Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1098

Скачиваний: 25

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Сондай-ақ актердің сезім сипатын өмірге әкелуші, қоздырушы, еліктіруші процесс саласында айрықша маңызды роль атқаратын жетекші элементтер «елестету» («воображение») мен «қиял» («фантазия») туралы да аз айтылған жоқ. К. С. Станиславский «рольдің сезім дүниесін меңгерудің бірден-бір дұрыс жолы «елестету» мен «қиялдың» қызметін белсенді түрде қызу пайдалану» деген болатын. Олай болса, қос тарауға да ықыластана орын берілді.

«Жүйенің» күретамыры болып «көкейкесті мақсат» («сверх — сверхзадача») әм «әрекет арқауы» («сквозное действие») көш түзесе, бұлар да кітаптың кіңдік проблемасы болса керек. Жетекші элементтер санатында айрықша назарға ілінгені анық.

Сахна творчествосының әлеуметтік және моральдык сипаттарын безбендейтін ең еңселі ілім «әдеп» («этика») тарауына барынша зор зейін аударылды. «Әдептің» қоғамдық, творчестволық аспектісін талдау жүргізуге талпыныс жасалды.

Жалпы, «Станиславский жүйесі» режиссерлык әрі актерлік өнердің теориялық әм практикалык тәсілі болып табылады. Біз сахна реформаторының бір қырын актер шеберлігі саласын тілге тиек еттік. Екі бірдей саланы қабат қамту мүмкін болмағандықтан, режиссер мамандығы туралы арнайы кітап — болашақтың еншісі деп білеміз.

Ал сонда «Станиславский жүйесі» деген не?

«Жүйе» - анықтама (справочник) ғана, философия емес. Ал философия басталды дегенше, «жүйені» құрыды дей бер» (К. С. Станиславский. собр. соч., т. 3, стр. 309) деп жазады сахна абызы.

Мұны жазғанда К. С. Станиславский, кейбір сахна сыншылары мен театр қайраткерлерін актер творчествосының тірі табиғатын танып-біліп сезінбей, оның практикалық маңызын елеп-ескермей, сыңар езуге басып «жүйенің» теориялық жалаң сипатын ғана догмаға айналдырып жібермеуден сақтандырған. Практикалық әрекеттен

жалаң схоластикалық талдау процесі «жүйені» жойып жібереді деп қауіптенген. Сол себепті талдау мен тәжірибенің егіздік қасиетін ұрпақтарына өсиет еткен. Осы егіз проблема—кітаптың асыл арқауына айналды десе болады.

Марксизм ілімі ұлагат еткендей, «озық теория — озық практикадан бой көтереді». Демек, теория — практиканың ізін баспай, ілгеріден төбе көрсетіп оқ бойы озық тұрса, бағыт-бағдар сілтеп, көркемдік жол нұсқаса ғана өзінің іліми міндетін адал атқарып шықса керек. Теория сауаттылығы — практика сауаттылығының кепілі екендігін театр тарихы әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Мәселен, музыка теориясы мен музыкалық гармония негіздерін меңгермеген адамды профессионал музыкант деп айтуға бола ма? Немесе ана тілінің грамматикалық заңдылықтарын білмейтін жазушы, сондай-ақ перспектива заңдылығы мен бояудың түр-түсін та нымайтын суретші өнерде не істей алады? Олай болса, сахна теориясы мен техникасына жетік емес шала сауатты актерлер де өнер саласында әмбебап, хас шеберлер бола алмайды. Өйткені теория - практика жемісін саралап, тәжірибесін салмақтайтын таразы құбылыс. Солай десек, озық теориядан асар озық практика болмақ емес дейтін сахна қағидасы әділеттілікке саяды.


Ендеше, кезінде «бақытсыздығымызға орай, күні бүгін театрымыздың теориясы жоқ» деп ызаланған М. С. Щепкинге, «құдайға шүкір, бақытымызға орай, кәзір бізде театр теориясы бар» деп айта алсақ, ең алдымен К.С.Станиславскийдің дара тұғлғасына парыздармыз!

«Станиславский жүйесінің» сылдарай аққан сансыз бұлақтарының келесі бір асау арнасы, аталмыш теория тас қайнарынан жылға ағызса керек.

Актер творчествоны тудырып қана қоймай, сол өзі тудырған творчество процесін талдай зерттеп, сын көзбен карай білетін сахна суреткері. Ендеше, сол суреткер сахна алаңында творчестволық күш қуат беретін әрі әлгі творчестволық процеске айтарлықтай бөгет болатын қарама-қарсы екі факторға кез болады да, олардың, сәтті сәтсіз жақтарын талдау, зерттеу аркылы ішкі дүниесін тұншықтырып, кедергі болған зиянды факторды анықтап, көркемдік көңіл күй сияқты қоздырушы пайдалы фактордың белсенді көмегі арқасында жеңіп шығуға талпынады.

Ал суреткер үшін бұл аз проблема емес.

Шабыт кезінде сахна суреткері қайталанбас бір ықылым ғұмыр кешеді. Сол бір шабытты шақ, актер сахнаға аяқ салған сайын үздіксіз қайталанып, баянды болған сайын оның көркемдік кызығы да базарлы болмақ. Сондай-ақ сахнада өнерпаз ғұмырын ұзартқан «сиқыр күш»— шабыт шұғыласы ұзақ уақыт бойы көрермендер санасында «сары майдай» сақталып қалады. Мұндай екі жақты кө кемдік құбылысқа актер мен көрермен К. С. Станиславскийдің талдау теориясының игі нәтижесі арқасында ғана қол жеткере алады.

Демек, «жүйенің» тағы бір тармағы осындай бастаудан таралатынын көңілге түйіп қойған абзал.

Сайып келгенде, К. С. Станиславский алдына режиссерлар мен актерлерді сахна өнерінің өзі ашқан заңдылықтарымен қаруландыруды мақсат етіп қойды. Оның бүкіл творчестволық орасан зор программасы осы игі идеяға бағынады.

Ал сахна суреткерлерінің арасында: «талантты актерлер үшін «Станиславский жүйесінің» қажеті шамалы, дарынды актер «жүйесіз де өнер жасай алады» дейтін пікір бар.

Жаңсақ айтылса да, жаны бар сөз. Талантты суреткердің «жүйесіз» де сахнада сайран салатынын К.С.Станиславскийдің өзі де мойындаған. «Менің «жүйем» тек талантты адамдар үшін жазылды» деп кітапта ашық айтады. Алайда дарындылар болмаса, «жүйе» де болмаған болар еді. «Станиславский жүйесі» сол дарындылардың тәжірибелерінен туған. Реформатордың тілімен айтқанда, «жүйені»—талант туғызады, талантты — «жүйе» туғызбайды».

Орыс сахна өнерінің алыптары: Щепкин, Каратыгин, Давыдов, Варламов, Комиссаржевская, Юрьев, Пашенаялар «Станиславский жүйесін» танып-білмей-ақ көрермен қауымын ауыздарына қаратқан. Сондай-ак қазақ сахнасының Қуанышпаев, Байсейітова, Өмірзақов, Қожамқұлов, Жандарбеков, Өгізбаев сияқты тарлан топтары да «жүйесіз-ақ» көрермен ілтипатына бөленіп, сахна суреткерлері атанған.



Демек, «Станиславский жүйесін» судыратып жаттап алсам, әлемге аты жайылған данышпан актер болып шыға келеді екем деген ой түбірімен қате. Ал жоғарыда аты аталған алыптар бүтіндей «түйсік» («интуиция») пен «санадан тыс» («подсознание») сезімдерінің жетелеуімен іс атқарған. Аталмыш құдай берген қасиет оларда өзгелерден мол болған. Алайда ондай құбылысты К. С. Станиславский табиғат сыйлаған «жабайы талант» деп, «кейіпкерсындылық өнеріне» жатқызған. «Түйсік» пен «санадан тыс», «жабайы талант» техникасы — кездейсоқ шабыт пен кездейсоқ сәттілік кезеңіне негізделген. Ал актер қауымы спектакль ойнаған сайын «шабыттың кездейсоқ сәтін» тосып отыра алмайды. Шабытты өздері шакыруға мәжбүр болады.

Міне, осындай сын сағатта «Станиславский жүйесінің» көмегі қажет. «Жүйе»—шабыттың келер сәтін сарғайып тоспайды, шабытты, шақырудың жолын көрсетеді. Ол тәсіл ұсынады. Актердің жан дүниесін еліктіру, қоздыру әдістері арқылы шабыт шақырудың небір психологиялық нәзік техникаларын үйретеді. Дарынды сахна санаткерінің творчестволық күш-қуатын беталды ысырап етуден,төгіп шашудан сақтандырып, талант байлығын аз күш жұмсау арқылы барынша мол табысқа жеткізуге бағыт береді. Сондай-ақ актерді қиын-қысталаң сәттерде өзіне-өзі иелік етуге, қапелімде қате кеткен жеке басының, қала берді күллі адамзат баласының басындағы кемшіліктерімен бел шешіп күресуге көмек береді. Пьеса мен рольдің мазмұнын талдап, идеясын аша алатын сауаттылыққа, ең бастысы акгердің өз бетінше жұмыс істеу тәсіліне қалыптастырады. Олай болса осы айтылған проблемалар бұл кітапта мүмкіндігінше қамтыла зерделенді деуге болады. Тұжырып айтканда, «Станиславский жүйесі» деген не?—сауалына жауап бере алатын деңгейде тер төгілгені ақикат.

К С. Станиславский: «Аталмыш тәсілдің негізіне — менің тәжірибе жүзінде зерттеуден өткізген артистің органикалық табиғат заңдылықтары жатады. Мұнда ойдан шығарылған немесе тәжірибе жүзінде өзім арқылы болсын, не болмаса шәкірттерім арқылы болсын, тексерілмей қалыс қалған ештеңе жоқ, мұның құндылығы да сонда. Бұл, әрине, өз-өзінен менің көп жылғы тәжірибемнен келіп шыққан дүние» (К. С. Станиславский, собр. соч., т. 1, стр. 408) деп жазса, еңбектің асыл арқауы «артистің органикалық табиғат заңдылықтарын» талдап көрсететін элементтер шоғырына арналған. Демек
, оқырман кауым бұл тараптан да ғылыми мол мағлұмат алары сөзсіз.

Келесі бір жүйке жұқартатын аса қиын іргелі мәселе — «Станиславский жүйесінің» іліми іргетасын өріп шығарған терминологиялық сөздіктер. Бұл кезең К. С. Станиславскийдің де қатты қиналған тұсы болатын-ды. «Драма өнерінің грамматикасын» әлемде тұңғыш рет жапа-жалғыз жасаған ұлы реформатор: «Аталмыш кітаптағы өзім пайдаланған терминологияны мен ойдан шығарғам жоқ, олар шәкірттерім мен өнерді енді бастай бастаған артистердің қызметінен, тәжірибелерден алынды. Олар сөздік атауларындағы өздерінің творчестволық әсерін жұмыс үстінде анықтады. Олардың терминологиясы өнерді енді бастағандардың жанына жақын әрі түсінікті болғандығы үшін де құнды.

Сіздер терминологияның ғылыми түп тамырын іздеп әуре болмаңыздар. Біздің өмірдің өзі тудырған театрлық өз лексиконымыз актерлік өз жаргонымыз бар. Рас, біз сондай-ақ «санадан тыс» («подсознание»), «түйсік» («интуиция») сияқты ғылыми сөздерді де пайдаланамыз, алайда олар философиялық мағынада емес, ең қарапайым деген күнделік өмірдегі мағынасында қолданылады. Сахна творчествосы саласын ғылымның елемеуі салдарынан терминологияның мүлде зерттелмей аяқ асты болып қалуына және оның практикалық іс үшін аса қажетті сөздерді барлығымызға тауып бере алмағанына біз кінәлі емеспіз. Сондықтан аталмыш жағдайдан өзімізше, былайша айтқанда, өзіміздің үй ішілік әдісімізбен далбасалап шығуға мүжбүр болдық» (К. С. Станиславский, собр. соч., т. 2, стр. 6) деп, терминологияның өмірге қалай келіп, қалай жасалғанын тәптіштей жазса, «драма өнерінің грамматикасы» о баста оп-оңай туа салмаған сияқты. Демек, «Станиславский жүйесінің» терминологиялық сөздіктерінің қазақша дәл баламасын тауып, төл тілімізге өзінің бастапқы мағынасын бұзбай жеткізу барысында осы жолдардың авторы да аз қиналған жоқ. Терминдік әр сөздің түп төркіні, шығу тегі, сахналық сипаты мен атқаратын ролі басты назарда болып, жан-жақты ұқыптылықпен тексеріле зерттелінді. Әсіресе шет тілден көптеп кірген терминдік сөздердің этимологиясы — «театр энциклопедиясы», «шет тілдердің сөздіктері» сияқты көрнекі құралдардың көмегі арқасында іске асты. Ал қазақшаға аударылуы қиын, шеттен кірген кейбір сөздердің сахналық тұлғасын ана тілімізде анықтау кезеңінде автор, әдебиет пен мәдениет саласында көп тер төккен тәжірибелі, көзқарақты, зиялы адамдармен ақылдасудан да бас тартқан жоқ. Осындай тынымсыз игі істердің нәтижесінде «жүйенің» терминологиялық сөздіктері бірсыдырғы сәтсіз аударылмаған сияқты. Ал, егер аудармасы татымсыз деп табылған терминдердің ұтымды баламасын тауып, қисынға келер кеңес беретін адамдар табыла қалса, автор алдын ала алғыс айтуға даяр.


Соңғы сөз — кітаптың қалай жазылғандығы туралы.

«Өнер туралы сөз қозғап, қалам тербесең әрі қарапайым, әрі түсінікті болуға тиіс. Кемел сөз шәкірттің үрейін ұшырады. Дана сөз — жүректі қозғамай, миды қозғайды. Соның салдарыңан творчество сәтінде біздің өнеріміздің бағыты бойынша аса маңызды роль жүктелетін санадан тыс сезімі мен артистік тебіреністі (эмоция) адамның парасаты басып тастайды.

Алайда аса күрделі творчестволық процесс туралы «қарапайым тұрғыда сөз қозғап, қалам тербеу қиын нәрсе. Ұстатпайтын, санадан тыс сезімдерін тасымалдауға келгенде, сөз тым дөрекі әрі икемсіз ғой.

Ал, аталмыш жағдай мені, тасқа басылған сөздерді оқырмандардың дұрыс сезінуіне жәрдемдесу үшін осы кітаптың өзгеше пішінін іздеп табуға мәжбүр етті. Осыларға мен шәкірттерімнің жаттығулар мен этюдтерге мектеп қабырғасында жасаған жұмыстарын жазып отыру арқылы, образдық мысалдардың жәрдемі бойынша қол жеткеруге талпыныс білдірдім» (там же, стр. 6), деп К. С. Станиславский қиналыс білдірсе, «творчестволық процесс» туралы «қарапайым» тұрғыда сөз қозғап, «қалам тербеуге» немесе «ұстатпайтын, санадан тыс сезімдерін тасымалдауға келгенде» автор да аз қиналған жоқ. Адам баласының «ұстатпайтын» секемшіл сезім иірімдерін, психологиялық терең толғаныстарын мөлдіретіп ақ қағазға тізіп шығу, «әрі қарапайым, әрі түсінікті етіп» айтып беру оңай болмаса керек. Міне, «Станиславский жүйесінің» осындай қиыншылықтарын саналы түрде біле, мойындай тұра, автор негізінен сахна абызының өз стилі мен өз әдісіне сүйенуді мұрат тұтты. «Жүйенің» ғылыми желісінен ауытқымауға, қырнап-сырлап әрлемеуге, көркемдікке ұмтылып сөз қуаламауға баса назар аударып, ұлы сахна ойшылының теориялық топшылау дәрежесін жасытып немесе қисынсыз асырып жіберуге мүмкіндігі жеткенше аттап аяқ басқан жоқ. Әрі кеткенде, К.С. Станиславскийдің іліми әм практикалык тұжырымдарының ажарын аша түсетін айшықты сөз, бейнелі тіл байлықтарын орынды пайдаланудан аянбағаны рас.

Аяқтап келгенде, ауыз толтырып айтар ақиқат біреу — ол К.С.Станиславский сияқты сахна сәуегейінің театр өнері саласында күллі адамзат баласының мәдени игілігі үшін артына қалдырып кеткен ұшан-теңіз мол мұрасының актер шеберлігіне арналған «жүйесінің» ірі-ірі кезеңдерін әлемдік мәдениеттен үлесі бар өз ,алдына шаңырак көтерген қазақ сахна санаткерлері саналатын талантты мұрагерлеріне табыс ету. Төл тілімізде тұңғыш талпыныс болып табылатын аталмыш кітап, зәредей болса да осы игі мақсатқа жауап бере алатын биіктен көрінсе,— еткен еңбек пен төгілген тердің төленгені.