Файл: Сахна жне актер алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.12.2023

Просмотров: 941

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


К. С. Станиславский: «Менің көңіл қазымның түйсінуі бойынша, ол менен тыс, көз алдымдағы бос кеңістікті мекендейді. Ал, кинолента менің ішімде өтеді де, оның шағылысын сырттай көрем»— дейді де, мынандай анықтама береді: «Көкірек көзіміздің образы алдымен ішімізде, жадымызда, елестету санамызда пайда болады да, сонан соң ойша сыртқа, яғни көру кеңістігіне көшіріледі. Алайда біз, аталмыш елестету нысанасына (воображаемый объект) сыртқы көзбен емес, іштей, былайша айтқанда, көкірек көзбен қараймыз.

Есту де солай: біз дыбыс сарынын құлақтың өзімен емес, көкірек құлағы арқылы іштей естиміз, ал аталмыш дыбыстың үндік төркінін көпшілік жағдайда іштей емес, сырттай сезінеміз.

Сөздің өңін аударып, қайталап айтар болсам, образ бен елестету нысанасы бізден тыс бейнеленгенмен олар алдымен елестету санамыз бен жадымызда пайда болады» (там же, с. 85) деп образдың сомдалуы іштей пайда болып, кинолента арқылы көз алдымыздағы кеңістікті мекен еткен «көкірек көзінің экранына» түсетінін анықтайды.

Мысал үшін М. Әуезовтың аудармасы бойынша Б. Шекспирдің «Отелло» трагедиясының 1-актісінің 3- көрінісінен үзіндіні еске түсірейік.

Сол қысқа үзіндіде Отеллоның өткен күндері, азапты жолдары жатыр. «Жауыз жаулардың тұтқын етіп алғаны», «құл ғып сатқаны», содан соң «азат болғаны» Отеллоның есінде. Өткенін еске алғанда сол азапты күндерін Отелло қалай көреді? Ол көру образын іштей сезе ме? Әрине, сырттай сезеді. Себебі, оқиғалар көші алыстап, Отеллодан тыс өмір сүруде. Ал, Отелло ролінде ойнайтын актер, сахна алаңынан:
Көк тіреген алып құзды айтушы ем.

Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен

Бас дегені иығынан

Төмен біткен антропофакты айтқанымда

Дездемона құштар болып тыңдаушы еді,—
Дездемона құштар болып тындаушы еді,— деген жолдардың көру образын іштей сезуге тиіс. Отелло-актер: «Бір-бірінің етін жейтін каннибал мен» «бас дегені иығынан төмен біткен антропофакты» алдымен іштей елестету процесі арқылы тудырады да, кинолентаның көмегімен көз алдымыздағы кеңістікті мекендейтін «көкірек көзінің экранына» көшіріп, әлгі құбыжықтармен ойша қарым-қатынас жасап тұрып, монологын айтады. Яғни өтіп кеткен оқиғаны «еске түсіру» (по воспоминанию) процесі іштей кинолента арқылы өтеді де, оның шағылыс (отражение) сипаты бейнеге айналып, «экранға» түседі. Сол бейнені актер іштей көреді. Міне, осы құбылысты К. С. Станиславский «көкірек көзі» (внутреннее зрение) деп атаған.

«Кинолента», «көкірек көзінің экраны», «көкірек көзі»— елестету процесінің негізгі компоненттері болып саналады. Өзін сахна суреткерімін деп есептейтін кез келген актердің бойында аталмыш қасиеттер болуға тиіс. Кейіпкерінің өмір тарихын көз
алдына елестете алмайтын, қиялсыз актер сахна санаткері бола алмайды. К. С. Станиславский: «Не елестету процесін жетілдіру керек, не болмаса сахнадан біржолата кету керек»,— деп үзілді-кесілді үкім айтқанда елестету қасиеті дарымаған адамнан артист шықпайтынын айтқан. Өйткені, слестету дегеннің өзі көрген, білген, ойлаған нәрсеңді сахнада тұрып көзбен көргендей нақтылап, айшықтап айтып беру деген сөз. Яғни «көкірек көзің» аркылы көру ғой. Ал, нысанаңды «көкірек көзі» арқылы көру — сахналық қарым-қатынасқа бару болып табылады. Қарым-қатынас жасау — партнер табу деген ұғым. Демек, елестету арқылы «бір-бірінің етін жейтін каннибалдармен» ойша кездесіп, олармен қарым-қатынас жасап, «тілдесесің». Жауыздығын «көкірек көзі» арқылы көріп жиренесің. Адамның етін жейтін жыртқыш жабайылардың қан-қан болған темірдей тырнақтары мен аузы-басын көріп, төбе құйқаң шымырлайды. Бұдан келіп көзқарас (отношение) пайда болады. Ал, сахналық қарым- қатынасы мен сахналық көзқарасын анықтап алған актер, әлгі адам жегіш жауыздардың бейнесін тірілтіп, образын көрермендердің көздеріне елестетіп, аудиторияның реакциясын тудырады. Сөйтіп, сахна мен көрермендер арасында творчестволық байланыс орнайды. Бұлай болатын себебі: актер қашанда автор ұсынған оқиғаның тең ортасында болып, көркемдік ғұмыр кешеді. Елестету процесі тудырған кейіпкерлермен ойша араласып, қарқынды әрекет етеді. К. С. Станиславский елестету процесінің негізгі қоздырушы күші: кім, қ а шан, қайда, неге, не үшін және қ а л а й дейтін етістік сұрақтарының табиғатында жатыр дейді. Сахнада елестету тіршілігін сол сұрақтар тудырады екен. Өйткені, елестету артистке тек, «ұсынылған тосын жағдай» процесін жаңадан тудыру үшін ғана емес, бұрын больш өткен санада сақталған оқиғаларды жаңғырту үшін де қызмет атқарады. Мәселен, Отеллоның бұрын кім болғанын, Кипрге қашан келгенін, бұған дейін қ а й д а болғанын, мұнда н е г е келгенін, не үшін қызмет істеп жүргенін, өмірінің қалай өтіп жатқанын іштей «көкірек көзі кинолентасы» арқылы тудырып алып, сыртқы «көкірек көзінің экранына» көшіру — жоғарыда айтылып кеткен ойымызға дәлел. Осылардың бәрі сахнадан өзінің тарихи, көркемдік шынайы көрінісіне ие болу үшін, актер өзіне-өзі: «Егер менің ойдан шығарылған дүнием шын мәнінде шындық болып шықса, мен не істеген болар едім?»—деген сұрақ қою арқылы әрекет ету керек. Солай десек, алдымен елестету процесі пайда болады екен де, іле-шала әрекет өмірге келеді. екен. Біріншісі — елестету, екіншісі — ә р е к е т.



Сайып келгенде: сахнадан сөйлеген сөзіміз бен еткен әрекетіміз елестету тіршілігіміздің шынайы нәтижесі болу керек.

Егер біз, сахнада тұрып өзіміздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді, қайда баратынымызды, не үшін келгенімізді, не істейтінімізді білмей сөз саптасақ немесе әрекетке көшсек,— онда елестету процесінсіз бекерге іс істеген болып шығамыз. Аз болсын, көп болсын біздің сахнада көрсеткен әрекетіміз түп-түгел жалғанға айналады.

Егер бізден біреу ең қарапайым нәрсе: «Далада күн суық па?»—деп сұраса, жауап беру үшін біз, алдымен ойша далада болып, бұл жерге қалай келгенімізді, тоңған-тоңбағанымызды елестету арқылы еске түсіріп барып, не «суық», не «жылы» деп жауап береміз. Алайда біз тез жауап бергендіктен, көлденең көзге ойланбай жауап берген сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнінде даладағы көріністерді көз алдымыздан өткеріп барып, тексеріп алып айтқандықтан елестету процесінің нәтижесін жеткіземіз. Бар айырмашылық — найзағайдай қас-қағым сәттің реакциялық шапшаңдығында жатыр. Олай болса, сахнада аттаған әр қадамыңа шейін елестету процесінің қатысуымен істелуі тиіс.

К. С. Станиславский: «Роль мен творчестволық жұмыс және драматургтің сөзге құрылған шығармасын сахналық хикаяға айналдырудың күллісі бастан-аяқ елестетудің қатысуымен өтеді» (там же, с. 95) деп жазса, актерлер өздерінің елестету қасиетін ұдайы жетілдіріп отыруға ерекше назар аударулары керек. Актер творчествосында аталмыш процестің маңызы мен мағынасы, алатын орны осындай белсенділігімен ерекшеленеді.

Әсілі, бір мәселенің басын ашып алған абзал. Ол мәселе — сахнада елестету процесі өз алдына дара өмір сүрмейді, оның қиял сияқты тұрақты сыңары бар. Творчестволық тұрғыдан бұлар бірін-бірі толықтырып, байытып қатар өрістейтін қосақтаулы элементтер.

Елестету — қиялд а н азықтанады. Елестету— сылдырап аққан бұлақ болса, қиял — сол бұлақтың жер асты сарқылмас шыңырау көзі іспеттес. Қиял елестету процесінің ұзын аққан арнасын олқы түсірмей, табан жолын қаңсытпай әмісе тасқын тудырып отыратын кәусар қазынасы. Демек, актердің аса қуатты өте айқын қиялы болуы шарт.

Ал, сонда қиялы көмескі актер не істеу керек?

Бұл сауалға К. С. Станиславский: «Не қиялды жетілдіру керек, не болмаса сахнадан кету керек. Өйтпеген күнде сенің әлсіз қиялыңды өзінің мол қиялымен алмастыра салатын режиссерға кез боласың. Бұл деген өз творчествоңнан бас тартып, сахнада дойбының тасына айналу деген сөз» (там же, с. 73) деп үзілді-кесілді жауап береді.


Ал, шын мәнінде Отеллоның елін, жерін, тұрмыс-салт,ата дәстүрін, оның құлдыкқа сатылып жаһан кезген сергелден саяхатын зерттеп білуді былай қойғанда, режиссердың жетегінсіз өз бетінше сахнадан бейнелеп бере алатын актер бар болса, ілуде біреу болар. Отелло сияқты аса күрделі тарихи образға қажет психологиялық әм іңкәрлық қуатты көркемдік бай материал айтулы деген актерлердің де зердесінен табыла бермесі ақиқат. Қиял — қабырғасы берік қамал сияқты құбылыс. Оның тас табалдырығын қозғау үшін білімнің іргетасы терең болмақ керек. Ол үшін актер, білім бұлағы — әр түрлі кітаптардан, картиналар мен музейлерден т. б. сусындағаны абзал. Сөйтіп, бейнелеу өнерінің құралдары арқылы актер, Отелло саяхат салған жерлерді ойша кезіп шығуға мүмкіндік алады. Бұл жерде тағы да қиялдың көмегі қажет. Өйткені, тек қиял ғана өмірде болмайтын (болуы да мүмкін ғой) ғажайыптарды ойша суреттеп бере алады. Мәселен, біз ойша ғарышқа самғап, күн планетасынан ары өтіп, бұрын көрмеген елмен танысып, олармен қатынас жасай аламыз. ол жақтың адамдарының бойлары аса ұзын бес метрдей болып, аяқтары — алтау, қолдары — он шақты, бастары — бесеу болуы да мүмкін ғой. Олар ауыздарымен сөйлеспей, пластикалық құрал — ишаратпен тілдесуі де ықтимал. Телепатия арқылы немесе көзқарастары бойынша қарым-қатынас жасауы да ғажап емес. Жері — топырақ емес, жалтыр қара тас, ішетін асы — ауа ғана болса, оған да таңданатын еш нәрсе жоқ. Ал, өмірде осыларға сенуге бола ма? Әй, қайдам! Олай болса, актердің қиял кеңістігіне ғылым мен білімнің, әдебиет пен тарихтың, бейнелеу өнерінің берері көп. К. С. Станиславский актерлерге әдебиет пен мәдениеттің бұлақ көзінен мейір қанып сусындау керектігін үнемі айтумен болған. Өйткені, сахна санаткерінің творчестволық әрекетіне бай мазмұн беріп, ой өрісін кеңейтетін — қиял. Асып-төгіліп, көкіректен құйылған білім нұры сахна төрінен сөйленер сөздің философиялық астарын қалыңдатып, мазмұнын тереңдетеді. Сөйтіп, сөздің саралық салмағы ауырлап, көркемдік жүгі қымбаттайды. Сылдыр сөз — сырлы сөзге айналып, астарынан — ақыл игілігінің, даналықтың, кемелдіктің әуезді үні кейіпкер күйін шертеді.

...Ұлы Абай «көңіл кұсы құйқылжыр шар тарапқа» деп ғарышпен тілдескендегі «көңіл құсы — қиял. «Шар тарап» дегені — жұмыр жер. Қазақта «шар» деп домалақ, жұмыр нәрсені айтса, «тарап» деп жаратылысты, жерді айтады. Жердің жұмыр екенін қазақ білсе, Абайда білген. Өмірден өлшеусіз соққы жеп, назаланған Абай, жапа-жалғыз отырып «шар тарапты құйқылжыған көңіл құсымен» кезіп кететін болған.


Қиял — творчествоның қайнары.

Қайнар — сарқылмайтын кеніш.

Кескіндеу, сәулет, мүсіндік, бейнелеу өнерінің әлемдік үздік үлгілері, жер жүзілік әдебиет қазынасы, опералық, симфониялық туындылар — түп-түгел қиял жемісі.

Аристотель, Леонардо да Винчи, Эль Греко, Рембрандт, Шекспир, Гете, Репин, Чайковский, Шаляпин,Станиславский, Абай, Құрманғазылар түгелдей Жоғары Мәртебелі Қиялдың Перзенттері!Қиял — құпия құбылыс. Аристотель мен Абай, Чайковский мен Станиславский де ғасырлардың құпиясы.Қиял — құпияны туғызса, құпия — қиялды дүниеге әкеледі. Аралықта тылсым сабақтастығы бар. Тылсымның тілін тарқату — тылсым тұлғалардың ғана пешенесіне бұйырған сыбаға болса керек-ті. Менің ұғымымда тылсым мен құпия — қиялдың ньюанстық нәзік мазмұны іспеттес кұбылыс. Сахна тіліне аударғанда санаткердің техникалық тәсілі. Абайша айтқанда: «көкіректегі көрікті ойдың» сыртқа тепкен көркемдік сәулесі. Сол жарық сәулені өнер сүйер қауымның көкірегіне ұялату процесі талапкердің қабілетіне тиесілі шеберлік.

«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» мақалындағы «көңіл» сөзін қазақтар «қиял» сөзінің баламасы ретінде пайдаланған. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деп алағызған Абай, «қиялды»—«көңіл» деп сол қазақ ұғымында алған ғой...

Болашақ кейіпкерінің сахналық тұлғасын «көңіл көзімен», яғни «қиял көзімен» елестетуді К. С. Станиславский: көкірек көзімен көру (видение внутрениего зрения) деп атаған. «Егер өз түйсігіміз бойынша кесіп-пішсек, қиялдау, елестету, армандау дегеніміз-не ойласақ, соны көкірек көзімен қарап, көру деген сөз» (там же, с. 83) дейді ол. Жалпы қиял процесін К. С. Станиславский; көкірек көзі (внутреннее зрение), көкірек көзінің экраны (экран внутреннего зрения), көкірек құлағы (внутренний слух) деп атай берген. Алайда, қиял —елестету арқылы қызмет атқарады. Ал, «көкірек құлағы» деген «көкірек көзі» арқылы көрген нәрсеңнің үнін есту болып табылады.

Солай десек, сахна алаңында аттаған әр қадам, әр қимыл қиялдың қатаң бақылауымен істелуі тиіс. Актердің рольмен жұмыс істеуі, драматургтің сөзбен жазылған шығармасының спектакльге айналуы,— бәрі де қиялдың тікелей қатысуымен жасалады. Қиял мен елестетудің кейіпкержандылық ролі мен көркемдік маңызын осындай көкірек көзінің экраны» шұғыласы арқылы бағалаған абзал.

К. С. Станиславскийдің зерттеулерінен шығатын қорытынды: өзін сахнампоз санаткерімін деп есептейтін кез келген актердің койма қызметін атқаратын «қиял кебежесі» болу керек пе дейміз. Ұлы ұстаз лұғат еткендей өмірден түйген, көрген-білгендерін сол «кебежеге» сықап сала беру керек шығар. Жоғары Мәртебелі Қиялдың «көкірек көзі» түсірген түрлі түсті «фотосуреттері» өнер сүйер қауымның эстетикалық талғамына талшық. Иә, «қиял кебежесі» қазыналы болғай. «Қазыналы кебежеден» рухани «дәм татқанға» не жетсін!..