Добавлен: 01.02.2019
Просмотров: 16538
Скачиваний: 27
5.4.5. Тіс жегісіне тұрақтылықты ұстап тұру және қалыптастыру үшін жергілікті алдын-алу заттарын қолдану
Макро- және микроэлементтер көмегімен тіс жарып шыққаннан кейін эмальдің минеральды құрылымдарына әсер ету мүмкіншіліктері
Жергілікті қолдану кезінде тістің минерализациясына әсер ететін заттары шартты түрде бірнеше топтарға бөлінеді:
-
апатиттерге енгізілген және олардың жетілуі мен реминерализациясын қамтамасыз ететін макроэлементтер (кальций, фосфор);
-
қышқылға төзімді түрлерді түзумен апатиттерге изоморфты кіруге қабілетті макро- және микроэлементтер (фтор гидроксильді топты, стронцийді, темірді, қалайы-кальцийді, ванадий-фосфат-ионды ауыстырады);
-
де- және реминерализация реакцияларының кинетикасына әсер ететін заттар (фторид апатиттің минерализациясын 3-5 есе жылдамдатады, молибден мен алюминий қышқылдардың әсері кезінде кальцийдің апатиттен шығуын төмендетеді, фторидтің апатитке қосылуын ынталандырады);
-
кристалл қырларын бекітетін және оны еруден қорғайтын минерализаторлар (фторид, гидроксил-ион, азот- және көміртегі құрамды катиондар).
Қазіргі кезде тіс жегісін жергілікті минерализациялық алдын-алу заттарының құрамына фтордың, кальцийдің және фосфордың қосылыстары кіреді.
Фторидтердің тіс тіндерімен жергілікті өзара әсерінің механизмдері
Тістің эмалін сақтау үшін фторидтерді жергілікті қолдану тәжірибесі мен теориялық алғышарттары туралы бірінші хабарлау 1930-1940 жылдарға жатады және Макклюр, Уолкер, Бибби, И.Г. Лукомский аттарымен байланысты. Қазіргі кезде фторидтердің оральды препараттарының кең қолданысы бар және барлық жерлерді қолдануға ұсынылған.
Фторидтің эмальдың сапасына жергілікті әсерінің механизмдері әлі күнге дейін мұқият зерттеу заты болып табылады. Қазіргі кезде кеңінен таралған концепцияға сәйкес фтордың иондары апатитті қоршаған ортада бола отырып (ауыз сұйықтығында, тіс қағының сұйық және тығыз сатысында, пелликулада, кристалларалық сұйықтықта, апатит кристаллдарының гидратты қабығында және ақырында олардың беткейлерінде) тіс тіндерінің жағдайына келесі әсер көрсетеді:
1) қышқыл ортада апатиттің еру кинетикасын өзгертеді: еруіне қарсы тұрады және апатитпен арнайы химиялық байланысқы түспей, преципитацияға жағдай жасайды;
2) олардың бұзылуынан кейін қышқылға төзімді карбонат- және гидроксиапатиттерді ауыстыратын гидроксифторапатиттер мен фторапатиттерді құруға қатысады.
Фторид сілекей муциндеріне (ауыз сұйықтығының тұтқырлығы төмендейді, МПС жоғарылайды), тіс жұғындыларының қалыптасуына және олардың қышқыл түзу белсенділігіне әсерімен байланысты, басқа тіс жегісіне қарсы қасиеттерге ие, дегенмен фторидтің маңызды әсері оның апатиттің тағдырына қатысуын санайды.
Эмальдың табиғи минерализациясы және реминерализациясы (жалаңаштанған түбірдің цементі мен дентин сияқты) тіндерді қоршаған орта апатит түзетін иондармен қаныққан жағдайда мүмкін: Ca2+, OH-. Бұл орталарда кальций мен фосфат иондарының концентрациясы салыстырмалы тұрақты, бірақ сілекей мен тіс буылтығының буферлі жүйелерімен тоқтатылмайтын OH- және қышқылды шабуыл жағдайында он және жүз есе төмендей алады (H+-пен әрекет ете отырып, бұл иондар H2O, HPO түзеді). Осылайша pH5,5 кезінде орта гидроксиапатит бойынша қанықпаған болады, сондықтан гидроксиапатиттің табиғи қалпына келу үрдістері мүмкін емес болады. Жегіленген жағдайдағы жеткіліксіз гидроксил-иондары басқа аниондармен – соның ішінде, фтор иондарымен құрылымды ауыстырылуы мүмкін. Сондықтан фторидтердің қатысуында апатиттер үшін критикалық рН деңгейі төмендейді, гидроксиапатит төзімділігі жоғарылайды – қышқылды шабуыл жағдайында да эмаль тұрақты болып қалуына мүмкіншілік алады.
Гидроксиапатит ерігіштігі балансына көрсетілген түрде қатыса отырып, фтор иондары алдын-алып қана қоймайды, еруін тоқтатады, сонымен қатар гидроксиапатиттердің реминерализациясы мен рекристаллизациясына (яғни, қалпына келтіру) жағдай жасайды.
Фторидтер оральды ортада аз болғанымен тіс тіндерінің ерігіштігін төмендетеді, сонымен оның кеуекті беткей қабатында «тұрақты» фторидтер деп аталатын – гидроксифторапатиттер және фторапатиттер түзеді. Егер фтор ионының аз ғана мөлшері (мысалы судан [F]=1 мг/л) тістің беткейінде немесе эмаль саңылауының тереңінде карбокси- және гидроксиапатит қышқылдарына тұрақтылығы төмен жерде орналасса, фтор ионы бөлінген кальций және фосфор иондарымен байланысады, ол фторапатит тәрізді кристаллды массаның өсуімен және преципитациямен қатар жүреді (4,5<рН<5,5 диапазонда орта гидроксипатит үшін қаныққан, бірақ фторапатит үшін қанықпаған күйде болады). Төменде жергілікті фторидтердің төменгі дозасын қолдану арқылы тіс жегісін алдын-алудың классикалық сызбасы көрсетілген:
Са8(РО4)6(ОН)2 + 2Ғ- → Са8(РО4)6ОНҒ+F-+ ОН- → Са8(РО4)6Ғ2+2(ОН)-
Фторапатитті «жабындысы» бар эмальды призмалар тіс жегісіне салыстырмалы түрде тұрақты болып келеді (сур. 5.36). Фторопатиттің еруіне жеткілікті қышқылдың төмендеуінде фтор ионы апатиттерді сақтау үшін ортаның жағдайын өзгертеді.
Сур. 5.36. Эмаль призмалары фторапатиті мен гидроксиапатиттің ерігіштігі.
Фторидтердің көп мөлшерде болуы кальций фторидтерінің СаҒ2 түзілуімен жүреді, «тұрақсыз фторид». Бұл қосылыстар тіс жұғындыларында, эмаль беткейінде, беткей саңылауларда шөгеді және апатиттерге қарағанда 10-12 есе ерігіштігі жоғары, рН төмендегенде баяу ериді, тіс беткейінің минералдарына әсері зор фтор иондарын бөліп шығарады (сур. 5.37):
Са10(РО4)(ОН)2+ 20Ғ- + 11Н + → 10СаҒ2 + 3НРО4 +3НРО42- + 2Н2 О-
Фторидтерді ерте, беткей емес жегіленген зақымдалу болған кезде реминерализация үшін қолданады. Фторидтердің жоғары және төменгі мөлшерлері әсерлерінің айырмашылығы анықталған: аз доза фторид ионының жегіленген зақымдалу денесіне біртіндеп диффузиялануын және жиі тіндер тұтастығын толық қалпына келтіруді қамтамасыз етеді (мұндай әсер рН≈7 кезінде эмальды төменгі концентрациялы кальций және фосфат иондарымен өңдегенде байқалады), фторидтердің жоғары дозасын қолдану эмаль беткейіндегі микросаңылаулардың блокадасына және беткей емес ақаудың реминерализациясына әкеледі.
Сур. 5.37. Фторидтердің жоғары мөлшерлерімен өңдегеннен кейін эмаль (Кейт бойынша, 1981): а – эмальда фосфаттар мен ақуыздар қабатында кальций фторидінің түзілуі; б – жегіленген шабуыл: 4,5<рН<5,5 ортада кальций фториді мен гидроксиапатит ериді; в – ортаны бейтараптағаннан кейін кальций фториді сілекейден преципитацияланады, призмааралық микроақауларға кіру фторапатиттермен жабық (FA), беткей реминерализацияланған.
Фторлы алдын-алуды ұйымдастыру үшін оның тәртібін негіздеу керек. Минерал алмасуы жоғары немесе төменгі қарқындылықта тістің өмір бойына жүзеге асатын болғандықтан, эмаль беткейінде де, кристаларалық сұйықтықта да фтор ионының тұрақты түрде болуын қамтамасыз ететін тәртіпті қажет етеді. Фторидтің реминерализациялық әсері ауыз қуысы сұйықтығында фторидтердің мөлшері [F]≥0,1 мгҒ/л болғанда байқалады, ал қалыпты жағдайда фтор жетіспеушілік суы бар аймақтардың тұрғындарында ауыз қуысы сұйықтығының [F]=0,01-0,05 мгҒ/л тең болады. Фторид мөлшері аз препараттарды бір реттік қолдану қажетті әсерді береді, бірақ аз ғана уақытқа созылады (оральды субстраттармен әсерлеспеген препараттың бір бөлігі сілекеймен араласады, ал эмальдың қайтадан түзілген қосылысы ауыз сұйықтығымен тасымалданып, өзінің тұрақтылығын жоғалтып, тамақ қабылдағанда және тіс тазалағанда жойылып кетеді), сондықтан [F] тұрақты түрде сақталуы үшін мұндай препараттардың жиі аппликациясын жүргізу керек. Фторидтердің жоғары мөлшерін қолдану кальций фторидінің оральды депосын қамтамасыз етеді, фтор-ионының аз ғана мөлшері күнделікті ай бойына бөлініп отырады, нәтижесінде оральды ортада [F] қажетті деңгейін сақтап тұрады, бірақ жегіленген беткей емес ақауының реминерализациясын шектейді. Тіс жегісі бар адамдарда СаҒ2 қоры тіс жегісіне тұрақты адамдарға қарағанда тез таусылады. Сондықтан фтормен алдын-алу жалпы сызбасы фторидтердің төменгі мөлшерін күнделікті жергілікті қолданылатын препараттармен бірге жоғары мөлшерлі фториді бар жергілікті препараттарды қолдану болып табылады.
Құрамында фториді бар дәрілік түрлер және оларды қолдану әдістері
Жергілікті фтормен алдын-алудың тиімділігі бірнеше факторларға тәуелді:
-
фтордың химиялық байланыс түріне;
-
фторид мөлшеріне;
-
препараттың (фторид-ион) эмальмен жанасу ұзақтығына;
-
препараттың дәрілік түріне;
-
препараттың қолдану жиілігіне;
-
ауыз қуысының кейбір ерекшеліктеріне (эмальдың, ауыз қуысы сұйықтығының сапасы, ауыз қуысы гигиенасы және т.б.).
Оральды препараттар құрамына кіретін фторидтердің сипаттамасы
Жергілікті алдын-алуда органикалық және органикалық емес фторидтер қолданылады.
Органикалық емес фторидтер жеңіл және баяу диссоциацияланатын болып бөлінеді. Сулы фазада жеңіл диссоциацияланатын органикалық емес фторидтерге жатады:
-
натрий фториді: ХІХ ғасырдың аяғынан бастап белгілі және бүгінгі күні танымал алдын-алу реагент, сілекейге, тіс қағына, кристаларалық буылтық F¯-ті баяу береді, сондықтан минерализация үрдісіне белсенді түрде қатысады, натрий фторидінің жоғары концентрациясы СаҒ2 түзілуіне жағдай жасайды;
-
қалайы фториді: 1950 жылдан бастап алдын-алу құралдар құрамында қолданылып келеді; белсенді микробқа қарсы әсерімен ерекшеленеді (қалайы ионының көмегімен), бірақ эмальдің құрамындағы кальцийдің мөлшерін төмендетеді және тіндерді сұр түске бояйды;
-
натрий фторгерманаты;
-
калий фториді;
-
аммоний фториді;
-
титан тетрафториді.
Бұл қосылыстар Ғ--ті оңай бөліп алып, нәтижесінде эмаль беткейінде кальций фосфатының кристаллдарының тез түзілуіне алып келеді, бұның өзі кейіннен эмальда гидроксифторапатит және фторапатит түзілуін қамтамасыз етеді. Фтордың оңай еритін қосындыларын қолдану кезінде СаҒ2 түзілуін «ынталандыратынын» көрсететін тәжірибелер бар. Егер NaF апликациясынан бұрын эмальды фосфор қышқылымен өңдесек, осы әсерге ие болуға болады: қышқылдың әсерінен эмальдың беткейінде СаНРО4∙2Н2О түзіледі, кейін ол фтор ионымен әсерлесіп Са5(РО4)3Ғ немесе СаҒ2 түзілуі мүмкін. Фторид ковалентті байланыстан тұрады. Қиын еритін органикалық емес қосылыстарға жатады:
-
бейтарап натрий монофторфосфаты: бұл қосылыс басқа препараттарддың компоненттерімен комбинациясында тұрақты болып келеді; қышқыл ортада фторид және фосфаттың мөлшерін жоғарылата отырып гидролизденеді; лаурисульфат натрийдің болуы гидролиз жылдамдығын азайтады;
-
қышқыл натрий монофторфосфаты: эмальды «өңдеп», Са+ шығуын қамтамасыз етеді, нәтижесінде көп мөлшерде СаҒ2 түзіледі; фосфат топтың болуы қосылыстың минерализациялық потенциалын жоғарылатады;
-
кальций фториді: қышқыл ортада немесе тіс қағының бактерияларының көмегімен баяу гидролизденеді.
Жергілікті алдын-алу мақсатында қолданылатын препараттардың ішінде фтордың ең белгілі органикалық қосылысы аминофторид болып табылады(N-окта-децилтриметилен-диамин-NNN-три-2-этанол-дигидрофторид). Полярлы зарядталған аминофторид молекуласы фтордың екі атомымен қосылған көмірсулы гидрофобты «құйрығынан» және гидрофильді белокты «басынан» тұрады (қара сур. 5.38). Мұндай құрылым аминофторидтің ерекше қасиетін көрсетеді: а) аминофторид тістің шөгінділері компоненттерінің адгезиясына кедергі бола отырып, тістің беткейінің қасиетін өзгертеді; б) микробқа қарсы жоғары әсерді қамтамасыз етеді; в) қышқыл ортада белсенді түрде F¯-ті бөліп шығарады; г) молекулалық беткей–белсенді қасиеттері оған тіс қағының терең қабаттарына енуіне және эмальда ұзақ уақытқа СаҒ2 қорын сақтауға мүмкіндік береді. Аминофторидтің теріс қасиеттеріне ауыз қуысы тіндерін бояу мүмкіндігін және кейбір жағдайларда дисбактериоз дамуын жатқызады.
Сур. 5.38. Аминофторидтің эмальға әсері.
Жергілікті препарат құрамында белсенді қолданылатын басқа органикалық фторид болып силан фторид табылады (фторинол, фторгидрат-никометанол). Бұл қосылыстар суда ерімейді. Сілекейде силан фторид кішкене мөлшерде плавик қышқылы НҒ түзеді, оның молекуласында диффузияның жоғары коэффициенті бар және сондықтан фторид ионына қарағанда призмааралық кеңістікке оңай, терең және тез енеді, онда сумен реакцияға түсіп, F¯ иондарын бөледі. Силан фторидінің натрий фторидіне қарағанда он есе жоғары минерализациялық белсенділігі бар.
Қазіргі заманғы алдын-алу препараттар ішінен жиі натрий фториді, монофторфосфат, аминофторид және қалайы фториді қолданылады. Жалпы айтатын болсақ, аталған фторидтері бар препараттарды қолдану тіс жегісінің жылдық өсуінің редукциясының 25-45% қол жеткізуге болады; өмір бойына қолданылатын препараттардың кумуляциялық әсері тіс жегісі қарқындылығы редукциясының 50% құрайды.
Оральды фторпрепараттардағы фторидтердің концентрациясы
Оральды препараттарда фторидтердің құрамының маңызы зор, себебі фторид әсері мөлшері тәуелді болып келеді. Жоғарыда айтылғандай апатиттің сақталуы бір жағынан құрамында апатиті бар иондар концентрациясының белгілі бір комбинациясына, екінші жағынан рН ортасына байланысты болады. Басқаша айтқанда, қоршаған ортада «өзіндік» иондардың жоғары концентрациясы кезінде апатиттер рН айқын төмендеуі кезінде тұрақтылығын сақтай алады және керісінше 0,2-0,3 ррmҒ бар суды қолданған кезде ауыз қуысында [F¯] деңгейі бір қалыпта сақталып тұрады, бұл кезде апатиттердің тұрақтылығы үшін ортаның қышқылдылық деңгейі рН =5,5 құрайды. Фторланған су (1,0 мгҒ/л) сілекейде [F¯] деңгейін 10-5 моль/л дейін көтереді, апатиттердің ерігіштік сызбасы мен преципитациясы критикалық деңгейдің рН 4,9-ға дейін төмендеуіне эквивалентті болып келеді. Тіс жегісі дамуының орта қауіп жағдайында ауыз сұйықтығында фторидтердің осындай құрамының болуы тістердің жұмсақ беткейінің эмалін сақтауға жеткілікті, бірақ рН 4-тен төмен болатын тіс жұғындылары ретенция зонасы эмалінің сау болуы үшін фторидтің көп мөлшері керек болады. Фторидтің терапиялық диапазоны тар болғандықтан концентрациясы [F]=0,05-0,1-6% (500-1000-60 000ррm2) болатын бұл микроэлемент арнайы шараларды сақтай отырып тек қана жергілікті қолданылады.
Көптеген клинико-лабораториялық зерттеулер дәлелдегендей, F¯ ионының эмальға өту мүмкіндігі қаншалықты көп болса, соншалықты фторапатит көп болады, оның электр өткізгіштігі мен ерігіштігі қаншалықты төмен болса, соншалықты тіс жегісінің өсуі төмен болады. [F¯] 1000ррm жоғары болған сайын әрбір қосымша 500ррm тіс жегісі өсуі редукциясының қосымша 6% қамтамасыз ететіні көрсетілген.
Ауыз қуысындағы фтор ионының жалпы мөлшеріне қарағанда препараттағы фторидтің концентрациясы маңызды критерий екендігін айтып өту керек: фторидтің бірдей мөлшерін 5 және 50 мл судағы ерітіндісін қолданғанда, әсері көбіне бірінші жағдайда жоғары болады.
Дегенмен F¯ концентрациясы жоғары шегін қолдануын шектейтін кейбір себептер бар, ең бастысы – препаратты байқаусызда ішке қабылдау кезіндегі интоксикация қаупі. Сонымен қатар эмальдың фторидтермен байланысу қабілеті шектеулі деген пікір бар: үстірт-жауап деп аталатын жағдай суреттелген, ол бойынша аминофторидтің препараттарын қолданған кезде концентрациясының [F¯]=0,12% көтерілуіне байланысты тіс жегісіне тұрақты әсері жоғарылайды, бірақ [F¯] әрі қарай 0,5% дейін көтерген кезде өзгермейді (үстіртті тек жоғары концентрациялы препараттардың электрофорезі көмегімен жеңуге болады). Сондықтан фторидтің оптимальды концентрациясын анықтау - болашақтың ісі. Қазіргі уақытта жұтып қою мүмкін препараттарда [F¯] жалпы қабылданған параметрлері бекітілген: ауызды шайған кезде 0,025%, лакта 6%.