Файл: 1 Геологиялы блім 1 Кен орын туралы жалпы мліметтер.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 05.12.2023
Просмотров: 165
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Технологиялық көлік цехіндегі ластаушы көздер: слесарьлы алаңдағы қайрау, токарлық станоктар; жуу алаңы; вулканизациялық алаң; бояу алаңы; жабық автотұрақ; пісіру бөлімі; бензині бар сыйымдылықтар; жанар-жағармай құю колонкалары; май құйылған сыйымдылықтар. Ластаушы шығарылымдарға күкірт қышқылының буы, металл тозаңы, көмірсутектер, көміртегі тотығы, азот тотығы, күкірт қос тотығы, ыс, бенз(а)пирен, марганец тотығы, кремний тотығы, пісіру аэрозолі, фторлы сутек, мотор майының булары жатады.
Тұрғын үй-пайдалану алаңында ластаушы көздерге ПТ-160/100 қазандық пештері, қазандықтың өзі жатады. Барлық ластаушы көздер ұйымдастырылған болып табылады. Пайдалану кезінде ауаға көміртегі тотығы, азот тотығы, көмірсутектер бөлінеді.
Атмосфераны ластауды азайтуға арналған шаралар:
Қоршаған ортаны қорғау жұмыстарының жоспарына сәйкес атмосфералық ауаны қорғау бойынша «Қаражанбасмұнай» АҚ бірқатар іс-шараларды жүргізуде. Оларға келесі жұмыстар жатады: МДҚ-да ескі қыздыру пештерін жаңаларымен алмастыру; кен орын объектілерінің аумақтарын көгалдандыру; атмосфералық ауа мониторингі; ілеспе газды жобаға сәйкес залалсыздандыру, ал залалсыздандыру экономикалық жағынан тиімсіз объектілерде газды жағуға рұқсат алу; «Қаражанбасмұнай» АҚ барлық объектілерінде желдету жүйелерін біртіндеп қалпына келтіру; пештердің жану қондырғыларының жағдайын жүйелі түрде бақылау; ТӨҚ-27, ТӨҚ-30, ТӨҚ-31, ТӨҚ-32 қондырғыларында ілеспе газды жинау және залалсыздандыру жүйесінің құрылысы; карьерде және кәсіпшілік ішіндегі жолдарда шаң басу жұмыстары; газ есептеуіштерді алу және орнату; «Қаражанбасмұнай» АҚ барлық объектілерінде шаңтазалағыш жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, ескілерін алмастыру және жөндеу.
5.2 Су ресурстарын қорғау
Кен орын аумағында 6 негізгі гидрогеологиялық бөлім ерекшеленеді: эол түзілімдерінің суөнімді горизонты, новокаспий түзілімдерінің суөнімді горизонты, хвалын түзілімдерінің суөнімді қабаты, палаоцен-эоцен түзілімдерінің сулары, сенон-дат түзілімдерінің сулары, сеноман түзілімдерінің суөнімді кешені. Құм, құмтас және саз су жинауыш тау жыныстары болып табылады. Химиялық құрамы жағынан жер асты сулары әлсіз тұзды су болып табылады және құрамы бойынша ерешеленеді: гидрокарбонатты-сульфатты, сульфатты-хлоридті, хлоридті-натрийлі.
Жалпы минерализация мөлшерін анықтайтын химиялық компоненттерге хлор, натрий және азырақ дәрежеде кальций, магний және гидрокарбонаттар жатады. Жер асты суларында хлордың мөлшері 3,3-3,5 г/л, натрий 1,7-2,2 г/л, кальций 0,1-0,3 г/л, магний 0,1-0,3 г/л, гидрокарбонаттар 0,1-0,3 г/л құрайды. Жер асты суларының қоректенуі атмосфералық жауын-шашын,қабат суының орын ауыстыруы және техникалық құбырлардың жарылу орындарында техникалық сулар есебінен жүреді.
«Қаражанбас» АҚ жер асты және жер үсті су көздерінен жеке сужинағыштары жоқ. Технологиялық және басқа да өндірістік-тұрмыстық қажеттіліктер үшін Астрахань-Маңғышлақ каналының суы қолданылады. Ауыз суы ретінде «Қаламқасмұнайгаз» АҚ-нан құбыр жүйесімен жеткізілетін Қияқты артезиан суы қолданылады. Қаражанбас вахталы поселкесінде ағын суды тазарту құрылымдары жұмыс істейді. Бұл жабдықтар бойынша ағын суларды биологиялық және биохимиялық тазарту қарастырылған. Тазарту активті илдің микроорганизмдері көмегімен жүргізіледі. Одан кейін залалсыздандырылған су теңіз жағасынан 6 км қашықтықта орналасқан фильтрация алаңына лақтырылады. Тазалау құрылымдарын пайдалануды тұрғын үй-пайдалану алаңы экологиялық бөліммен бірлесіп жүргізеді. Лақтырылатын судың сапасын қоршаған ортаны қорғаудың зертханасы бақылайды. Оттегі және қалдық хлорды анықтау үшін сынамалар күнделікті, ал NH4, NO2, NO3, P2O5 анықтау үшін сынамалар аптасына бір рет алынады.
Игеру әсер ететін аймақтарда жер асты суларының ластануын бағалау үшін мониторинг бағдарламасына сәйкес зерттеулер жүргізілді. Жұмыстың негізгі мақсаты жер асты сулары мониторингісінің бақылау желісін дайындау еді. Ұңғылардың бақылау желісі кәсіпшілік объектілер аумақтарында ластанудың және жер асты сулары қозғалысының аудандық сипатын беретіндей етіп орналастырылды. Барлық ұңғылардан толық химиялық анализ жүргізу және мұнай өнімдерін анықтау үшін сынамалар алынды. Зерттеу нәтижелері бойынша суөнімді новокаспий горизонтының гидродинамикалық және гидрохимиялық шарттарына баға берілді. Ең үлкен минералдану-124,62 г/дм
3, су-мұнай эмульсияларының төгілу аудандарында, мазутталған аудандарда, тұрмыстық қалдықтар полигонында байқалған. Суда ШРК-дан асатын мөлшерде мұнай өнімдері және ауыр металдар бар. Мұнай өнімдерінің құрамы 1,2-10,4 мг/дм3 аралығында ауытқиды. Құрамы бойынша ШРК мөлшерінен асатын ауыр металдарға стронций, кадмий, никель, кобальт жатады.
Новокаспий горизонтының су деңгейін талдау судың теңізге қарай қозғалысын анықтады. Бұл Каспий теңізінің жер асты суымен ластану қауіпін көрсетеді. Қазірдің өзінде 9 бен 4 ұңғыларының арасындағы және 2 мен 1 ұңғылар арасындағы аудандарда теңіздің ластануы жүруде. Бұл ұңғыларда анықталған мұнай және ауыр металдар ШРК мөлшерінен 10-30 есе артық, ал теңіздегі мұнай өнімдері 5 есе артық.
Алынған материалдарды талдау нәтижесі жер асты суларында зиянды заттар құрамының артуын көрсетеді. Оның қоршаған ортаға әсері келесідей болуы мүмкін: Каспий теңізі акваториясының токсикологиялық заттармен және мұнай өнімдерімен ластануы, жоғары минералданған судың аймақтың өсімдік әлеміне кері әсері, еріген зиянды заттардың жер асты суларымен айтарлықтай қашықтыққа тасымалдануы.
Жер асты гидросферасы қарқынды шаруашылық игеру кезінде экологиялық жағдайдың көрсеткіші болып табылады. Жер асты суларының режиміндегі және сапалық жағдайындағы өзгерістер табиғи ортаның әртүрлі компоненттерінің өзгеруіне әкеледі. Осы факторларды ескерсе, жер асты суларын рационалды пайдалану және оларды сарқылу мен ластанудан сақтау ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Жер асты суларын қорғау шаралары келесідей болып бөлінеді:
-алдын алу шаралары-жер асты суларының табиғи сапасын сақтауға бағытталған;
-локализациялау шаралары-суөнімді горизонтта пайда болған ластану ошағының ұлғаюына және қозғалуына қарсы бағытталған;
-қалпына келтіру шаралары-суөнімді горизонттан ластауыштарды жою және жерасты суларының сапасын қалпына келтіру үшін жүргізіледі.
Жер асты суларының ластануын жою үшін үлкен қаржы керек және ластанған суларды пайдалану немесе су қоймаларына төгу мүмкіндігінің болмауына байланысты техникалық қиындықтар пайда болады. Сондықтан ластанумен күрестің негізгі бағыты алдын алу шараларының жүйесі болу керек.
Жер асты сулары ластануының алдын алуда жалпы сипатқа ие шаралар маңызды. Олардың қатарына өндірістік және тұрмыстық-шаруашылық ақаба суларды тазарту әдістерін жақсарту, ақаба сусыз технологияларды және канализацияларды құру, ақаба суларды өткізетін коммуникацияларды изоляциялау, кәсіпшіліктегі газ-түтінді шығарылымдарды
тазарту немесе жою, тазарту экономикалық жағынан тиімсіз аса қауіпті ағындарды терең жерлеу жатады. Ластануының алдын алуға жер асты сулары сапасының мониторингі оң ықпалын тигізеді.
5.3 Жер ресурстарын қорғау
Жер қойнауын қорғау
Жер қойнауы пайдалы қазбалардың сарқылуы мен ластанудан қорғалуы тиіс. Меңгеру кезінде табиғи ортаға жер қойнауының тигізетін зиянды әсерінің алдын алу керек.
Жер қойнауының ластануы және рационалды емес пайдалануы жер асты және жер үсті суларының, атмосфераның, топырақтың, өсімдіктердің жағдайы мен сапасына кері әсерін тигізеді. Ең қауіпті ақаба сулардың және басқа да қалдықтардың негізгі көлемі мұнай-газ өндіретін кәсіпорындарға тиесілі.
Мұнай-газ кен орындарын бұрғылау және пайдалану кезінде жер қойнауының экологиялық тепе-теңдігі бұзылуына жағдай туады. Осылай қабатқа ұзақ уақыт су айдау үрдісінен көрінгендей айдау көлемі артқан сайын қабат суының минералдануы және хлоридтердің концентрациясы азаяды, ал сульфаттардың концентрациясы көбейеді. Кеніште биохимиялық үрдістердің дамуы мұнайда, қабат суында, газда күкіртсутек құрамының көбеюіне және қабат өткізгіштігінің төмендеуіне әкеледі.
Геологиялық ортаның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мұнайгаз кен орындарын жобалау, пайдалану,құрылысын жүргізу кезінде жер қойнауын қорғауға бағытталған алдын алу және ұйымдастыру шараларын орындау қажет. Бұл шаралар барлық технологиялық үрдістің маңызды элементі болып табылады. Қазіргі заңнамаға сәйкес жер қойнауына экологиялық зиян тигізбеу үшін келесілер қажет:
-жер қойнауын пайдаланудың барлық кезеңінде ресурстарды рационалды және кешенді пайдалануды қамтамасыз ету;
-пайдалы қазбаларды алудың толықтығын қамтамасыз ету;
-жер қойнауын барлау және өндіру кезіндегі қауіпті техногендік үрдістерден қорғайтын заң талаптарына сәйкес пайдалану;
-мұнай, газ және басқа да заттарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды жерлеу, ақаба суларды лақтыру кезінде жер қойнауының ластануына жол бермеу;
-тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қоймаларда жинау және орналастыру кезінде экологиялық талаптарды орындау;
-лақтырымдарды, ашық фонтандауды, ұңғы оқпанының опырылуын, жуу сұйығының жұтылуын және басқа да күрделі жағдайларды болдырмау мақсатында іс-шаралар кешенін жүргізу;
-жер үсті және жер асты жабдықтарының максималды саңылаусыздығын қамтамасыз ету;
-жобаланған коррозияға қарсы шараларды жүргізу;
-өндірістік ақаба суларды максималды пайдаланатын сумен қамтамасыз етудің тұйық жүйесін енгізу;
-қабат қаңқасын сақтайтын және ұңғылардың уақытынан бұрын сулануына жол бермейтін ұңғылар жұмысының қалыптасқан технологиялық режимін қамтамасыз ету;
-мұнайды жинау, дайындау, тасымалдау және сақтау жүйесінің сенімді, апатсыз жұмысын қамтамасыз ету.
Топырақты қорғау
Қаражанбас кен орны аумағында табиғи топырақ-өсімдік жамылғысы антропогендік әсер нәтижесінде айтарлықтай бүлінген. Оның негізгі себептері:
Құнарлы қабаттың құрылыс жұмыстары салдарынан жойылуы. Бұл өсімдіктердің жойылуының ең қуатты факторы, себебі шөлді аймақта топырақтың құнарлы қабаты өте аз.
Жол дигрессиясы өсімдікті жоятын тағы бір күшті фактор. Құрылыс жұмыстары объектілерге қарай жолдардың көбеюімен бірге жүреді. Жол астындағы топырақ тығыздалады немесе жарылады, топырақ горизонттары деформацияланады. Мұндай алаңдарда ұзақ уақыт өсімдік өспейді және олар сызықтық эрозия ошағы болып табылады.
Топырақты-өсімдікті жамылғының ластануы. Мұнай және газ кен орындарын игеру үрдісінде топырақ мұнай, мұнай өнімдері, түрлі химиялық заттар және жоғары минерализацияланған сумен ластанады. Кен орнында сақталып қалған өсімдік топтары ластаушы заттардың химиялық әсеріне ұшырауда. Мұнай төгілген алаңдарда өсімдіктер толық жойылған. Топырақ жүйелерінің табиғи қалпына келуі баяу жүреді. Бұл үрдісті жылдамдату үшін құнарландыру және жасанды көгалдандыру шараларының кешенін жүргізу керек.
Жер телімдерінің иелері мен пайдаланушылары жерді қорғау және мұнай кәсіпшілік аумақтарын жайландыру бойынша келесідей шараларды жүзеге асыруы тиіс:
-вахталық поселкі, МДҚ, қатты қалдықтарды сақтау полигоны және бұрғылау алаңдарында фитомелиоративті шараларды жүргізу;
-топырақты-өсімдікті жамылғының одан әрі жойылуын тоқтату үшін тек қажетті жолдарды қалдырып, мүмкіндігінше қатты жабынмен жабу керек.
-іске қосылып тұрған және консервацияланған ұңғылар аудандарында құмдарды қатты, полимерлі, битуминозды жабынмен бекіту;
-пайдалану және жөндеу режимінде топырақты-өсімдікті жамылғыны ластауға әкелетін жұмыстардың жүргізілуін қатаң шектеу;
-құнарландырылған жерлерде биоморфологиялық ерекшеліктерін ескеріп біржылдық және көпжылдық өсімдік түрлерін отырғызу;