ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.12.2023
Просмотров: 942
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Демек, осындай шағын мәліметтер мен мінездемелер, деректемелер мен дәйектемелер кейіпкердің сыртқы бейнесін, оның жүріс-тұрыс мәнерін, әдет-қылығын, бүкіл өмірбаянын сахнада егжей-тегжейлі бейнелеп беруге жеткілікті бола ма? Ал, пьесаның тексі мен рольдің сөздерін қайда қоямыз? Автор ремаркасының мағынасына үңілмей, сөздің астарын ашпай, режиссер шешімін анықтамай, қойылым көркі мен мизансцена айшығын
өзінің көркемдік кестесіне түсірмей кете береміз бе? Өйте алмаймыз! Мұндай шалағайлық кейіпкердің мінез- құлқы мен бейнесін, ішкі сезім иірімдерін ашып бере алмайды. Пьесаның аясына сия бермейтін ондай олқылықтарды толықтырып, тереңдету артистің жеке басына жүктелетін міндет. Осындай творчестволық ізденіс биігінен көрінгенде ғана, актер кейіпкерінің жан дүниесінің түкпір-түкпіріне қозғау салып, көрермендерді сілкіндіре алады. Аталмыш процесті тудыратындар—елестету және оның киелі күш «егер де» мен «ұсынылған тосын жағдай» сияқты қосалқы элементтері. Ал, елестету — автор мен режиссер айтып жеткізе алмаған көркемдік материалдарды жеткізіп қана қоймай, спектакль жасаушылардың жұмысын жандандыратын да құрал. Яғни ол — актер творчествосының ізгі идеясын, ішкі сарайын басшылыққа алатын қолбасшы элемент. Сондықтан да елестету процесі сахна өнерінде айрықша роль атқаратын элементтер қатарынан құрметті орын алады. Мәселен, В. Шекспирдің М. Әуезов аударған «Отелло» трагедиясының бірінші пердесінің үшінші суретінен Отеллоның монологын мысалға алайық.
О т е л л о.
Әкесі мені ұнатып, шақырып,
Әрдайым сұрап айтқызып,
Бастан кешкен соғыс
Қыспақ, шабуыл жайын тыңдаушы ед...
Мен балалық күннен бастап ап,
Сол әңгіме айтқан шаққа шейін тізуші ем.
Қатері көп істермен
Құрғақтағы қауіп пен теңізде
Тосқан ажалды да айтушы ем.
Жауыз жаулар тұтқын етіп алғанын
Құл ғып сатып, калай азат болғаным,
Барлығын да айтушы ем.
Жаһан кезген жолымды,
Шөл даланы, тас үңгірді,
Көк тіреген алып құзды айтушы ем.
Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен
Бас дегенді иығынан
Темен біткен антропоакты айтқанымда
Дездемона құштар болып тыңдаушы еді...
Жаһан кезген жолымды,
Әлдеқалай шаруамен шыға қалса,
Тыңдағалы сөздерімді
Ісін жылдам бітіріп
Асығып қайта келуші ед...
(Вильям Шекспир, Таңдамалы, 1-том, «Жазушы» баспасы, Алматы, 1981, 27-28 беттер).
Осы үзіндіде Отеллоныд өткен күндері, азапты ауыр , жолдары жатыр.
Отелло — мавр. Тарихта Мавритания — ірі мемлекет ,болған ел. Демек, Отелло — гүлденген, мәдениетті елдің
перзенті. Оның қанында алғашқы тайпалық қоғамның ыстық іңкәрлігі мен қызу құштарлығы ғана тулап жатқан жоқ, оның асау қанында көне халықтың мәдениеті мен зиялылығы да ойнақ салуда. Өйткені, ол:
Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен
Бас дегенді иығынан
Төмен біткен антропоакты айтқанымда,—
деген сөздерді жиренішпен жек көріп айтады. Ал, егер Отелло тағы тайпалардан шықса, оның аузынан жабайы адамдар туралы мұндай жиіркенішті сөз шықпаса керек еді. Онда оны кипрліктер бүкіл теңіз флотына қолбасы етіп сайламаса керек-ті. Ал, Шекспир шығармасында Отеллоның дана, зиялы, мәдениетті елдің ұланы екені туралы ауыз жарытып ештеңе айтпайды. Ол туралы, оның Отаны туралы да пьесада дерек те, дәйек те жоқ. «Венеция көшесі. Түн. Родриго. Яго шығады» немесе «Брабанцио, Отелло, Яго, Родриго, қызметкерлер кіреді» дейтін шолақ-шолақ ремаркадан басқа қандай дерек бар? Драматург қысып берген осындай қысқа-қысқа жартымсыз мәліметтер, актерге күллі пьесаның тарихи әм мемлекеттік материалдарын жете біліп шығуға мол мүмкіндік бере ала ма? Бар болғаны жүз жарым беттік шығарма романның жүгін арқалайтын актерлерге көркемдік азық болар ма? Солай десек, драматургияның үнемшіл жанрлық заңдылығына сай, драматург көл-көсір деректерді үйіп тастауға сараң келеді. Әсіресе, психологиялық ішкі дүниесі сияқты көп сипаттары айтылмай қалады.
Ал, осындай там-тұмдаған аз ақпар арқылы актер сахнада не жасай алады? Жаттап алған жалаң сөзді сахнада жалаулата бере ме? Олай болмайды. Актердің негізгі құралы — сөз кестесі. Жалаулаған жалаң сөз, астары ашылмаған айшықсыз қара дүрсін мизансцена — актер мұраты емес.
Жаһан кезген жолымды,
Шөл даланы, тас үңгірді,
Көк тіреген алып құзды айтушы ем...
Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен
Бас дегені иығынан
Төмен біткен антропоакты айтқанымда
Дездемона құштар болып тындаушы еді...
дейтін қасіретті шырғалаң шумақтарды актер, елестету мен қиял арқылы толықтырып, тереңдетуі тиіс. Туынды мен монолог автор қиялының жемісі болса, кейіпкер бейнесі актер қиялының жемісі. Актер айтатын монологын алдымен елестету тезіне салып, қиялы арқылы әлдилеп, тербетеді.
Елестету — қиялдың серігі әм жол бастайтын жолбасшысы. Отеллоны ойнайтын актер:
Жаһан кезген жолымды,
Шөл даланы, тас үңгірді,
Көк тіреген алып құзды айтушы ем...
деп Шекспирдің қиялымен қиялдаса, жапан далада «жаһан кезіп», арабтың күн қақтаған «шөл даласын» басып өтіп, Жерорта теңізінің «тас үңгірін», «көк тіреген алып құзын» көргенін көз алдына елестету керек.
К. С. Станиславскийдің айтқанындай, кинолента құбылысы арқылы көз алдына алып келу керек. Жапан даланың аптабын, күн қақтаған шөл Сахараның шыжыған ыстығын, көк тіреген алып кұздың тас үңгірлерін елестетіп тұрып, көкірек көзімен көріп айтқанда ғана монолог өзінің мазмұн-мағынасымен, астар-аңғарымен, бар бояу-болмысымен құлаққа жетеді, Құлаққа жеткен қуатты монолог, көкірекке ұзақ ұялайды. Сонда ғана, актер көрермен қауымның жан дүниесін толғанысқа салып, көркемдік қуанышқа бөлейді. Өзі де от болып лаулап, творчестволық рахатқа кенеледі.
Көрермен мен актерді рухани ләззатқа бөлейтін егіз процестің сахналық ролі осындай. Ендеше, қиял мен елестету — автор мен пьеса айтпай кеткен деректерді байыптап қана қоймай, актер творчествосын жандандыратын да процесс.
Елестету — табиғи қасиет. Емшек сүтімен бойға бітетін құбылыс. Кейбіреулерде мол болса, кейбіреулерде тапшы болады. Алайда, К. С. Станиславский өзі ұсынған жаттығулар бойынша елестету қабілетін мүмкіншілігінше дамытып, жетілдіруге болатынын айтады. Әсіресе, елестету қабілеті әлсіз актерлер үшін тынбай еңбек етіп, жаттығулар жасайтын қажыр керек. Елестету процесінсіз өмірге келген роль — жадағай тігілген киім іспеттес қамзаусыз болады. Немесе қара күзде жапырағынан айрылып, жалаңаш қалған сұрықсыз ағашты көз алдымызға елестетіп көрейікші. Жасыл желегінен жұрдай болып, сидиып-сидиып тұрған жалғыз ағаш — үстінде лыпасы жоқ жалаңаш адам сияқты емес пе?
Қиялдың қызыл күні түсіп, елестетудің нұр шапағы шашырамаған роль де сондай. Ойсыз, астарсыз, мағынасыз, сенімсіз болады. Актер ойын-өрнегінде кездесетін жүдеулік пен жадаулықтан — елестету процесінің құдіреті арқылы ғана құтылуға жол бар.
К. С. Станиславский: «Не елестету процесін жетілдіру керек, не болмаса сахнадан біржолата кету керек. Өйткені, сіз өзіңіздің тапшы елестету процесіңізді өзінің бай процесімен айырбастай салатын режиссерға тап боласыз. Бұл — өз творчествоңыздан бас тартып, сахнада дойбының тасына айналу деген сөз. Одан да өзіңнің елестету қасиетіңді жетілдіргенің жөн емес пе?» (там же, стр. 73) деп актер творчествосында елестетудің ролі айрықша зор екенін айтады.
Сондай-ақ сахна сардары: елестетудің ынталы (инициативное воображение) және ынтасыз (без инициативное воображение) түрлері өмір сүреді дейді. Ол: «өз бетінше дербес іс қылатын ынталы елестету болады. Ол ешқандай қысымсыз-ақ дамып, өң мен түсте бірдей қажымастан табандылықпен іс атқарады. Сондай-ақ айтқаныңды оп-оңай қағып алып, сол айтқаныңды өз бетінше ары қарай дамытып алып кете алатын ынтасыз елестету түрі де бар. Елестетудің аталмыш түрімен істес болу, салыстырмалы мағынада айтқанда, бірсыдырғы оңай деуге келеді. Ал, егер елестетуді ұғынып тұрып, айтқанды ары қарай дамыта алмаса, онда іс істеу қиынға соғады. Тіпті іс істеп, ұғынбақ түгілі бергеніңді ала алмайтындар да болады. Ал, егер актер көрсеткеніңді, тек сырттай немқұрайды ғана қабылдап қойса,— ол елестетуден жұрдай деген сөз, онсыз артист бола алмайсың» (там же, с. 73) деп елестету процесін алдыңғы планға кояды. Сондай-ақ, К. С. Станиславский, әйтеуір, әрекет ету керек деген мақсатпен елестету процесін зорлауға болмайтынын айтады. «Әрекет — әрекет үшін, арман — арман үшін» деп жалаң іс істеуге болмайды,— дейді ол. Сахналық әрекет — белсенділік сипаты. Демек, елестету белсенділігі сахна мен санаткер үшін зор маңыз атқарарады. Ол — алдымен актердің ішкі әрекетін тудырып, соңынан сыртқы әрекетін өркендетуге итермелейтін процесс. Олай болса, актерге елестетудің белсендісіз (пассивное) түрі емес, белсенді (активное) түрі қажет. Сондай-ақ, елестетудің ынтасыз түрі емес, ынталы түрі бағалы.
Жалпы, елестету процесінің қайнары мен негізі — армандау құбылысымен тығыз байланысты. Ал, асыл
арман — сарғайған сағыныштан туа ма деймін. Қатты сағынған адам, өзінің сағынған адамының бейнесін іздеп, ойша шарқ ұрар болар. Жоқ адамның бейнесі елестеу арқылы пайда болса керек. Демек, адам баласы сағыну арқылы арманға батса, арман елестетуді өмірге әкелмек. Яғни сағыну, армандау арқылы адам жоқ бейнені көзіне елестете алады.
Аталмыш құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыста болатынын, адамның психологиялық сипаты: сағыну, армандау, елестету, қиялдау, ой ойлау, тебірену қасиеттерін бүге-шігесіне дейін сарыла зерттеген К. С. Станиславский мүлтіксіз білген. Білгендігінен болар, ол: «Армандаудың тосын түріне өтер алдында, бір жағдайды айта кеткім келеді, ол жағдай, табиғат өмір шындығына қарағанда, елестетуге мол мүмкіндік дарытқан. ІІІынтуайтын айтсақ, елестету өмірде қолдан келмейтін нәрселерді суреттеп бере алады. Мәселен, біз арман арқылы басқа әлемге барып, ертегі аруларын құша аламыз; адам көрмеген құбыжықтармен соғыс ашып, оларды жермен-жексен етеміз, теңіз түбіне шөгіп, су патшасын әйелдікке аламыз. Ал, осылардың бәрін шын өмірде істеп көр. Аталмыш арманға лайық дайын материал табыла қояр ма екен. Ал, ілім, әдебиет, кескіндеме, әңгімелер біздің өмірде болмайтын ойша саяхатымызға тек қана емеурін, түрткі, аттаныс туғыза алады. Сондықтан мұндай армандау кезінде негізгі творчестволық іс біздің қиялымызға жүктеледі. Мұндайда ертегіні шындыққа жанастыратын құрал қажет-ақ. Аталмыш істе, мен айтқандай, қисын мен сабақтастық басты орынға ие болмақ. Болмағанды болдыруға жәрдемдесетін солар. Сол себепті ертегі мен қиял-ғажайыпты тудыру үшін қисын мен сабақтастықты сақтаңдар» (там же, с. 81) деп армандау мен елестету, ой ойлау мен қиялдау — қисын мен сабақтастыққа табан тірегенде ғана творчество тудыра алатынын айтады.
Біз жоғарыда сағыныш — арманды, арман — қиялды, қиял-елестетуді өмірге әкеледі дедік. Алайда аталмыш процестер шоғырын тудыратын негізгі қайнар-көкірек к ө з і (внутреннее зрение) деп аталады.
«Егер өз сезіміміз арқылы өлшеп-пішсек, армандау, қиялдау, елестету деген, ойлаған нәрсеңді көкірек көзіңмен қарау, көру деген сөз» (там же, с. 83) деп жазады К. С. Станиславский. Демек, рольдің пішілуі көру образы (зрительный образ) арқылы өрнектелмек. Яғни таныс адамыңның бет-бейнесін көкірек көзіңмен көруің мұң екен, оның күллі тұлғасы көз алдыңа жайнап шыға келеді. Тұлғасы ғана емес-ау, оның көңіл күйі, іс-әрекеті елес беріп, сезінуге, ой ойлауға мәжбүр етеді. Нәтижесінде ойдан — сезім мен өмір сүру процесі пайда болып, артынша ішкі зауық әрекет етуге құлшыныс білдіреді. Осындай әрекет сәтінде К. С. Станиславский көкірек көзі тудырған оқиға желісінің үздіксіз өріс алып, үзілмеуін қалайды. Ол үшін қисын мен сабақтастыққа ірге тепкен «ұсынылған тосын жағдай» желісі қажет. Сахнаға аяқ салған актер, ұсынылған тосын жағдайдың кіндігінен тамыр тартқан оқиға арқауының ішкі, тысқы даму процесінен көз жазбай, тізгінін тең ұстап отырғаны абзал. Осындай көкірек көзі арқылы үзілмей өрістейтін оқиға желісін К. С. Станиславский кинолента көрінісі деп атаған.
«Бізге, біріншіден, кіндік ортасында этюд тіршілігі өтетін «ұсынылған тосын жағдайдың» үзілмейтін желісі қажет болса, екіншіден, тағы да қайталап айтам, аталмыш ұсынылған тосын жағдаймен байланысты көкірек көзінің үзілмейтін тізбегі де қажет. Қысқартып айтқанда, бізге ұсынылған тосын жағдайдың жәй түрі емес, иллюстрациялық түрі қажет. Сондықтан мықтап тұрып естеріңе тұтып алыңдар: сахнаға аяқ салған кез келген сәтте, пьеса мен көріністің ішкі немесе сыртқы өріс алуы сәтінде, артист сахнада өзінен тыс (режиссер, суретші немесе спектакль тудырушылар сомдаған сыртқы ұсынылған тосын жағдай) немесе іштей артистің елестету санасында өтіп жатқан роль тіршілігінің ұсынылған тосын жағдайын иллюстрациялайтын көрініс сәтін көруі керек. Осы айтылған сәттерден біздің ішкі, сыртқы көрінісіміздің үзілмейтін шексіз тізбегі, кинолентасы пайда болады.
Аталмыш көкірек көзі өзіне лайық ішкі көңіл күйді тудырады. Сөйтіп, жан дүниемізге әсер ету арқылы белгілі бір тебіреніс әкеледі.
Көкірек көзі кинолентасы арқылы перманентті (үздіксіз) түрде көру, бір жағынан, бізді пьеса тіршілігінің аясынан шығармай ұстап тұрса, екінші жағынан, творчествомызға ұдайы дұрыс бағыт сілтеуге көмектеседі» (там же, с. 84) деп көкірек көзінін, яғни кинолента көрінісінің елестету процесіндегі ерекше ролін баса көрсетеді К. С. Станиславский.
К. С. Станиславский көкірек көзінің (внутреннее зрение) іштей және сырттай іс атқаратын сипаттары болатынын айтады. Мәселен, біз өмірде жоқ нәрсені елестету арқылы көре алатын қабілет иесіміз. Мұндай жағдайда «еске түсіру» (по воспоминанию) әдісі бойынша іс істеу керек,— дейді ұлы реформатор. Тексеріп көрейік. Актер сахна алаңында тұр дейік. Ол декорация қоршауында тұр. Сахналық жиһаз ретінде материалдық бар дүние болып қала береді. Алайда, ол актерден тысқары өмір сүреді. Сахнада тұрған санаткер оны көріп, сезінеді. К. С. Станиславскийдің тілімен айтқанда актер, «көзінің қармау сезімдерін» (шупальцы своих глаз) түсіру арқылы материалдық бар дүниені тексеріп шығып, жадында сақтайды. Енді көзін жұмып, ойша «еске түсіру» арқылы көруге тырысады. Ол үшін актер «көзінің қармау сезімдерін» қайыра «жинап» алып, іштей өмірде болатын бар затқа бағыттау керек. Ондай нәрсе К. С. Станиславскийдің айтуы бойынша, «көкірек көзіміздің экраны» (экран нашего внутренного зрения) деп аталады.
Ал, енді аталмыш «көкірек көзіміздің экраны» қайда болады? Оның тұрақты мекені бар ма? Оны іштей сезінеміз бе, жоқ, әлде сырттай сезінеміз бе? Әлде кеңістік әлемінде көшіп жүретін нәрсе ме?