Файл: Таубаева ш. Т., Иманбаева с. Т., Берикханова а. Е.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 12.01.2024

Просмотров: 3042

Скачиваний: 102

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ретінде қарастырған.

Білім беру философиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар В.В.Краевский, Б.Л.Вульфсон, В.В.Кумарин, Б.С. Гершунский т.б. болған.

Бұл ғалымдардың зерттеуінше білім беру философиясы үш тұрғыдан қарастырылады:

  1. білім беру философиясы – қолданбалы философия ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан білім беру саласының даму заңдылықтарын негіздеу үшін жалпы философиялық қағидаларды қолдану жеткілікті деп есептелінеді.

  2. білім беру философиясының мазмұны педагогика ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерімен сәйкестендіріледі.

  3. білім беру философиясы дербес ғылыми білімдер саласы, оның негізін тек білім беруге қатысты жалпы философиялық ілімдер ғана емес, білім берудің барлық қызметтерін қамтитын жеке шынайы даму заңдылықтары құрайды.

Білім беру философиясының біртұтас нысаны (объектісі)-барлық құндылықтық, жүйелілік, іс-әрекеттік, нәтижелік сипаттағы білім беру үдерісі. Білім беру философиясының зерттеу пәні-білім беруге қатысты пәнаралық теориялар, заңдар, заңдылықтар, категориялар, ұғымдар, терминдер, принциптер, постулаттар, ережелер, әдістер, болжамдар, идеялар, фактілер.

Б.С. Гершунскийдің пайымдауынша, «білім беру философиясының мәні – білім беруге бетбұрыс алған философия», немесе «білім беру іс-әрекетінің барлық қырларының өзіндік ғылыми парадигмасы».

Сонымен,білім беру философиясының мәні-адам өмірінің түрлі кезеңдеріндегі оқыту, тәрбиелеу және дамытудағы құндылық-бағдарлық, мазмұндық-үдерістік, нәтижелік компоненттері жайлы ғылым аралық білімдер жүйесі.

Білім беру ұғымының күрделілігі оны жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Білім беру философиясының белгілі теоретигі Б.С. Гершунский білім беру ұғымын 4 қырынан қарастыруға болатынын атап көрсетеді:білім беру құндылық ретінде;білім беру жүйе ретінде; білім беру үдеріс және іс-әрекетретінде; білім беру нәтиже ретінде(Сурет 1).



Сурет 1. – Білім беру ұғымының 4 негізгі аспектілері

Білім беруді неліктен құндылықретінде қарастыру қажет? Құндылық – кез келген индивид, топ, ұжым, этнос, т.б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысандар. Құндылықтар әр ұлт үшін немесе жалпы адамзат үшін маңыздылығына байланысты
ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар деп ажыратылып қарастырылады. Әр ұлт үшін не құнды? Әрине, ол ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлт тарихы, т.б. Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде адам санасында жалпыадамзаттық құндылықтарға деген қатынастары қалыптасады. Олардың қатарына ұлттық және нәсілдік айырмашылықтарына қарамастан барлық адамдарға ортақ маңызды болып есептелетін құнды нысандар жатады. Мысалы: адамның өмірі, денсаулығы, бас бостандығы, адамгершілігі, қадір-қасиеттері, білімі, т.б. Адам санасында аталған құндылықтарға деген көз-қарас білім беру жүйесі арқылы қалыптасатыны анық. Білім беру ұйымдарында алған білімдері мен тәрбиесі арқылы әр адам әлеуметтік қа-тынастарға бейімделіп, қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік алады. Сондықтан білім беру немесе әр жеке тұлға үшін білім алу үлкен құндылық болып есептеледі.

Білім берудің құндылықтық сипаты үш тұрғыдан қарастырылады: білім беру мемлекетік құндылық; білім беру қоғамдық құнды-лық; білім беру жеке тұлғалық құндылық.

Неліктен білім беру мемлекеттік құндылық болып саналады? Себебі кез келген мемлекеттің экономикасы, ғылыми-техникалық прогресі, ұлттық саясаты, экономикалық, мәдени, интеллектуалдық, адамгершілік әлеуеті білім беру саласының нақты жағдайына және оның ілгері даму мүмкіндігіне байланысты бағаланады. Осы тұрғыдан әрбір өркениетті дамып келе жатқан мемлекет үшін білім беруді қарқынды дамыту-оның басты стратегиялық міндеттерінің бірі.

Неліктен білім беру қоғамдық құндылық болып саналады? Мемлекет пен қоғам тең мағыналы ұғымдар емес, олардың өзара қатынасы өте күрделі болып келеді. Білім беруді дамытуда олардың мақсат, мүдделері сәйкес келе бермейді. Дамыған қоғам мемлекет тарапынан қабылданған қаулылардың орындалуын талап етеді, білім беру заңын талқылап өзгертулер енгізе алады. Қоғам мүшелері өзекті білім беру мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрады және қозғалыстар ұйымдастырады.

Неліктен білім беру жеке тұлғалыққұндылық болып саналады? Б.С.Гершунскийдің пікірі бойынша білім беруді дамыту саясаты әр жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта жүргізілуі керек.

Құндылықтық негізде жүргізілетін білім беру барысында ғана әр тұлғаның жан-жақты дамуына, теориялық білімдерді меңгеруімен қатар өз бойында қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін.



Білім беру жүйе ретінде.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесі ретінде өзара бірлесе іс-әрекет ететін:

  1. білім берудің деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен оқу бағдарламала-рының жиынтығы;

  2. білім беру бағдарламаларын типтеріне, түрлеріне, меншіктік формаларына қарамастан іске асыратын білім беру ұйымдарының жиынтығы;

  3. білім беру сапасының мониторингін жүргізетін ғылыми ұйымдар мен оқу-әдістемелік қамтамасыздандыратын білім беруді басқару органдарының және оған сәйкес инфрақұрылымдарының жиынтығы қарастырылады.

Сонымен, біріншіден, білім беру жүйесі тарихи қалыптасқан бірі-бірімен сабақтасқан және біртіндеп бірі-біріне ауысатын білім беру парадигмаларынан туындайды. Екіншіден, білім беру жүйесінің нәтижелері болашақта көрініс береді, себебі білім беру ұйымдарының түлектері өздері білім алған жағдайлардан өзгеше, жаңа жағдайда өмір сүріп іс-әректпен шұғылданады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының баптарына сәйкес білім беру деңгейлері әр түрлі типті мекемелерде жүзеге асырылады.

  1. Мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады (30-бап).

  2. Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерi жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады (31-бап).

  3. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады (32-бап).

  4. Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары колледждерде және жоғары колледждерде іске асырылады (33-бап).

  5. Жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерiне ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жатады ( 35-бап).

  6. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады (36-бап).


Білім беру-үдеріс және іс-әрекет ретінде.Білім берудің мәні- мақсаттан нәтижеге қарай жылжуүдерісі. Үдеріс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда (processus-қозғалу, жылжу) - бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп өзгеруі; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-қимылдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.

Білім беру – педагог пен оқушы арасындағы қарым-қатынас үдерісі. Бұл үдеріс барысында оқушы немесе студент оқу, тәрбие, даму үдерістеріне белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық үдеріс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видеоқұралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т.б.) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.

Білім беру үдерісі үнемі мақсатқа және күтілетін нәтижелерге бағытталған. Осы тұрғыдан білім беру үдерісін технологияландырылған үдеріс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан мақсаттарға жетудің нақты қадамдары, кезеңдері, сатылары анықталады. Білім беру үдерісі-мұғалімнен балаға оқу ақпараттарын жеткізу арнасы. Сондықтан да қазіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар да өте кең таралуда.

Білім беру үдерісіндегі көптеген мәселелер шешімдерінің табыстылығы педагогтың іс-әрекетіне тікелей тәуелді. Тіпті әрбір сабақтың өтілуі де мұғалімнің кәсіби-шығармашылық деңгейіне, талпынысына, әдістемелік шеберлігіне байланысты түрлі нәтиже көрсетеді. Ол балалармен үнемі ынтымақтастықта әрекет жасайды. Осы бірлескен белсенді танымдық іс-әрекет барысында білім алушыларды табысқа жетуге бейімдей алу педагогикалық маңызы зор мәселе, себебі көп жағдайларда сабаққа қатысып отырған қаншама оқушылар арасында кейбіреулері ғана жетістіктерге қол жеткізулері мүмкін.

Білім беруді үдерісжәне іс-әрекет ретінде жекеше қарастырудың себебі оның көздеген мақсаты мен күтілетін нәтижелерінің арасындағы қадамдардың қаншалықты белсенді, қаншалықты қозғаушы күш екендігімен байланысты анықталмақ.

Білім беру нәтиже
ретінде: сауаттылық-білімділік-кәсіби кұзыреттілік-мәдениет-діл (менталитет).Білім берудіңнәтиже ретінде қарастырылуы оның мазмұнын кеңейте түспек. Оқу-танымдық үдеріс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Мысалы, бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты – оған барлық адамдардың қол жеткізе алуында.

Адамдардың белгілі білім беру ұйымдарында алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар, орта білімді, жоғары білімді адам деп аталатынын көп естиміз. Білімділік – қажетті максимумға дейін жеткізілген қоғамдық және тұлғалық сауаттылық.

Кәсіби құзыреттілік. Бүгінгі ақпараттық қоғамда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, ішкі әлеуетіне қарай бір мамандықты немесе кәсіпті дұрыс таңдауы маңызды. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттілік ұғымы кеңінен талқылануда, себебі қоғам кәсіби құзыреттері, практика сұранысына жауап бере алатын мамандарды талап етуде.

Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «құзыреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында қарастырылып келеді. Алдымен «құзыреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «compete» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.

Педагогикалық терминологиялық сөздікте құзыреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:1) құзыреттілік - нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге қатыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері; 2) құзыреттілік - танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі.

«Кәсіби құзыреттілік» ұғымы ең бірінші жеке тұлғаның кәсіби білімінің деңгейімен, жеке қабілеттерімен, өзін-өзі үздіксіз жетілдіру іскерлігімен, өз ісіне деген шығармашылығымен, жауапкершілігімен, теориялық білімдерін практикада тиімді қолдана алуымен анықталады.

Мамандардың біліктіліктері, кәсіби құзыреттіліктері адамның жалпы мәдениетке қатынасын анықтайтын қажетті компонент болып табылады. Мәдениеттің маңызды ерекшеліктері болып жеке тұлғаның өткен ғасырлар мұрасына терең, саналы түрде қастерлі қатынаста болуы, шығармашылықпен қабылдай алу іскерлігі, кез келген іс-әрекеттер немесе қарым-қатынастар саласындағы шынайылықты түсінуі және жағымды тұрғыда өзгертуге ұмтылысы жатады. Мәдениет – адам білімділігі мен кәсіби құзыреттілігінің жоғарғы көрінісі.