Файл: Лекция жинаы Пн азастан тарихы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.12.2023

Просмотров: 854

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Ыбыраймен тұстас Батыс Қазақстанда өмір сүрген көрнекті қаламгер, этнограф тарихшы Мұхамбет Салық Бабажанов /1832-1872 жж./ өзінің шығармашылығымен кеңінен мәлім. Орынбордағы кадет корпусын үздік бітірген ол қазақтардың мәдениет, білімге деген ықыласын қолдап, қазақтың тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, Орал қазақ-орыстарының зорлық-зомбылығына байланысты Петербургте, Мәскеуде, Астраханьда шығатын газеттер мен журналдарда көптеген мақалалар жариялады. Ол орыстың ғылыми-жағрафиялық қоғамының мүшесі болды.

XIX ғасырдын екінші жартысында өмір сүріп өздерінің халықтың мұң-мұқтаждарымен үндесіп жатқан тамаша шығармаларымен танымал болған Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, олардан кейін іле-шала шыққан Бақтыбай, Марабай, Өспе, Кемпірбай қазақ мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырды. Қазақтың көрнекті ақындары Орынбай, Шөже, Біржан, Жамбыл, Майкөт, Әсет, т.б. өлең-жырлары өздерінің терең мазмұнымен жұртшылықты тәнті етті. Айтысқа түсіп жүлде алып, өлендері жұрттың есінде, аузында жүрген қазақтан шыққан қыз-келіншектер де аз болған жоқ. Сара, Айсүлу, Манат, Балқия, Рысжан, т.б. солардың қатарына жатады.

Қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосқан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Ықылас, атақты әншілер Мұхит, Әсет, Біржан сал, Жаяу Мұсаның есімдері бүкіл қазақ даласына жайылды. Олардан қалған мол мұра -бүгінгі таңда да қазақ халқының игілігіне айналып отыр.

Қазактың жазба әдебиетінің негізін салушы - Абай Құнанбаев. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ол өлендер, дастандар, қара сөзбен жазылған ғақлиялардың мол мұрасын қалдырды. Ол өз шығармаларында адамгершілікке, рухани тазалыққа үндеді. Оларға жат қулық-сұмдықты, залымдықты шенеді. Ол туралы қазақтың аса көрнекті ойшыл жазушысы Мұхтар Әуезов былай деп жазды: "Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойларың тамаша шығармалары мен жырларының бетіне маржандай төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жақын леп сезіледі, ол леп кешегі өткен заманның, кешеғі тәркі дүниенің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің үнімізге қосылып жаңғырып жаңа өріс алып тұр".

Абайдың ақын шәкірттері өз балалары - Ақылбай, Мағауия, туысы Көкбай, інісі Шәкәрім қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын көптеген шығармалар қалдырды. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының /1858-1931/ жазғандары көп болды. Ол соңғы уақытқа дейін халық жауы ретінде аталып, есімі жұртқа белгісіз болып келді.


Шәкәрім жазған "Қазақ шежіресін", "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Дума", "Дубровский әңгімесі" /Пушкиннен/ деген поэмаларын, Хафиз ақын өлеңдерінің, американ жазушысы Бичер-Стоу Гарриеттің "Том ағайдың лашығы" деген романының, Лев Толстойдың шығармаларының қазақ тіліндегі аудармаларын атауға болады. Қазақтың ірі ойшыл шежірешісі, ақыны Мәшүр Жүсіп Көбеев те /1858-1931/осы Шәкәрім тұстас өмір сүріп, халық сүйіп оқитын шығармалар жазды.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының саяси-мәдени өмірінде жарық жұлдыздай көзге түскен, әміршіл-әкімшіл заманның құрбаны болып аттары ұзақ уақыт бойы аталмай келген Ахмет Байтұрсынов /1873-1938/, Мағжан Жұмабаев /1893-1938/, Жүсіпбек Аймауытов /1889-1931/, Міржақып Дулатов /1885-1935/ сияқты алыптардың мұраларымен қазақ халқы кейінгі кезде ғана танысуға мүмкіндік алды. Олардың еңбектері мен олар туралы деректер қазір көп жариялануда. Солардың арасында 1992 жылы "Жалын" баспасы шығарған "Бес арыс" жинағын атауға болады.

Ахмет Байтұрсынов қазақ елінің тәуелсіздігі, қазақ халқының бақыты үшін үлкен соқпақты жолдан өтіп, қазақтың тіл білімін дамытуға зор үлес қосты. Оның аудармасында Крыловтың "Қырық мысалы" қазақ тілінде шықты. "Маса" деген атпен өлендер жинағы жарық көрді. Саясатқа, мәдениетке байланысты орасан көп шығармалар жазды. Ол "Алаш" партиясын ұйымдастырушылардың бірі. Ол өнерлі адам болған, шығарған әндері де сақталған. Оның еңбектерінің дені тілге байланысты, сондықтан да Қазақтың ұлттық академиясының Тіл институтына Ахмет Байтұрсынов есімі берілген.

Қазақтың Пушкині аталған Мағжан Жұмабаев сыршыл ақын болған. Мұхтар Әуезов оны қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан ақын деп суреттейді. Ол қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі аса биік тұлғалардың бірі. Сондай ірі тұлғалардың қатарына Жүсіпбек Аймауытовты да жатқызуға болады. Ірі драматург, қара сөзбен жазғандары, өлеңдері көп бұл әдебиетшіні де халық қатты қастерлеп сүйіп оқыған.

Міржақып Дулатов тек ақын ғана емес, сонымен бірге үлкен күрескер, саясатшы да болды. Ол "Алаш" партиясын құрып, Алаш Орда өкіметін басқаруға қатысты. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Әдебиеттегі осы сияқты алыптардың өнегесімен, күрестің қызып жатқан күндерінде ұйымдастырылған "Айқап", "Қазақ" сияқты басылымдарда керкем шығармалар, жатық жарияланымдарымен көрінген қазақ зиялылары аз болған жоқ. Мұның өзі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақтың ұлттық мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.



Тақырыбы: Қазақстан 1917 жылғы Қазан төңкерісі және Азамат соғысы (1918-1920 жж.) жылдарында.
1. 1917 ж. Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

2. Қазақстан Азамат соғысы жылдарында
1. 1917 жылы қазан айында Петроградта Уақытша өкімет құлатылып, мемлекет билігінің кеңестердің қолына көшкені тек Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға бүкіл елде, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты.

Төңкеріс бүкіл билікті жұмысышы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әртүрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің жұмысшы, шаруа, солдаттар бұқарасы елді соғыстан шығарып, халықтың бейбіт енбекке оралуына, соғыстан бұрын, соғыс жылдарында жоқшылық пен мұқтаждық зардаптарын шегіп әбден қажыған жағдайын түзеуге енді айқын жол ашылады деп есептеді. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың енбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік - бүкіл халыққа берілсін - деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды.

Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі, мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы табы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады. Кейбір жерлерде автономия жарияланып, олардың Ресей құрамында болатыны-болмайтыны жөніндегі мәселе ашық тұрды. Мәселен, осы тұста құрылған Башқұрт, Туркістан, "Оңтүстік шығыс одағы" деген атпен Сібірде пайда болған автономиялар қазақ зиялыларын ұлттық өз иелігін құруға құлшындырды. Сөйтіп, 1917 жылы желтоқсанда Алашорда үкіметі пайда болды. Оның Батыс Қазақстандағы бөлігін Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Шығыстағы бөлігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б. басқарды.


Сонымен бірге қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресте жүріп жатты. Соның нәтижесінде 1917 жылы қазаннан 1918 жылғы наурызға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында Кеңес өкіметі орнады.

Ресейдің орталық аудандарынан Қазақстанға көмек керсету үшін Ә. Жанкелдин, В. Чекмарев, П. Кобезев және т. б. төтенше комиссарлардың келуі қазақ халқының арасынан Әділбек Майкотов, Бекен Серікбаев, Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Амангелді Иманов, Әбдірахман Әйтиев сияқты көптеген күрескерлерді шығарды. Еңбекші халықтың жаңа өмір жолындағы күресіне басқа ұлт өкілдері К. Шугаев, П. Салов, П. Виноградов, С. Журавлев, Л. Емелев, Я. Ушанов, А. Розыбакиев, В. Зинченко, П. Басов, И. Дубынин, тағы басқа да оңдаған азаматтардң ат салысуы төңкерістің Қазақстанда да жеңуіне жол салды.

Төңкерісті қолдайтын күштер басым болған жерлерде жергілікті кеңестер большевиктер жағына түгелдей шықты. Ал қызыл әскер жасақтары бар аудандарда өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына большевиктердің Кеңесте көпшілік орынға ие болуы арқылы жүзеге асты.

Мұндай жағдай Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарының көптеген аудандарында, Сырдария және Бөкей ордасында орын алды. Бірақ төңкеріс қарсыластарының күштері көбірек шоғырланған Орынбор, Орал, Жетісу облыстарында өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына қарсылық көрсеткендерді талқандау арқылы, осы күресте жанын пида еткен құрбандықтар арқасында ғана тиді.

Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылғы 30 казанда (12 қараша) өз қолына алды. Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан ірі темір жол станциясы болатын.

Сырдария облысында Кеңес өкіметінің орнауы, оның саяси-экономикалық және әкімшілік орталығы Ташкент қаласында 1917 жылы 30 қазанда Кеңес өкіметі құрылғаннан кейін іске асты. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде қан төгіссіз бейбіт жолмен орнады. Петропавлда жұмысшы және шаруа депутаттары Кеңесінің темір жол жұмысшыларымен бірлескен қимылының арқасында 1917 жылы 12 қарашада төңкерістік уақытша комитет құрылды, оның құрамына Ғ. Ыдырысов, Я. Побелянский, К. Сүтішев, П. Рыжов және т. б. кірді. Бұл комитет кейіннен Кеңесті басқаруды өз колына алды. Дегенмен Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен уездерінде қазақ-орыс және офицер-старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан, Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 16-нан 17-не қараған түнде көшті.


1917 жылғы желтоқсан - 1918 жылғы наурыз аралығында Кеңес өкіметі Торғай облысының орталығы жөне Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады. Торғай облысында Кеңес өкіметінің орнауына А. Иманов, К. Қойдасов, В. Чекмарев, В. Зинченко және т. б. күрескерлер елеулі үлес қосты.

Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес, төңкеріс қарсыластары күштерінің басым болуына байланысты, 1918 жылдың көктеміне дейін созылды. Мұнда төңкеріс толкынының екпінді күш алуына 1917 жылдың күзінен бастап майданнан қайтқандармен және елдің басқа аудандарынан келген төңкеріс идеясын қолдаушылардың қосқан үлесі елеулі болды. Олардың арасында Т. Бокин, Т. Әтепов, Ж. Бабаев, А. Розыбакиев сияқты жергілікті халықтың өкілдері бар еді. Верный жұмысшылары қызыл гвардия жасақтарын ұйымдастырды, әскери-төңкеріс коми-тетін құрды. 1918 жылы наурыздың 2-нен 3-не қараған түні Верныйда Әскери-теңкеріс Комитеті басқарған жұмысшылардың Қызыл ұлан жасақтары мен екінші қазақ-орыс полкінің жауынгерлерінен ұйымдасқан күштер қала еңбекшілерінің қолдауына сүйеніп, "әскери өкіметтің" тірегі болған қамалды, қару-жарақ қоймасын, почта-телеграфты, т.б. маңызды мекемелерді басып алды да, Верный қаласында Кеңес өкіметін орнатты.

Кеңес өкіметі наурыз айында Жаркентте, Сергиопльда /Аягөз/, Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады. Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылдың наурыз айына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті.