Файл: Емтихан сратары (хх . басындаы аза дебиеті) Кітби аындар шыармашылыы Маыш алтаев шыармашылыы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.11.2023

Просмотров: 128

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Емтихан сұрақтары:

(ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті)
1. Кітәби ақындар шығармашылығы
2. Мақыш Қалтаев шығармашылығы

Мақыш Қалтайұлы(1869, қазіргі Астана қаласының маңында туған — 1916, сонда дүние салған) — ағартушы, ақын. Ақмола медресесінде араб, парсы тілдерін үйреніп, дін ілімін меңгерген. Кейін Троицк қаласындағы “Расуля” медресесіне оқуға түсіп, біраз жыл “услу жәдид” әдісімен бала оқытқан. Меккеге барып, қажы атанған. Білімдарлығымен, ақындығымен танылып, “мәшһүр” деген атқа ие болды. Қазан қаласынан Мақыштың “Қалтайұлының қазақ ахуалынан бахыс еткен манзумасы” (1907 ж. татар тілінде, 1909 — 10 жылы қазақ тілінде), “Біраз ғибрат сөз” (1910), “Қазақтың айнасы” (1910), “Насихат қазақия” (1911), “Бар оқиға” (1912), “Тура жол” (1912) атты өлең кітаптары басылып шықты.М.Қалтаев ХХ ғасырдың басында ең көп кітап жазған ақынның бірі болып табылады.

Өлеңдерінде ақын өз дәуірінің қоғамдық-әлеуметтік жағдайын, қазақтың хал-ахуалын, әдет-ғұрпын жырлап, өнер-білімге, мәдениетке үндеді. Оның қоғамға, дүниеге көзқарасы жағынан діни-ағартушылық пікірі басым болды. “Қазақ әкімдері”, “Ишандар хақында”, “Қожалар хақында” өлеңдерінде кейбір дүмше молдаларды сынаса, “Жастар хақында”, “Қарттан қашу”, “Жасқа жақындасу”, т.б. өлеңдерінде жастардың әр түрлі мінез-құлықтары сөз болады. Ағартушылық бағыттағы идеялары “ұылым үйрену парыздылығы”, “Орысша оқу керектігі”, “Басқа жұрттар қандай халде?”, т.б. өлеңдерінде айқын көрінеді. Мақыш аудармамен де айналысып, З.Каримидің “Айна” (1913), Ұ.Рашидидің “Сақ уа сұқ халдері” (1913) атты кітаптарын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ “Тұрмыш” атты қолжазба журнал да шығарған. Өзінің саяси-қоғамдық, ағартушылық ойларын баспасөз беттерінде жариялап тұрды. “Жолсыз газеттеріміздің бірі”, “Газетаның керектігі хақында” атты мақалалары жарияланған.

М.Қалтаев шығармаларында діншілдік сарын өте басым болып келеді.Жалпы адамзаттық имандылыққа көбірек үндейді. Дінді – адам жанының рухани тазаруы ретінде ұсынады. Кейде пәни дүниеден жақсылық таппай, бақидағы қызықты жырлау арқылы қайшылыққа ұрынатын тұстары бар. 1907 жылдан бастап шығармашылықпен айналысып, 1907-1913 жылдар арасында сегіз кітап шығарған.М.Қалтаев ХХ ғасырдың басында ең көп кітап жазған ақынның бірі болып табылады.

М.Қалтаевтың “Қалтайұлының қазақ ахуалынан бәхас еткен манзұмасы“ (1907) “Қазақтың айнасы (1910), “Біраз ғибрат сөз“ (1910),“Насихат қазахия“ (1911), “Бар оқиға“ (1912), “Тура жол“ (1912) атты жинақтарының тақырыптары ортақ, бір сөзбен айтқанда, қазақ жайы.


Татар ақындары З.Кәрими мен Ғ.Рашидиден аударған “Айна“, “Сақсұқ“ өлеңдер жинағы бар. Бұл аудармаларда ақынның өзіндік қолтаңбасы айқын сезіліп тұрады.

Алғашқы шығармасы “Қалтайұлының қазақ ахуалынан бәхас еткен мәнзұмасының” өзінде-ақ қазақ тұрмысына тән, содан туындайтын әлеуметтік мәселелерді өткір көтере білді. Діни уағыз айта отырып, өмір шындығынан алшақ кетпей, бақилық шындықтан фәнилік шындықтың болмысын ашады. Алланы адамға қуат берер рухани күш деп біліп, тіршілік тірегі іс-әрекет, ізденіс деп түсінеді. Дінипәлсапалық түйін-дері көбіне қарапайым қазақи ұғыммен астарлас болып келеді. Өз дәуіріндегі қазақ даласында қалыптасқан кейбір кертартпа әдет, теріс мінез-құлықтарды ашық түрде ащы сынайды.

“Бар оқиға“, “Насихат“ жинақтарындағы өлеңдерінде пайдалы іске ұмтылу, еңбекқорлық сияқты жақсы қасиеттерді дәріптейді. Дінді арамдық істеріне бүркеу еткен екіжүзділікке қарсы болып (“Қаж хаhында“), дін тазалығы үшін күрес жүргізуге тырысады. “Өнерге тағлым үшін бала берді“, “Өнерге жабыспасақ іс бітпейді“, “Михнат босқа кетпес қиналсаңыз“ атты өлеңдерінде өнерді дәріптеу айқын көрініс табады. М.Қалтаев шығармашылығының басты тақырыптарының бірі – әйел теңсіздігі. “Сәбия қыз“ өлеңі – осының нақты мысалы.

М.Қалтаев шығармашылығына тән басты ерекшелік адамдық,адамгершілік қасиеттерді ардақтап, жалпыға ортақ ілгершілікті қолдайтыны. Мақыш – өмірден түйгендерін, оқыған-білген нәрселерін қарапайым қазақы тілмен ұйқас, ырғаққа түсіріп, баяндау тәсілінде жазуға бейім ақын. М.Қалтаев поэзиясының идеялық маңыздылығы,мазмұн байлығы көбіне уақыт тынысын тап басып, замана құбылысын дәл танып, өз өлеңдерінде күрделі ойларды арқау еткен пікірлер толғайтынынан көрініс табады. М.Қалтаев поэзиясында жалаң дидактиканың көрініс беріп қалатынын жасыруға болмайды. Ақынның тіл шұбарлығына жол беріп алатындығы да бар. Өлең жолдары араб,парсы, татар тілдеріндегі сөздермен араласып кетіп, қазақ тіліне тән ұйқас, үндестік заңдары бұзылып отырады.

Жалпы алғанда, М.Қалтаев – өз дәуіріндегі күрделі мәселелерді қозғап, халықты оятуға күш салып, өнерғылымды насихаттап,ағартушылық әдебиетке елеулі үлес қосқан ақын.
3. Нұржан Наушабаев шығармашылығы

Наушабаев Нұржан (Нұрмұхамбет) (1858, қазіргі Қостанай облысы Алтынсарин ауданы – 1919) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі.


Анасы Қадишадан (Шал ақынның қызы) жастайынан айырылған ол нағашыларының қолында тәрбиеленген. Троицк қаласында З.Расулов медресесінде білім алған. Жастайынан араб-парсы тілдеріндегі кітаптар мен татар, башқұрт жазушыларының шығармаларын оқыды, әнші, сері, балуан атанып, дидактик. үлгідегі нақыл, терме, толғау, мысал және назым, ғақлия жырларын жазды. Оның 40 шақты өлеңі мен айтыстары “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1903), “Манзұмат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) атты жинақтарында Қазан қаласында басылған. Наушабаев өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау. “Замананың қалпына айтылған сөз”, “Тақпақ”, “Терме”, “Леп ұрған жігітке” өлеңдерінде, сондай-ақ А.И. Крыловқа еліктеп жазған “Түлкі мен әтештің хикаясы”, “Өгіз бен есек”, т.б. мысалдарында адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана бағытын, қоғамдық құбылыстарды сипаттады. Адам бойындағы қараулық, дүниеқорлық, тойымсыздық көріністерін сынады. Дидактикалық жанрда жазылған “Қырық тілек” атты 13 жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңі көркемдігімен ерекшеленеді. Қоғамдық жайларды исламдық тұрғыдан таразылап, діни өлеңдерінде Құран Кәрімнің маңызын, қасиетін түсіндіруге талпынған ақын мұсылманның парыз-уәжіптеріне талдау жасайды (“Қырық парыздың баяны”, т.б.). Наушабаев шығармаларында татар ақыны, әнші Сапарғали Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Наушабаев тапқырлықпен жауап беріп, білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш “Манзұмат қазақия” (1903) кітабында, кейін “Айтыс” жинағының 2-томында жарық көрді.

Ы.Алтынсаринге арнаған өлеңінде ағартушының еліне, замандастарына өнеге көрсеткен биік азаматтық тұлғасы айқын көрініс тапқан. Өлеңнің 3 шумағы Ы.Алтынсарин құлпытасына қашап жазылған. Ақынның “Көкем-ай”, “Көңіл ажар”, “Жан сәулем”, “Асылай”, “Мұқидаш”, “Бес тілек”, т.б. әндері ел арасына кең тараған.

“Манзұмат қазақия“ (1903), “Алаш“ (1910) атты кітаптарының ХХ ғасыр басындағы әдебиетте өзіндік орны бар. Нұржанның Сапарғалимен айтысы негізінде “Жұмбақ айтысы“ (1903) кітабы да басылып шыққан. Бұл айтыста ақындардың білімі, ой-өріс кеңдігі көрініс тапқан. Нұржан поэзиясындағы шағын жанрлардың әрқилы түрлері молынан кездеседі.
Нұржан назым, терме, тақпақ т.б. жанрларда елеулі еңбек еткен. Шығармаларында заманаға деген өзіндік көзқарастары молынан көрініс тапқан. Өлеңдеріне тақырып қоймай, бірінші назым, екінші назым деп атаған. Замана құбылысын жалпылама сипаттамай, өлеңдерін нақтылыққа бейімдей білген. Оның жеке мінез-құлықты, жағымсыз адами пендешілікті сынау тақырыптарындағы және әзіл-сықақ өлеңдерінде қазақ әдебиетінің бай дәстүрі, ауыз әдебиеті үлгілерінің сипаты басымдау келеді. Нұржан “Назымдары“ – дарынды ақынның өзіндік ізденістері.

Шығармашылығының өнбойына діндарлық арқау болған. Көбіне “заман азды“ деген ойды өзек етіп, соның мән-мағынасын ұғынуға ұмтылады. Кейде өмір шындығына терең бойлай алмай қалатын сәттері де кездеседі. Мәселен “Манзұмат қазақия“ атты кітабында қазақтың шығу тегі туралы ел аузындағы аңыздарды кейінгі діни шежіремен өзектес алып, қайшылыққа ұрынады. Н.Наушабаев шығармаларында өз дәуіріне сай жетістіктер де, кемшіліктер де бар.Олардың ара салмағын алдағы уақыт айқындайды.
4. Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығы

Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931). Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1858 жылы Баянауылда Найзатас деген жерде дүниеге келген. Ол 5 жасында медресеге барып, алғашқы дәрісін алады. Кейінірек М. Көпеев Бұқара, Түркістан, Ташкентке бірнеше рет барып, білім жетілдірген. 1907 жылы ақынның 3 кітабы жарық көреді («Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз»).

«Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты кітабында замана шындығын суреттеп, көкейкесті мәселелерді көтере білді. Суреткер ақын ретінде ілгерішіл ой айтып, қоғамдық өмірді әлеуметтік шындық тұрғысынан көрсете алды. Сол тұстағы саяси ахуалды дәл аңғарғандықтан, өлеңдеріндегі ой-орамдары қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларының ой-пікірлерімен ұштасып жатады. «Хал-ахуал» жинағында ақын отаршылдықпен ере келген кесірлі құбылыстарды ашып көрсетіп, ел-жұртын қанап отырған билер мен әкімдердің, озбыр байлардың жағымсыз бейнесін суреттейді. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабындағы өлеңдерінде ұлт мүддесін көбірек көтеріп, халықты оянуға, өнерге, оқып жетілуге, мәдениетті ел болуға шақырды.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев – негізінен діни-ағартушы ақын.Шығармашылығындағы басты желі діни-таным төңірегінен өрбіп жатады.
Яғни, діни-таным оның әрбір айтар ойына, толғамына тірек қызметін атқарады. Мәшһүр Жүсіптің ел жайына, ұлт мәселесіне арналған өлеңдері азатшылдық, бостандық, тәуелсіздік ұғымдарын алға шығарады. Ол еркіндік пен әділдік үстемдік құрған елді аңсап қана қоймай, сол еркіндік пен тәуелсіздікке жеткізер әділетті жолбасышы да іздейді. Өлеңдерінде солардың өз көкейіндегі, өз ойындағы бейнесін сомдайды.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлең толғауларымен бірге мысалдар да жазған. Ақынның «Жарты нан хикаясы» атты мысал өлеңі өзінің терең мәнділігімен де, айтар өсиетінің өрелігімен де құнды. Ақын адамның жарқыраған жалған нәрсеге әуестігін, өзінде барды місе тұтпай өзгедегіге қызыққаннан опық жейтін мінезін міней көрсетеді. Ақын ойының өзегі – діннің ғибадаттары мен өмірдегі адамдық істің бүтіндігі, бірлігі. Мәшһүр Жүсіптің тәлім-тәрбиеге бағытталған мысал өлеңінің бірі – «Шайтанның саудасы». Шайтан бейнесі арқылы ол адамдар бойына үйір еткен қастық, жауыздық, жамандықтарды таратушы тылсым күш иесін көрсетеді. Сол арқылы адамдар арасындағы алауыздық, зұлымдық, қызғаншақтық, өтірік айту, ғайбаттық өркен жайғандығын меңзеп және ел ішінде соны таратушыларды, әзәзілдің тіліне ергіштерді өткір сынға алады. Онысы мысал жанрының табиғатына сай орынды шыққан. Ақынның мысал өлеңдерінен түйгеніміз, бұл жанрда да ақынның діни-ағартушылық бағытынан алшақтамай, қайта сол бағыттағы ойын өрістете түскендігін аңғарамыз.

Мәшһүр Жүсіп – бірнеше ірі дастандар да жазған ақын. Бірақ олар кезінде жарияланбай, қолжазба күйінде тараған. Оның кейбірі жеке адамдардың өмірін өзек етсе («Жантемір қажы», «Шонтыбай қажы»,«Нүсіп хан» т.б.), енді бірі құран сюжеттерінен, шығыстық желіден алынып, солардың негізінде жазылған («Жер мен көк», «Хаятбақшы»,«Миғыраж», «Пайғамбардың дүниеден өтуі туралы», «ГүлшатШеризат» т.б.) Жалпы алғанда, ол діни-танымдық ойларын шығармашылығында орын алған өзге тақырыптардың негізімен ұштастыра білген. Әр өлеңнен дінді арқау ете отырып еркіндік пен азатшылдықты ұран қылып көтерген ақын мақсатын айқын аңғарамыз. Ақынның артында қалдырған мол мұрасы тек өлең-жырдан ғана тұрмайды. Оның өз қолымен жазып қалдырған қолжазбасы зерттеушілердің айтуы бойынша отыз томдай. Онда қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, өнері мен әдет-ғұрпына қатысты ұшан теңіз мұра бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев – өмір бойы ғылым-білім үйреніп ізденіспен өткен. Ғылым-білім арқылы ұлтының санасын оятуға ұмтылып, тура жолды нұсқай білген ғұлама жанның бірі. Ол ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің әр түрлі саласында қалдырған мол мұраларымен қазақ әдебиеті тарихының тарихының аталған кезеңінен ерекше орын алады.