ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18539
Скачиваний: 9
ХҮІІ ғасырда еркін ойшылдық Еуропа халықтарының әртүрлі таптарының арасында кең таралды. Белгілі неміс философы Г. Лейбниц «Туындап келе жатқан атеизмнің құлдырауы» туралы жаза отырып, атеистер мен скептиктерге және натуралистерге қарсы тұруға шақырды. Арамызда «халықты құдайдың жазмышын мойындап, оған табынудан бұрып әкететін, ал құдайдың өзіне бұл дүниеден орын қалдырмайтын, немесе оны сана мен ырықтан жұрдай жалпы табиғи санасыз күшке немесе әлемдік рухқа айналдыратын адамдар кездеседі», - деп жазды Лейбниц.
Б.Спиноза «Богословско-политический трактат» атты еңбегінде Інжілді ғылыми талдаудың негізін қалады. Інжіл бұл адам санасының жемісі және оны сыңаржақтылыққа ұрынбай еркін түрде зерттеу керек. Қасиетті Жазу көптеген авторлардың шығармашылықтарының жемісі. Б.Спиноза: «Менің ойымша Жазбаны талқылау әдісі табиғатты талқылау әдісінен ерекшеленбейді, бірақ онымен толықтай үйлеседі», - деп жазды. Б.Спиноза інжілдік кітаптардың жазылуына ықпал жағдайларды, соның ішінде еврей тіліндегі өзгерістерді ескеруге талпынды. Ол «Әрбір кітап авторының өмірін, мінезін және шұғылданған істерін білу өте маңызды. Ол автор кім болған, жазбаларды қандай себеппен, қай уақытта және қандай тілде жазғанын білу керек, сонымен қатар, қазіргі бізге мәлім болған барлық кітаптар қалай бір-бірімен байланысты екендігін анықтау қажет. Соңында, сол жазбалардағы ережелер не себептен, қандай уақытта және қандай халық пен қандай ғасырға арналып жазылғандығын білу өте маңызды. Бұл жазбалар бұрмаланды ма, жоқпа, қателіктерге жол берілді ме және бұл қателіктер түзетілді ме» деген сауалдарды алға тартады және осы принциптерге сүйене отырып, Тәураттың авторы Мұса емес, Қазылар, Самуил және Патшлар кітаптары оларға дейінгі көне кітаптардың өңделген түрі деген қағиданы дәлелдейді. Спиноза Пайғамбарлар Кітаптарына көп назар аударды. Пайғамбарларға әсерлі елестету тән, бірақ көп нәрсені білмеді дейді Спиноза. Пайғамбарлықтың сипаты пайғамбардың өмір сүрген ортасына, оның темпераментіне тікелей байланысты. Б.Спиноза еврей халқының құдайдың қалаулы халқы екенін сынға алды. Парасаты мен ізгілігі тұрғысынан қалаулы халықтар жоқ, барлық халықтар тең. Христианшылдықты талдаған Б.Спиноза Исаның азап шегуін, өлуі мен жерленуін сөзбе сөз қабылдаса, ал оның қайта тірілуін аллергориялық түрде қабылдайтынын атап көрсетеді.
Атақты француз философы П. Бейль де дінді түсінуде скептицизм позицияларын ұстанды. Оның дүниетанымы ортағасырлық философияның болмысты шынайы зерттейтіндігіне күмәнмен қараған М. Монтеньнің ықпалымен қалыптасты. М. Монтень: «Білімге деген табиғи талпыныстан жоғары ештеңе жоқ. Біз білімді игеру үшін еш нәрседен тайынбаймыз» дейді. П. Бейль моральдың құдайлық заңдардан тәуелсіздігі принципін ұсынды. Жақсылық пен жамандыққа жақын болу – діннен емес, бірақ адамның өзінен, күнәһар рух құдайдың бар екендігін мойындауы мүмкін. Крест жорықтарына қатысқан христиандар «адам естімеген зұлымдықтарды жасады... Батыс христиандары жауыздықтың ең ауыр түрлеріне барды» дейді П. Бейль. Сонымен қатар П. Бейль адамгершіліктің атеистер қоғамына да тән болуының мүмкіндігін теріске шығармайды. Мұндай қоғам қоғамдық тыныштықты сақтауға жеткілікті принциптеріне ие бола алады. П. Бейль атеизмі дінді негізсіз терістеу емес. «Атеизмді табиғат барлық заттардың себебі және ол өз өзінің арқасында мәңгілік болады деген қағидаға әкеліп саюға болады» дейді француз ойшылы. Бейльдің уақытынан бастап атеист құрметке ие, беделді адам ретінде танылды.
Діни соқыр сенімдер мен шіркеуді ағылшын ойшылы Т. Гоббста қатал сынға алды. Оның шығармашылық қызметі ағылшын буржуазиялық төңкерісінің қызып тұрған уақытына сәйкес келген Т.Гоббс ар-ұждан бостандығының жанқияр күрескері болғанымен, атеистердің көзқарастарын қолдамады, өйткені ол атеистер жүгенсіздік пен анархияға бастауы мүмкін деп санады. Мықты мемлекеттілікті қолдаған ол дін мемлекет билігінің күшеюіне зор үлесін қоса алады, өйткені дін өкімет пен билікке бағыныштылық сезімін тудырады деп санады. Т. Гоббс денесіз субстанциялар жоқ, сондықтан дінде айтылатын өлгендердің рухы өмір сүретін о дүние де жоқ деп тұжырымдайды. Т. Гоббс Інжілдің метафоралық-аллегориялық түсіндірмесін ұсынады. Құдай және Ібіліс – адам бойындағы қасиеттердің балама есімдері. Алғашқылардың бірі болып Гоббс діннің пайда болу себептеріне де көңіл аударды және кедейшілік пен басқа да ауыр жағдайлар алдындағы, белгісіз болашақ алдындағы үрей мен қорқынышты, билік басындағылардың халықты адастыруын, әр нәрсенің себебін білуге деген талпыныс пен таңданысты, надандықты осындай себептер қатарына қосты.
Діни фанатизм мен клерикалдық езгімен білек сыбана күрескендердің – Ф.М.Вольтер. Ол Жоғарғы парасат иесі ретінде құдайды мойындады. Аспан денелерінің қозғалысын, тірі организмдердің кемел құрылысын құдай болмысымен, ал адам мен адамзаттың дамуын Вольтер табиғи себептермен байланыстырды. Оның антиклерикализмі тек Францияда емес, сонымен қатар, бүкіл Европада мен Америкада және Ресейде дінге қарсы көңіл-күйдің кең таралуына ықпал етті. Вольтер бойынша, діни фанатизмнің бастауы сонау ежелгі шығыс діндерінде, әсіресе христиандық пен исламның бастау бұлағы болып табылатын иудей дінінде жасырынған. Осы діндердің барлығы қоғам ішінде авторитарлы билікті орнатуға талпынады. Вольтер әсіресе, римдік-католиктік шіркеуін аяусыз сынға алды, оның «Жыланды таптаңдар!» үндеуі католиктік Римнің экспансиялық саясатын сынағандар тарапынан қызу қолдау тапты.
Ағылшын деисі Дж.Толанд (1670 - 1722) деизмнің эволюциясын сипаттауда таптырмайтын дерек болып табылатын «Серенаға хаттар» шығармасын басып шығарды. Анығында Дж.Толанд алғашқы қозғаушы күш идеясымен байланысты деизмнің шеңберін жарық шықты десе де болады. Ол үшін материя ішкі қуатқа ие белсенді бастау болып табылады. Дж.Толанд шынайы дін ырымшылдық сенім мен атеизм арасында жатыр, бірақ қоғам үшін ырымшылдық сенім атеизмге қарағанда қауіпті болмақ дейді. П.Бейльдің ықпалымен Дж.Толанд атеисттің образын жоғары орынға көтерді. Қылмыс жасаудан атеисті дін емес, өзінің парыздарына деген азаматтық борышы тоқтатады. Атеисті ештеңе де басқаларға қастандық жасауға итермелей алмайды. Атеист «ешқашан сенім айырмашылығы үшін өзге адамды жеккөрмейді немесе қарумен қудаламайды, өйткені оны адамдардың неге сенетіні емес, іс-әрекеттері көбірек мазалайды», - деп жазды Дж.Толанд. Ол атеист о дүниеде құрмет пен рахатқа бөленем деп үміттенбейді, өйткені ешкімнің де басқа біреудің көмегі мен қолауынсыз бақытқа жете алмайтындығын біледі деп тұжырымдайды.
ХҮІІІ ғасырдағы Германиядағы еркін ойшылдық П. Бейль, Ф. Вольтер, П. Гольбах сияқты француз ойшылдарының және сонымен қатар Б.Спинозаның пантеистік ілімінің ықпалымен қалыптасты. ХҮІІІ ғасырдағы Германиядағы шіркеу мен діннің атақты сыншылары Г.Э.Лессинг (1729 - 1781), ақын және публицист Ф. Шиллер (1759- 1805) сонымен қатар тарихшы, филолог, фольклортанушы И.Г. Гердер (1744 - 1803) болды. И.Г. Гердердің «Идеи к философии истории человечества» кітабы тек Жердің пайда болуы, оның ғарыштағы қалпы, өсімдік және жануарлар әлемінің, адамның пайда болуы мен болмысы, оның «табиғат-анамен» байланысы туралы білімдердің жиынтығы ғана емес, бұл кітап сонымен қатар, Жер бетіндегі халықтардың – қытайлардың, тибеттіктердің, үнділердің, мысырлықтардың, вавилондықтардың, парсылардың, гректердің, римдіктердің, еврейлердің және т.б. халықтардың діни ілімдері туралы білімдерді қамтыды. Табиғат заңына сай қарапайымнан күрделіге төменгі сатыдан жоғарғысына қарай даму идеясы адамзаттың тарихына, мәдениетіне, ғылымына және дініне таралады. И.Г. Гердер қоғамды өзі адамсүйгіштік деп атаған жоғары кемел қалыпқа қарай ұмтылуда деп пайымдады, өйткені бұл – адам табиғатының мақсаты. Гердер діндер тарихы туралы білімдеріне сүйене отырып, оның пайда болуын адам табиғатынан іздеді. Дін адамның табиғат күштерінің ықпалын сезінгенінің нәтижесінен пайда болды. Еврейлердің діндерін қарастыра отырып, ол «еврей туындылары» әлемнің жаратылысы және зұлымдықтың пайда болуы туралы ойға қонымды түсініктер бергенімен, оларды бұрмалап түсіндірудің қоғамға үлкен нұқсан келтіргенін байқады. Алма мен жылан туралы хикаядан көптеген зиянды пайда болды, табиғат зерттеушілері жердің құрылымының бәрін қырық күндік су тасқымен байланыстырды, тарихшылар жер бетін мекендеген барлық халықтарды құдайдың қалаулы халқына әкеп таңды. Гердер христиандықты қарастыра отырып, оның пайда болуын құтқарушыны күткен еврей халқының шамадан тыс кедейленуімен байланыстырады, сол кездегі «аяндар» шегіне жетіп шиеленіскен қиялдан туындады деп жазады. Гердер христианшылдықтың екі ұштылығына назарын аударады. Бір жағынан ол адамдарды жалғыз құдайға сендіру арқылы оларда бауырластық сезімін туындатты, екіншіден, «құлдықтың кісендері мен езгісін ұсынып» халықтарды құлдарға айналдырды. «Құдіретті христиан халықтары бір-бірін қатыгездікпен басып жаншыды, ал олар өз ішінде қырық пышақ болып, қырлысып жатты».
ХҮІІІ ғасырда Америкада ағылшын колониялардың метрополиялардан тәуелсіздігі жолындағы күресі жүріп жатты. Ағылшын шіркеуі колониализмді жақтағандықтан, Америкада пуритандық секталар тарала бастады, бірақ сонымен қатар ағартушылық парасат тұрғысынан діни фанатизмге қарсы шыққан адамдар да аз болған жоқ. Протестанттар арасында деистік ойларды қолдайтын либералдар пайда бола бастады. Америкалық ағартушылықтың көрнекті өкілі – саясаткер, жаратылыстанушы, философ Б. Франклин (1706-1790). Барлық америкалық ағартушылар секілді Б.Франклин де деистік көзқарасты ұстанды. Ол адам алып механизм – әлемнің бір бөлшегі, ал оның іс-әрекеттері адамның өзіне байланысты деді. Франклиннің уағыздаған моралі негізінде діннен бөлек болды. Ол конгресс мүшелерінен дінді уағыздауды талап ететін бапты АҚШ конституциясына енгізуге қарсы шықты. Құдайға деген ең жақсы құлшылық оның (құдайдың) басқа балаларына жақсылық жасау деп білді. Франклин антиклерикализмі дәйектілігімен ерекшеленеді. Ол басқаша ойлайтындарды қудалауға қарсы шығып, діни төзімділікке шақырды.
Тәуелсіздік жолында күрескен америка халқының көсемдерінің бірі, «Тәуелсіздік декларациясы» еңбегінің авторы Т.Джефферсон шіркеудің мемлекеттен ажыратылуын және діни бостандықты ашық, көпшілік алдында талап етті. Парасат және еркін зерттеу – міне, адасушылықтарға қарсы тұратын бірден бір күш осылар деді. Джефферсон христианшылдықты күштеп енгізудің кері нәтижелерін көрсетті. Христианшылдықты күштеп енгізгеннен кейін көптеген адамдар отқа өртелді, азапталды, айыпталды, түрмелерге қамалды. Күштеп енгізгеннің нәтижесінде «дүниенің бір бөлігінің ақымақ, екіші бөлігінің екі жүзді» екендігі анықталды деп жазды Джефферсон .
Американың тәуелсіздігі үшін соғыстың және Француз төңкерісінің белсенді қайтаркері Т. Пейн (1737 - 1809) дінді сынауды насихатпен байланыстырып, заманауи жаратылыстану жетістіктерін кеңінен қолданды. Өзінің «Век разума» шығармасында ол христианшылдықтың құпияларын, ғажайыптар мен пайғамбарлық туралы ілімін жетілмеген және адамзатты алдау мақсатындағы ойдан шығарылған ілім деп сипаттады. Пейн жаңа шынайы дінді қалыптастыруға аянбай тер төкті. Оның ойынша мұндай дін «...таза және қарапайым деизм болу керек. Ол адам сенімдерінің ішіндегі алғашқы және ең соңғысы». Ол адамның құдайды тануы тек өзіндік сана арқылы жүзеге асады деп сенді. Ол Інжілдің әрбір кітабын талдау нәтижесінде олар адам ақылының нәтижесі деген тұжырымға келді.
Еркін ойшылдықтағы заманауи нигилистік бағыт өз бастауын Ф.Ницшеден алады. Ол «Так говорил Заратустра», «По ту сторону добра и зла», «Антихристианин» және т.б. еңбектердің авторы болып табылады. Ницшешілдік ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында қалыптасты. Қазіргі таңға дейін оның көптеген ізбасарлары бар.
Ницше өзінің философиясын ақиқат, жақсылық пен адамсүйгіштіктің табалдырығында тұрған «нигилизм» деп сипаттайды. Ницше нигилизмнің енжар және белсенді екі типін ажыратады. Енжар – әлсіздіктің, ырық пен рухтың құлдырауының белгісі, ал белсенді нигилизм – сана мен ырықтың қарқынды қуатының белгісі болып табылады. Бұрынғы құндылықтары мен мақсаттар, сенімдер мен идеалдар болашақтың талаптарына сай келмейді, болашаққа батыл қадам басу үшін «ырық еркіндігі» мен «шығармашылық интуиция» қажет. Ницше «Құдай өлді» дейді, бұл барлық құндылықтарды, әсіресе, христиандық құндылықтарды қайта қарап шығу қажеттілігіне меңзейді. Философтың ойынша христианшылдық адамның ерік-жігерін жасытады, рухын әлсіретеді. Ол христианшылдыққа негізін мәңгілік қайту оралу құрайтын діндердің жаңа дінін қарсы қояды. Мәңгілік қайта оралудың нәтижесінде бүкіл адамзаттың мақсаты болып табылатын жоғары адам (сверх человек) пайда болады. Жоғары адамның негізгі құндылығы – биліке деген ырық. «Билік ету және құдай құлы болудан құтылу» адамды асқақ мұратқа жеткізудің тек осы тәсілі ғана қалды дейді Ницше.
Заманауи еркін ойшылдар арасында америкалық философ П.Курцтың еңбектерінде тұжырымдалған секулярлы гуманизм теориясы үлкен ықпалға ие болды. Өзінің «Трансцендентальное искушение», «Критика религии и паронормальное», «Полнота жизни» және т.б. еңбектерінде ғалым діннің мәні жайлы сұрақтар қойып, оның мистикамен байланысын ашады. Құдайға деген сенімнің пайда болуын зерттей отырып, бұл сенімнің халықтардың әлеуметтік және мәдени жағдайларынан, дәстүрлері мен ғұрыптарынан терең тамыр алатынын айтыды. Ойшылдың пайымдауынша, діннің болуының себептерінің бірі – адамдардың магиялық ойлауға және оны қабылдауға бейімділігі. Діни жүйелер идеалдандырылған елестің шығармашылық туындысы, онда адамдардың армандары мен қайғы-қасыреттері бейнеленеді деп түсіндіреді ғалым.
Л. Фейербахтың атеизмі. Германиядағы еркін ойшылдық тарихында материалист және атеист Л.Фейербахтың тұлғасы ерекше орын алады. Ол «Христиандықтың мәні» және «діннің мәні туралы дәрістер» еңбектерінде діннің пайда болу себептерін зерттеп, діни көзқарастардың қалыптасуы мен дамуындағы сезімнің, эмоцияның рөлін ашады. Ол дінді табиғи және рухани жіктейді. Алғашқысы қоғам дамуының ертедегі кезінде пайда болған және табиғат құбылыстарына табынуды болып табылады, ал рухани дін (моноатеистік) адам бойындағы рухани қасиеттерді құдайылық дәрежеге ұлықтайды. Л.Фейербахтың пікірінше, жалпы кез келген діннің негізінде тәуелділік сезімі жатады, табиғи дінде адамның табиғатқа тәуелділігі, ал руханида – әлеуметтік күштерге тәуелділігі көрініс табады. Сонымен қатар, Л. Фейербах діннің пайда болуының гносеологиялық алғышарттары туралы да ой қозғайды. Діннің негізі адамның елестету, қиялдану қабілеті деп санайды және оны діннің «теориялық» себебі деп атайды. Фейербахтың айтуынша, Құдай адамның санасында ғана өмір сүретін объектіленген абстаркция. Таным процесінде адам санасы ұғымды шындықтан ажыратып алады да елесті шындық деп қабылдайды. Өзінің бейнесін өзінен тыс орналыстырған адам оны өзіндік тіршілік иесі ретінде елестетеді. Табиғи діндерде адам табиғаттан оның қасиеттері туралы ұғымдарды бөліп алып оларды объективтендіреді, оларға құдайылық құдіреттерді таңады. Рухани діндерде адам адамзат тегінің мәні ретіндегі өз мәнін құдіреттендіреді. Адамзатқа тән ортақ қасиеттер – зерде, мәңгілік, күш-қуат, игілік – ой түрінде адамнан ажыратылып, қиялдың күшімен дербес тіршілік иесі – Құдайға айналдырылады. Бақытқа апаратын жолды іздеген, бірақ оны таппаған адамның мәні одан аластайды. Адамның жан дүниесі екіге бөлінеді – адам өз мәнін абсолюттендіріп, содан кейін оны бөтен әлдене ретінде өзіне қарама-қарсы қояды. Л. Фейербах христианшылдыққа жан-жақты талдау жасайды. Христиандықтың иудаизмнен өзгеше, жаңа дін болғанымен содан шыққанын көрсетеді, христаншылдық пен пұтқа табыну діндерінің арақатынасын зерттейді. Ол христианшылдықтағы құдай идеясының шығу тегін жан-жақты қарастыра келе, христианшылдық құдай ұзаққа созылған абстракциялау процесінің жемісі деген шешімге келді. Л.Фейербах, дін мен адамгершілік бір-біріне қайшы келеді деп санайды. Діни сенім адамның аясын тарылтады, еркіндігінен айырады. Сенім «дінге сенетін адам үшін игілік, ал иланбаған адам үшін зұлымдық». «Дінің мәні туралы дәрісте» Л. Фейербах атеизмнің әлеуметтік және адамгершілік мәнін ашып көрсетеді. «Нағыз атеизм»,- дейді ол, оң құбылыс – ол Құдайдың орнына адамды, о дүниенің орнына – осы дүниені қояды. Атеизмнің өмір сүру құқын негіздей отырып, Л. Фейербах Құдайға деген сүйіспеншілдіктің орнына жалғыз ақиқат дін болып табылатын адамға деген сүйіспеншілдікті қою крек деп тұжырымдайды.