Файл: Лекция жинаы Пн азастан тарихы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.12.2023

Просмотров: 853

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Большевиктер билікке келісімен-ақ, ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған, Қазақстандағы бұл қозғалыс пен Алаш партиясына пролетарлық төңкерістің салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл бағыт оның ішкі және сыртқы саясатында /халықаралық коммунистік қозғалыстағы да/ ашық көрініп, әсіресе, Сталиннің жеке билігі орнағаннан кейінгі кезеңде жетекші бағытқа айналды. Соның салдарынан бұрыңғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді-кесілді тежеу салынды.

1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдык топтардың таптық мүддесін қорғайтын, төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.

Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы — ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі — Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.

Тақырыбы: XVIII ғасыр және XX ғасырдың басына дейінгі Қазақстан мәдениеті.


1. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті


2. XIX ғ. екінші жартысы - XX ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды.

Рухани мәдениеті:Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жәңгір хан шежіресі” (1835),  Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б.

  Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен.

XІX ғасырда қазақ әдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен

Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады.

Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы  және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді.



Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық әдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масқұт”, “Әзімнің әңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды.

Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады.

А.Құнанбаев пен Ш.Уәлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдениетіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, әскерилер,  дәрігерлер даярлады.

Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды.

XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-әңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі бола тұрса да,  олардың  шығармаларында  әлеуметтік  қайшылықтар  бейнеленді. Біржан Қожақұлы, Мұхит Мералиев, Ақансері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Құлтума Сармұратұлы сияқты және тағы басқа көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында  қазақ ән мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді.


Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың  ықпалының  маңыздылығы  да  аз  болған  жоқ.

Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке)  бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда  малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.

Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба  сияқты  ыдыстар  қойылып,  ол  шимен  қоршалған.

Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды.

Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі  үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер,  іші  құлыпталатын  әр түрлі сандықтар пайда болды.


XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейдің құрамына қосылған ұлт аудандары да, соның ішінде Қазақстанның жағрафиясын, тарихын, экономикасын, этнографиясын, минерал қорларын зерттеу үшін ғалымдар мен саяхатшылар қаптап жіберілді. Көрнекті орыс ғалымдары П. П. Семенов-Тяньшаньский /1827-1914/, Н. А. Северцев /1827-1885/, И. В. Мушкетов /1850-1902/, В. В. Радлов /1837-1918/ және басқалардың есімдері Қазақстанмен тығыз байланысты. Олар өздерінің зерттеулерімен отандық ғылымның өркендеуіне үлкен үлес косты.

Орыс ғалымдары қазақ халқының тарихын, тұрмысын, мәдениеті мен тілін зерттеуде көп жұмыс істеді. Олардың ішінде зерттеушілер В. В. Радловтың, А. И. Левшиннің, В. В. Вельямин-Зерновтың, А. И, Добромысловтың, украин ақыны Т, Г. Шевченконың т, б. есімдерін атап өтуге болады.

Қазақстан жерінде алғаш құрылған ірі ғылыми жағрафиялық қоғам 1868 жылы Орынборда ұйымдасқан еді. Оның қызметіне орыс саяхатшысы және Қазақстан мен Орта Азияны зерттеуші Г. Н. Потанин белсене қатысты, ол Ш. Ш. Уәлихановтың замандасы және досы болған.

Еліміздің, мәдениеті мен қоғамдық ой-пікірінің тарихында қазақтың түңғыш ғалымы, аса көрнекті демократ-зерттеуші Ш. Щ. Уәлиханов /1835-1865/ құрметті орын алады. Оның қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби қызметі қазақ даласында прогресшіл идеялардың тарауына үлкен жол ашты. Шоқан 1858-1859 жылдарда Шығыс Туркістанда болып, ондағы халықтардың тарихы мен этнографиясына, сондай-ақ осы сапарда қырғыз елінің тарихына байланысты бай материал жинап, соның негізінде көптеген еңбектер жазды. Оның қазақ халқының тарихына байланысты жазғандары шығыстану ғылымына зор үлес болып қосылды. Ол орыстың атақты жазушы-философы Ф. Достоевскиймен өте жақын дос болды. Оның ағартушы-демократ ретіндегі көзқарасының қалыптасуына орыстың прогресшіл революционер-демократтары Н. Г. Чернышевский. Н. А. Добролюбов ықпал жасады. Шоқан Ресейдің ғылыми-жағрафиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды.

Қазақстанда XIX ғасырдың 60-шы жылдарында халықтық мектептердің ашылуы аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, жаңашыл-педагог, этнограф ғалым, қазақтың жазба әдебиетінін және тілінің негізін салушылардың бірі - Ыбырай Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Ыбырай орыс графикасына негіздеп қазақ әліп-биін жасады. Осы әліп-би бойынша жүргізілген сабақтар ол ұйымдастырған қол-өнер және ауыл шаруашылығы училищелерінде қазақ балаларының дүниеге көзін ашты. Ол қазақ қыздарын өнер-білімге кеңінен тартты. Осы мақсатта ашылған қыздар мектеп-интернаты 1888 жылы Ырғызда, 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қазалыда, 1895 жылы Қарабұтақта, 1896 жылы Ақтөбеде жұмыс істей бастады. Оны бітірген қыздар кейін қазақ даласында білім ұрығын септі. Ыбырай Орынбордағы ғылыми-жағрафиялық қоғамның тілші мүшесі болып сайланды.