Файл: Білім беру жйесін сапалы дамыту мселесі азастан Республикасыны Білім туралы заында 1, Елбасы Н..doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.02.2024
Просмотров: 244
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Кіріспе
Бүгінде еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті дамыған елу ел қатарына енуді мұрат етуі халыққа білім беру жүйесіне, оның ішінде, білімнің негізгі іргетасы қаланатын бастауыш мектептегі оқу үрдісіне қойылар талаптарды қайта қарауды, түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Өйткені білім беру жүйесі қоғам дамуының қай кезеңінде болса да, сол уақыттың талабына сай үздіксіз жүзеге асатыны белгілі.
Білім беру жүйесін сапалы дамыту мәселесі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында 1, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында 2 және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» 3, Елбасының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында маңызды орын алады. Бағдарламаға сәйкес, қазақстандық білім беру жүйесінің маңызды міндеті - халықтың барлық жіктері үшін сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету; мемлекеттік тілді басым дамыту; білім беру процесін оқу-әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етуді жетілдіру.
Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұнының тұжырымдамасында «оқыту мен тәрбиелеу әдістерін жетілдіру міндеті қойылсын» делінген 4.
Алайда, оқыту әдісін қайта құру – күрделі үрдістің бірі. Әр пән, тіпті әр тақырыптың өзі де оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Сондықтан, оқытуда әр түрлі әдістерді таңдау қажеттігі туындайды.
Осы орайда А.Байтұрсыновтың: Қай әдіс жақсы? деген еңбегіндегі: Әр әдіс өз орнында жақсы. Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай - деген қағидасын басшылыққа алған жөн 5.
Соңғы уақытта білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері зерттеушілердің назарын ерекше аударып отыр. Осы күні мектепте әлеуметті жағынан белсенді, еркін ойлай алатын, өз бетінше жаңа ақпаратты меңгере білетін, саналы адамдар тәрбиелеуге талап қойылуда. Осыған байланысты қазіргі жағдайда мектеп оқушысының төменгі сыныптан бастап оқуға деген қызығушылығын, танымдық әрекет белсенділігін қалыптастыру үшін мұғалім сапалы оқытуға негізделген жаңа бағдарламамен, жаңа технологиялармен оқыту қажет.
Жоғарыда аталғандардың көкейкестілігі әлеуметтік сұранысымен, сондай-ақ адамның қазіргі ақпараттық қоғамда өзін-өзі анықтауы және өзіндік пікірін білдіру қажеттілігімен анықталады.
Жалпы интерактивті оқыту теориялық та, практикалық тұрғыда зерттеуді қажет ететін дидактика міндеттерінің бірінен саналады.
Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында «Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту оқушыларды сауатты жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру, өз ойын, пікірін еркін жеткізе алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу» — деп атап көрсеткен.
Бастауыш мектептің қазақ тілі сабақтарында саналуан әдістерді, оның ішінде интерактивті әдістерді пайдалану оның уақыт талабына сай түрлерінің жаңаруымен баса назар аудартады.
Осының өзі оқыту әдістерін қайта қарастыру қажеттігінің туындағанына дәлел болады, бірақ қазіргі таңдағы өзгерістерге орай енгізілген жаңасын көрсету қажет. Мәселен, ақпараттық технологияны қолдану оқу үрдісінде алуан түрлі тұсау кесерлер жасауға мүмкіндік берді, яғни бұрын соңды мектептерде қолданылмаған, көрнекіліктер тобына жататын әдістер пайда болды. Кітаппен жұмыс әдісі ауқымды ақпараттармен жұмыс, оның ішінде Интернет желісінен ақпараттар іздеу, оны өңдеу және қолдану әдістерімен толықтырылды.
Десек те, қазіргі таңда бастауыш оқыту жүйесінде оқытудың интерактивті әдістерін таңдау мен оның із жүзінде іске асырылмауы арасында қайшылық бар екендігі байқалады.
Атап көрсетілген мәселелер мен олардың шешімін табудың арасындағы қарама-қайшылық зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Қазақ тілін оқытуда интерактивті әдістерді қолданудың дидактикалық мүмкіндіктері» деп алуға біден-бір себеп болды.
Зерттеудің мақсаты: Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабақтарында ақпараттық-мультимедиялық технологияларды, интерактивті әдістерді қолданудың дидактикалық негіздемесін жасау және оларды оқыту үрдісінде
қолдану жолдарын көрсету
Зерттеу нысаны: бастауыш сыныптың қазақ тілін оқытуда интерактивті әдістері қолдану үрдісі.
Зерттеу пәні – қазақ тілін оқыту үрдісін жетілдіруді қамтамасыз ететін интерактивті әдістердің дидактикалық мүмкіндіктерін анықтау жолдары.
Зерттеу болжамы. Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабақтарында интерактивті әдістерді қолдану тиімділігі мынадай шарттар орындалған жағдайда артады: сабақта интерактивті әдістер жүйелі қолданылып, оқушылардың жас ерекшелігіне, материал мазмұнына сәйкес іріктелініп алынса, олардың байқампаздығы, пәнге деген қызығушылығы, абстрактылы ойлауы дамиды. Уақыт талабына сай интерактивті құралдар (аудио, визуальдық, компьютерлік және электрондық оқу құралы т.б.) оқушылардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық белсенділігін қамтамасыз етеді, логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік ашады.
Зерттеу міндеттері:
- білім беру жүйесінде интерактивтік оқыту әдістерін қолдану проблемасының жай-күйін талдау;
- бастауыш сыныптағы қазақ тілін оқытуда интерактивтік әдістерді қолдану маңызын анықтау;
- «интерактивті әдіс» ұғымын ғылыми негіздеу, оның сабақтағы рөлін анықтау;
- қазақ тілін оқытуды жетілдіруге бағытталған интерактивтік оқыту технологиясын тиімді қолданудың дидактикалық негіздерін жасау.
- бастауыш сыныптың қазақ тілі сабақтарында интерактивті оқыту әдістерін жүзеге асыру жолдарының тәжірибесін талдау.
Зерттеудің жетекші идеясы. Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту үрдісінде интерактивті әдіспен оқыту оқушылардың танымдық-шығармашылық ізденістерін дамытады. Мультимедиялық тақта сабақты электронды түрге айналдырып, көрнекті түрде өткізуге мүмкіндік береді. Сабақтың өнімділігі артып, оқушылардың білім деңгейіне оң әсер етеді.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері: Оқыту әдістері дидактиканың ғылым ретінде қалыптасу сәтінен-ақ педагог-ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Я.А.Коменский, А.Дистервег, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов т.б. оқыту әдісінің негізін қалағаны белгілі.
Оқыту әдістерін ғылыми негіздеп, теориясын дамытқан Б.Е.Райков, К.П.Ягодовский, М.М.Пистрак, Т.Н.Шимбирев, И.Т.Огородников, М.А.Данилов, Р.Г.Лемберг, М.Н.Скаткин, Б.П.Есипов, Н.П.Гончаров, И.П.Зверев, М.И.Махмутов.
Оқу-тәрбие үрдісін оқушының психологиялық ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырудың жолдары И.П.Подласый, Л.С.Выготский, В.В.Давыдовтың, ал ұлттық психология мәселелері Х.Досмұхамедұлы., М.Жұмабаев., Ж.Аймауытов., М.Мұқанов еңбектерінде талданған.
Ал Қазақстандық педагогтар Ж.Әбиев, С.Бабаев, А.Құдиярова; Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев; Т.С.Сабиров, С.Ахметов т.т.б еңбектерінде де оқыту әдістері айрықша орын алады. Мәселен, Сабиров Т.С. «Оқыту теориясының негіздері» деген еңбегінде практикалық әдістердің бір түріне – ойындарды жатқызды 8. Қазақ тілін зерттеу мәселесі төңірегінде докторлық диссертация қорғаған С.Рахметова, Г.Уәйісова, Қ.Қадашева, Р.Шаханова, К.Жақсылықова т.б. еңбектері белгілі.
Қазіргі таңда дидактикалық оқыту жүйелерін қалыптастырудың перспективалық бағыттарының бірі – ақпараттық-мультимедиялық технологияларды оқыту үрдісінде пайдалану болып отыр. Оқытуда ақпараттық-мультимедиялық технологияларды пайдаланудың теориялық және практикалық аспектілері Ю.Н.Егорованың, дидактикалық аспектілері Н.В.Клемешованың, тұжырымдамалық аспектілері О.Г.Смолянинованың т.б. еңбектерінде зерттелінді.
Дипломдық жұмыс тақырыбының ғылыми жаңашылдығы:
- білім беру жүйесінде интерактивтік оқыту әдістерін қолдану проблемасының жай-күйін талданды;
- бастауыш сыныптағы қазақ тілін оқытуда интерактивтік әдістерді қолдану маңызы анықталды;
- «интерактивті әдіс» ұғымы ғылыми негізделіп, оның сабақтағы рөлі анықталды;
- қазақ тілін оқытуды жетілдіруге бағытталған интерактивтік оқыту технологиясын тиімді қолданудың дидактикалық негіздері жасалынды.
- бастауыш сыныптың қазақ тілі сабақтарында интерактивті оқыту әдістерін жүзеге асыру жолдарының тәжірибесі талданды.
Осы жұмыстың практикалық маңыздылығы қазақ тілі сабағында интерактивті оқыту әдіс-тәсілдерін практикалық тұрғыда қолданудан; оқыту тәсілдерін өзгерту, толықтыру және жетілдіру мүмкіндіктерін нақтылаудан тұрады.
Зерттеудің теориялық негізіне айналды:
- дидактика, психология, мектептің бастауыш білім беру әдістемесі саласындағы еңбектер;
- жалпы білім беретін оқу мекемелеріндегі қазақ тілін оқыту бағдарламалары;
- танымдық қызығушылықты дамыту мәселелері жөніндегі зерттеулер;
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
1-кезең - әдістемелік әдебиеттермен, озық тәжірибелермен танысу, зерттеудің теориялық базасы, оның мақсат-міндеттері, болжамдарын негіздеу, тәжірибеге алынған оқыту әдістерін анықтау.
2-кезең - бастауыш мектептің оқу үрдісіндегі интерактивті әдістердің ерекшелігін талдау. Бастауыш сынып та қолданылатын интерактивті оқыту әдістерінің теориялық негізін анықтап, жүйеге түсіру.
3-кезең - зерттеу жұмысын талдау және қорыту, педагогикалық тәжірибе кезіндегі ғылыми ізденіс нәтижелерін қолжазба түрінде әзірлеп, алдын-ала қорғауға ұсыну.
Зерттеудің негізгі әдістері: зерттеу мәселесіне қатысты психологиялық, педагогикалық және арнайы әдебиеттермен танысу және талдау; оқушылардың сабақ барысындағы оқу іс-әрекетін бақылау, қазақ тілі сабағында ұсынылған интерактивті материалдардың тиімділігін айқындауға арналған педагогикалық эксперимент.
Дипломдық жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі тұрады.
Дипломдық жұмыстың бірінші тарауында интерактивтік оқыту әдістерінің теориялық негіздері бойынша теориялық материал нақты баяндалған. Оқыту үрдісінде ақпараттық-мультимедиялық технологияны қолдану қажеттілігі сипатталды. Интерактивті оқыту әдістеріне жалпы түсінік берілді және интерактивті оқыту әдістерін таңдау шарттары қарастырылды.
Екінші тарау бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында интерактивті әдістерді қолданудың дидактикалық негіздері қарастырылып, интерактивтік тақтаны пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Интерактивті тақтамен жұмыс істеуде пайдаланылатын жаттығулар жүйесі жасақталды. Бастауыш сыныптың қазақ тілін оқытуда интерактивтік әдістерді қолдану тиімділігін айқындау жөніндегі №3 мектептің 4 «А» и 4 «Б» сыныптарында жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік зерттеу жұмысы сипатталған.
Қорытындыда зерттеу жұмысыныңтың нәтижелері тұжырымдалып, ұсыныстар берілді. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі тіркелді.
Қосымшада зерттеу мазмұнына қатысты жұмыстардың үлгісі берілді.
1. ИНТЕРАКТИВТІК ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1. Ақпараттық-мультимедиялық технологиялардың мәні
Қазіргідей әлемдік ғаламдану процесі кезеңінде ақпараттар ағынынан адам баласы өзінің ұдайы дамып отыруына керекті ақпаратты саралап, екшеп пайдалана білуі – бүгінгі уақыттағы басты мәселе. Бұл, әсіресе, өскелең ұрпақтың санасын саналуан ақпараттармен улап, ой-өрісінің дамуын дүбара күйде қалдырмаудың басты шарттарының бірі. Осыдан келіп туындайтын мәселелердің бірі – жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін мектепте оқытудың жаңа инновациялық әдістерімен толықтыру; оқытудың жаңа технологияларын іздестіру; оқушыны ақпаратты талдай білуге, ақпараттық, мультимедиялық технологияларды тиімді пайдалана білуге үйрету.
Еліміздегі саяси, әлеуметтiк, экономикалық және т.б. өзгерiстер бiлiм беру жүйесiне де әсер етуде. Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде.
Қазіргі уақытта «қоғамды ақпараттандыру», «білім беруді ақпараттандыру » деген сөз тіркестері біздің сөздік қорымызға еніп кетті. Олай болса, қоғамды ақпараттандыру дегеніміз не? Қоғамдық ақпараттандыру дегеніміз – ғылыми техникалық прогресс жетістіктерінің күнделікті тұрмысқа ауқымды енуінің нәтижесі, яғни адам өміріне іс – әрекеттің интеллектуалды түрлерінің жан – жақты әсер етуі мен ролінің жоғарылауына байланысты объективті процесс.