ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.12.2023
Просмотров: 839
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Жәңгір хан 1845 жылы өлді. Өкіметтік топтар ішкі Ордада хандықты жоюды ұйғарды, хан билігі орыс шенеунігі басқарған Уақытша кеңестің қолына көшті.
Патша үкіметінің жергілікті феодалдар мен шонжарларға сүйене отырып, барынша күш сала жүргізген саясаты отарлық езгінін күшеюіне, қазақ бұқарасының наразылығына әкелді.
Наразылық жер дауынан басталды. Кедей шаруаларға құнарсыз жерлер тиді. 1831 жылы Ресеймен шектес жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылып, әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Бара-бара одан да сорақы жағдай калыптасты. Жайық бойын иемденген Орал қазақ-орыс әскерлері қазақтарға Жайық өзенінен өтуге немесе оның жағасына көшіп-қонуға тиым салды.
Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы наразылығын күшейтті. Олардың арасында толқулар басталып, аяғында келіп 1836-1838 жылдары Ішкі Орданы және бүкіл Кіші жүзді қамтыған халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ шаруалары. Сонымен қатар оған старшын, билердің де бірқатар өкілдері қатысты. Алайда, кетеріліс тегеуріні әлсірей бастағанда, үстем тап өкілдері Жәңгір мен патша жазалаушы шоғырларының жағына шығып, сатқындық жасады, көтерілістің жеңілісін тездетті.
Көтерілістің басында Беріш руынан шыққан белгілі батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы тұрды. Исатай 1791 жылы туған. Исатай Таймановтың ең жақын серігі - ақын Махамбет Өтемісұлы (1803-1846 жж.).
1812 жылы Бөкей хан Исатайды Жайық бойындағы руларға старшын етіп тағайындайды. 1814 жыддың аяғында оны Орынбор Шекара комиссиясы бекітіп, уақытша жарлықпен оған мөр тапсырады. 1823 жылы Исатайды сұлтан Шығай Нұралиев қамауға алады, оған кісі өлтірді деген айып тағады. Атырау бекінісінен келген Дон қазақтарының конвойы Орынборға әкетеді. Жол бойында Исатай конвойдан қашып шығып елге оралады. Бірақ, осыдан кейін де Жәңгір ханның Исатайдың соңына түсуі тоқтамады. Өйткені Исатай батыр халықтың мүддесін қорғап, қарапайым шаруалардың жерсіздігі мен байлардың озбырлығына душар болуына байланысты әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресті одан әрі жалғастырды.
Бұл күрестің күшеюіне, әсіресе, 1833жылы Жәнгірхан өз қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңірінде көшіп жүрген қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы себепші болды. Сөйтіп, қозғалыстың басты мақсаты -хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын біршама жақсарту, патша өкіметінің отарлау саясатын тоқтату еді.
Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі өзінің дамуында басты үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең -1833-1836 жылдарға келеді және қарулы көтеріліске әзірлік кезеңі ретінде сипатталды. Екінші кезең — көтерілісшілердің ханға қарсы /1837 жылдық бас кезі/ аттануынан бастап, олардың жеңіліске ұшырауына дейінгі - 1837 жылғы қараша айының орта шеңіне дейінгі кезеңі. Үшінші кезең — Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына етуінен /1837 жылғы желтоқсан/ жаңа ұрысқа күш жинаудан Ақбұлақ-Қиыл өзені маңындағы ұрыста біржола жеңілуге дейінгі /1838 жылғы шілде айының орта кезі/ уақытты қамтиды.
Көтерілістің жеңілуіне өздерінің ұсақ мүдделерін көздеп қатысқан старшындар мен билердің сатқындығы да әсер етті. 1838 жылы шілде айының12-сі күні Исатайдың жасақтары мен полковник Геке бастаған қарулы күштер Ақбұлақ деген жерде ақырғы шайқаста кездесті. Зеңбір-ектерден жауған снарядтар көтерілісшілер қатарын бірден сиретіп, үрей туғызды. Осы кезде көтерілісшілердің тыл жағынан қазақ-орыс жүздіктері қимыл жасап, оларды қоршауға ала бастады. Өзінен басым күшке төтеп бере алмаған көтерілісшілер бытырай қашты. Ауыр жараланған Исатайды қылышпен шауып, аяғында атып өлтірді. Сөйтіп, батырдың қолы жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілер қатарынан 70-80 адам қаза тапты, бірнеше адам Геке әскерінің колына тұтқынға түсті. Исатайдың ажалына қазақ-орыстың оғы да, қазақтардың сатқындығы да себеп болды. Бірақ оның ерлігі ел жүрегінде мәңгі сақталып қалды.
Сонымен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Исатай мен Махамбет басқарған көтерілістің біртекті еместігі, стихиялылығы, нақты бағдарламасынын жоқтығы, ұйымшылдығының жеткіліксіздігі оның жеңіліске ұшырауының негізгі себептері еді.
4.XIX ғасырдың 30-шы жылдарында патша өкіметі Қазақстанда отарлау саясатын онан әрі өрістетіп, қазақ халқының саяси дербестігін біржола жоюға бағытталған шараларды кеңінен жүргізе бастады. Ресейдің қазак жеріндегі әкімшілігі өзен-көлдерді, құнарлы жерлерді, орман-тоғайды өз қармағына алды, ал оны пайдаланған қазақтарға салық салынатын болды. Әкімшілік басқару жүйесін қайта құру барысында қазақ жерлері округтерге бөлінді.
Ресей отаршылдары Абылай көз жұмғаннан кейін Қазакстанның ең бір шұрайлы жерлеріне бекіністер салуға кірісті. Сөйтіп, Ырғыз, Торғай, Ақмола, Көкшетау, Ортау, Қарқаралы бекіністері бой көтерді. Қазақ жеріне кеулеп еніп келе жатқан патша өкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан Абылай ханның баласы Қасым болды.
Кенесары көтерілісінің басты мақсаты - патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай-ақ Кенесарының тағы бір көздеген мақсаты қоқандықтардың тепкісіндегі Оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосу еді.
Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші - бұқара халық болды. 1838 жылы Кенесары туының астына мыңдаған сарбаз жиналған еді. Кенесары жасақтарында қазақтармен бірге қарақалпақтар, түрікмен, қырғыз, өзбек, өкілдері де аз болған жоқ.
1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жургізді. Олармен шайқаста Ақмола қаласын қиратып, Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай-шонжарларға қарсы күресті күшейтті.
Кенесары әкесінің бір жыл қайтыс болуына берген аста жиналған үш жүзден жамағат Кенесарыны ақ киізге салып, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады.
Кенесары хан болып сайланғаннан кейін ел билеу тәртібі өзгеріп, алым-салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Керуеншілерді тоқтатып, олардан салық алынатын болды.
Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Бірақ Орта жүзге билігін жургізіп отырған Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көзқараста болды.
1841-1842 жылдарда Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Кенесарыға қарсы орыс әскерлерінің жорығы1843ж. 27 маусымда басталды. Тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтандар Жантөрин, Айшуақов, полковник Генс және Бизянов бастаған бес мың әскер жіберілді. Омбы, Петропавл, Қарқаралыдағы әскер куштері де Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. І-ші және 7-ші қырқүйекте Кенесары жасақтары мен патша әскерлерінің арасында күшті шайқастар жүрді. 1844-1845 жылдар қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысы өрлеудің ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. Кенесары мен оның батырлары 1844 жылы 14 тамызда Екатеринск /Атбасар/ бекінісін тікелей шабуылмен басып алды. Бұл оқиға патша әкімшілігін састырды. 1845 жылы қазан-қараша айларында Кенесары жасақтары Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті /қазіргі Қызылорда/ қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға осы жақта жұқпалы індеттін күшеюі бөгет жасады. 1847 жылы сәуірде Кенесары жасақтарымен кырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен қақтығысу Ыстық көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кеклік сеңгірі деген жерінде үш жақтан қоршалған қайырымсыз қатал қамауға түсті. Қенесары қолы өзінен күші он есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай тобы болды. Бірақ аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естілген ол ағасын қимай жау әскеріне өз еркімен келіп берілді. Патша әкімдерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Сөйтіп бәрі бітті.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы жүргізілген ең ұзақ соғыс еді.
5. XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды. Хиуа және Қоқан феодалдары Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы және Ырғыз, Торғай, Емба өзендерінің аңғарларындағы қазақтарды өздеріне қаратуды көздеді. қазақтар тек өз феодалдарына ғана емес, сондай-ақ Хиуа және Қоқан билеушілеріне де зекет және ұшыр төледі. Алым-салық жинау үшін олар әскери күштерді пайдаланды.
Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы /1780-1860 жж./ басқарды. Сырдария қазақтары солтүстік-батыс жақтан өз мекендеріне басып алу қаупін туғызған орыс отарлаушылығына қарсы күреске шыға бастады. Өйткені, 1849 жылы Райым бекінісіне Орынбор қазақ-орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Олар бірте-бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырды. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың - патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.
Бұл халық арасындағы наразылықты күшейтіп, аяғында келіп ашық көтеріліске ұшыратты. Орыс отарлаушыларына қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 жылы желтоқсан айында басталды. Көтерілістің басында Жанқожа батыр тұрды. Көтеріліс букіл Қазалы өңірін қамтыды, бұл уақытта Жанқожаның қаруланған жасақтарының саны 1500-ге дейін жетті. Осы шайқастың барысы азғантай топтан құралған көтерілісшілер жасағының жеңілісімен аяқталды.
1856 жылы 19-23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты.
Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал- губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал-майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Оның құрамында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, үш зеңбірек және екі ракеталық /зеңбірек орнататын/ қондырғы кірді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Көтерілісшілерді жеңген Фитингоф әскерлері енді олардың ізіне түсіп, жазалауға кірісті. Жанқожа бастаған көтерілісшілер Сырдарияның оң жағалауына, ондағы Хиуа хандығының жеріне өтуге мәжбүр болды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылдары көшіп кетті.
Жанқожа мұнда Хиуа, Бұкара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенді, бірақ оның бұл саясатынан ештеме шықпады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедов қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқ-талды.
Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді. Көтеріліс Сыр бойы шеңберінен аспады. Соғыс қимылдары барысында ескі мешеу әскери тактика қолдану, ортағасырлық тәртіптерге сүйену көтерілістің жеңілуіне әкелді. Бұдан басқа бай феодалдарының сатқындығы да өз әсерін тигізді.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы баскарған 3856-1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өйткені ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық-азаттық қозғалыс еді.
Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бас көтерулердің бірі - Есет Көтібарұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі. Бұл көтеріліс 1853-1858 жалдар арасын қамтыды. Көтерілістің шығуының басты себебі -Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Күші Борсықты, Сам құмын, Сағыз және Жем өзендерінің бойын мекендеген Шекті руы қазақтарына түтін салығының салынуы жөне жылдан-жылға патша үкіметінің қысымының күшеюімен байланысты еді.
1855 жылдың жазында көтерілісті басу үшін Орынбордағы патша әкімшілігі сұлтан Арыстан Жантөрин басқарған қазақ жасақтарын жіберді. Оған сұлтан Таукин, ал Орал бекінісінен майор Михайлов қазақ-орыс әскерлерімен аттанды. Көтерілісшілер мен патша әскерлері арасында қырғын шайқастар жүрді. Сол жылдың 8 шілде күні Есеттің жасақтары күтпеген жерден А. Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, сұлтанды және оншақты би-старшындарды өлтірді. 1858 жылы қырқүйекте Бородин басқарған патша әскерлері Есет батыр бастаған көтерілісшілерді Сам құмында біржолата талқандады. Есет Көтібарұлы патша әкімшілігінің ұсыныстарын қабылдап, келісімге келуге көнді. Ол көтерілістен бас тартып, патша өкіметіне адал қызмет жасауға уәде берді. Кейін бидің қызметін атқарды.
Сөйтіп, патша үкіметінің отарлау саясатына және жергілікті бай-шонжарларға қарсы бағытталған Кіші жүз қазақтарының Есет батыр бастаған тағы бір көтерілісі сәтсіздікпен аяқталды.