Файл: Несеп жыныс аппараты.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 06.12.2023

Просмотров: 152

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Соңғы түрі. 1.08.22. Лунара Әлібекқызына жібердім.

НЕСЕП – ЖЫНЫС АППАРАТЫ
Несеп – жыныс аппараты, appararatus urogenitalis, несеп және жыныс ағзаларынан құралады. Осы жағдайда не себепті несеп – жыныс аппараты, деп аталатынын анықтай кетейік.

Ағзалар аппаратын – атқаратын қызметі біртектес, бірақ даму тегі мен жалпы құрылымы әр – түрлі ағзалар (тірек – қимыл аппараты) немесе атқаратын қызметтері әр – түрлі, бірақ дамуы мен құрылымы ортақ ағзалар құрайды. Сонымен, несеп – жыныс аппаратын түзетін несеп және жыныс ағзалары, дамуы мен құрылымы жағынан тығыз байланысты болғанымен, әр – түрлі қызметтер атқарады.

Ал,ағзалар жүйесін – атқаратын қызметі біртектес, даму тегі мен жалпы құрылымы ортақ ағзалар құрайды
НЕСЕП АҒЗАЛАРЫ

Несеп ағзаларына, organa urinaria, 1) несеп өндіретін - бүйрек; 2) несеп жиналатын несеп қуық; 3) несепті шығаратын - бүйрек тостағаншалары, бүйрек түбегі, несепағар, несеп шығаратын өзек(үрпі) жатады( 1,2 –суреттер. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).




1 – сурет. (2 том) Еркек несеп – жыныс аппараты.

1 – бүйрек; 2 – бүйректің қыртысты заты; 3 –бүйрек пирамидалары; 4 – бүйрек түбегі; 5 –несепағар; 6 – несеп қуықтың ұшы; 7 – кіндіктік ортаңғы байлам; 8 – несеп қуықтың денесі; 9 – еркек жыныс мүшесінің денесі; 10 – еркек жыныс мүшесінің арқашығы; 11 – еркек жыныс мүшесінің басы; 12 – атабез үлесшелері; 13 – атабез; 14 – атабез қосалқысы; 15 – шәует шығаратын түтік; 16 –– еркек жыныс мүшесінің түбірі; 17 – буылтық – несеп шығаратын өзек безі; 18 – несеп шығаратын өзектің жарғақтық бөлігі; 19 – қуықасты безі; 20 – шәует қуықшасы; 21 - шәует шығаратын түтіктің ампуласы; 22 - несеп қуықтыңтүбі; 23 - бүйрек қақпасы; 24 – бүйрек артериясы; 25 – бүйрек венасы.






2 – сурет. (2 том) Әйел несеп – жыныс аппараты.

1 – бүйрек; 2 – несепағар; 3 –жатыр түбі; 4 – жатыр қуысы; 5 - жатыр денесі; 6 – жатыр түтігінің шажырқайы; 7 – жатыр түтігінің ампуласы; 8 – түтік шашақтары; 9 – жатыр шажырқайы (жатырдың жалпақ байламы); 10 – несеп қуық; 11 – несеп қуықтың шырышты қабығы; 12 – несепағар тесігі; 13 – деліткі аяқшасы; 14 – деліткі денесі; 15 – деліткі басы; 16 –– несеп шығаратын өзектің сыртқы тесігі; 17 – қынап тесігі; 18 – кіреберістің үлкен бездері (бартолин бездері); 19 – кіреберіс буылтығы; 20 – несеп шығаратын өзек; 21 - қынап; 22 - қынап қатпарлары; 23 – жатыр тесігі; 24 – жатыр мойнының өзегі; 25 – жатырдың дөңгелек байламы 26 – анабез; 27 - анабез түйіншелері; 28 – көпіршікті өсінді; 29 – анабез қосалқысы, 30 – түтік қатпарлары.

БҮЙРЕК




Бүйрек, ren (грекше, nephros)несеп түзуші және шығарушы, жұп ағза. Пішіні, сырты дөңес, үрме бұршақ тәрізді, күрең қызыл түсті, беті тегіс, тығыз заттан түзілген ағза. Ересектердегі бүйрек көлемі: ұзындығы – 10 - 13 см, ені – 5 - 6 см, паренхимасының қалыңдығы 3 - 4 см, орташа салмағы 180 грамм шамасында болады.

Бүйректің алдыңғы бетін, facies anterior және артқы бетін, facies posterior, екі жиегін – медиалды, margo medialis, және латералды жиегін, margo lateralis, сонымен қатар – жоғарғы шетін, extremitas superior, және төменгі шетін, extremitas inferior, ажыратады. Алдыңғы беті артқысына қарағанда дөңестеу, медиалды жиегі ойыс, ал латералды жиегі дөңес болып келеді.

Медиалды жиектің ортасында бүйрек қақпасы, hilum renalis, деп аталатын ұңғыл орналасқан. Ол арқылы бүйрекке, бүйрек артериясы, нервтер кіреді, ал несепағар , бүйрек венасы мен лимфа тамырлары шығады. Аты аталған түзілістер жиынтығы бүйрек аяқшасын құрайды.

Бүйрек қақпасы перенхиманың ішіне еніп, бүйрек қойнауы, sinus renalis, деп аталатын қуысқа жалғасады. Бүйрек қойнауында, бүйрек тостағаншалары, бүйрек түбегі, нервтер, қан және лимфа тамырлары, сонымен бірге майлы тін орналасқан.


Бүйректердің қабықтары. Бүйректі сыртынан қоршап жатқан үш қабығы болады. Ол сыртынан тікелей жұқа, бірақ тығыз талшықты (фиброзды) қапшықпен, capsula fibrosa, жабылған, бұл қапшық бүйрек затынан оңай ажыратылады. Талшықты қапшықтың сыртында қалың майлы қапшық, capsula adiposa, орналасады, ол бүйрек қақпасы арқылы бүйрек қойнауына енеді. Майлы қапшық ағзаның артқы бетінде, алдыңғы бетіне қарағанда қалың болады да - бүйрек жанындағы майлы дене, corpus adiposum pararenale, деп аталады.

Майлы қапшықтың сыртында бүйрек шандыры, fascia renalis, орналасады, ол бүйректі алдыңғы (бүйрек алдындағы жапырақшасы) және артқы жағынан (бүйрек артындағы жапырақшасы) қаптап жатады. Бүйректің латералды жиегінде алдыңғы және артқы жапырақшалар бір – бірімен қосылады, ал, медиалды жиегінде қосылмайды.

Бүйрек алдындағы жапырақша алдыңғы жағынан бүйрек тамырларын, іштік қолқаны, төменгі қуыс венаны жабады да, омыртқа бағанасының алдында қарама – қарсы жаққа ауысады. Бүйрек артындағы жапырақшалар оң және сол жағынан омыртқа бағанасының бүйір бөлімдеріне бекиді. Бүйректердің жоғарғы шеттерінде алдыңғы және артқы жапырақшалар бүйрекүсті безін жауып, бір-бірімен қосылады. Бүйректердің төменгі шеттерінде алдыңғы және артқы жапырақшалар бір-бірімен қосылмайды.


Бүйректердің топографиясы. Бүйректер іш қуысының белдік аймағында, омыртқа бағанасының екі жанында, ішастарартындағы кеңістікте (ретроперитонеалды) орналасады.

Олардың бойлық біліктері өзара бұрыш құрай орналасады, сондықтан оң және сол бүйректердің жоғарғы шеттерінің ара қашықтығы 7-9 см-дей болса, ал төменгі шеттерінің арасы 11 см. шамасында болады. Бүйректер артқы жағында көкетке, белдің шаршы бұлшықетіне, іштің көлденең бұлшықетіне және белдік үлкен бұлшықетке жанасып жатады, бұл бұлшықеттер ұңғыл – бүйрек орнын түзеді ( 3 –сурет ).

Оң бүйрек сол сол бүйрекке қарағанда төменірек орналасады (себебі, үстіңгі жағында бауыр жатады). Оң бүйректің жоғарғы шеті ΧΙ - кеуде омыртқасының төменгі жиегі деңгейінде, ал, төменгі шеті ΙΙΙ-бел омыртқасының ортасы деңгейінде орналасады. Сол бүйректің жоғарғы шеті ΧΙ - ші кеуде омыртқасының ортасы деңгейінде, ал, төменгі шеті ІІІ бел омыртқасының жоғарғы жиегі деңгейінде орналасқан. Қабырғалармен арақатынасына келетін болсақ: ΧΙΙ- қабырға оң бүйректің ортаңғы және жоғарғы үштен бір бөліктерінің шекарасында, ал, сол бүйректің ортасы аймағында проекцияланады.

Бүйректердің орналасуының жеке ерекшеліктері болады. Бүйректер жоғары немесе төмен орналасуы мүмкін

Оң және сол жақтағы бүйректерге әр түрлі ағзалар жанасып (синтопиясы) жатады. Екі бүйректің де жоғарғы шеттері бүйрекүсті бездерімен жанасады. Бүйректердің алдыңғы беті париеталды ішастармен жабылған. Оң бүйректің алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігіне бауыр, ал төменгі ⅓ бөлігіне тоқ ішектің оң иілімі мен аш ішек жанасады. Оң бүйректің медиалды жиегіне он екі елі ішектің төмендеген бөлігі жанасып орналасады.

Сол бүйректің алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігі асқазанмен, ортаңғы бөлігі – ұйқы безімен, төменгі бөлігі – ащы ішекпен (аш ішектің екінші бөлігі) жанасады. Сол бүйректің латералды жиегі жоғарғы бөлігінде көкбауырға, төменгі бөлігінде жиек ішектің сол иіліміне немесе төмендеген жиек ішектің бастапқы бөлігіне жанасып жатады.




3 – сурет. Бүйректің синтопиясы.

1 – бүйрек; 2 – бүйрекүсті безі; 3 – төменгі қуыс вена; 4 – көкет (белдік бөлігі); 5 – іштің көлденең бұлшықеті; 6 – белдің шаршы бұлшықеті; 7 – белдің үлкен бұлшықеті; 8 –қолқаның іштік бөлігі; Оң бүйрек жанасады: I – бауырмен; II – жиек ішектің оң иілімімен; III – он екі елі ішекпен; IV – аш ішектің ілмектерімен.


Сол бүйрек жанасады: V – асқазанмен; VI – көкбауырмен; VII – ұйқы безімен; VIII - аш ішектің ілмектерімен; IX – төмендеген жиек ішекпен.
Бүйректің бекітуші аппараты. Бүйректердің қалыпты топографиялық орналасуын бекітуші аппараты қамтамасыз етеді, оған төмендегі факторлар жатады:

1) іш қуысының қысымы, ол іш, көкет және шат бұлшықеттерінің жиырылуынан пайда болады;

2) бүйрек қабықтары, олардың ішіндегі негізгісі – бүйрек шандыры;

3) бүйрек аяқшасы;

4) бүйрек орны.

Бүйректің ішкі құрылымы. Бүйректің фронталды кесіндісінде оның ұлпасы (паренхимасы) мен қойнауы орналасады (4–сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).. . Бүйрек ұлпасының беткей бөлігінде - қыртысты зат, cortex renalis, ішкі бөлігінде - милы зат, medulla renalis,ажыратылады. Қыртысты зат, күңгірттеу (күрең-қызыл түсті), қалыңдығы 4 – 7 мм., шамасында болады. Милы заттың түсі ашықтау, қыртысты заттың астында, тұтас қабат түзбей, пирамидалар түрінде орналасады, қалыңдығы 2 – 3 см., шамасында болады. Бүйрек қойнауында кіші, үлкен тостағаншалар және түбек орналасады. Милы затты, нефрон ілмегінің төмендеген және жоғарылаған бөліктері, жинақтаушы түтікшелер, бүртіктік түтікшелер құрайды.


4 – сурет. Бүйректің фронталды кесіндісіндегі құрылымы (А) және бүйрек сегменттерінің проекциясы (Б).

А: 1 – бүйректің қыртысты заты; 2 – бүйректің милы заты; 3 – бүйрек бүртіктері; 4 – бүйрек бағанасы; 5 – пирамиданың негізі; 6 - торлы алаң; 7 - бүйректің кіші тостағаншалары; 8 – тарамдалған(сәулелі) бөлік; 9 – бүктелген бөлік; 10 - талшықты (фиброзды) қапшық; 11 – несепағар; 12 - бүйректің үлкен тостағаншасы; 13 – бүйрек түбегі; 14 – бүйрек венасы; 15 – бүйрек артериясы.

Б: I – бүйректің алдыңғы беті; II - бүйректің латералды жиегі; III - бүйректің артқы беті;

1 – жоғарғы сегмент; 2 – алдыңғы жоғарғы сегмент; 3 - алдыңғы төменгі сегмент; 4 - төменгі сегмент; 5 – артқы сегмент.

Қыртысты заттың бөліктері милы затқа еніп, бүйрек бағаналарын, columnaе renalis, түзеді де, милы затты пирамидаларға бөліп тұрады. Қыртысты заттың құрылымы біркелкі емес. Ол: ашықтау түсті – тарамдалған(сәулелі) бөліктен, pars radiata, және күңгірт түсті – бүктелген бөліктен, pars convoluta, тұрады. Тарамдалған және бүктелген бөліктер бірігіп, қыртысты заттың үлесшелерін, lobulus corticalis, түзеді. Тарамдалған бөлікте нефрон ілмегінің төмендеген өзекшесінің бастапқы бөліктері мен жоғарылаған өзекшесінің соңғы бөліктері (тік өзекшелер) және жинақтаушы түтікшелердің бастапқы бөліктері өтеді. Бүктелген бөлікте, нефронның денешіктері мен проксималды және дисталды иреленген өзекшелер орналасады.


Милы зат - бүйрек пирамидаларына, pyramides renales, бөлінген, олар, әр бүйректе 10 - нан 20 - ға дейін болады. Қыртысты затқа жанасып жатқан пирамиданың негізін, basis pyramidis, және қойнауға ашылатын ұшын - бүйрек бүртігін, papilla renalis, ажыратады. Әр бүртік бүйректің кіші тостағаншасымен, calyx renalis minor, қамтылған. Кейбір пирамидалардың бүртіктері өзара бірігіп (2 - 4), бір кіші тостағаншаға ашылады. Сондықтан, кіші тостағаншалардың саны пирамидаларға қарағанда аз болады.

Бүйректің құрылымдық – қызметтік бірлігі нефрон,nephron, деп аталады.Нефронның құрамына: бүйрек денешігі, проксималды иреленген өзекше, нефрон (Генле) ілмегі және дисталды иреленген өзекше кіреді (5 – сурет. М.Р. Сапин, 2 том, 2001 ж ).



5 – сурет. Бүйректің денешігінің құрылымы (сызбасы).

1 – шумақтық әкелуші артериола (әкелуші тамыр); 2 – шумақтық әкетуші артериола (әкетуші тамыр); 3 – капиллярлық шумақ торы; 4 – шумақ қапшығының қуысы; 5 – проксималды иреленген өзекше; 6 - шумақ қапшығының сыртқы қабырғасы; 7 - шумақ қапшығының ішкі қабырғасы.

6 – сурет. Нефронның құрылымы және тамырлармен арақатынасы (сызбасы).

1 – бүйрек денешігі; 2 – проксималды иреленген өзекше; 3 – жинақтаушы өзекше; 4 –дисталды иреленген өзекше; 5 – нефрон өзекшелері жанындағы капиллярлық тор; 6 – нефрон ілмегі; 7 - доғалық вена; 8 - доғалық артерия;10 - шумақтық әкелуші артериола (әкелуші тамыр); 11 - шумақтық әкетуші артериола (әкетуші тамыр).

Бүйрек (Малпиги) денешігін,corpusculum renale, капиллярлық шумақ, glomerulus corpusculi renalis, пен шумақ қапшығы, capsula glomerularis, құрайды. Капиллярлық шумақты, шумақтық әкелуші артериола (әкелуші тамыр), arteriola glomerularis afferens (vas afferens), түзеді, шумақтан шумақтық әкетуші артериола (әкетуші тамыр),arteriola glomerularis efferens (vas efferens), шығады. Әкетуші артериоланың диаметрі, әкелуші артериолаға қарағанда тар болады,сондықтан шумақта пайда болатын қысым, біріншілік несеп түзілуін қамтамасыз етеді. Капиллярлық шумақ, микроскоппен қарағандағы әдемілігіне орай, ғажап тор,rete mirabile, деп аталады.

Шумақ қапшығы (Шумлянский-Боумен қапшығы), екі қабырғалы бокал түрінде, капиллярлық шумақты қоршап тұрады. Қапшықтың париеталды және висцералды қабырғаларының аралығындағы қуыс, несеп шығаратын өзекшелердің бастамасы болып табылады. Бұл қуысқа, шумақ капиллярларының жұқа қабырғасы мен қапшықтың висцералды қабырғасы арқылы қаннан біріншілік несеп (тәулігіне 150 – 180 литр) сүзіліп шығады. Біріншілік несеп дегеніміз қан плазмасының нәруызсыз сүзілуі (филтраты) болып табылады. Сондықтан, несеп түзілудің бірінші кезеңі – филтрация деп аталады.