератизациялауды жүргізетін адамдар үшін қабырғалар бойымен ені кемінде 70 см өтетін құрылғылар арқылы қабырғаларға, бұрыштарға және техникалық жүйелерге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету;
4) әртүрлі материалдарды сақтайтын барлық орындарда еденнен кем дегеннде 15 см биіктікте тұратын стеллаждармен жабдықтау;
5) азық-түлікті және су қорын оларға кеміргіштердің кіру мүмкіндігін барынша қиындататын жағдайда сақтау;
6) профилактикалық өңдеу жүргізу үшін оларды түсіргенге дейін дератизациялауды жүргізетін адамдардың барлық үй-жайларға қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) ғимараттар мен үй-жайларға кеміргіштерді кіргізбеу қағидаларын сақтау;
8) барлық үй-жайлар мен оларға іргелес аумақты тұрақты жинау және белгіленген мерзімде қоқысты шығару арқылы қол жеткізіледі.
143. Жаппай дератизация жүргізу кезінде елді мекен немесе оның бір бөлігі нөмірленген және схемалық картаға түсірілген учаскелерге бөлінеді. Учаскенің өлшемдері жұмыс көлеміне байланысты анықталады. Әрбір учаске нақты дератизаторға бекітіледі.
144. Кеміргіштермен байланысты инфекциялық ауру пайда болған кезде дератизациялық іс-шаралар шұғыл профилактика типі бойынша жүргізіледі: улы тағамдық қармақжемнің құрамында жіті әсер ететін ратицидтер қолданылады. Қармақжем негізі ретінде аттрактанттар (өсімдік майы, қант) бар дақылдың (бидай немесе жүгері) қоспасы қолданылады. Дақылдың 100 салмақтық бөлігіне аттрактанттардың 3 салмақтық бөлігін қосады.
145. Синантропты кеміргіштерге қарсы күрестің неғұрлым тиімді әдістемесінің негізгі принципі кеміргіштер мекендейтін барлық жерде оларға қарсы күрес құралдарын қолдану және осы әсердің үздіксіздігі болып табылады.
146. Күресудің негізгі құралы ретінде антикоагулянттар бар ұзақ сақталатын қармақжемдерді, ал қатты әсер ететін уы бар қармақжемдерді кеміргіштер санының күздік шегіне жетуі және көктемде көбеюі кезінде жылына екі реттен жиі емес, сондай-ақ эпидкөрсеткіштер бойынша қолданады.
147. Қыспаларды, қақпандарды және тұзақтарды дератизациялаудың қосымша әдісі ретінде жекелеген объектілерде қолдану ұсынылады.
148. Кеміргіштердің індерін және жүретін жолдарын тозаңдатуға арналған препаратты дозалау қоршаған ортаның пестицидтермен қатты ластануын және өңделген үй-жайда үнемі болатын адамдар үшін жүргізілетін жұмыстардың қауіптілігін болдырмау мақсатында, нұсқаулыққа сәйкес рұқсат етілетін дозада есептеледі.
149. Сапалы дератизация жүргізудің маңызды шарты улы қармақжемдерде кеміргіштерді қызықтыратын әртүрлі өнімдерді: ұн, дақыл, жарма, қант, өсімдік майы, сирек жағдайда нан, көкөніс, ет пен балық қалдықтарын пайдалану болып табылады.
150. Дератизациялау сапасының көрсеткіші осы Санитариялық қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес жүргізілетін кеміргіштердің санын есепке алу болып табылады.
151. Елді мекендегі дератизациялау кеміргіштердің кемінде 80%-ы қырылған кезде тиімді деп танылады.