Файл: 15 дріс таырыбы Белгібай Шалабаев, уанды Жсіпов жне Нржамал Оралбаева.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 06.12.2023
Просмотров: 128
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. Қаныш Сәтбаев аштықтан иесіз қалған ауыл балаларына өз көмегін көрсеткен.
Қазақтың Қанышы жайлы 15 қызықты дерек
1. Ғұлама ғалымның шын есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
2. Академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы «Ертіс-Қарағанды» каналы. Сәтбаев 1958-1959 жылдары өзі кәміл сенген істі, Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Бірақ жобаның құрылысы 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға шаш-етектен кенелді. Осы жұмыстың басында жанқиярлық еңбегін сарп еткен қазақтың Қанышы болатын
3. Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан. Биді қадірлейтін. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.
4. Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 беттен тұрған.
5. 1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Анлгияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
6. Әйгілі Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі. Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған.
7. Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Ә. Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып, Алматыдағы КСРО Ғылым Академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ Сәтпаев оған археологиямен айналысуға кеңес береді.
8. Ғұлама ғалым, академик Қаныш әкесі Имантайдың кіші жарынан туған. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызымен ширек ғасырға жуық тату-тәтті отасқанымен, орталарында бала болмапты. Нұрым бір қыз туған екен, оның өзі де жастай шетінеп кетіпті. Бір қызығы, Имантайдың бәйбішесі күйеуінің төсек жаңғыртуына қарсы болмай, кіші жарды өзі таңдап берген. Бәйбішенің таңдауы отыздан асқан Әлимаға түскен. Әлима – әйгілі Мұса Шорман әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.
9. Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлық ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Сіләмхан ақсақалдың айтуына қарағанда, екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бір-бірін тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан.
10. Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.
11. Қаныш айтқан екен: «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында – ғылым академиясында халқының, өз Отанының мүдделеріне бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек».
12. Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін орындауды ұнатқан. Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыка танушы-фольклорист Александр Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған.
13. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Ал өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар!» – деген.
14. Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс» деген.
15. Қаныш Сәтбаев жастайынан этнографияға қызыққан. Бала кезінен әртүрлі жер-су атауы туралы аңыз әңгімелерді тыңдап өседі. Ер жеткен соң геология ғылымы саласына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дегенмен өзінің топонимикаға деген қызығушылығын да жоғалтқан емес. Кейіннен мұның оған орасан зор пайдасы тиеді.
Әдебиеттер:
-
Сәрсеке. М ЖЗЛ. Сәтпаев. Мәскеу, Молодая гвардия, 2003 жыл,
2. "Қаныш" энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясының" редакциясы, 2011 жыл.
3. Құмырұзақұлы А. Қазақтың Қанышы жайлы 15 қызықты дерек //http://e-history.kz
4. Қозғамбаева Г.Б. Ұлы ғалым, геолог – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев // «edu.e-history.kz» № 1 (09).
5. Сәтбаева Ш. Сәулелі әулет - Алматы: Қазақстан, 1996. - 175 б.
Тақырыбы: Әлкей Марғұлан әлемі
Әлкей Хақанұлы Марғұлан ( 1904 - 1985)Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебитетану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымдарының докторы (1945), Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі (1958), профессор (1960), Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері (1961).1904 ж. 11 мамырда Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген.
Əкесі Хақан – атақты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Əлкейдің əкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, үйде халық əндері мен Абай əуендері жиі шырқалатын. Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренді, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалым Мəшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сəтбаев жəне қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан. Əлкей бастауыш білімді ауыл мектебінен алды.
1915 жылы Баянауылда үш сыныпты орыс мектебінде оқыды. 15 жасыңда гимназияда оқу мақсатымен Екатеринбург қаласына сапар шегіп, алайда Азамат соғысының кесірінен оқи алмай қалады. 1919 жылы Əлкей Хақанұлы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, белгілі əнші Майраның үйінде тұрады. 1920 жылы курсты бітірген соң туған ауылына оралып, Далба мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады.
1921 жылы Əбікей Зейінұлы Сəтбаев сынды белгілі қазақ ағартушысы директор болған Семей техникумына оқуға түседі (1939 жылы Əлкей Хақанұлы Ə. Сəтбаевтың қызы Раушан Əбікейқызына үйленді). Семейде оқып жүрген кезінде Əлкей Хақанұлы «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен байланыс жасап тұрады. Осында ол Мұхтар Омарханұлы Əуезовпен танысады, екеуінің арасындағы достық ұзақ жылдарға созылған сыйластық қарым-қатынасқа айналады. М. Əуезовпен бірге Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға барып, Абайдың баласы Тұрағұлмен жəне Абай əндерін тамаша орындайтын Абайдың немересі Жəбірейілмен таныс болады.
Осы жылдары Əлкей Хақанұлы атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлымен танысып, достық байланыста болады. М.Əуезовтің кеңесі бойынша, 1925 жылы Əлкей Хақанұлы Ленинградқа сапар шегіп, 1925—31 жж. арасында Шығыс институтының əдебиет факультетіне түсіп, бір уақытта Ленинград университеті жəне өнер тарихы институтының дəрістерін тыңдайды. Түркітанушы Е. Бертельстің, арабтанушы, Құран Кəрімнің аудармашысы жəне білгірі И. Крачковскийдің, эпостанушы В. Жирмунскийдің, академиктер К. Розановтың, Е. Тарленің еңбектерімен танысады.
Ғылым негіздерін табысты игере отырып Ə. Марғұлан Ленинградтың бай мұрағаттарынан бірнеше қайнар бастауларды зерттейді, қазақ халқының мəдениеті мен тарихы бойынша əдеби жəне архивтік материалдарды жинаумен шұғылданады. Осы жылдары ол əдеби шығармашылық қызметке де ден қояды. Оның аудармасы арқылы қазақ оқырманы алғаш рет атақты орыс жəне шетел жазушыларының шығармаларымен танысады.
Ленинградта Əлкей Хақанұлы А. Затаевичпен танысып, онымен бірге туған өлкеге келеді, атақты музыкатанушы көптеген қазақтың халық əуендерін жазып алды. 1926-1927 жылдары академик А. Ферсман жəне профессор С. Руденко жетекшілігімен одақтас жəне автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше комитеттің қазақстандық жəне алтайлық экспедицияларына қатысады.
Ə. Марғұланның қазақ халқының мəдениетін жəне наным-сенімін, ғұрыптары мен салт-дəстүрлерін білуі экспедицияның антопологиялық отрядының жұмысына үлкен практикалық көмегін тигізеді. Əлкей Марғұлан экспедиция материалдары негізінде найман мен адай тайпалары туралы алғашқы ғылыми еңбегін жазды.
1929 жылы Əлкей Марғұлан Шығыс институтындағы оқуын бітіріп, Абай шығармашылығы туралы дипломдық жұмысын табысты қорғап шықты. Ə. Марғүлан өзінің кандидаттық диссертациясына аз зерттелген жəне уақытында үлкен ғылыми қызығушылық тудырған: «Паузе жəне жарлықтардың, тағылған атақтардың тарихи мағынасы» мəселесін таңдап алды. Шын мəніңде бұл қыпшақтық этномəдени қауымының жазба ескерткіштерін зерттеудің алғашқы қадамы еді.
Оқуын бітіріп келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа әліпби комитетінде ғылыми қызметкер болады. Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Әлкей елге келгеннен кейін де осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан әрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізеді. Содан жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбек жазады. «Хандар жарлығының тарихи әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл көне қыпшақ тарихын зерттеудегі құнды ғылыми еңбек еді.
Осыдан бір жылдан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының археология секторының меңгерушісі болып тағайындалады. Өзі қалап алған жұмыспен тікелей айналысуға мол мүмкіндік алған Әлкей Марғұлан енді Орталық Қазақстанды зерттеуге бет бұрады.